- Advertisement -

Жүзеге асырылып жатқан жобалар Қордайлықтардың тұрмысын арт тырады

39

- Advertisement -

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев жұмыс сапарымен Қордай ауданына барды. Мұнда жергілікті тұрғындардың тұрмысын жақсартуға бағытталған көптеген жобалар жүзеге асырылуда. Аймақ басшысының аудандағы екі күнге жоспарланған жұмыс сапары барысында аталған жобалардың сапалы орындалуы, Қордайдағы қоғамдық-саяси жағдай және қалыптасып отырған ахуал басты назарға алынды.

Аты аңызға айналған халық ақыны, әнші-композитор Кенен Әзірбаевтың туған жері – Кенен ауылы табиғаты тамаша, мәуелі мекен десек артық айтпаймыз. Аудан басшылығы оны облыстың ең үздік ауылдық елді мекені байқауына қатыстыруды жоспарлауда. Дегенмен ауылдықтардың көтерер мәселесі де жоқ емес. Соның бірі – таза ауызсудың тапшылығы. Бұл түйткілді оңынан шешу үшін 132 миллион теңгеге 16 шақырымдық су құбыры тартылуда. Оның ішінде үш шақырым сыртқы су өткізгіш және 13 шақырым ішкі желілерді қамтиды. Қазіргі уақытта тоғыз шақырым бойынша құбыр тарту жұмыстары аяқталған. Су әр 10 үйге бір құдық арқылы берілетін болады. Ол құдықтарды басқа жоба аясында өзге компания салмақ. Облыс әкімі бұл мәселені кешенді түрде шешу үшін мердігерге аталған жұмыс көлемін қосымша жүктеудің маңыздылығын, жергілікті тұрғындар ауызсуға тезірек қол жеткізу керектігін алға тартты. «Қордай су» кәсіпорны ол бойынша тиісті есептеулер жүргізіп, оны шешу жолдарын қарастыратын болды.
Ауылдағы жанұялық дәрігерлік амбулаторияда 20 келушіге бір дәрігер және сегіз медбике қызмет көрсетеді. Жастардың жақын орналасқан Алматы қаласына көптеп кетуіне байланысты Кененде туу көрсеткіші төмендеуде. Сол сияқты 600 орындық Е.Қашағанов атындағы №42 мектепте бүгінде тек 509 оқушы білім алуда. Оқу ордасы жаңа, 2014 жылы пайдалануға берілген. Өткен жылдың қорытындысы бойынша мектептің екі түлегі «Алтын белгіге» ие болса, биыл төрт бітіруші үміткер атануда. Аймақ басшысы кабинеттерді аралап, 100 орындық асхана, 28 ноутбук және жоғары интернетпен қамтылған кітапханамен танысты.
– Балалардың бойына ұлттық салт-дәстүр мен құндылықтар негізін сіңіріп, рухани-адамгершілік тұрғысында тәрбиелеуге ерекше назар аудару қажет. Әсіресе Кенендей ұлы тұлға туған ауылда бұған айрықша ден қоя білген дұрыс, – деп атап өтті Бердібек Сапарбаев.
Жерлестері аса көрнекті тұлға туралы естеліктерді көздің қарашығындай бағалап, сақтап отыр десек, композитор мұражайында көптеген жәдігерлер топтастырылған. Тіпті Кенен Әзірбаев тұрған бөлме сол күйінде сақталған. Кіре берісте Бауыржан Момышұлының «Кенен – ән мен күйдің генералы» деген сөзі жазылған стела орнатылыпты.
Жергілікті тұрғындармен кездесу барысында облыс әкімі ауызсумен қамтамасыз ету мәселесі шешіліп жатқанын, көшелерді жөндеу, жарықтандыру жұмыстары жалғастырылатынын атап өтті. Бес ауыл газдандырылып, шағын су қоймалары салынады екен. Аймақ басшысы көпшіліктің көкейіндегі әйгілі Аңырақай шайқасының орнына мемориалдық кешен салу туралы ұсынысын қолдайтынын айтты. Ол сондай-ақ кенендіктерді мемлекеттік бағдарламаларға белсенді қатысуға, бастамашылық пен іскерлік танытуға шақырды.
