- Advertisement -

Әр өлеңім – жазған хатым халқыма

1 398

- Advertisement -

Ақын Нарша Қашағанұлы 1951 жылдың 1 сәуірінде Талас ауданына қарасты Ойық ауылында дүниеге келді. Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ҚР Мәдениет қайраткері, Талас ауданының Құрметті азаматы. Еңбек жолын туған ауылында мәдениет қызметкері, «Ойық» совхозы комсомол комитетінің хатшысы болып бастады. 1970 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетіне оқуға түсіп, арасында әскери борышын өтеді. Байзақ, Жамбыл және Талас аудандық газеттерінде әдеби қызметкер, бөлім меңгерушісі, аудармашы болып жұмыс істеді. Одан кейін «Шапағат» газетінің бас редакторы, Талас ауданы әкімдігі тіл басқармасының басшысы, Ұлт саясаты жөніндегі комитет төрағасы, Талас аудандық мәдениет басқармасының басшысы, аудандық өлкетану музейінің директоры секілді қызметтерді де абыроймен атқарды. Бірнеше аймақтық және республикалық жыр бәйгелерінің жүлдегері.
Ақынның 1998 жылы алғашқы «Өлеңге менің дағы бар таласым» атты жыр кітабы республикалық «Санат» баспасынан жарыққа шықты. Бұдан соң «Жақсылық жаса адамға», «Елде тұрам», «Туған ел тұлғалары» секілді тағы да үш жинақ берді.
«Жан емеспін ойсыз-қамсыз, сезімсіз,
Күдіктенсең, көңіліме көзің сүз.
Білемін мен күндердің бір күнінде,
Бір тойымның өтетінін өзімсіз.

Жас ұлғайды, жағалады дерт енді,
Жамылғанда ақырғы рет көрпемді.
Жан жүректен адал сөзін айтатын,
Кім екен сол асыл досым ертеңгі», –

деп өлеңін де, өмірін де бүгінгі ұрпаққа аманаттаған ақын 2013 жылы 52 жасында өмірден өтті.

Елде тұрам

Елде тудым, елде есейдім, ержеттім,
Кісіліктің мектебінен елде өттім.
Елде жүрсе болады екен ерде екпін,
Есік жақта қалмай еркін төрге өттім.

Елде тұрам, әлі де сол елдемін,
Жан-тәніммен сезінемін ел демін.
Еркелеймін шағам кейде елге мұң,
Елсіз қызық, қуаныштан кендемін.

Елде жүріп көгердім мен, көктедім,
Елден таптым қасиеттің көп кенін.
Бермесе де шені менен шекпенін,
Елім менің – мәртебелі мектебім!

Елге аян өткенім мен жеткенім,
Қуанғаным иә қайғы шеккенім.
Сондықтан да адамы түгіл сол елдің,
Қаламаймын иті қайғы шеккенін.

Перзентінің пейіліне шөлдеген,
Кеңпейілді кейуана Ел деген.
Алматы кешір, сен де кешір Ақмола,
Еңкейгенше қалармын сірә, елде мен!

Елден менің ештеңем жоқ жасырын,
Еркелігім, қателігім, бар сырым.
Елден келдім Өлеңге де,
Естіңдер
Ел деп соққан жүрегімнің тарсылын.

Қазақпын деп…

Аттың басын ауыл жаққа бұрмасаң,
Ақсақалға сәлем беріп тұрмасаң.
Ағайынның адал малын ұрласаң –
Қазақпын деп айтпай-ақ қой, бауырым.

Туған елдің жел жағында жүрмесең,
Туралықтың таза жолын кірлесең.
Туырлықты киіз үйге кірмесең –
Қазақпын деп айтпай-ақ қой, бауырым.

Талпынбасаң табан тіреп қиынға,
Тамақ пенен тиын тұрса миында.
Таба алмасаң тапқыр сөзді жиында –
Қазақпын деп айтпай-ақ қой, бауырым.

Арақпенен ақылыңды уласаң,
Арғы асыл тегіңе тартып тумасаң,
Арыз қусаң, ата жолын қумасаң –
Қазақпын деп айтпай-ақ қой, бауырым.

Қызың кессе желкілдеген тұлымды,
Ұлың өссе, бұрқыратып шылымды.
Айырмаса қодық пенен құлынды,
Қазақпын деп айтпай-ақ қой, бауырым.

