- Advertisement -

Ержүрек командир

146

- Advertisement -

Ташан Рамазанов – Ұлы Отан соғысына орда бұзар отыз жасында Жамбыл ауданы әскери комиссариатынан аттанған. Жалындаған жастың келешегінен мол үміт күттіретін азамат болғанын өмірбаянынан ұғынасыз. 1910 жылы сонау Батыс Қазақстан облысы, Теректі ауданы, Қарабұлақ ауылында дүниеге келген ол қиындықтың дәмін ерте бастан тартса керек. Балалық шағы бай қолында жалшылықта өткен. Кеңес өкіметі орнап жер-жерде жетім балалар үйі ашылғанда сонда тәрбиеленеді. 1928-1932 жылдары Омбыда жұмысшы факультетіне түсіп, студент атанады. Бұл қазақ жастарының білімге ден қойып, енді-енді талаптанып жатқан тұсы еді. Сауатты жас 1932 жылы Қарағанды облыстық атқару комитетінің бөлім меңгерушісі қызметін атқарады. Көп ұзамай сол өңірде Жаңаарқа және Қызылту аудандық комсомол комитетінің хатшысы қызметіне тағайындалып, ел мен жердің мәселесіне араласады. Бұл қиын кезең еді. 1934-1937 жылдары Алматыда кавалериялық полкінің курсанты ретінде әскери оқу-жаттығудан өтеді. 1937-1939 жылдардан Ташанның өмірі Жамбыл жерімен тығыз байланысты болады. Аталған екі жыл Жамбыл қаласындағы жылқы зауытының директоры, 1939-1940 жылдары Жамбыл аудандық атқару комитетінде жауапты хатшы қызметін атқарады. 1940-1941 жылдары қайтадан №49 жылқы зауытына директорлық қызметте жүріп соғыс басталғанда әскер қатарына алынады.
337-ші атқыштар дивизиясы 1942 жылдың тамыз-қыркүйек айларында Кавказда жасақталған. Вознесенск-Малгобек тас жолы бойында жазық жер болған жоқ. Бұл ентелеп келе жатқан жау әскерлеріне қиындық тудырды. Оған қоса, танктері көсіліп ұрысқа араласа алмады. Аға лейтенант Ташан Рамазановтың 45-зеңбірекшілер батареясы 1129-атқыштар полкіне қарайтын. Полк құрамалары 478,8 биіктікте орналасқан болатын. Мұндағы жер жағдайының қолайлылығы немістердің алға жылжуына жол бермеді. Тек жеңіспен алға жылжып келе жатқан фашист әскерлерінің өршелене ұмтылған шабуылына бірнеше мәрте тойтарыс берілді.
Ал керісінше 1127-атқыштар полкі бекінген 390,9 биіктігі біздің қорғаныс жүйеміздегі өзіндік кілт болатын. Жау ол нүктені күшті шабуылдармен иемденіп, Вознесенск станциясына, Алханчурт алқабына және ақырында Грозный қаласына ойдағыдай жылжи алды. Сондықтан осы биіктікті алуға жау өзінің негізгі күштерін шоғырландырды.
1943 жылдың наурыз айында Жоғары Бас Қолбасшының ставкасының 337-бұйрығы бойынша дивизия Воронеж ауданына (Россошидің оңтүстігіне қарай) жіберіледі. Мұнда жаңа әскери құрамалармен толықтырылады.
337-дивизияның соғыс тарихындағы даңқты кезеңі Курск шайқасымен байланысты болды. Бұл II дүниежүзілік соғыстың шешуші шайқасының бірі еді. Осы шешуші шайқастың нәтижесінде стратегиялық бастама кеңес әскерлерінің қолына өтті. Жау бұл шайқаста 500 мыңға жуық солдат пен офицерінен, 1,5 мың танкі мен 3,7 мыңнан астам ұшағынан айырылды. Курск шайқасы және Кеңес әскерлерінің Днепрге шығуы Ұлы Отан соғысы барысында түбегейлі өзгерістер әкелді.
Біздің жауынгерлер Днепрдің оң жағалауында, Киевтің оңтүстік-шығысын басып алды. 1943 жылдың 19 қыркүйегі радио Жоғары Бас Қолбасшының бұйрығын берді: «…біздің әскерлер Украинада қарқынды шабуыл нәтижесінде Прилуки, Ромна, Пирятин, Лубна, Миргород, Красноград, Павлоград қаласын неміс басқыншыларынан азат етті». Дивизияға «Лубенск» құрметті атауы берілді.
1944 жылы кеңес әскері үшін жаңа жеңістермен ерекшеленді. Соның бірі – Корсунь-Шевченков операциясы кеңес әскерінің жарқын жеңістерінің бірі ретінде Ұлы Отан соғысының тарихына енді.
