Бастауындай болған бақ пен ырыстың, Наурыз келді, құтты болсын Ұлыс күн!

Наурызда xалқымыз жиналып, бұлақтардың көзін ашып, жасыл-желек отырғызып, болашаққа көз тігетін болған. Наурыз көже жасап, ағайын-туыс, көрші бір-бірімен қатынасып, дәм татып, болғанды естеріне түсіріп, ренжігендер бір-бірінен кешірім сұрап, көрісіп, қауышып, бір-біріне сүйіспеншілігін көрсететін болған. Руxани тілеудің ақжарма мейрамы болып саналатын. Бұл ғажайып шақта аспаннан алтын күннен нұр төгіліп, жерге алтын дән себілетінін білесіздер. Ел-жұрттың көңілінде жаңа үміт пайда болып, ертеңгі күнге сенім нығаяды. Сол себептен xалқымыз Наурызды «Ұлыстың ұлы күні» деп атаған. Шынын айтқанда, Наурыз қазақтың Жаңа жылы болып есептелуі керек.
Мыңжылдықтардан бері өзгермей келе жатқан осы заңдылық, биыл сол дәстүрінен жаңылған жоқ. Бұл мереке ұлт пен дінді талғамайды. Ортақ мейрам барлық xалыққа. Бұл біздің мызғымас бірлігіміз бен ырысты ынтымағымызды көрсетеді. Жаратылыс атаулы жаңғырып, осы керемет күнде жақсы тілекте болайық, ағайын!», – деді Елбасы мерекелік концерт кезінде.

Қазақстан Республикасының Тұңғыш
Президенті-Елбасы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ.

Бәрімізді қуаныш пен сүйіспеншілік сезіміне бөлейтін бұл мереке – бейбітшілік пен жақсылықтың нышаны. Оның философиялық мәні зор және бүкіләлемдік мәдени сипаты бар.
Көне заманнан бастау алатын осынау мейрам жаңару мен жаңа өмірдің басталу сәтін сипаттайды.
Наурыз – рухани бай мұрамыздың, бірегей ұлттық кодымыз бен үздіксіз ұрпақ сабақтастығының жарқын символы.
Бұл мереке өмірімізге жасампаздық пен дамудың жаңа лебін әкеледі.
Бүгінде Наурыз – ортақ шаңырағымыз – Қазақстан Республикасындағы достықты, өзара құрмет пен келісімді нығайтуға септігін тигізетін шын мәніндегі жалпыхалықтық мейрам.
Оның мәңгілік мәні – ең жоғары құндылығымыз бен ортақ байлығымызды – халықтың ынтымағын бекемдеу.

Қазақстан Республикасының Президенті
Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ.

Наурызкөже – берекелі халқымыздың пейіліндей

Наурыз мерекесі – көне заманнан бері жалғасып келе жатқан дәстүрлі думан. Ұлыстың ұлы күні көпшілік ескі араздығын ұмытып, «Ұлыс оң болсын, бәле-жала жерге енсін, ақ мол болсын!» десіп бір-бірін кешіріп, қайта табысқан. Түркі жұртшылығы түгел тойлайтын Наурыз мерекесінің бауырмашылдыққа үндейтін қасиеті осындай.

