- Advertisement -

Президент мәлімдемесі халыққа демеу болды

30

- Advertisement -

Көкейдегі үміт пен үрей қатар алмасып, әлемге төнген қауіптің қатерін шындап сезінген кезде Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Мәлімдемесі көпшіліктің көңіліне бір сәуле себезгілегені анық. Қазіргі төтенше жағдай кезінде халыққа жәрдемдесу, денсаулықтарына алаңдап, індеттің алдын алу шараларын күшейту, қала мен ауылдағы шағын бизнес өкілдерінің кәсіптерінің тұралап қалмауы үшін мемлекет тарапынан қамқорлық көрсету – аса қажет әрі дәл бүгінгі күні ең маңызды қадам. Жұмыссыз қалғандардың жағдайына қарайласу үшін әлеуметтік қолдаудың жаңа жүйесін енгізудің өзі бір жағынан халыққа рухани демеу.
Олай дейтінім, қай кезде де сананы тұрмыс билейтіні айқын нәрсе. Үйде қолына қарап, жәутеңдеп бала-шағасы отырса, ата-ана сырттағы жаудан сескеніп, қарап отыра алмайды. Қалайда бір амал жасап, нәпақа табуға ұмтылады. Ал осындай сәтте мемлекет қолдауы аса қажет. Сонда әр отбасы бұл қиындықпен бетпе-бет жеке қалмағанын біледі. Осының өзі көңілге медет, рухыңды түсірмейді. Осы тұрғыдан алғанда елімізде қолға алынған шаралар және Мемлекет басшысының Мәлімдемесі – халықтың билікке деген сенімін нығайтатын нақты қадам деп білемін.
Президент мəлімдемесіне сəйкес, 1 сəуірден бастап елімізде дағдарысқа қарсы бірқатар жаңа шаралар іске қосылады. Төтенше жағдайдың жариялануына әрі карантиндік талаптардың күшеюіне байланысты табысынан айырылған азаматтарға ең төменгі жалақы мөлшерінде (42500 теңге) көрсетілетін қолдау-көмекті алатындар санаты кеңейтілетін болды. Енді өзін өзі жұмыс пен қамтығандар мен ресми тіркелмей жұмыс істейтіндер де осындай көмек алады. Мұндай қолдау үш миллионға жуық азаматты қамтымақ. Сондай-ақ əлеуметтік қолдау шаралары шеңберінде жалпы саны 800 мыңнан астам мұқтаж жанға, соның ішінде мүмкіндігі шектеулі жандар мен жұмыссыз ретінде тіркелген азаматтарға тегін азық-түлік таратылады. Азаматтарға тегін медициналық көмек көрсету жалғасады. Себебі міндетті əлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне тіркелмеген азаматтардың көмек алу құқығы 1 шілдеге дейін ұзартылып отыр.
Бізге қазір керегі – сабырлылық. Сонымен қатар ең бастысы – төтенше жағдайдағы асқан жауапкершілігіміз. Мынадай кезеңде сақ болу қажет. Бірдің кесірі мыңға тиетінін ұмытпағанымыз жөн. БАҚ арқылы дертті жұққызғандардың сағат санап өсіп жатқанын естіп-көріп және солардың кейбірі өзінің індетке шалдыққанынан бейхабар күйде бірнеше адамға таратқан болуы мүмкін деген мәліметтерді оқығанда елімізде коронавирус кеселіне байланысты төтенше жағдай дер кезінде жарияланғанына көзіміз жете түсуде. Дәл уақытында жедел қабылданған шешім індеттің таралуы қарқынын бәсеңдетіп отыр. Дегенмен қабылданған карантиндік талаптарға селқос қарап жүргендер де баршылық.
Қазір үйден шықпау, қатаң ескертулерге құлақ асып, көпшілікті бір жерге жиналуына түрткі болмау – нағыз азаматтық іс болмақ. Сонда ғана бір вирустың жаппай таралуына жол бермейміз. Ахуалды бақылауда ұстап отыруға мүмкіндік молаяды. Шетелдердегі жағдайды сараласақ, бізге осының өзі – олжа. Сенім – ұлы күш. Президент қазірдің өзінде əлемнің 177 мемлекетін шарпып үлгерген коронавирус індетінің бізде де таралуына орай еліміздің барлық өңірінде карантинді күшейтуді тапсырғаны да сондықтан.

Асқар Базарбай,
Қазақстан Республикасының
Мәдениет қайраткері.

Шу ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support