Абай дегенде Әуезовке жүгінген абзал

Абай шығармаларының 1933 жылы қазанда Қызылордадағы «Қазақстан» баспасынан жеке кітап болып шығуы дүбірлі оқиғаның бірі болғанын сол кезеңдегі басылымдар жарыса жариялаған болатын. Қазақ даласынан дара шығып, данышпандығымен әлемді табындырған, шығыстың ұлы шайырларының үркердей шоқжұлдызына қосылған ақынның бұл жинағының орны бөлек.
Бұған дейін жарық көрген Абайдың өлеңдер жинағы үшеу ғана еді. Қазақ жерінде кітап шығаратын баспаханалар болмаған сол тұста. Ұлы ақынның алғашқы өлеңдер жинағын әуелі Семейде басқызбақ болған Алаш қайраткері Әлихан Бөкейханов сәті түспеген соң Кәкітайға жол сілтеп, Санкт-Петербургтегі Ілияс Бораганский баспаханасына жіберуі, сондықтан.
Ақын жинағы бұған дейін 1922 жылы Қазанда, іле-шала, 1924 жылы Ташкентте басылып шықты. Бұл аралықта Абайдың бірнеше өлеңін Зейнелғабиден Уфада, Самат Әбішұлы Орынборда бастырды.
Қазақ әдебиетіне аса зәру кезеңде өз топырағында, өз баспаханасында дүниеге келген Абайдың бірінші кітабы – осы 1933 жылғы жинақ. Қыр қазағын ұйқыдан оятқандай елең еткізген оқиға да осы еді.
Алғашқы жинаққа ақынның көптеген шығармалары кірмей қалғаны мәлім. Кейін Қазаннан басылып шыққан жинақтың басы-қасында болған Бернияз Күлеев те, Ташкентте шыққан кітапқа жанашыр болған Халел Досмұхамедов пен Уәлихан Омаров та Абайдың баспа көрмеген еңбектерін жинастырмады. 1933 жылғы жинақ осының арнасын толтырды. Бұған ақынның алпыс екі өлеңі, бітпей қалған екі дастаны – «Әзім әңгімесі» мен «Вадим» (М.Лермонтовтан аударма) қосылды.
Жаңадан қосылған өлеңдерінің ішінде замандастарының есімдерін атап, сынап жазған өлеңдері мен інісі – Оспан мен баласы Әкімбайдың қазасы үстінде жазған жырлары бар. Сүйікті ұлы Әбдірахман ауырып жатқанда және дүниеден қайтқанда қайғырып шығарған жырлары да енген кітапқа. Сонымен қатар

«Жайнаған туың жығылмай,
Жасқанып жаудан тығылмай.
Жасаулы жаудан бұрылмай,
Жаужүрек жомарт құбылмай», –

деп басталатын өлеңі және
«Ата тегі – мұндағы –
Орта жүздің ұлығы,
Ана тегі ондағы –
Өзен судың тұнығы.
Екі асылдан қосылған,
Сом алтынның сынығы», –

