Джастиннің арманы асқақ

Жеңіл салмақ дәрежесінде UFC-дің уақытша чемпионы Джастин Гэтжидің арманы асқақ екен. Ол соңғы жекпе-жегінде америкалық аралас жекпе-жек шебері, 12 кездесу бойы жеңілістің кермек дәмін татпаған отандасы Тони Фегрюсонды жеңген болатын. Бұл жеңіс оны қанаттандырғаны сөзсіз. Енді ол өз салмағында әлем чемпионы атануды көздеп отырған жайы бар.
Гэйтжи жеңіл салмақ дәрежесіндегі әлем чемпионы, ресейлік Хабиб Нурмагомедовпен сегіз бұрышта кездескісі келеді. Оған себеп те жеткілікті. Өйткені уақытша чемпион ретінде Джастиннің әлем чемпионы атағына таласуға құқы бар. Джастин сол мүмкіндікті пайдаланғысы келеді.
«Әрине, бірінші кезекте Хабибпен төбелескім келеді. Одан кейін Дастин Порьемен жекпе-жекке шығуға тиіспін. Сонымен кәсіби мансабымды аяқтауыма да болады. Бәріміз бұл спорт түріне ақша үшін келдік. Оны ешкімнен жасыра алмаймыз. Бұл жекпе-жектерден мен қомақты қаржы табамын. Екі мәрте жеңілгеннен кейін мені есептен шығарғандар көп болды. Солардың артық сөздеріне қарамастан мен өз әлеуетімді толық дәлелдедім деп ойлаймын. Өмір кейде тосын сыйлар ұсынады ғой. Күтпеген жерден Тониге қарсы шайқасқа шығатын мүмкіндік алдым. Енді мен өз орнымдамын десем, ешкім таласпас. Мен әрі қарай өзімнің жеңісті сериямды жалғастырамын. Оған сенімдімін. Бірінші кезекте Хабибті жеңуім керек. Конор да менімен төбелескісі келіп жүр ғой. Хабибті жеңіп барып Конор Макгрегормен шықсам керемет табыс табамын»-дейді ол өз ойымен бөлісіп.
Иә, Джастин Гэтжи күтпеген жерден Тони Фергюсонды жеңіп, Хабибпен кездесетін мүмкіндікке ие болды. Әрине, сегіз бұрышта қарсыластарының барлығын жеңген ресейлік спортшыны жеңу Гэтжи үшін қиынға соғады. Кәсіби мансабында бір ғана раунд жеңілген (жекпе-жек емес) Нурмагомедов өз ісінің хас шебері. Алайда Гэйтжидің өз мақсаты бар. Арманы асқақ Джастин сол мақсатына қол жеткізе алады ма екен? Оны енді уақыт көрсете жатар…

Comments are closed.