Бүгінде барша қазақстандықтар ұлттық мерекеміз Наурызды ұлықтауды айнымас әдетке айналдырған. Көктемнің алғашқы айында барлық өңір бұл мерекеге ерекше дайындалады. Киіз үйлер тігіліп, ел-жұрт ұлттық нақыштағы киімдерін киіп, жаңа жылды ерекше көңіл күймен қарсы алады. Бұл, әсіресе, біздің аймақта айнымас үрдіске айналған. Бұл мерекенің негізгі айшықтарының бірі наурызкөже екені сөзсіз. Рас, көже – біздің ұлттық тағамымыз. Дәл осы көженің түр-түрі бар. Мәселен, көбінесе ауылды жерлерде жасалатын кеспекөже, жұқа жайылған қамырды төрт бұрыш қылып кесіп жасайтын салмакөже, тарыны сорпа мен сүтке бөктіріп жасайтын тарыкөже, бидай мен етті қайнатып пісіретін бидайкөже бар. Ал қазақтың жаңа жылында әлбетте наурызкөже пісіріледі. Ол келер жылғы молшылық пен берекенің белгісі ретінде әрбір шаңырақта міндетті түрде әзірленеді. Басқа-басқа, қазақылықтың қаймағы бұзылмаған Мойынқұмда наурызкөже әрбір шаңырақта дайындалып, көрші-қолаң түгел шақырылып, дәм татырады.
Ал наурызкөженің әзірленуіне келер болсақ, оның құрамы әр жерде әртүрлі. Жалпы оңтүстік өңірлерде әзірленетін наурызкөженің еті айтарлықтай мол болмағанымен, дәнді дақылдары көбірек. Әрине, әркім өз білгенінше дайындайды. Алайда, оны тіл үйіретіндей етіп жасау үшін де ата-бабаларымыздың әдісін қолданған жөн. Өз басым алдымен қазанды қыздырып аламын да, артынша оған май жағамын. Халқымызда «қазаның майлы болсын, қазаныңнан ас кетпесін» деген ырым бар. Жеті түрлі тағам қосу міндетті. Дегенмен оны қосудың да өз реттілігі бар. Мәселен, мен қыс бойы әбден сүрленген етті қазанға салып, қайнатып аламын. Екі сағатқа жуық уақыт қайнағаннан кейін етін сүзіп алу қажет. Одан кейін бидайды салып, бес минуттай қайнатамын. Артынша күріш пен жарманы және тарыны қайнатып, талғамыма қарай тұзын саламын. Тұзды да артық немесе кем салмау қажет. Тұздан үлкен дәмдеуіш жоқ дегендей, оның да өз мөлшері болады. Қайнаған дәндер пісіп болды-ау дегенде оттан түсіріп, салқын жерге қою керек. Ал етті ұсақтап турап, оны айранмен бірге араластырып сорпаға қосамын. Міне, наурызкөжені осындай реттілікпен әзірлеймін.
Бір айта кетерлігі, кейінгі жылдары үлкен қалаларда наурызкөжені ақшаға сатуды да кәсіпке айналдырғандар бар екен. Негізінде, ол біздің ұлттық мерекеміздің басты тағамы болғандықтан ауылды жердегідей, көршісі мен туған-туыстарына тегін таратылуы қажет. Осылайша, Наурыз мерекесінің келгенін білдіріп, дастарқанда бата берілуі тиіс. Қазақ жылдың басын қашанда наурызкөжемен бастаған. Бүгінгі жастар осы жағын ескерсе екен деймін.

Айдаркүл ҚОРАЛАСОВА,
зейнеткер.

Мойынқұм ауданы.

Наурыз – жаңарудың басы

кезінде Кеңес одағы құрамында болған Азия елдерінде Наурыз мерекесін қайта жандандыруға ең алғаш Қазақстан себепкер болды

Кеңес кезеңінде ата-баба дәстүрімен сабақтасқан ұлттық мейрам Наурызды тойлауға тыйым салынды. Тек араға 62 жыл салып қана 1988 жылы Наурыз мейрамы қазаққа қайта оралған еді. Ұлыстың ұлы күнін қайта тірілтуге Мұхтар Шаханов бастаған бір топ ұлт зиялылары тер төкті. Ал олардың бастамасына сол кезде Министрлер кеңесіне төрағалық еткен қазіргі Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев пен қазақ халқының ұлттық мәдениеті, ана тілі, дәстүрі мен әдет-ғұрпының жаңаруына үлес қосқан мемлекет қайраткері Өзбекәлі Жәнібеков қолдау көрсетті.
Бүгінде жалпыхалықтық мерекеге айналған Ұлыстың ұлы күнінің қайта жаңғыруы туралы танымал ақын, қоғам қайраткері Мұхтар Шахановпен болған сұхбатымызды назарларыңызға ұсынамыз.

