- Advertisement -

Тілеулестіктерін білдірді

52

- Advertisement -

Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың атына Ресей Федерациясының Пре­зиденті Владимир Путиннен, Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпиннен, Түркия Республикасының Президенті Режеп Тайип Ердоғаннан, Өзбек­стан Республикасының Прези­денті Шавкат Мирзиёевтен, Түрік­менстанның Президенті Гурбан­г­улы Бердімұхамедовтен, Тәжік­стан Республикасының Прези­денті Эмомали Рахмон­нан, Сербия Республикасының Прези­денті Александр Вучичтен және Хор­ватия Республика­сы­ның бұрынғы Президенті Сте­пан Месичтен жеделхаттар келіп түсті. Сондай-ақ атал­ған тұлғалар Елбасының сыр­қат­танып қалуына байланыс­ты өз жеделхаттары арқылы алаңдау­шылықтарын білдіре отырып, тезірек сауығып кетуіне тілектес екен­дігін жеткізді, деп хабарлады Елбасының баспасөз қызметі.

«Мен Сізге осы қиын сәтте қолдау білдіргім келеді. Сіздің ерекше өмірлік энергияңыз, сергек­тігіңіз бен опти­мизміңіз қысқа мерзімде вирусты жеңуге көмек­теседі деп сенемін. Шын жүректен Сіздің толық айығып кетуіңізді тілеймін. Деніңіз сау болсын», делінген Ресей Федерациясы Президентінің жеделхатында.

* * *

ҚХР Төрағасының жеделхатында: «Коронавирус инфекциясы өрши бастаған сәттен Қытай мен Қазақ­стан эпидемияға қарсы жемісті ынты­мақтастық жүргізіп келеді. Бұл Қытай-Қазақстан қатынастарының мәңгілік жан-жақты стратегиялық серіктестігінің жоғары деңгейі мен ерекше сипатын көр­сетіп отыр. Сондай-ақ халықаралық қауым­дастық үшін пандемияға қарсы бірлесіп әрекет етудің жарқын үлгісіне айналды. Эпидемияны жеңетінімізге кәміл сенімдімін. Ал екіжақты қатынас бұдан да нәтижелі дами түседі деген ойдамын. Мен Сізбен қалыптасқан жақын достық қарым-қатынасты ерекше бағалаймын және шын жүректен тезірек сауы­ғып кетуіңізді тілеймін», деп жазылған.

* * *

Түркия Президенті тілеулес­тігін өз жеделхаты арқылы былай жеткізді: «Сырқаттанып қалғаныңызды өкінішпен естідім. Алладан шипа беруін тілей­мін. Үнемі жеңіспен еңсерген күрес­тердегі сынды бұл сынақ­ты да жігеріңізбен артқа тастайты­ныңыз­ға кәміл сенемін. Қандай да бір қажеттілік туындаған жағдай­да қолымыздағы барлық мүмкін­дігімізбен жаныңызда екенімізді жет­кізгім келеді. Сізге деген терең құрмет пен сүйіспеншілік сезімімен жеке өзім және барша түрік халқы атынан тезірек сауы­ғып кетуіңізді шын жүректен тілеймін».

* * *

Өзбекстан Президенті өз лебізін жеделхат арқылы: «Сізге осынау қиын-қыстау уақытта жан-жақты қолдау көрсетуге және жаныңызда болуға дайын екенімді жеткізгім келеді. Жақын арада Сіздің бұл вирусты жеңіп, сауығып кететініңізге сенімдімін.

Құрметті Нұрсұлтан Әбіш­ұлы, Алла тағала Сізге зор денсау­лық, күш-қуат, ұзақ ғұмыр және жаңа табыс берсін деп тілей­­мін. Жақында Өзіңізбен жүз­десу мүмкін­дігі туады деген үміт­темін», деп білдірген.

* * *

«Өмірлік энергияңыз бен ерік-жігері­ңіз­дің арқасында Сіз бұл дертті қысқа мер­зімде еңсересіз деп сенемін. Сізді барын­ша қол­дау­ға және қажет болған жағдай­да көмектесуге дайынмын. Шын жүрек­тен тезірек сауығып кетуі­ңізді тілеймін. Алла тағала Сізге мықты денсаулық және ұзақ ғұ­мыр берсін», делінген Түрік­менстан Президентінің жеделхатында.