Аталы сөзді құлағыңа ілмесең.
Ана тілін менсінбесең, тілдесең,
Абайдың бір жырын жатқа білмесең –
Қазақпын деп айтпай-ақ қой, бауырым.

Салмақ салмай намыс пенен санаға,
Салсаң сайран қарамай жас балаға.
Сағыз шайнап сандалсаң сен қалада –
Қазақпын деп айтпай-ақ қой, бауырым.

Тыңдағанда әсем әнін Шәмшінің,
Тәттімбеттің тәтті мұңын – жан сырын
Жүрегіңде тұнбаса егер тамшы мұң –
Қазақпын деп айтпай-ақ қой, бауырым.
Қиындықпен арпалысып ауылың,
Қайыршы боп қаңғып жүрсе бауырың,
Сұлулардың сипағанмен сауырын,
Машинаның мінгеніңмен тәуірін –
Қазақпын деп айтпай-ақ қой, бауырым.

Қазақпын деп айтпай-ақ қой, бауырым!

Елден үлкен емессің

Атың шығып, айдарыңнан жел ессін,
Байлығың да, билігің де тең өссін.
Ешқашан да есіңнен бірақ шығарма,
Кім болсаң да елден үлкен емессің.

Мейлі әкім, мейлі ақын, ғалым бол,
Батыр да бол, соңына ерген қалың қол.
Бәрібір сен елден үлкен емессің,
Есті ерге әлімсақтан мәлім ол.

Бір кездері туған жерде тең өстің,
Кейінірек жақсылармен теңестің.
Ауылдағы адам қоры деймісің,
Едірейме, елден үлкен емессің.

Бәзбіреулер үшін бәлкім, ірісің,
Біреулердің, тіпті, мүмкін пірісің.
Бірақ, бірақ Ел-Ананың киелі,
Алдында сен көп перзенттің бірісің.

Ей, бәтшағар, көздің еті неге өсті,
Елден үлкен бола алмайды тегі ешкім.
Тамыры жоқ жайқала ма жапырақ,
Ел болмаса – сен де ешкім емессің.

Солай, бауырым, елден үлкен емессің,
Бұл сөзімді сен де теріс демессің.
Елге келсең еркелеп кел, әйтпесе,
Елемейді, сыйламайды сені ешкім.

Байлығым мен қаруым

Мұң жататын түкпірінде көзінің,
Мен дағы бір жұмбақ жанның өзімін.
Бар байлығым – былғанбаған сезімім,
Бар қаруым – намысым мен төзімім.

Түсінгенге сырлар сыйлап толғана,
Қорқаулардан қаруыммен қорғана,
Болмысымды бұзбай сақтап келемін,
Бұл тірлікте бітіргенім сол ғана.
Кейде күліп, кейде күйіп, ашынып,
Бірде тасып, бірде жасып, басылып.
Келемін бір байлығыма сүйеніп,
Келемін қос қаруымды асынып.

Таттым талай тағдырымның зәр, уын,
Таптым бірақ жан дертімнің дәруін.
Қиын емес қиқымдармен күресу,
Қолда барда байлығым мен қаруым.

Бесігін
тербет ұлтыңның

Айналайын ай дидарлы жас ана,
Тіршіліктің заңына бөгет жасама.
Ана деген сәбиімен ажарлы,
Туған сайын жасара түсер, жасара.

Сәбилермен жалғасады тіршілік,
Айналайын, тек осыны жүрші ұғып.
Қара орманы адамзаттың сақталсын,
Қада сен де өз қолыңмен бір шыбық.
Ана деген сөздің өзі киелі,
Алдында оның бар ғалам бас иеді.
Барлық ана баладан қашса, қурар ед,
Баяғыда-ақ адамзаттың сүйегі.

Құрбаны боп қу нәпсі мен мазақтың,
Қадірін білмей Ана деген әз аттың.
Бала туу бақытынан құр қалып,
Қамығып жүр қанша қызы қазақтың.

Ауырсынба бала туу азабын,
Тоқтата көрме табиғаттың таза әнін.
Әрбір ана әкелгенде бір сәби,
Бір адамға көбейеді қазағың.

Қандасының көбейтуді қарасын,
Әрбір ана борышым деп санасын.
Ақын қайдан, батыр қайдан шығады?
Ана біткен алдыра берсе баласын.

Қай кезден де ділгірміз ғой текті ерге,
Осыны ұққан Ана өмірді шектер ме?
Ұлтың менен ұрпағыңды ойласаң,
Көгенкөздерді көп көрме.