– Мұхтар аға, Кеңес одағының солақай саясатының кесірінен бір кездері ұмытыла бастаған Наурыз мейрамын қайта жаңғырту идеясы қайдан туды? Сол жайында айтып берсеңіз.
– Наурыз – қазақ жерінде сан ғасырлардан бері тойланып, ұрпақтан ұрпаққа мұра болып келе жатқан мейрам. Кеңес өкіметі «кертартпа рәсімдер» деп үзілді-кесілді тыйым салғанымен де қазақ ұлты біртегіс қоныстанған ауылдарда, қыстақтарда, дәстүр-салтқа ден қойған жанұяларда бұл мереке аталып отырды. Мәселен, менің жастық шағым өткен қазіргі Оңтүстік Қазақстан обылысындағы Сайрам ауданы «Жұлдыз» колхозын айтуыма болады. Бұл күні ауыл Наурыз мейрамына ерекше дайындалатын. Аналарымыз бен жеңгелеріміз таң қылаң бере оянып, бауырсақ пісіріп, «наурызкөже» дайындайтын. Ауылдың үлкен-кіші азаматтары бас қосып, кетпен-күректерін алып, жол жиегіндегі арықтарды тазалайтын, ағаш отырғызатын. Ең бастысы, бұл күні бұрын ренжісіп жүрген жандар болса, бір-біріне өкпесін кешіріп, қол алысып, құшақтасып, мәмілеге келетін. Наурыз мерекесінің ерекшелігі де осында жатса керек. Сол тұста ел арасында былай жырланатын: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен, Жаңа ағытқан қозыдай жамырасып өбіскен, Шалдар бата беріскен, Құдіреті күшті құдайым, айнытпа деп жөн істен». Менің нағашым: «Наурыз – мейірім айнасы. Әр адам Наурыз күні ерекше кешірімді болуы керек», – деп айтатын.
62 жыл ішінде ұрпақ жаңаланып, көнекөз қарттар азайып, кеңестік патриоттық психология алға шыққан уақытта бұл мереке мүлде ескерілмейтін болды. Жас ұрпақ ерте көктемде осындай шуақты мейрам бар екендігінен бейхабар бола бастады. Сондықтан ұмыт болуға айналған қазақтың дәстүрлі мерекесі – ұлыс күнін жаңғырту керек деген ойға келдік. Ары ойланып, бері ойланып, Наурыз мейрамын атап өтуді республика басшылығының алдына қойғанды жөн деп таптым. Ол 1988 жылы болатын, «желтоқсан үрейінің» сейіле қоймаған кезі еді. Мен сол жылдың ақпан айында «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас Алаш») газетіне сұхбат бердім, сұхбат «Тамырыңды терең жібер» деген тақырыппен жарияланды. Ол сұхбатта Наурыз мерекесінің дінге ешқандай қатысы жоқтығы туралы, жаңару, жаңғыру мейрамы болып табылатын Наурызды Қазақстанға қайта әкелу жайы айтылды. Наурыз мерекесін қайта тірілтейік деген ой айттым, мейрамның ұлтқа, жалпы мемлекетке тигізер пайдасын жан-жақты әңгімеледім. Наурыз мерекесін саясатқа, сол кезде Колбин ұстанып отырған «ұлт пен ұлтты жақындастыру мүддесіне» қарай бұрмаса идеямның жүзеге аспайтындығына әбден көзім жеткендіктен, сұхбатты республиканы көгалдандыру идеясымен ұштастырып, «Республика жастарына, жастарға ғана емес, аға буын өкілдеріне, ауыл ақсақалдарына, жергілікті партия, кеңес, шаруашылық басшыларына мынадай: «жыл сайын март айында Наурыз мейрамын өткізіп отырайық, сол күні бәріміз өзіміз тұратын елді мекендерде, қалаларда, ауылдарда ағаш отырғызайық, сол күні әрбір адам көктемгі көңіл күймен жаңару, жақсару лебін сезінсе» деген ұсыныс жасадым. Әрине, ол ұсыныстың астарында Наурызбен бірге салт-дәстүрімізді, әдет-ғұрыптарымызды оралту мақсаты жатты.
Бірақ қайта құру кезінде ұсыныс-пікірді кім айтпады. Сондықтан қайткенде де сол кездегі республикамыздың басшысы Колбиннің өзіне кіріп, осы идеяны көзбе-көз түсіндірейін деген шешім қабылдадым. Әңгіме тек сөз жүзінде өтпес үшін, алдын ала орыс тілінде хат әзірледім. Осы тұста айта кетерлігі, сол хатты қаншама жылдан кейін Қазақстан Республикасы Президентінің мұрағатынан осы мекеменің директоры Л.Дегитева тауып, баспасөзде жариялаған болатын. Содан, ақпан айының соңында Колбиннің қабылдауында болдым, ол: «оңды ұсыныс екен, ойланайық, Бюро мүшелерімен ақылдасайық», – деді. Г.Колбиннің қабылдауынан шыққасын Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің Төрағасы Н. Назарбаевқа жолығып, Колбинге Наурызды «тірілту» туралы арнайы хат тастағанымды айттым. Н.Назарбаев: «Өте дұрыс жасағансың. Басқа жазушылар да, өнер қайраткерлері қосылып, бірлесіп жұмыс істеп, қимылдаңдар. Мерекені нақ осы биылдан бастап жіберелік. Уақыт тым аз қалды. Наурызға қаржы бөлу мәселесі Министрлер Кеңесіне келіп тіреледі ғой. Ол жағынан қам жеме! Батыл кірісе бер!», – деп қолдайтындығын білдірді. Сол кезде бұл идеяға Бюро мүшелерінің барлығы қарсы шықты, бастаманы тек екі адам – сол кездегі Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев пен Қазақстан Компартиясы орталық комитетінің идеологиялық хатшысы Өзбекәлі Жәнібеков қана қолдаған болатын. Бюро мүшелері «Наурызды ислам дінінің қалдығы» деп тарихты білмей айтқандықтан, Колбин «Наурыз мерекесін тірілтуге мүмкіндік жоқ» деді. Соған қарамастан, алға қойған мақсатымнан таймай, Абайдың «Біраз сөз қазақтың қайдан шыққандығы туралы» еңбегін тауып алып, Колбинге тағы барып, Наурыз мерекесі ислам дінінен бұрын өмірге келгендігін, одан бұрын тойланғандығын дәлелдедім. «Наурыз салтында бұрын өзара ренжісіп жүрген адамдар мереке кезінде міндетті түрде төс қағыстыра құшақтасып, бір-біріне өкпесін кешіруі шарт» дегенімде Колбин ойланып қалды. Содан кейін ол: «Тамаша дәстүр екен, бұл жерін маған неге ешкім айтпаған, жарайды онда өткізейік, бірақ биыл кеш болып қалды, келесі жылдан бастайық», – еді. Мен: «Кеш емес, үлгереміз, бұл маңызды істі келер жылға қалдыруға болмайды», – дедім. Ұмытпасам ол кез наурыздың 12-сі болатын.