* * *

Тәжікстан Президентінің жеделхатында: «Сізге бауырластық қолдауымды білдіргім келеді. Шын жүректен тезірек толық сауығып кетуіңізді және ұзақ ғұмыр, бақ-береке тілеймін. Сізге деген зор құрметім мен ыстық ықыласымды қабыл алыңыз», делінген.

* * *

Сербия Президенті өз жеделхаты арқылы: «Өзіңізге тән энергия, күш-қайрат, оптимизм коронавирус­тан басым түсеріне сене отырып, Сізге қолдауым­ды білдіргім келеді. Жақын арада халықаралық қоғамдастық өзара түсініс­тік пен ынтымақтастықтың арқасын­да пандемияны еңсереді және кедергісіз әлеуметтік-эко­но­микалық даму жолына қай­та оралады деген үміттемін. Айы­ғып кетуіңізді шын жүректен тілеймін. Менің зор құрметім мен ыстық ықыласымды қабыл алы­ңыз», деген ізгі тілегін жолдаған.

* * *

Сондай-ақ кейбір мемлекет басшылары Елбасына  арналған  сәлемін Twitter әлеуметтік желісі арқылы жеткізді. Атап айтқанда, Израиль Президенті Реувен Ривлин  Нұрсұлтан Назарбаевқа  тезірек сауығып кетуіне тілектестік білдіре отырып,  біздің елдеріміздің  жақсы қарым-қатынасты жалғастырып келе жатқанын жеткізді.

* * *

Үндістанның Премьер-Министрі Нарендра Моди де өзінің ізгі тілегін әлеуметтік желі арқылы білдірді.

«Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тезірек  сауығып кетуін және мықты денсаулық тілеймін. Біз Қазақстанды, біздің досымызды және стратегиялық  серіктесімізді COVID-19 пандемиясын жеңуге деген ұмтылысын қолдаймыз», деп жазды Үндістанның Премьер-Министрі Нарендра Моди өзінің Twitter-дегі жазбасында.

* * *

Хорватияның бұрынғы Пре­зиденті Степан Месич Қазақ­станның Тұңғыш Президентіне жолдаған жеделхатында: «Сіздің сырқаттанып қалғаныңыз туралы хабарды алаңдаушылықпен қабылдадым. Шын жүректен тезірек толық сауығып кетуіңізді, күш-қайрат пен сарқылмас оптимизм тілеймін», деп жазды.

* * *

Сондай-ақ Елбасының денсау­лығына АҚШ-тың Мемлекеттік хатшысы Майк Помпео да алаң­даушылығын білдірді. «Қа­зақ­стан Республикасының Тұң­ғыш Президенті Нұрсұлтан Назар­баевтың COVID-19 індетінен те­зірек толық сауы­ғып шығуын тілеймін. Елдеріміз үшін қазір сын сағаты туындады. Бұл ін­дет­ті де бірлесе жеңетінімізге сенім­дімін. Тез сауығып кетіңіз және аман болы­ңыз!» деп ол өз тілегін Twitter-дегі жеке парақшасында.

* * *

Тұңғыш Пре­зи­дент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа ізгі ті­легін жолдаған хаттар легі қа­зақ­­стандықтар мен шетел азамат­тары тарапынан да толассыз жал­ғасуда.

Мәжіліс депутаттары Нұр­сұл­тан Назарбаевтың тезірек сауы­ғып кетуін тілей отырып, сар­қылмас күш-қуаты мен ерік-жігері Елбасына коронавирус індетін жеңуге мүмкіндік беретініне се­нім білдірді. Мәжілістің бас­пасөз қызметі хабарлағандай, депутаттар Тұңғыш Президенттің кез келген жағдайдан жол табатын ерекше қабілеті еліміздің қиын-қыстау уақыттарға төтеп беріп, болашаққа сеніммен қарауға мүмкіндік бе­реді деп есептейді. Сондай-ақ Мә­жіліс де­путаттары осы күні бар­­­лық қазақстандықтардың Ел­басына шынайы жанашырлық танытуы, халықтық қолдауын айғақ­тайтынын атап өтті. «Біз Ел­­ба­сымыз Нұрсұлтан Әбішұлы На­зарбаевтың тезірек сауығын және ұзақ ғұмыр тілейміз», деді Мәжіліс депутаттары.