Бұл сапалар биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институтының ғалымдарына да тиісті. Коронавирус пандемиясымен күрестің қазіргі жағдайында стратегиялық режімдік нысанның жұмысы ерекше маңызға ие. Ғалымдар денсаулық сақтау және ветеринария саласындағы түрлі инфекциялармен күреске зор үлес қосып келеді, жыл сайын қауіпті және аса қауіпті инфекцияларға қарсы 27 миллионнан астам екпені жеткізеді. Олар Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымымен, АҚШ аурулардың алдын алу және бақылау орталығымен, Халықаралық Вена университетімен және басқа да беделді ұйымдармен тығыз байланыста жұмыс істейді. Зерттеу институты шетелдік аналогтармен салыстырғанда үш есе арзан болатын нодулярлық дерматитке қарсы вакцинаны әзірледі. Оны енгізу нәтижесінде республикалық бюджеттің үнемделуі екі миллиард теңгені құрады. Институт өз өнімдерін өнеркәсіптік ауқымда өндірсе, көп пайда әкелетін еді, сондықтан жылына вакциналардың 60 миллион дозасына дейін қуаттылығымен иммунобиологиялық препараттар шығаратын биофармацевтикалық зауыт салу қажеттілігі туындады. Жобаның құны 3,5 миллиард теңге. Жаңа өндірісті іске қосу үшін барлық жағдайлар бар: жоғары білікті кадрлар, микроорганизмдердің қауіпті және аса қауіпті штаммдарының бірегей коллекциясы, ғылыми инфрақұрылым, зияткерлік меншік. Сонымен қатар ғалымдар бүгін COVID-2019 қарсы вакцина дайындаумен айналысуда. Бердібек Сапарбаев аталмыш институтқа барған өңірдің бірінші басшысы.
– Қазақстан Президентінің осындай ғылыми орталықтарды қолдау туралы тапсырмасы бар. Соңғы оқиғалар халықтың қауіпсіздігі мен денсаулығы мәселесін ғана емес, олардың қаншалықты маңызды екенін де көрсетті. Сіздің жұмысыңыз ел экономикасының дамуына үлкен үлес қосады, кез келген уақытта туындауы мүмкін әртүрлі пандемия зардаптарын азайтады. Әлем жаһандануда және қысқаруда, адамдар аурудың ешкімді аямайтынын түсінеді. Бұл жағдайда Қазақстан жаһандық сын-қатерлерге жедел жауап бере алатын ғылыми орталықтардың өз жүйесін құруға тиіс. Облыстық билік зауыттың құрылысына міндетті түрде қолдау көрсетеді. Мәселе мұқият пысықтауды талап етеді, бірақ ол міндетті түрде өзінің оң шешімін табады, – деп атап өтті облыс әкімі.
Отар ауылындағы №41 мектепке барған облыс әкімі 1979 жылдан бері жөндеу көрмеген білім ошағына күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуге көмектесуге уәде берді. Бердібек Сапарбаев бес мыңнан астам тұрғыны бар ауылдың өз Мәдениет үйінің жоқтығына таңғалды.
«Біз міндетті түрде Мәдениет үйін саламыз», – деді аймақ басшысы.
Бұрынғы аудандық атқару комитетінің ғимаратында орналасқан дәрігерлік амбулатория да осыған ұқсас мәселелерді бастан кешіруде. Аудан әкімі Рүстем Дәулеттің айтуынша, ғимаратқа күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу қажет.
Ағымдағы жылы Қордай ауданындағы жолдарды жөндеуге және салуға жергілікті бюджеттен бір миллиард теңгеден астам қаржы бөлініп, 352 шақырымнан астам жол қалпына келтіріледі екен. Кейбір орташа жөндеу жұмыстары аяқталған. Атап айтқанда, Мұзбел ауылына кіре берістегі жолдың екі километрлік бөлігі пайдалануға берілген.
Облыс әкімі тапсырыс берушіден, аудандық әкімдіктің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінен тиісті зертханаларды қосумен асфальт сапасын мұқият тексеруді талап етті. Осыдан кейін ғана нысанды қабылдау-тапсыру актісіне қол қойылады.