Аманбала апа амандық тілейді

Биыл 110-шы көктемін қарсы алып отырған Жайлаукөл ауылының тұрғыны Аманбала апа сонау сұрапыл жылдарда небір зұлматты көрген, көкірегіне шер байлаған жан. Сонда да қайғыға берілмей, тағдырдың тартқызған теперішіне мойымаған. Аузынан тәубәсі түспеген, шүкірінен жаңылмаған. Барлық қиындықты еңбекпен жеңген.
– 1910 жылы қаңтар айында Сарыарқа жерінде дүниеге келгенмін. Тағдырдың жазуы шығар бұл да, 18 жылдан кейін Сарысу ауданына келіп қоныстандық. Алғашқыда туып-өскен жерге деген бір сағыныш басылмай жүрді. Кейін тұрмысқа шығып, өз шаңырағымның түтінін түтеткеннен кейін, тірлікке алданып кеттік. Ол кезде ауданда 39 колхоз бар еді. Соның бірі – Ілгері бас колхозында қарапайым жұмысшы болып істедім. Жұбайым Балтабай Аманжолов 1942 жылы майданға аттанды. 1946 жылы елге аман-есен оралып, Жамбылда мал дәрігері болып ауыл шаруашылығы саласында қызмет етті. Өзім колхозда соқа айдап, бидай орып, шөп шауып, ауыл маңайынан шықпадым, – дейді Аманбала Аманжолова.
Соғыстан кейін 1950 жылы колхоздар іріленіп, Серго, Ілгері бас, Жаңа күш, Ақтоғай бірігіп, жетінші ауыл болғанын қазіргі жас ұрпақ біле бермеуі мүмкін. Кейін Сарысу совхозына қосылыпты. Орталығы Жаңарық ауылы болған екен. 110 жасқа келсе де, шаруашылық құрылымдарының тарихын айтып, өткенін еске түсірген әже әлі де санасы сергек екенін байқатты.
– 1959 жылы совхоз орталығынан Жайлаукөлге көшіп келіп, онда сақпаншы болып, қой қырқып, еркекке тән жұмыстарды да атқардым. Содан бері осы құт мекенім Жайлаукөл ауылында тұрып келемін. Сарысу совхозынан зейнетке шығып, бейнетімнің зейнетін көріп отырмын. 11 құрсақ көтергенмін. Оның бесеуі бүгінде өмірден өз орындарын тауып, еңбек етуде. Аллаға шүкір олардан 35 немере көрдім, шөбере сүйдім. Ал алтауы өмірден өтіп кетті. Мына өмірде ана үшін перзентінің қасіретін тартқаннан өткен қайғы жоқ. Қазіргі елге келген індет жайлы естіп, халқымызға амандық берсін деп тілеп отырмын, – дейді екі ғасырдың куәгері.
Апамыз жасына қарамастан әлі де тың екен. Бір ғасырдың шежіре тарихын тыңдағандай әсер алдым. Жүзден асқан әже әңгімесін осылай еркін өрбіткеніне қуандым.

Гүлнара БАЙБОСЫНОВА,
журналист.

Сарысу ауданы.