Елім десе, сәбилерің ержетіп,
Төмендегі басың жүрер төрге өтіп.
Бақытты адам бар ма Анадан жалғанда,
Отыратын ұлт бесігін тербетіп.

Өлең, сені
қоя алмаспын

Жас кезімнен сезім сыйлап досқа сан,
Ойды құйдым, қуғаным жоқ босқа сән.
Өлең, менің қалмадың қыр соңымнан,
Есейсем де, шашылса да шашқа шаң.

Өлең, сенен құтылмадым қашсам да,
Өкшеледің қайда аяқ бассам да.
Өзің ғана қалдың менің қасымда,
Қуансам да, қайғырсам да, сассам да.
Жауапсыздау өтті жастық шағым да,
Сері болдым. Қарсы жүздім ағынға.
Өлең, сені өкпелеткен жылдарда,
Жалқаулық та болды менің жағымда.

Болмасам да бірі ақынның ең ірі,
Білмесе де байтақ қазақ өңірі.
Құдай маған мұнша сезім берген соң,
Өлең, сені қоя алмаспын өмірі.

Кешіре гөр, өкпелетсем өзіңді,
Текке өткізсем есіл ерке кезімді.
Айналайын, айнымайтын адал дос,
Сен арқылы сездірейін сезімді,
Сен арқылы танытайын өзімді.

Ауыл – ауыспайтын астана

(немесе қалалық қазақтарға хат)

Заңдылық деп қарайтұғын азапқа әр,
Көңілі кірсіз, секілді бейне таза, ақ қар –
Ауыл деген ауруы көп ананы,
Аялаңдар, қаладағы қазақтар.

Жетілсін деп қала деген жас бала,
Аузына оның барын, нәрін тосты Ана.
Алматыны алмастырар Ақмола,
Ауыл ғана ауыспайтын астана.
Қаладағы ағайындар зиялы,
Ұмытпаңдар ұлтарақтай ұяны.
Ауыл – қара шаңырағы қазақтың,
Киесі бар, жоқ алайда зияны.

Аман қалған замандардың тезінен,
Көрінетін көп қасірет көзінен.
Ауыл – автопортреті қазақтың,
Аумай қалған бір бітімі өзінен.

Қарап тұрсаң, қазіргі үлкен қалалар –
Қарт анаға қарамай кеткен балалар.
Көріңдерші, кейуана – ауылдың,
Көкірегінде қанша қайғы, нала бар?

Алақандай аяулы атамекенін,
Айдалада кешіп жатыр жеке мұң.
Бауырым-ау, білмейсің бе шынымен,
Ауылды сақтау – қазақты сақтау екенін.

Жігіт болып өзіңнен туған жас бала,
Ауыл – ана қарайды, әне, жасқана.
Ауысқан талай, ауысар әлі бас қала,
Ауыл ғана ауыспайтын астана!

Қайран Ауыл қалың қазақ алған нәр,
Қайырымға қарашы енді болған зар.
Ұлтымыздың ұлы Анасы – ауылдың,
Жанына жара, көңіліне қаяу салмаңдар,
Ей, елде туып, қалада тұрып қалғандар!

Рахмет,
саған туған ел!

Бәйтерегім сен едің,
Бір бүршігің мен едім.
Қолым қысқа демедім,
Қолтығымнан демедің.
Рахмет, саған туған ел!

Қасиеттім, киелім,
Жаралған сенен сүйегім.
Арқардай ауып жүргенде,
Арқамды саған сүйедім.
Рахмет, саған туған ел!

Қазақ деп соққан жүрегім,
Қазағыңның бірі едім.
Тайғағында тағдырдың,
Табанды саған тіредім.
Рахмет, саған туған ел!

Еркеледім, есірдім,
Ессіз, көзсіз көсілдім,
Еңіреп кетті есіл күн,
Бәрін де соның кешірдің.
Рахмет, саған туған ел!

Балалығым қалса да,
Қателік деген қаншама.
Жүрмін ғой әлі еркелеп,
Шашымды ақ шаң шалса да,
Рахмет, саған туған ел!

Қасиеттім, киелім,
Сүйенерім, сүйерім.
Алаламай бәріңді,
Алдыңда бас иемін,
Рахмет, саған туған ел!

Талас ауданы.

Нарша ҚАШАҒАНұлы

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support