- Advertisement -

Көшелерде қоқыс жәшігі жоқ, есесіне қызмет бағасы қымбат

95

- Advertisement -

Мен 1966 жылдан бері Қаратау қаласында тұрамын. Құтты мекеннің гүлденген шағын да, күйреген кезін де көрдім. Қаламыз қазір аяғына енді-енді тұрып келеді. Дегенмен әлі де болса көңіл көншітпейтін тұстар көп. Мәселен, тазалыққа «Таза қала» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жауапты. Әйтсе де, ондағылардың айтуынша, бұл мекеме үшке бөлінген. Қазіргі таңда бірі екіншісіне сілтеп, мемлекеттік және жеке сектор деп, оларға бөлек-бөлек қызмет көрсетіп отырған сыңайлы. Тура бір «Сен салар да, мен салар, атқа жемді кім салардың» кері демеске амалың жоқ.
Бұл мәселе бойынша қалалық әкімдікке бардым. Аудандық ардагерлер ұйымы да құлағдар. Бірақ одан еш нәтиже шықпады. Мекеме тек қалалық әкімдік пен аудан әкімдігінің айналасын айнадай ұстайды десем, артық айтқандық емес. Басқа аумақтар лас. Соңғы 5 жылда жеке секторды аралап, қоқыс жинап жүрген ешкімді байқамаппын. «Таза қалалықтардың» я қала әкімдігі өкілдерінің көшелерді аралап, тұрғындармен үгіт-насихат жүргізіп жатқанын көрген де, естіген де емеспін. Қазір жаңа әкім келгелі 3 айдай өтті. Мәселе кездесулерде айтылып та келеді. Әзірге «Баяғы жартас, сол жартас».
Тұрғындар үшін өзекті мәселенің бірі – «Таза қала» қызметақысының негізсіздігі. Бізде, мысалы, әр қап – 250 теңге тұрады және ол дорба ма, қанар ма, оған қарамайды, бәріне ортақ баға. Оны тұрғындардың қалтасы көтере бермейді. «Неге олай, әлеуеті бар деген Тараз бен Алматы қаласында да 100 теңге ғой» деген қарапайым халықтың уәжіне құлақ асып жатқан жан жоқ. Ақшасы аспандап кеткендіктен, ел қоқысын ыңғайлы жерге тастай салады. Бүгінде Тамды өзені жағасының бәрі қоқысқа толған. Ал оған кім кінәлі, Халық кінәлі болып шығады. Кім мәдениетсіз, тұрғындар мәдениетсіз болып шыға келеді.
Жалпы, Қаратауда жеке секторда 102 көше бар. Әйткенмен, олардың ешбірінде қоқыс тастайтын арнайы орын жоқ! Сондықтан да мен өзімнің есік алдымдағы қоқысты алдыру үшін солардың соңында жүргеніме бірнеше күн болды. Өзім хабарластым, өтініш тастадым, болмаған соң бардым. Шақыртуымды «қабыл алған» серіктестік өкілі Мейіржан Шонгалов келіп: «Әр қабыңызға 250 теңгеден және үймеңізге, бәріне 800 теңге бересіз», – дейді. Оның өзін ойланып тұрған ол: «Біз әлі аламыз ба, алмаймыз ба, көреміз», – дейді. Егер алса, газетке бермей-ақ та қояйыншы деп едім, амал қанша…
Әне-міне дегенше көктем де туды. Енді әркім ауласын жылдағыдай күл-қоқыстан тазартып, көлік іздей бастайды. Ол үшін әрқайсысы өз тамыр-танысын іздеп, ақшаға артып жататыны үйреншікті дағдыға айналған. Ал ондайда «Таза қаладан» ешкім келмейді.
Бұдан бөлек, әлгі мекемеде өтініштер тек ресми тілде қабылданады. Халықпен жұмыс жасайтын жерде екі тілде сөйлей алатын кісілер отыруы керек. Ал олар тек орыс тілінде сөйлесіп, өтінішті де тек сол тілде қабылдайды. Бұл көпшілікке қолайсыздық туғызуда!
Қайбір жылы Көкшетауда екі апта болып қайттым. Сонда мен қаланың тазалығына қатты сүйсіндім. Кәдуілгі аула сыпырушылары жер үйлердің аулаларының шөбін орып, жинап жүр. Өзен-суларынан біздікіндей пластик бөтелкелерді көрмейсіз.
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні – «Қойшы көп болса, қой арам өледі». Мұнда қойдың кебіндегі күл-қоқысқа оранған Қаратау көшелері болса, ондағы тұрғындар да аспандағы айды сұрап жатқаны жоқ, ең болмағанда жоғарыда аталған қалаларымыздың мәдениетіне жетсек деген ниет қана.

Жексенбі ШОҢҒАР,
зейнеткер.

Қаратау қаласы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support