- Advertisement -

Жүйелі жұмыс жеңіске жеткізеді

130

- Advertisement -

«SENIM» денсаулық сақтау жүйесі жұмыскерлерінің салалық кәсіптік одағы» республикалық қоғамдық бірлестігінің облыстық филиалы былтыр көптеген жұмыс жүргізіп, оң нәтижеге қол жеткізді. Қазір де сол қарқыннан таймай отыр. Себебі бүгінгі төтенше жағдай кезінде алдыңғы шепте жүрген медицина қызметкерлерін осы бірлестік біріктіреді. Өйткені біздің филиалда 38 медициналық мекеме мен 20 772 адам бар.
Былтыр өңірдегі тағы 5 медициналық мекеменің бастауыш кәсіподақ ұйымы«SENIM»-ге кірді. Атап айтқанда, «Арнайы медициналық жабдықтау базасы» ЖКҚ, Жамбыл жоғары медициналық колледжі, облыстық жедел медициналық жәрдем стансасы, облыстық тері-венерологиялық диспансер мен №2 қалалық емхана. Ал жалпы саны 4 150 мүшені құрап, өсім алдыңғы жылмен салыстырғанда 25 процентке артқан.
Ал биыл, нақтырақ айтсақ, қаңтар айында филиалға «Айша бибі» шипажайының ұжымы тартылса, 1 ақпаннан бастап №6 Тараз қалалық емханасы да енді. Осылайша бұрынғы кәсіподақ құрамында бүгінде тек 2 емхана мен ЖИТС орталығы қалды. Аталмыш мекемелер қызметкерлерінің жалпы саны – 520 адам. Олармен қазір тиісті жұмыстар жүргізілуде.
Біздегі бастауыш кәсіподақ ұйымдары жарыстар мен түрлі деңгейдегі форумдарға қатысып, белгілі даталарда салтанатты жиындар, семинарлар, акциялар, мерекелік іс-шаралар мен сенбіліктер ұйымдастыруды дәстүрге айналдырған. Тиісінше марапаттардан да кенде емес. Бұдан бөлек, қайырымдылық жасайды. Концерттер мен спартакиадалар да өткізіледі. Мәселен, «Үздік дәрігер», «Үздік ауылдық дәрігер» және «Үздік мейірбике» байқаулары ұйымдастырылды.
Былтыр қазанда құрамымызға Жамбыл облыстық жоғары медициналық колледжінің ұжымы кіргені белгілі. Содан бастап біз аз қамтылған отбасылардан шыққан оқу екпінділері мен үздік 3 студентке филиал қорынан 15 мың теңгеден стипендия төлейміз. Бірқатар азаматқа 250 мың теңгеден материалдық көмек көрсетілді. Бұдан бөлек, өткен жылы медициналық қызметкерлерге 209 жолдаманың 50 проценті сатып алынып, төленді. Бұған 11 160 000 теңге жұмсалса, балаларды сауықтыру лагерьлеріне жолдамалармен қамтамасыз етуге 4 667 000 теңге бөлініп, 143 жолдама алынды.
Ең бастысы – «SENIM» салалық кәсіподағы медициналық қызметкерлердің еңбек құқықтарын қорғауды басты назарда ұстайды. Мәселен, 2019 жылғы 29 қаңтарда облыстық филиалға Мойынқұм аудандық орталық ауруханасының акушер-гинекологі Д.Уракбаевадан өтініш түскен. Оған 2011 жылдан бері жалақысына тиісті үстемеақы төленбепті. Біз арызды бақылауға алып, облыстық еңбек инспекциясы басқармасына жолдадық. Тексеру жүргізіліп, нәтижесінде Д.Уракбаеваға ақпан айында 315 988 теңге төленді. Аталған іске байланысты кінәлілер мен еңбек құқықтарын бұзған орталық аудандық аурухананың лауазымды тұлғалары әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Ал былтырғы шілдеден бастап Тараз қалалық сотында №7 қалалық емхана қызметкерлері А.Әбдіқадырова мен Д.Сейілханованың оларды негізсіз жұмыстан босатқан емхана басшылығы мен «Дәрімет» ЖШС-на қатысты талап-арыздары қаралды. Нәтижесінде сот шешімімен А.Әбдіқадырова мен Д.Сейілханова жыл басында өз қызметтеріне қайта оралды. Сондай-ақ А.Әбдіқадырованың пайдасына 2 032 670 теңге еңбекақы, моральдық зиян шеккені үшін 50 000 теңге өтемақы төленді. Д.Сейілхановаға да дәл солай 430 518 теңге жалақы мен моральдық зиян тартқанына 50 000 теңге өтелді.