Сайрамбайдың сарықымызы

Жарлысу ауылын қазір жамбылдықтар ғана емес, барша қазақстандықтар біледі десем, артық айтқандық болмас. «Елдің атын ер шығарады» демекші, ауылдың аты Атымтай жомарт азамат Сайрамбай Дөненбаевтың арқасында асқақтап тұр. Ауылға екі бағытта кіруге болады. Ақыртөбе ауылын қақ жарып тіке тартсаңыз да, Құмарық ауылын көктей өтіп алты қырдан ассаңыз да алдыңыздан тау бөктеріндегі шаруасы шалқыған ажарлы ауыл шығады. Адаспайсыз. Ауылдағы сәні мен салтанаты келіскен зәулім сарайлар еріксіз көз арбайды. Балабақша, интернат, саяси қуғын-сүргін құрбандары және Ұлы Отан соғысына арналған ескерткіш пен сәулеті бөлек мешітті дәулетті Сайрамбай салғызып, ел игілігіне берді.
Қазақстанның Еңбек Ері, «Шәушен» шаруа қожалығының басшысы Сайрамбай Әліқұлұлының өмір жолы мен еңбегін ел біледі. Елдің білгісі келетін тағы бір жаңалығы – тау етегіндегі «Тау қымыз» емдеу-сауықтыру орталығы жайлы. Бұл да – біз сөз етіп отырған Еңбек Ерінің елге болсын деген еңбегі. Жыл басында ашылған орталықта қазір бас дәрігерден бастап қарапайым қызметкерге дейінгі 15 адам тұрақты еңбек етіп келеді. Ал орталықтың өзі бір мезетте 40 адамға дейін қабылдай алады. «Емделушілердің 4 мезгіл тамағы, 3 мезгіл саумалы, бір реттік қымызы, жататын орны мен еміне кететін бір күндік құны 10 мың теңгені құрайды. Барлық сауықтыру орталықтарындағы емдеу-сауықтыру түрлері бұл орталықта да қамтылған. Қазіргі таңда 10 адам ем қабылдап, тау бөктерінде, таза ауамен тыныстап тынығып жатыр», – дейді сауықтыру орталығының директоры Кенен Дөненбаев.
Орталықтың ең басты ерекшелігі – қымызында ғана емес, мұндағы ем-шараларына қолданатын балшығы мен суында да болып тұр. Себебі орталықтағы балшық та, емдік суы да сырттан тасымалданбайды. Оның барлығы ауыл іргесіндегі Сұмқайтты даласынан алынады. Қырық жылдан аса еңбек өтілі бар бас дәрігер Әліқұл Мырзагелдиевтің айтуынша, бұл балшықтың емдік қасиеті бар. Көрші Ресей елінің Томск қаласындағы арнайы зертханалар сынама алып, пайдалануға болатыны жөнінде сертификат берген. Балшықтың құрамы сонау Ресей елінде сараптамадан өткізілуінің себебі мұндай зерттеу орындары біздің Қазақстанда жоқ екен.
Бүгінде кәсіптің түрі көп. Ақша табудың сан алуан жолы бар. Жеке басына ғана пайдасы тиетін, ауадан ақша жасайтын кәсіпкерлерді көріп жүрміз. Ал кейіпкеріміздің еңбегі адал. Ауылындағы қаншама әлеуметтік нысандарды ел игілігіне тегін бергенін жоғарыда айттық. Енді емдеу орталығына келсек, бұл бизнестің де халық үшін пайдасы зор. Адамдар денсаулығын нығайтып, таза ауада демалып қайтады. Бір сөзбен айтқанда, «Тау қымыздың» қымызы дертке дауа.

Мереке Ержанұлы,
журналист.

Т. Рысқұлов ауданы.