Қазақстан Республикасы Кон­­­­ституциялық Кеңесінің Төр­ағасы Қ.Мәми еліміздің Тұң­ғыш Президенті – Елбасы, Кон­сти­­туциялық Кеңестің ғұмыр бойы мүшесі Н.Ә.Назарбаевқа өзі­нің жылы лебізін былай біл­діріпті: «Құрметті Нұрсұлтан Әбіш­­­ұлы! Сіздің коронавирус ин­фек­­циясының салдарынан өзін-өзі оқшаулау режіміне көшкеніңіз туралы хабарды мен және Кон­ституциялық Кеңес құрамы да алаңдаушылықпен қабылдады. Сіздің бүкіл өміріңіз бен еңбек жолыңыз конституциялық құн­дылықтарды бекіту ісіндегі қиын­дықтар мен жаңа сын-қатерлерді еңсерумен байланысты. Күш-жі­герге толы мінезіңіздің, опти­мис­тік ұстанымыңыздың және мықты рухыңыздың арқасында Сіз әрқашан оқиғалар барысын бағындырып, қоғам мен мемлекет­ті жаңғыртудағы берік бағыты­ңыз­ды қамтамасыз ете алдыңыз. Конституциялық Кеңестің ғұмыр бойы мүшесі ретінде Сіз Ата заң­ның үстемдігін қамтамасыз ету жөніндегі қызметке жаңа серпін беріп отырсыз. Конституциялық Кеңес ұжымы жалпыхалықтық қолдауға қосылады және Сізге тез сауығып кетуіңізді, Отанға деген жасампаз қызметіңізді одан әрі жалғастыруды тілейді».

«Аса қадірлі Нұрсұлтан Әбіш­ұлы! Теледидар мен газеттен Сіз­дің науқастанып қалғаныңызды біліп, хатпен де болса көңіліңізді демегіміз келді. Тезірек сауығып кетіңіз! Аман-есен халқыңызбен қауышыңыз, – дейді ізгі ниетпен Қазақстан Ұлттық ғылым ака­де­миясының академиктері С.Қи­рабаев пен Ә.Бейсенова, – «Ел тілегі – ер тілегі» деген. Дәл осы жауапты да қиын уақыт­та Сіздің есендігіңіз Отанымыз үшін аса маңызды. Туабітті кү­рес­­кер, қайтпас қайсар тұлғасыз, сондықтан төтеннен келген бұл кеселді де жеңетініңізге се­нім­діміз. Жаратқан иеміз Сізге ерік-жігер, күш-қуат берсін. Санау­лы күн­дерде маңдайыңыз жарқы­рап, отбасы-әулетіңіздің ортасында, ел алдына шығуға жазсын. Шуақ­ты, арайлы күндер көп бол­сын!»

Ал академик Т.Шарманов өз тілегін: «Бүгінгі таңда халықтың мазасын алған коронавирус инфекциясынан тезірек жазылып кетуіңізге шынайы тілегімді жол­даймын. Тәуелсіз Қазақстан хал­қы­ның арайлаған таңы әрдайым өзіңіз­бен бірге атып келеді. Лайым, ұзақ уақыт бойы осылай бо­луға жаз­сын. Зор денсаулық, са­­палы ұзақ ғұ­мыр тілеймін», деп жо­л­дады.

«ArcelorMittal» компаниясы­ның төрағасы – бас директор Л.Н.Миттал да Тұңғыш Прези­денттің тезірек сауығып кетуіне тілектестігін білдірді.