деп келетін қайталанбас туындылары, жаңадан қосылған аудармалары бар. Тағы айта кетерлігі, қырық үш қара сөзі (бірінші және қырық бесінші сөзінен өзгесі), «Біраз сөз – қазақтың түбі қайдан шыққаны туралы» деген тарихи еңбегі басылған. Осылайша алдыңғы басылымдардан әлдеқайда көлемді болған бұл кітапты ұлы ақынның тұңғыш толық жинағы деуге әбден лайық болды.
Бұл жинақты баспаға әзірлеуші – бүкіл өмірін Абайға арнап, абайтану ғылымының іргетасын қалаған ғалым-жазушы Мұхтар Әуезов еді. Ол ең әуелі ақын өлеңдерінің жариялау жүйесін өзгертті.
Бұған дейінгі еңбектер Кәкітай, Тұрағұлдардың бөлгенімен «Халық туралы», «Өлең туралы», «Ой туралы», Сұлу туралы», «Аңшылық туралы» сияқты бөлімдермен шығып келген. Мұхтар Омарханұлы ақын шығармаларын жазылған уақытына қарай топтап, жылдарға бөлді. Инемен құдық қазғандай аса қиын, аса жауапты бұл жұмысты Абай ауылында туып, жасынан сөзін зерделеп өскен, данышпан мектебінің зиялы тәлімін көрген Мұқаң ғана жасай алды. Көрген-түйгені телегей-теңіз болса да, Көкбай, Тұрағұл сияқты ақынды көзі көргендердің көмегіне жүгінді. Жазушы бастаған осы үрдіс бүгінгі барлық баспаларда негізге алынып келеді.
Жинақты әзірлеу үстіндегі ғалымның текстологиялық зерттеу жүргізуі – Абайтануға қосылған зор үлес.
Ақын мұрасын жинаушылар 1940 жылдардың басында ел аузында сақталған сегіз өлеңін тапқаны мәлім. «Домбыраға қол соқпа», «Ойға түстім, толғандым», «Мен боламын демеңдер» сынды жырлары әлі күнге «соңғы жылдары табылған өлеңдер» аталып, жинақтарда жеке топталып беріліп келеді. Ширек ғасырдан аса уақыт өтсе де жазылған жылдары анықталмаған. М.Әуезовтің ақын өлеңдеріне жасаған текстологиялық зерттеуі мен толықтыруы нәтижесінде «Көзімнің қарасы» өлеңіне екі шумақ, «Қараша, желтоқсанмен сол бір-екі ай» өлеңіне екі шумақ қосылды. «Жігіттер, ойын – арзан, күлкі – қымбат» және «Көңіл құсы құйқылжыр шартарапқа» өлеңдері бір-бір шумақпен толықты. Кейбір өлеңдерге екі-үш жолдан қосылды. Осылайша бұл басылымға барлығы 1708 өлең жолы енгізілді. Абайдың еңбектеріне иненің жасуындай өзгерту енгізу үшін нақты дәлел іздеген жазушы қолда бар нұсқаларының барлығын саралап, салыстыра қарауы нәтижесінде жинақтың қосымшасында арнайы түсініктемелер берілді.
Тұңғыш толық жинақтың баға жетпес бір құндылығы – мұнда алғаш рет Абайдың өмірбаяны ғылыми еңбек түрінде жарияланды. М.Әуезов ақынның бұл ғұмыр жолын төрт қайыра толықтырып жазған. Көркем ойдың дамуында бір өзі бар халықтың қазынасына айналған ұлы ойшыл туралы ғылыми зерттеумен бірге басылымда алғаш рет Көкбай мен Тұрағұлдың өз ауыздарынан жазылып алынған естеліктер де жарық көрген.
Жинақтың алғашқы бетіндегі «Қазақстан» баспасынан» деген жолдар бірден көзге түседі. Сонымен қатар мына жолдар да бар: «Ақынның тұңғыш толық жинағына арналған бұл бөлімде жинаққа енген баспа хабарын бір сөзін өзгертпей, сол қалпы көшірдік. Ал «Алғысөз» тым ұзақ-сонар болған соң тұтас басуды қажет санамадық, соңғы «Қорытынды» бөлімін бердік. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні осы «Қорытындыда» тұжырымдалған. Мұнымен қоса Ілияс Жансүгіров жазған «Абайдың сөз өрнегі» атты мақаланы да ұсындық. Ілияс ақынның шын жүректен шыққан сөзін оқырман өзі танып оқыр дедік. Қазақстан баспасынан. Тайыр Жароқұлы» деп қол қойыпты.
Кітапты араб әрпінен латын әрпіне көшіріп жазғандықтан грамматикалық қателер де кездеседі. Сонда да Абай шығармаларының тұңғыш толық жинағы күні бүгінге дейін баға жетпес құндылығын жойған емес, жоймайды да. Уақыт өткен сайын арта беретіні де сөзсіз. Абайтанушылар бұл еңбекті толық түпнұсқа танып, үлгі ретінде ұстайды.
Халқымыздың маңдайына біткен данышпан ақынның бір кітабын қатесіз, «қап, әттеген-айсыз» шығаратын уақыт жетті. Ол үшін Абай шығармаларының толық жинағын қалтқысыз қайта жариялап, Мұхтар Әуезовке қайта жүгінгеніміз абзал.

Тұрсынай АБДЫҚАДЫРОВА,
Тараз мемлекеттік педагогикалық университеті кафедра
меңгерушісі, профессор.

Comments are closed.