- Advertisement -

Танкімен жауды таптаған…

147

- Advertisement -

Біздің жастау кезімізде Қашқыналы Сүлейменов деген ағамыз болды. Барлық жиында төр сонікі, қандай да бір іс-шара сол кісінің батасымен қолға алынатын. 1987 жылы 9 мамырда Қаракемерде соғыс құрбандарына арналған ескерткішті ашқан сәті де көз алдымда. Сұрапыл соғыстан төрт бірдей жауынгерлік орден тағып оралған мұндай кісі ауыл түгілі, аймақта некен-саяқ еді. «Қызыл Ту», екі бірдей «Қызыл Жұлдыз», екінші дәрежелі «Отан соғысы» ордендері мен «Венаны азат еткені үшін», «Праганы азат еткені үшін», «Берлинді алғаны үшін» медальдары, соғыстан кейінгі жылдары алған мерекелік наградалары костюмінің екі жақ өңірін жауып жарқырап тұратын.
Қашқыналы қанды соғысқа 1942 жылы аттанды. Алғашқы ұрысқа Воронеж майданы құрамында қатысты. Әйгілі «Максим» аталған станокті пулеметтен атуды тез меңгеріп, Великие Луки үшін болған қиян-кескі шайқаста жүзге тарта жауды қырып салады. Сондағы ерлігі үшін «Қызыл Ту» орденімен наградталады. 1943 жылы мамыр айында таңдаулылар қатарында Челябинск қаласындағы 13-ші танк училищесіне жіберіледі. Үш ай мерзімде олар ауыр танкті ұршықша иіретін механик-жүргізуші, сержант атанып шығады. Қ.Сүлейменов 3-ші танк әскеріне қарасты, 51-ші бригаданың 6-шы корпусының құрамында Берлинге дейін барған. Бұл аралықта он бір ірі танк операцияларына қатысып Орел, Житомир қалаларында, Днепр, Висла, Неса, Одер өзендері бойында шайқасқан.
Кезінде Қашқыналы ағаның өз аузынан естіген соғыс оқиғаларының бір-екеуі жадымда сақталыпты. Бірде олардың 3-ші танк әскеріне жау қолында қалған Орел қаласын Курск жағынан орағытып өтіп Брянскіге жету жүктеледі. Мақсат дұшпанның осы қаланың солтүстік жағына орналасқан армиясының алдын кесіп, біздің жаяу әскерлерге жол ашу еді. Осы шайқасқа «316» нөмірлі «Т-34» танкісімен Қашқыналы да қатысты. Өзгелерден ерекшелігі бұл танкіде батальон командирі, аға лейтенант Бай (кейін Кеңес Одағының Батыры атағын алған) және батальон туы бар болатын. Алапат ұрыс жүргізіп Орел маңындағы Николаевка селосына да жетеді. Осы кезде олардың танкісіне ауыр зымыран тиіп зақым келтіреді. Зеңбірек тұғыры айналмай қалады. Оны жөндеуге уақыт тапшы. Мән-жайды көріп комбатқа баяндап еді, ол тасалау жерге барып, машинаны іске қосуды бұйырды. Мана әзірде ғана өздері өткен жыралы сайға қарай танкті бұра бергені сол еді, қарсы алдынан «Фердинанд» аталатын жау танкісі шыға келеді.
– Танк! – дейді жалма-жан.
– Сержант Сүлейменов, жау танкісін соқ. Отан үшін жан пида!
Батальон командирінің өз басын да өлімге тіккен бұйрығы бойына қуат береді. Дереу жылдамдықты арттырып «Т-34-ті» «Фердинантқа» бағыттайды. Іле сарт-сұрт еткен күшті соқтығыс болады. Бұлар жау танкісінің үстіне шығып кеткен екен. Кері жүргізіп қарағанда «Фердинанттың» зеңбірек ұңғысы қайырылып, оң жақ шынжыр табаны үзіліп жатқанын көреді.Танкті тастай зытып бара жатқан екі фрицті таптап өтуге тура келеді. Бұл жолғы шабуыл нәтижелі аяқталып, Орел қаласы жаудан тазартылады. Көп ұзамай неміс әскерлерінің Курск түбіндегі арамза жоспарының күлі көкке ұшады.
