- Advertisement -

«Ақ жолдың» академиясы

120

- Advertisement -

Атпал ағалардың: «Ақ жол» газетінің отымен кіріп, күлімен шығып, зейнет жасына жетсем, арманым жоқ» дегенін естіп, кейде осы бір ауыз сөздің түп-төркініне үңіле қоймайтын едік. Киесін құрмет тұтқаны екен ғой.

Пәлен жыл бұрын қос қолымызды кеудемізге қойып, алып-ұшып біз де жеткенбіз бұл қара шаңыраққа. Көңілде күдік пен үміт бар-ды. Жүрексінгенбіз де. Табалдырығын имене аттағанбыз. Киесінің мысы басқан екен ғой.
Мұндай сезімді бізден бұрын да, бізден кейін де талай жастың басынан өткергеніне күмәнім кем. Әлі де қаламын енді ұстаған көп тілші осындай күймен келіп, қара шаңырақта халыққа қызмет етеді. Сөзсіз. Оларды да киенің мысы басады, олар да киені құрмет тұтады. (Оны таптағандардың оңбайтыны тағы ақиқат).
Ғасыр көрген газет ұжымында буын сабақтастығы бар. Жазғанда қамшы салдырмайтын тілшіні қалыптастыратын мектеп-академия ірге қалаған. Ол академияның бастауында һәм ғұмыр жолында Баттал Жаңабаев, Арғынбай Бекбосын, Әлдихан Қалдыбаев, Мақұлбек Рысдәулет, Әбдуәлі Әлиев, Бахтияр Әбілдаев, Елен Әлімжан, Сапарғали Әлібай, Қуаныш Иембердиев сынды қаламының қарымы, сөзінің салмағы бар ағалардың іздері тұр таңбаланып. Ал «Ақ жолдың» академиясының қазіргі ахуалы көпшіліктің көз алдында. Бір сілкініп, қомданған қырандай айқын мақсат-мұратпен уақыт көшіне ілесіп келеді.
Қасиетті топырақтың тыныс-тіршілігінің жаршысына айналған «Ақ жол» газетінің ақ жолтай жолынан өткен түлектің сүйкімсіздікке тап болғаны кемде-кем шығар. Олардың арысы ел астанасы – Нұр-Сұлтан қаласында, берісі қашаннан руханияттың ордасы саналатын Алматыда еңбек етіп жүр. Ісі еленіп, елдің мақтауына ілінгені көп. Сондықтан болар, өзге өңірдегі аузы дуалы әріптес ағалардың «Ақ жол» десе, ағынан жарылғанына талай куә да болғанбыз. Ол әлгі біз айтқан академияның, академия бастауындағы атпал азаматтардың, мұндағы буын сабақтастығының мықтылығынан деу керек.
«Ақ жолдың» академиясын өткен Ерлан Жүніс ел газеті – «Егеменнің» бір бөліміне жетекшілік етіп отыр. Жанат Қапалбаева есімді қызымыз – «Қазақпарат» халықаралық агенттігінің редакторы. Белгілі журналист Гүлжан Рахман да біздің басылымның тағылымын алған. Наурызбек Сарша елорададан «Аристократ» деген сапалы журнал шығаруда. Бұл тізімді салақұлаш жалғастыра беруге әбден болады…
Ілгеріде, осыдан он жылдай бұрын ғана бас шаһарға біз де табан тигізгеніміз бар еді. Сонда ғой белді газеттерді басқарып отырған Амантай Шәріп, Дархан Қыдырәлі ағаларым «Ақ жолда» қызмет атқарғанымды місе тұтып, бірі «Астана ақшамы», бірі «Егемен Қазақстан» газеттеріне сынақсыз жұмысқа қабылдаған.
Ол менің таланттылығымнан немесе дарындылығымнан емес деп ойлаймын. «Баспасөз үйіндегі» мектептің мықтылығынан, қарашаңырақтың киесінен.
Осы газеттің ғасырлық жолында халыққа қызмет еткен ерлердің әруағының киесі… қолдағаны да.

 

Асхат РАЙҚҰЛ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support