- Advertisement -

Игеремін дегендерге жер беріп, жағдайларын жасау керек

39

- Advertisement -

Ағымдағы жылы өңірдегі егістік көлемін 710 мың гектарға жеткізу көзделген. Бұл туралы облыс әкімінің төрағалығымен өткен кеңесте айтылды. Басқосуға аудан және ауылдық округ әкімдері селекторлық режімде қатысты. Аймақ басшысы Бердібек Сапарбаев жауапты тұлғаларға жоспарлы меженің қалайда орындалу керектігін ескертіп, нақты тапсырмалар жүктеді.
– Бұл жиынға облыс әкімінің орынбасарлары мен басқарма басшылары, барлық деңгейдегі әкімдер онлайн режімде қатысуда. Өздеріңіз білетіндей, халықтың негізгі бөлігі аудан орталықтары мен ауылдарда тұрады. Яғни біздің жұмысымыздың нәтижелі болуы сіздерге байланысты. Бүгінде әлемде орын алып жатқан жағдайға, дағдарысқа байланысты мемлекет басшылығы тарапынан қабылданып жатқан шаралар мен міндеттемелердің орындалуын бақылау, бөлінген қаржыны тиімді игеру маңызды. Қалай болғанда да әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерімізді төмен түсіріп алмауымыз керек. Мемлекет тарапынан қарастырылып жатқан қолдауларды ұтымды пайдалануымыз қажет, – деп атап өтті Бердібек Сапарбаев.
Аймақ басшысы дағдарысқа қарсы өңірімізге бөлінген қаржы бойынша аудандардан түсетін жоба-ұсыныстарды 10 сәуірден кешіктірмеуді баса айтты.
Басқосудың күн тәртібіндегі алғашқы мәселе бойынша облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Берік Нығмашев сөз алып, атқарылып жатқан көктемгі дала жұмыстарының орындалу барысы туралы баяндады. Ол биыл егістік көлемін 710 мың гектарға жеткізу жоспары 4 мың гектарға кешігіп отырғандығын тілге тиек етті.
Сонымен қатар басқарма басшысы өңірдегі егістік көлемін ұлғайту бойынша атқарылып жатқан жоспарлы жұмыстарға кеңірек тоқталып өтті. 2018 жылғы түгендеу шаралары егістік көлемінің 778,1 мың гектарды құрағанын көрсеткен. Бұл көрсеткішті айналымға қосуға болатын жайылымдық пен босалқы жерлер есебінен 835,9 мың гектарға жеткізу жоспарланған болатын. Өткен жылы атқарылған жұмыстардың арқасында 24 мың гектарға жуық жайылымдық жер қайтарылса, биыл 9 мыңнан аса жерді айналымға қосу жоспарлануда.
– Ағымдағы жылы жоспарланған егістік көлемін 710 мың гектарға жеткізу керекпіз. Бұл жоспарды аспаннан алған жоқпыз, сіздердің мүмкіншіліктеріңіз ескерілген. Тапсырма орындалу қажет. Пайдаланылмай жатқан жерлерді қайтару керек. Бұл бойынша нақты тапсырмалар бергенмін. Қайтару бойынша барлық шараны қолдану керек. Жерді жұмыс істеймін, игеремін дегендерге беріп, жағдайларын жасау керек. Аудан әкімдерінің шамасы келмесе, облыс әкімінің орынбасарлары айналыссын. Бір ғана Қордай ауданында 6600 гектар жер пайдаланусыз жатыр. Бұл – дұрыс емес, – деді Б.Сапарбаев.
Өз кезегінде аудан әкімдері сауалдарға жауап беріп, кездесіп отырған мәселелерді тілге тиек етті. Айталық, Байзақ ауданында егістік жерлердің басым бөлігі жайылымға айналып кеткен. Аймақ басшысы бұл орайдағы жұмыстарға аудан, ауыл әкімдерінің айрықша ден қоюы керектігін айтып өтті.