«Мұнайгаз кешені ардагер­лері» РҚБ Кеңесінің төрағасы, Қазақстанның Еңбек Ері Ұзақбай Қарабалин мен осы қоғамдық бірлестіктің Бас директоры Зей­нолла Алшымбаев: «Біздер – мұнайшылар, бізді Нұрсұлтан Әбішұлымен тығыз да бөлінбес байланыс біріктіріп тұр деп есеп­тейміз. Біздің әріптестеріміз әр­қашан мұнайгаз саласының қа­рыштап дамуына себеп бол­ған оның қамқор көзқарасын ұмыт­қан емес. Біз, қазақстандық мұ­най­шылар, Елбасын еліміздің «№1 мұнайшысы» деп атаймыз. Бол­ған іске қарамастан, Елбасының темірдей ерік-жігерін, оның өмір­лік энергиясын, берік рухын жақ­сы білеміз. Міне, нақ осы асыл қасиеттері оны бұл сынақтан да алып шығатынына бек сенеміз. Мұнайгаз саласының ардагерлері, Нұрсұлтан Әбішұлының тезірек сауығып кетуіне шын жүректен тілектестік білдіреді. Сізге ұзақ та белсенді, шығармашылық өмір тілейміз. Қадірлі Елбасы, біз әрқашан Сізбен біргеміз!», дейді өздерінің қолдау-хатында.

М.Ю.Лермонтов атындағы Мем­лекеттік академиялық орыс драма театрының ұжымы: «Елба­сын өмірдің қай соққысына да төтеп бере алатын күрескер ре­тінде білеміз. Жер жүзінде мил­лиондаған адам Елбасына үлкен құрметпен, махаббатпен қарайды. Біз де ден­саулық тілегендерге қо­сылып, Елбасына күш, жігер мен жақсы көңіл күй тілейміз», деп жазады.

«Назарбаев Зияткерлік мек­­­тебі» дербес білім беру ұйы­­­мы­ның басқарма төрағасы К.Шәм­­­шидинова өз хатында: «Біз, На­­зарбаев зияткерлік мектебінің оқу­шылары мен мұғалімдері, Сіз­­­дің оқшауланғаныңыз тура­лы хабарды естіп, қатты алаң­да­дық. Сізді уайымдаймыз. Сіз­дің табандылығыңыз, өмірге құш­­­­тарлығыңыз, жігеріңіз бен қуа­тыңыз бұл ауруды жеңеді деп се­неміз», депті.

«Өзіңіз негізін қалаған Л.Н.Гу­милев атындағы Еуразия ұлт­тық университетінің ұжы­мы тезі­рек айығуыңызға, қиын­дықты еңсеруіңізге тілектес. Бұл сынақ­тан да мүдірмей өте­сіз деп кәміл айта аламыз. Жа­ратқан иеміз жақсы күндерде, қуа­нышты жағдайда, нақты айт­сақ Еуразия ұлттық уни­вер­ситетінің 25 жыл­дық ме­рей­тойының төрінде кездесуге жаз­сын!», дейді осы оқу орнының рек­торы Е.Сыдықов.

Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің ректоры Т.Балықбаев өзі бас­қа­рып отырған білім ошағы ұжы­мының атынан: «Кең-байтақ Ота­нымыздың әр аймағынан сіздің денсаулығыңызға алаң­даған жұрт­шылықтың жүрек дүр­сілі, өзіңізге деген елдің шын тілектестігі ақ­параттар әле­­­мін дүбірлетуде. Бұл туған хал­­қыңыздың Елбасына деген сүйіспеншілігінің жарқын көрі­нісі деп білемін. Жаратылысы бөлек, рухы күшті, жігері құ­рыш, қажыр қайраты толағай Сіз­­дің бұл сыннан да жасындай жар­қылдап өте шығатыныңызға сенемін және осыған тілектеспін», деген тіле­гін жеткізіпті.

Назарбаев Университеттің бас­­­­­шысы Ш.Катсу: «Назарбаев Уни­­верситеттің студенттері, ата-аналары және барлық қауым­­дас­ты­ғы атынан Сізге шын көңілден деніңізге саулық, қажы­мас күш-қуат, ұзақ ғұмыр тілейміз. Біз Сізбен біргеміз!» дейді өз хатында.

«Сіз инженерлік білім не­­гіз­дерін алған жоғары оқу орны – Қа­рағанды мемлекеттік тех­никалық университетінің оқыту­шылары, қызметкерлері, докто­ранттары, магистранттары мен студенттері, сан мыңдаған ұжы­мы шын жүректен Сіздің тезірек сауығып кетуіңізді ті­лейді. Мұ­қал­мас ерік-жігеріңіз, күшті мі­незіңіз, оптимистігіңіз осы қиын сын-қатерді тез жеңеді деп се­неміз. Шын жүректен Сізге зор денсаулық тілейміз», дей­ді Қарағанды мемлекеттік тех­никалық университетінің ректоры М.Ибатов.