337-дивизияның жауынгерлері осы айтулы шайқасқа өз үлесін қосқанын мақтан етеді. 1944 жылдың 26 ақпанындағы КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының Жарлығымен 337-ші атқыштар Лубенск дивизиясы ІІ дәрежелі Богдан Хмельницкий орденімен марапатталды. 1944 жылы дивизия тағы да екі орденді жауынгерлік туына қадады. Ол жаудың қорғанысын бұзғаны үшін «Қызыл Ту» орденімен, Днестрді жаудан тазартқаны, Бельцаның маңызды темір жол торабын алғаны және жау қорғанысын бұзып, мемлекеттік шекарадан асқаны үшін ІІ дәрежелі Суворов орденімен марапатталды. 1944 жылдың тамызында дивизия Яссо-Кишинев операциясына қатысты.
Кеңес-герман майданының оңтүстік қанатындағы жау қорғанысының күйреуі Балкандағы әскери-саяси және әскери-стратегиялық жағдайды өзгертті. Он күн ішінде дивизия 180 елді мекенге дейін, оның ішінде Фокшан қаласын азат етті. Осы ұрыстардағы табандылығы үшін 1127-полк Фокшан атауын алды.1129-полк ІІІ дәрежелі Богдан Хмельницкий орденімен марапатталды. Кейін Орадсе-Маре қаласын алып, Венгрия шекарасына шықты. Осы ұрыста аға лейтенант Ташан Рамазанов ерекше ерлік көрсетіп көзге түседі.
«Полктің 1944 жылдың 27 қыркүйегі мен 3 қазаны аралығында Орадсе-Маре қаласы маңында өткен қиян-кескі ұрыстардың кезінде 45 зеңбірекшілер батареясының командирі аға лейтенант Рамазанов өзінің басым күшке ие жау әскерінің саны көп танкілерімен полкті қоршауға алып, жермен-жексен етпекші болған шабуылына ақыл-айламен жаяу әскердің қолдауынсыз-ақ қарсы тұра білді. Ол өзінің зеңбірекшілерімен қарсыластың танкілер тобының 12 шабуылының бетін қайтарды. Жекелеген сәттерде олардың саны 15-ке дейін жетті. Жолдас Рамазановтың батареясы жау шабуылына тойтарыс беру кезінде жаудың 8 танкісін жойып, өртке орады. Десе де жараланған Рамазанов жаудың беті қайтқанша ұрыс даласын тастаған жоқ.
«Соғыстағы жанкештілігі мен ержүректілігінің арқасында қарсылас үлкен ұрыс техникасынан айырылып, полкті талқандау жоспарының орындалмай қалғанын ескере отырып, жолдас Рамазановқа Кеңес Одағының Батыры атағын Ленин ордені мен «Алтын жұлдыз» медалін беруді ұсынамын.
1129-атқыштар полкінің командирі, майор Круглин. 1944 жылдың 6 қазаны».
Бұл – оны марапаттау парағынан алынған.
Полк командирі Круглиннің бұл орынды ұсынысын Суворов, Богдан Хмельницкий орденді 337-Қызылтулы Лубенск атқыштар дивизиясының командирі, Кеңес Одағының Батыры, гвардия полковнигі Горобец, 33-атқыштар корпусының командирі, гвардия генерал-майоры Семенов қолдап, марапаттау парағына қол қойған. Алайда қазақ офицерінің бұл ерлігін 27 армияның қолбасшысы, генерал-полковник Трофименко мен Әскери Кеңестің мүшесі, генерал-майор Севастьянов «Қызыл Ту» орденіне (13.12.1944) лайықты деп тауып бекіткен.
Кеңес жауынгерлері Чехословакия жеріндегі бұл қаланы осы жылдың желтоқсан айында неміс басқыншыларынан азат етті. Өкініштісі сол, содан 1 күн бұрын осы маңдағы Ширковце ауылында болған ұрыста аға лейтенант Ташан Рамазанов (22.12.1944) ерлікпен қаза тапқан еді.
1944 жылдың желтоқсанында дивизия жауынгерлері Чехословакия жеріне дендей кіріп, Диляново қаласын азат етті. Соғыс тарихында 337-дивизияның даңқты ерлік жолдары Венгрия астанасы Будапештте, Балатон көлінде жалғасып, Жеңісті Австрияда қарсы алады. Алайда осы дивизияның ең таңдаулы полктерінің бірі болған 1129 атқыштар полкінің, зеңбірекшілер батареясының ержүрек командирі Ташан Рамазанов Жеңіс күнін көрмей кетті.
Аға-лейтенант Ташан Рамазанов майдандағы ерліктері үшін «Ерен ерлігі үшін» (1942  ж.) медалімен және I дәрежелі «Отан соғысы» орденімен (1944 ж.) наградталған болатын.
Ташан Рамазановтың отбасы соғыстан кейін Меркі ауданында тұрған. Бұл – қызмет бабымен болу керек. Жұбайы Нейля Рамазанова аудандық әлеуметтік қамсыздандыру мекемесінің басшысы болып қызмет атқарып, сонда зейнеткерлікке шыққан. Бұл отбасы аудандағы Ынтымақ, Ақтоған, Большевик колхоздарында тұрып, кейіннен аудан орталығы Меркі ауылында ғұмыр кешкен. Ұл-қызы Ерке мен Алуа сонда есейді.

Әділбек Баққараұлы,
облыстық мемлекеттік
архивтің архивисі.

Жамбыл ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support