– Қай аумақта қанша жер бос жатыр, оны айналымға қосудың жолдары қандай? Аудан, ауыл әкімдері, өздеріңіз жаяу аралап, көзбен барып көріңіздер. Әрбір ауыл, елді мекен жерлерін зерделеңіздер. Сосын ұсыныстарыңызды жасаңыздар. Тиісті басқарма аудандармен бірігіп космомониторинг шараларын жалғастыру керек. Анықталған жерлерді зерттеп, оны тиімді игеру жолдарын ұйымдастырыңыздар. Орман қорларындағы, өзен-көлдердің жағасындағы аумақтар мен газ, электр желілері жүрген алқаптарды мақсатты пайдалана білген дұрыс. Сол арқылы егістік, шабындық, жайылымдық жерлер тапшылығын шешу жолдарын қарастыру керек.
Сонымен қатар суармалы жер көлемін ұлғайту маңызды. Каналдар мен су арналарын тазалап, бөгеттерді қалпына келтіру бойынша механикалық жасақтың жұмысын күшейте түсу қажет. Біз көрші Қырғыз Республикасына барып, трансшекаралық өзендердегі су бөлу мәселесі бойынша келісімге келдік. Алайда аудандар тиісті мерзім бойынша ұсыныстарын әлі күнге бермеген, – деп атап өтті облыс әкімі.
Жиында пилоттық жоба аясында үй іргесіндегі жерлерді ұтымды ұқсату жайы да назарға алынды. Аймақ басшысы ол жерлерді ұтымды ұқсатып, мол өнім алуға болатынын айтты.
– Ауылдықтар өз аулаларындағы жерлерді тиімді пайдаланып, жақсы өнім алуға ұмтылуы тиіс. Әр отбасы жақсы жұмыс істесе, өздерінің бір жылға жететін қорын жинап алуға болады. Бүгінде облысымыздағы 373 елді мекендегі қосалқы шаруашылықтарда барлығы 18 мың гектар жер бар десек, оның 7 мың гектары пайдаланусыз жатыр. Онымен айналысып жатқан ауыл, аудан әкімі жоқ. Осы жерлерді барынша игеру бойынша тапсырма беремін. Біздің азық-түлікпен өзімізді толық қамтуға мүмкіндігіміз бар, – деді облыс басшысы.
Жердің құнарлылығын сақтау, қызылша алқабын арттыру, сапалы тұқыммен қамту, әрбір ауылдық округтің әлеуетіне талдау жүргізу мәселелеріне де жіті көңіл бөлінді. Басқосу барысында басқа да ұйымдастыру мәселелері сараланды.
– Дағдарысқа қарсы шараларға бөлінген қаржыны тиімді игеру керек. Мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдауларды ұтымды пайдаланған дұрыс. Әр бағдарламаға арнайы кесте құрыңыздар. Тұрғындардың көбісі мемлекеттік бағдарламалардан хабарсыз. Ол бойынша жергілікті әкімдер жұмыс істемейді. Сондай-ақ 6 сәуірден бастап көшетін қашықтықтан оқыту жұмыстарына барынша дайын болу керек. Бірде-бір бала назардан тыс қалмай, бәрі қамтылуы тиіс. Штаттық қалыпта оқытылатын мектептерде дезинфекциялық шараларды күшейту керек. Әлеуметтік төлемнің де өз деңгейінде төленуі маңызды. Мұқтаж азаматтардың бәрі қол жеткізу қажет. Бұл орайдағы жұмыстарға немқұрайлы қарамаңыздар, – деді Б.Сапарбаев.
Облыс әкімі блок-бекеттердің жұмысын жүйелеу, ауылдардағы тазалық, абаттандыру жұмыстарына назар аударып, әр ауданның кіреберістеріне стелалар орнату, Жеңіс күніне орай ардагерлерді ардақтау бойынша іс-шаралар ұйымдастырудың маңыздылығын жеткізді.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support