Көкпаршылар әулеті

Сияқұл қарияның небір тұлпарлардың тұқымынан тай алып, күтіп-баптап, көкпарға қосып отырады екен. Жұрт оның Қырғыз жерінен бір жақсы атты 36 қойға сатып алғанын әлі күнге әңгімелейді. Жақсы пырақ көрсе, ақшасын аямаған. Қазір әке жолын ұстанған баласы Нұрлыбек «Тұмар» деген тұлпарды баптап отыр. Осы тұлпар үшін миллиондап ақша ұсынатындар бар деседі. Бірақ бұл әулет жақсы жылқыны сатпай, керісінше сатып алады. Кезінде қария ешкімнен аттың терін аямаған. Әсіресе атын біреу көкпарға мінсе, оған қолдау білдіріп, «Атты аяма, көкпарды жақсылап тарт» деп, дархан көңілін байқатып жүреді дейді көзкөргендер.
Секең қария төрт ұлын көкпарға баулыды.Үлкені Сейсенбек пен Райымбекті апта сайын көкпарға апарып жүріп, олардан нағыз шабандоз шығарды. Ағаларының жолын Ақылбек пен Нұрлыбек жалғады. «Сияқұл қарияның атқұмарлығында, көкпарға деген қызығушылығында шек жоқ еді» дейді ауылдастары. Балалары Сейсенбек немесе Райымбек аттан жығылып жатса: «Ой, тез-тез, мін атқа, көкпар кетті ғой», – деп айқайлайды екен. «Қай жерің ауырды?» деп өбектемек тұрмақ, аяқтың сынған, шыққанына да қарамаған. «Көкеміздің көкпардан артық қызығы болмаған. Намысты әрдайым алға шығаратын», – дейді балалары.
Бірде Сияқұл қария құдасын қонаққа шақырыпты. Баласы Райымбектің қайын жұрты алғаш есік көрейін деп келеді емес пе? Секең ақсақал бастаған топ жақсылап қарсы алып, дуылдап жатады. Сол кезде қария саптама етігін киіп, қолына қамшысын ұстап келіп: «Ал, құда, мына, Сейсенбек, Ақылбек, Нұрлыбек балаларым сіздерге қызмет жасайды. Қадамдарыңыз құтты болсын. Маған рұқсат етіңіз. Бір жұмыс болып тұрғаны», – деп күмілжіпті. Сөйтсе сол күні көкпар бар екен. Құдасы да Секеңнің сырын біліп, ақпарат алып үлгерген. «Рұқсат, қария. Рұқсат құдеке», – деп күліп қала беріпті.
Бірде үлкен көкпар болып, Сияқұл қарияның командасы жеңіліп қалады. Сонда ақсақал әбден ашуланып, атпен Таразға тартады. Аттың басын облыстық жол полициясына тірейді. Баласы Ақылбек сол мекемеде жұмыс істейді екен. Әкесі көкпар барын ескерткенімен, сол күні Ақылбек жұмыстан шыға алмаған екен. Атын бір бағанға байлай салып, сол ашумен мекемеге кіріп келеді. Ақылбек бастығы екеуі есіктің алдында тыныстап тұрса керек. Секең барған бойда баласын қамшымен тартып-тартып жіберіпті. «Әй, мен саған кел деп айттым ғой. Көкпарда жеңіліп қалдық», – деп ашуын әрең басыпты. Кейіннен бастығы Ақылбек Сейітовті шақырып алып: «Ой, мен қарияның көкпарға мұнша құмар екенін білмедім. Бұдан кейін көкпар кезінде сені жіберіп тұрамын», – деген екен.
Секеңнің сондай талапшылдығынан, атқа құмарлығынан болар төрт баласы, немерелері тегіс көкпаршы болды. Көкпар болғанда тек Айша бибінің төңірегі емес, мына жағы Түркістан, Қызылорда, мына жағы Қырғыздың Талас облысына дейін барып, шебер мықты шабандоз екендіктерін дәлелдеп жүр. Секең ақсақалдың төрт баласы қатысқан көкпарда өзгелердің салым салуы мүмкін емес. Міне, нағыз көкпаршылар деп соларды айт.
Тағы бір қызығы, Сейіттің баласы – Сияқұл болса, қызы – Мәрия. Міне, сол Мәриядан Нәби, Хадиша, Ошақбай тараған. Олардың бәрі – көкпаршы. Нәби Момыновтың ұзақ жыл Айша бибі ауылдық округінде әкім болғанын көпшілік жақсы біледі. Міне, сол Нәбидің баласы – белгілі көкпаршы, «Әулие-Ата» көкпар клубының жетекшісі Нұрдәулет Момынов. Нұрдәулет Момынов – Сияқұл ақсақалға жиеншар.
Наурыз келген сайын ауыл тұрғындары Сияқұл атаны еске алады. Секеңнің көкпаршылығы, көкпарға деген қызығушылығы, додадағы қызықтарын еске түсіріп, езулеріне күлкі үйіріледі.

Есет ЖАҢАБАЙ.

Жамбыл ауданы.