«Сіз жүргізген сындарлы саясат пен реформалар тәуелсіз Қазақстан тұрғындарының әл-ауқатына тек жақсы жағынан әсер етті. Нұр­сұлтан Әбішұлы, біз қарапайым жұмысшы тап өкілдері Сіздің те­зірек сауығуыңызды тілейміз. Қазір мыңдаған қара­ғандылықтың өзіңізге қолдау білдіріп отырғанын білсеңіз дей­міз», депті ізгі ниетпен «YDD Corporation» Қарағанды фер­роқорытпа зауытының, «Qa­zaq Carbon» құю зауыттары бір­лес­тігінің ұжымы және ак­цио­нерлер Е.Нығматулин, Д.Ке­мер­телидзе, Ж.Аппаз.

«Астана Балет» театрының ұжы­­мы атынан мекеме директо­ры А.Савостьянов өз қолдауын бы­лай жеткізіпті: «Мәдениет саласына деген ерекше ықыласыңыздың арқасында еліміздің өнерін ха­лықаралық аренада мақ­та­ныш­­пен таныстырып жүрген қай­таланбас шығармашылық ұжым­дар қалыптасты. Өзіңізге зор ден­­­­саулық пен тезірек сауығып ке­­туіңізді тілейді».

Қазақстанның Триатлон фе­де­ра­циясының спортшылары Елба­сына «Федерация спорт­шы­ла­рының атынан деніңізге сау­лық, мықты рух пен жақсылық тілейміз. Барша қазақстандыққа үлгі болған күш-қуатыңыз осы жолғы сынақтан да жеңімпаз болып шығуыңызға көмектесетініне сенімдіміз», деген лебіздерін арнады.

Қазақстан республикалық кә­сіби бокс федерациясының пре­зиденті Е.Бекхожин: «Дүние жүзін жаулап алған вирус Қазақ­станның Тұңғыш Президенті Нұр­сұлтан Әбішұлын да айналып өтпегенін естіп, зор қайғыда қалдық. Елбасының бойына қуат, бақытты ғұмыр, ұзақ өмір тілейміз!» дейді.

«Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобының 300 мыңнан астам қызметкері: «Сіздің тез ара­­да сауығып кетуіңізді тілей­міз. Барша әлемді жайлаған дағ­дарыс жағдайында Сіздің ерекше қамқорлығыңызды және ме­йі­ріміңізді сезіндік. Біз Сізге әр­дайым тілектеспіз. Бұл дертті тез арада жеңетініңізге сенімдіміз», депті өз хаттарында.

Назарбаев Университеттің бар­лық студенттері мен түлек­тері де Елбасына өздерінің қол­дауларын жеткізді.

Елордадағы Ұлттық музей­дің директоры Арыстанбек Мұ­хаме­диұлы Тұңғыш Прези­дентке тілектес екенін танытып: «Музей қызметкерлері Сіз артқан сенімді ақтау жолында еңселі еңбек етіп келеді. Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінің ұжымы Сізге зор денсаулық және тезірек сауы­ғып кетуіңізді тілейді!» деді өз хатында.

Сонымен қатар ERG ком­пания­­лар тобының,  Со­ко­лов-Са­рыбай өндірістік бір­лес­тігі­нің, «Ahsel Holding», «Сан­тех­­пром» ЖШС, «Теміртау электр ме­тал­­­­лургиялық комби­наты» АҚ, «Ор­­талық Азия отын-энер­гети­калық компаниясы» АҚ, «АК Алтыналмас» АҚ, «Сары Казна» ЖШС, «Қазақ­стан алюминийі» АҚ және басқа да көп­теген құры­лымның еңбек ұжымдары, басшылары және жекелеген азаматтар Елбасына өздері­нің ыстық ықыластарын білдіріп, сауы­ғып кетуін тілеген хаттарын жолдау­да.

 

egemen.kz

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support