Дәл осындай тағы бір танкілер соқтығысы Днепр бойында орын алады. Бұл кезде де экипажда комбат Бай мен батальон туы бар болатын. Белосеркова селосында алапат қантөгіс жүріп жатты. Днепр бойында немістер қуатты атыс шебін құрды. Шағын село қып-қызыл өртке оранып, айнала қою түтін құшағында қалды. Оларға үшінші танк батальонына Белосерковадағы немістердің моторландырылған техникасын шегінуге үлгертпей тұтқиылдан тиісіп, құртып жіберу тапсырылды. Екі сағаттай арпалыстан соң, тапсырма орындалады. Ұрыс даласын тастай қашқан талай жау солдаттары танк табанында тапталып жан тапсырады. Соңында әлдеқалай бір «тигрмен» бетпе-бет келіп қалмасы бар ма. Әрі ауыр, әрі қуатты неміс машинасының зеңбірегі өздеріне қарай бұрылғанын көреді. Ойлануға уақыт жоқ. Есіне Курск түбіндегі соқтығыс түсе кеткені. Дәл сондағыдай бойын әлдебір тылсым күш билеп, танкті орнынан жұлқи қозғап жауға қарсы беттейді. Ойы неміс танкісін оң жақ бүйірден соғу. Өйтпеске шара да қалмап еді, өздерінде зеңбірек оғы таусылған. Оның үстіне нысанаға алған жау снарядынан аман қалулары неғайбыл. Бұлардың танкісі «тигрдің» үстіне шыға келе аунап түседі. Қапелімде ішінен әзер шығады. Сыртқа шыққанда жау танкісінің қап-қара қою түтін құшағында жатқанын ғана көріп үлгереді. Сол сәтте жауырынынан оқ тиіп етпеттей құлаған еді. Бірақ комбат та, батальон туы да аман қалыпты. Өзін жолдастары ұрыс даласынан алып шығыпты…
Қан майданнан жауынгерлік төрт бірдей орден, бірнеше медаль тағып оралған Қашқыналы Сүлейменов бір офицердің жас жауынгерді жазықсыз жазалап жатқан кезінде үстінен түсіп, оны танкімен таптап өткені туралы да әңгіме бар. Әрине, дереу қамалып әскери трибуналдың тергеуіне түседі. Бірақ мәселенің ақ-қарасы анықтала келе, барлық сұралған оқиға куәгерлері танкисті жақтап, ақырында ағамыз ақталып шығады. Сөйтсе, әлгі офицер бұған дейін де әскери тәртіпке қиғаш әрекеттерімен көптен жоғары басшылықтың қырына ілігіп жүрген екен. Осы бір келеңсіз оқиға болмаса ағамыздың қан майданнан Батыр атанып келуі де ғажап емес-ті.
Қ.Сүлейменов соғыстан кейін Бәтия апамыз екеуі төрт ұл, төрт қыз өсіріп тәрбиеледі. Олардан қазір бір қауым ұрпағы бар. Ал майдангер 1992 жылы 11 наурызда жетпіс бір жасында өмірден өтті. Атақты панфиловшы Әбіл Нүсіпбаев есімімен аталатын Қаракемер мектебінде Қашқыналы Сүлейменов тәрізді батыр тұлғалы аталардың да деректері жинақталып, ерлік жолдары кеңінен насихатталуы керек-ақ. Жас ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелеудің ұтымды жолы осы.

Құрманбек ӘЛІМЖАН,
ардагер журналист.

Қордай ауданы.

Суретте: 1987 жыл, 9 мамыр. Қашқыналы Сүлейменов соғыста
қаза тапқандарға арналған ескерткіштің лентасын қиып тұр.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support