БІР ҚОЗЫ ТУСА, БІР ТҮП ЖУСАН АРТЫҚ ШЫҒАДЫ

Ерғали ҚАРТАЙҒАН

Көктеммен қатар келетін мал төлдету науқаны малшы қауымы үшін аса бір жауапты кезең болып есептеледі. Бұл – тек төрт түлік ұстағандарға ғана емес, бүтін бір ауыл шаруашылығы саласы үшін де маңызы зор науқан. Өйткені наурыздың алғашқы күндерінен-ақ жердің тоңы жібіп, аудан диқандары жаппай соқа-сайманын сайлап, малшы қауымы мал төлдетуге бел шеше кірісіп кетеді. Көктем туралы барлық шаруашылықтың қорасында қозы-лақтың құлаққа жағымды маңыраған үні естіліп, малсақ жанның езуіне күлкі үйіріліп, қуанып жатады.
Осыған байланысты Шу ауданында мал төлдету науқаны қалай жүріп жатқанын байқап көрген едік. Мәселен, аудан орталығынан шалғай орналасқан Көкқайнар ауылдық округіндегі «Ынтымақ» шаруа қожалығы науқандық жұмысты аяқтап та қалыпты. Шаруашылық жетекшісі Қырғызбай Баймұханбет «100 саулықтан 100 қозы» деп жоспар құрмаса да, қыстақтағы қорадан өретін төрт түліктің басын көкке жеткізіп, шығынсыз төл алудың қамымен жүргендерін айтады.
– «Ынтымақ» шаруа қожалығында осыдан 20 жыл бұрын небәрі 35 бас уақ мал болса, бүгінде 900 бас қой, 150 бас сиыр және 50 бас жылқы бар. Оған қоса, малды асылдандырумен айналысуды қолға алдық. Қазір мал бордақылауға арналған шағын алаңымыз да жұмыс істейді. Шаруашылықта ұзақ жылдан бері еңбек етіп келе жатқан 16 адамның 4-еуі сақманшы, 2-еуі малшы және 10 механизатор бар. Қыстақтағы науқандық жұмыс наурыз айының басынан басталып кетті. Шүкір, төрт түлік қыстан қысылмай шықты. Жемшөп те толық жетіп, малдың қоңдылығы сақталды. Ал мал төлдетудің машақатын малшылардан артық ешкім біле қоймас. Әсіресе түнде сақманшылардың ең сақ болатын сәті. Олар әр 2-3 сағат сайын қорадағы қойды аралап, жаңа туған мал кезігер болса қозыларын бөліп отырады. Өрісте туғанын өзімен алып келеді. Оның үстіне, шаруашылықта қойдан бөлек, төрт түлікті түгел өргізіп отырғандықтан, мал төлдету барлығымыз үшін өте қауырт науқан. Дәл қазір қойы қоздап, биесі құлындап, сиыры бұзаулап жатқан малшы қауымның бір сәтке де демалуға мұршасы жоқ, – дейді ол.
Жалпы, шаруашылықтағы 900 бас қойдың 700-і ғана төлдейді екен. Қазіргі кезде уақ малдың барлығы дерлік төлдеп үлгерген. Сондай-ақ сиыр мен жылқының да тең жартысы төлдепті. Шаруалар сәтін салса, сәуір айының соңына қарай мал төлдету науқаны түгелдей аяқталады деп жоспарлап отыр. Одан кейін шаруашылықтағы төрт түлікті жайлауға көшірудің қамы басталмақ. Ол жерде малшыларды қырықтық пен ветеринарлық жұмыстарды жүргізу сынды үлкен науқан күтіп тұр.

Шу ауданы.

Наурыз-бата

Ақ мол болсын!

Әшірбек СӘРСЕНБИЕВ,
Ұлы Отан соғысының ардагері, Тараз қаласының 100 жастағы тұрғыны.

Ұлыс оң болсын,
Ақ мол болсын!
Қайда барсаң жол болсын,
Ұлыс бақты болсын!
Төрт түлік ақты болсын!
Ұлыс береке берсін!
Бәле-жала жерге енсін!
Ұлы халқым тоқ болсын,
Көйлектерің көк болсын!
Қайғы-уайым жоқ болсын,
Қуаныштарың көп болсын!