«Ең бастысы – бұл сапа, адамдарға жол тек бір ғана жыл сапалы қызмет көрсетпеуі керек», – деді аймақ басшысы. Ол сонымен бірге бұл мәселені жобалық құны 197 миллион теңгені құрайтын Алға-Көкадыр автожолының тоғыз шақырымына орташа жөндеу жұмыстарын жүргізетін мердігер «АрсикоСтройИнвест» ЖШС-на ескертті. Жол құрылысшылары Қордай ауданындағы басқа жобаларға атсалысуда, барлығы 42 шақырым жолды жөндеп, оған қажетті мөлшерде битум жинады.
Өңір басшысы сонымен қатар тәулігіне 1000 тоннаға дейін құрылыс материалдарын шығаратын жақын маңдағы кәсіпорын бетондыасфальт зауытында да болды. Өндіріс орны тапсырыс болса бұдан да көп өнім мөлшерін бере алады. Қуаттылығы жылына 1500 тонна гранит шығаратын «Техногранит-KZ» ЖШС-ында тапсырыс беруде қиындықтар бар. Сондай-ақ компанияда заманауи қондырғылармен жұмыс істей алатын білікті мамандар жетіспейді екен.
Бердібек Сапарбаев Қалғұты ауылында жаңа мектептің құрылысы өте баяу жүргізіліп жатқанын қатты сынға алды. Жұмыс бар-жоғы 21 пайызға ғана аяқталған. Құрылыстың аяқталуы белгіленген мерзімге сәйкес келуі керек. Бердібек Сапарбаев мектеп құрылысының жаңа оқу жылының басында дайын болуын қатаң талап етті және құрылыс жұмыстарының сапалы жүргізілуі қажет екендігін ескертті. Балалар ыңғайлы, заманауи және жайлы білім ошағында оқуы керек. Әйтпесе, заңнамаға сәйкес мердігерге қатысты ең қатаң шаралар қолданылады. Аймақ басшысының келесі наразылығын тудырған мәселеге аудан басшылығының «Самұрық-Қазына Траст» қорының қаражаты есебінен жүзеге асырылатын Әлжан ана ауылында спорт кешенін салуға қолайлы жер таба алмауы себеп болды. Толассыз жауған жаңбырға қарамастан, аймақ басшысы ауылды өзі аралап, спорттық ғимаратты тұрғызуға ыңғайлы бірнеше орынды анықтауға мәжбүр болды. Ендігі кезекте аудан әкімі Рүстем Дәулет ғимараттың жобалық-сметалық құжаттарын жасатып, конкурс өткізіп, жеңімпазды анықтап, бірден құрылысты бастауы керек.
Сондай-ақ Әлжан ана ауылында бүгінде №23 мектепте күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде, бұл жұмысқа 40 адам тартылған. Жөндеу жұмыстарымен жіті танысқан Бердібек Сапарбаев мектеп ғимаратын жөндеуде оның тек сыртқы келбетін ғана әрлеп қоймай, жөндеу жұмыстары балалар үшін жағымды эмоциялар тудыратындай көркем деңгейде жүргізіліп, жас ұрпақтың білімді әрі тәрбиелі болып жетілуіне ықпал ететіндей болуы қажет екендігін алға тартты.
– Мемлекет бір ғана Әлжан ана ауылының мәселелерін шешуге миллиардтан астам қаржы бөлді. Біз бұл қаражатты тиімді және ең бастысы – жергілікті тұрғындардың игілігі үшін пайдалануымыз керек. Бөлінген ақша бар, қазіргі басты мәселе – оны қалай дұрыс жұмсау жайы. Бұл – біріншіден, жоспарланған жобаларға мұқият қарауды қажет етеді. Екіншіден, олар ел игілігі үшін жұмсалуы керек, – деді облыс әкімі Бердібек Сапарбаев. Қордай ауданына жұмыс сапарының екінші күнінде аймақ басшысы Масаншы, Қаракемер және Ауқатты ауылдарын аралап, ондағы әлеуметтік нысандардың құрылысымен, жол инфрақұрылымымен танысып, жергілікті тұрғындармен кездесуге ниетті.
Қордай ауданы.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support