- Advertisement -

Экология министрлігінің басшысы жұмыс сапарымен Жамбыл облысына келді

55

- Advertisement -

Сенбі, 16 мамыр күні экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев жұмыс сапарымен Жамбыл облысына келді.  Ол облыс әкімі Бердібек Сапарбаевпен бірге өңірдегі су шаруашылығы  саласында жүзеге асырылып жатқан жобалармен танысты.

Тиімді суару жүйесі болмаса, суармалы жер көлемін ұлғайту мүмкін емес.  Осындай суармалы алқаптарды 200 мың гектарға ұлғайту міндеті қойылған болатын. Бүгінгі таңда оның көлемі 110 мың гектарды  құрайды. Ал, суару жүйелерін қалпына келтіру жұмыстарынан соң  бұл көрсеткіш кем дегенде 180 мың гектарға дейін артады деп күтілуде.

Жамбыл ауданындағы 3098 гектар алқап Раис магистральды каналына байланған шаруашылықаралық және шаруашылықішілік арналарынан келетін суға тәуелді. Бүгінде ондағы 36 шаруа қожалық жоңышқа, жүгері және бақша дақылдарын өсірумен айналысуда. Дегенмен, 1332 гектар жер су тапшылығына байланысты пайдаланылмай отыр. Жүргізіліп жатқан қайта жаңғырту жұмыстары  осы мәселені шешуге бағытталған.

Ұзындығы 8,4 шақырым болатын Исмаил магистральды каналындағы жағдай да осыған ұқсас. Мұнда қолға алынған шаралар нәтижесінде 798 гектар алқаптағы суармалы жерлер қалпына келтіріледі деп күтілуде.

Ирригациялық және дренаждық жүйелерді жақсарту жөніндегі жобаның екінші кезеңін жүзеге асыру Жамбыл ауданының суармалы жерлерінің 5000 гектар алқаптағы мелиоративтік жағдайын жақсартуға мүмкіндік беремек.

Жалпы алғанда, облыс бойынша Еуропалық қайта құру және даму банкінің 24,7 млрд. теңге несиесі  есебінен су шаруашылығы және су бұру жүйелерінің 310 нысаны қайта жаңартылатын болады.

«Қазсушар» РМК филиалының басшысы Қазыбек Бедебаев мәселелер қатарында Қарақоңыз су қоймасының сыйымдылығын  8,5 миллион текше метрден 18,5 миллионға дейін ұлғайту, Жасөркен ауылындағы гидрологиялық бекеттің нашар жағдайы, «Химпарк Тараз»ЖШС-нің тірек құрылысын жөндеу қажеттігін атап өтті.

— Каналдарды жөндеуден басқа құдықтар қазу ісі де өзекті. Мүмкін болса, барлық қолданыстағы каналдарды бетондау қажет. Бұл аздап қымбатқа түскенімен, бірақ ол ұзақ шыдас береді және су шығынын айтарлықтай азайтады, — деп атап өтті Бердібек Сапарбаев.

Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев ел Президентінің алдағы 10 жылда суармалы жерлердің аумағын 1,6 миллионнан үш миллион гектарға дейін ұлғайту туралы тапсырмасы бар екенін атап өтті. Мұндай жобалар ауыл шаруашылығын дамыту мен шаруалардың өмір сүру деңгейін көтеру үшін керек.

Су мәселесінде тәуелділікті азайту үшін жаңа су қоймаларын құрудың маңыздылығы айтпасақ та түсінікті. Осы орайда Талас пен Байзақ аудандарының шекарасында сыйымдылығы 11 миллион текше метр болатын Ақмола су қоймасын салу жоспарлануда. Жоба құны — 4,8 млрд. теңге. Жобаның мақсаты – Темірбек станциясының астындағы Талас өзенінің бойындағы жерлерді суару үшін кепілді сумен қамтамасыз ету.

Облыс әкімі қолайлы табиғи ландшафтты ескере отырып, мұнда 500 миллион текше метрге дейін ылғал жинау мүмкін екендігін ескеріп өтті. Мағзұм Мырзағалиев жобаны қолдап, министрлік тарапынан қолдау көрсетілетіндігін жеткізді.

Ұсынылып отырған құрылыстың орнымен танысқаннан кейін каскадты типтегі нысанды құру туралы ұсыныс жасалды.

Ондай үлгіде тиімділік екі есе артып, судан басқа электр энергиясы да  жеткізілмек. Ол үшін техникалық-экономикалық негіздемені қайта қарау, басқа да құжаттарға өзгерістер енгізу қажет. Су қоймасы құрылысына қатысты арнайы жұмыс тобы құрылатын болды.

«Байзақ» магистралды каналының 21,9 шақырым болатын Түймекент, Дөңсары, Өтеген, Ұзын ішкі шаруашылық арналарын жөндеу жұмыстары жалғасуда, нәтижесінде 1000 гектар алқаптағы суармалы жерлер қалпына келтіріледі. Ал Сәмбет магистралды каналының Отарбек, Болпан, Анар және Өтелбалық ішкі  шаруашылық арналарын қайта жаңғырту 700 гектар суармалы жерді айналымға қосуға септігін тигізбек.

Бердібек Сапарбаев пен Мағзұм Мырзағалиев каналдарды тазарту бойынша Байзақ ауданының механикаландырылған жасақтың қызметімен танысты. Жасақ 17 бірлік техникамен қамтылған. Олар Талас ауданындағы бесінші каналды тазартуға кіріскен. Механикаландырылған жасақ қызметінің нәтижесінде бұл жұмыс түріне тарифтер екі еседен астам көрсеткішке төмендеп, көптеген шаруалар суармалы суға қол жеткізе бастаған.

Сондай-ақ, бұл күні экология министрлігінің басшысы Шу және Қордай аудандарындағы бірқатар су шаруашылығы нысандарын аралады.

 

zhambyl.gov.kz

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support