Қазіргі коронавирустық инфекцияға қарсы іс-қимыл мәселелеріне өңірде 5 медициналық мекеме: көпбейінді облыстық балалар ауруханасы, облыстық мамандандырылған фтизиопульмонология шипажайы, «Ана мен баланы аялау» орталығы, «Айша бибі» санаторийі, облыстық мамандандырылған балалар фтизиопульмонология санаторийі тартылған.
Атап айтқанда, көпбейінді облыстық балалар ауруханасында жұқпалы аурулар бөлімінде 14 дәрігер, 44 мейірбике, 40 кіші қызметкер бар. Медициналық қызметкерлердің бір бөлігі «Газовик» қонақ үйіне орналастырылды. Олар ауысымға медициналық мекеменің көлігімен қатынаса, қалғаны аурухананың оқшауланған ғимаратына жеткізіледі.
Байзақ ауданында орналасқан облыстық мамандандырылған фтизиопульмонология шипажайы аудан орталығынан 20 километр қашықтықта. Онда дәрігерлер – 6, мейірбике – 21, санитар – 28. Олар сонда орналасты. Сол сияқты «Айша бибі» шипажайының да 6 дәрігері, 20 мейірбикесі мен 21 санитары сол ғимаратқа орналастырылды. Облыстық мамандандырылған балалар санаторийі фтизиопульмонологиясының да 26 қызметкері де шипажайда.
«Ана мен баланы аялау» орталығында карантиндік жағдайдағы 140-тан астам адам бар. 50 шақты қызметкер бекітілген ауысым кестелері бойынша жұмыс істейді. Жұмыс уақыты аяқталғанда олардың ешқайсысы орталықта қалмай, үйлеріне қайтарылады. Осылайша облыста КВИ-дің алдын алу және емдеу іс-шараларына 38 дәрігер, 112 мейірбике, 126 санитар жұмылдырылған.
Алайда осы орталықтың медицина қызметкерлерін жеке, оқшауланған қонақ үй үлгісіндегі ғимаратта орналастыру жағы алғашында өзекті еді. Бұл мәселе денсаулық сақтау басқармасы мен облыс әкімдігінің жедел штабы алдында айтылды. Біздің хатымыздан кейін денсаулық сақтау басқармасы орталық қызметкерлерін «Жамбыл» қонақ үйіне орналастырды.
Ал жоғарыда аталған мекемелердің қызметкерлерін тамақпен қамтамасыз етуге келетін болсақ, бұл мәселеге қатысты ешқандай да шағым түскен жоқ.
Бас дәрігерлердің, мекемелердің кәсіподақ комитеті төрағаларының айтуынша, жоғарыда аталған барлық медициналық мекемелер жеке қорғаныс құралдарымен, бетперделермен және қажетті дезинфекциялық ерітінділермен қамтамасыз етілген.
Филиал тарапынан медициналық мекемелерге көмек көрсету жағы әрі қарай да жалғасуда.Мысалы, сәуір айының басында «Айша бибі» санаторийіне 300 мың теңге, содан соң балалар фтизиопульмонология санаторийіне 200 мың теңге аударылды. Бүгінгі күні көрсетілген материалдық көмек 1 500 000 теңгені құрады. Ол тамақтануды қамтамасыз ету, жеке қорғану құралдарын сатып алу мен басқа да қажеттіліктер үшін жұмсалды. Ересектерге арналған фтизиопульмонология облыстық мамандандырылған санаторийіне 300 мың теңге берілді. Осылайша барлық 5 ұйымға филиалдан 1800 000 теңге аударылды.

Ерлан САТЫБАЛДИЕВ,
«SENIM» Денсаулық сақтау жүйесі жұмыскерлерінің салалық
кәсіптік одағы» РҚБ
облыстық филиалының төрағасы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support