Түбі бір түркі елдеріне ортақ мереке

Құрметті облыс жұртшылығы!
Баршаңызды халқымыздың Ұлы күн деп ұлықтайтын жыл басы Наурыз мерекесімен құттықтаймыз!
Бастауын бағзыдан, тамырын тереңнен тартқан осынау мейрам – береке мен бірліктің, тазалық пен татулықтың тұғырын нығайтып, риясыз шаттық пен қуанышқа кенелтер молшылық мерекесі саналады.
Тұғыры биік тәуелсіз мемлекетіміздің қалыптасу кезеңімен бірге Наурыз мейрамы барлық қазақстандықтар үшін жалпыхалықтық сүйікті мерекеге айналды. Тіпті, түбі бір түркі елдеріне ортақ мереке екені әмбеге аян.
Осы бір Ұлыстың ұлы күнінде өткенімізді ой елегінен өткізіп, болашағымызға бағдар жасаймыз. Ұлтаралық бірлігіміздің нығаюуына зор үлесін қосып келе жатқан айшықты мереке – әз Наурыз қазақ халқының байырғы салт-дәстүрінің сақтаушысы, алтын діңгегінің біріне айналды.
Отанымыз жыл өткен сайын өркендеп, өсіп, дамудың даңғыл жолында келеді. «Қазақстан – 2050» Стратегиясы жарқын жоспарларын түзіп, әлемнің дамыған 30 елінің қатарынан ойып орын алуға, «Мәңгілік ел» атануға бет түзедік. «Ұлы Даланың жеті қырына» тағы бір терең бойлап, «Рухани жаңғыру» жолында келеміз. Былтыр Қазақстанның Тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Сенім. Диалог. Болашаққа нық қадам – «Nur Otan» партиясының 7 серпіні» атты партия жұмысын жүйелі жаңғыртудың жаңа бағдарламасы жарыққа шықты. Елбасы назарға алған нақты жұмыстар біздің аймағымызда да белсенді түрде атқарылып келеді.
Алдағы уақытта партияішілік праймериз жасау қоғамымыздың жасампаз да бақуатты ертеңіне жетелер мақсаттар «Nur Otan»-ның негізгі басымдықтары бола береді.
Қымбатты жамбылдықтар! Бұл берекелі күн барша тіршіліктің, дағдылы да дәстүрлі құндылықтардың қайта қарқын алар бастауы. Жаңа леп пен қуатты қарқында болудың белгісі. Игілікті істер мен жаңа бастамаларға негіз болудың басты нышаны.
Күннің алғашқы нұры әрбір шаңыраққа бақ-береке, өзара түсіністік пен болашаққа деген сенімділік әкелсін! Баршаңыздың дендеріңізге саулық, шаңырақтарыңызға шаттық, отбасыларыңызға амандық, ырыс пен ынтымақ тілейміз!

«Nur Otan» партиясы облыстық
филиалының Саяси кеңесі.

Ырыс пен ынтымақтың мерекесі

Халқымыздың мерейін өсіріп, бар болмысымызды айшықтайтын қасиетті Наурыз мерекесі елімізге, әрбір отбасына бірлік пен қуаныш, құт-береке, бақыт пен молшылық әкелсін! Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын!
Тарихи тамыры тереңге бойлаған әз Наурыз ырыс пен ынтымақтың мерекесі болып келген. Тек адамзат қана емес, табиғаттың да жасарып, бой түзейтін шағы – Ұлыстың ұлы күнінің баршамыз үшін жолы да, жөні де бөлек. «Туған ай – тураған етпен тең» демекші, әне-міне дегенше қар еріп, жылғалардан су ағып, табиғат жасарып, көктемнің саумал самалына ілесіп Наурыз да жетті. Амандық-саулық, ақ тілек, меймандостық, адалдық, молшылық, жалпы ұлтымызға тән тамаша салт-дәстүрімен паш етілетін мерекелі, берекелі күннің шапағаты жылдан-жылға жалғасын таба берсін.
Еңсесі биік елімізде елдіктің іргесі сөгілмей, бірліктің бесігі тербеле берсін. Мерекеден мерекеге басымыз аман, бауырымыз бүтін жетейік.

Абдрахман ЗАЙНУТДИНОВ,
Тараз қалалық өзбек этномәдени
бірлестігінің төрағасы.

Наурыз-жәдігер

Ұлыстың ұлы күнінде

Шәкәрім ҚҰДАЙБЕРДІҰЛЫ.

Ұлыстың ұлы күнінде,
Бай шығады балбырап.
Қасында жас жеткіншек,
Тұлымшағы салбырап.
Келіншек шығар керіліп,
Сәукелесі саудырап.
Қыз шығады қылмиып,
Екі көзі жаудырап.
Бозбала шығар бұрқырап,
Ақбөкендей сырқырап.
Құл құтылар құрықтан,
Күң құтылар сырықтан.
Кетік ыдыс, шөміштің,
Түтіні шығар бұрқырап.

Түркі жұртының Ортақ мерекесі

Күллі шығыс жұртына ортақ Ұлыстың ұлы күні Наурыздың тарихы тым тереңде. Аспанда күн мен түннің теңесетін, ырысы мол мереке біздің жан дүниемізді шуаққа бөлейді, ой-ниетімізді таза арнаға бұрады. Бұл кешірім мен мейірімнің, үміт пен сенімнің, ізгілік пен түсіністіктің мерекесі. Бұл күні біз өткен жылы жасаған жұмысымызға есеп беріп, келешекке жоспар құрамыз, тәуелсіз еліміздің өркендеп, өсуі жолында жаңа бастамаларға негіз қалаймыз.
Қазіргі уақытта Наурыз жаңа сипатқа ие болды, ұлтына, діни сеніміне қарамастан Қазақстанды мекендейтін барлық ұлттар мен ұлыстардың ортақ мерекесіне айналды. Халықтар арасындағы достықты бекітуге, бауырластық қарым-қатынастардың нығаюына, әр ұлттың салт-дәстүрінің қайта жаңғыруына осы мейрам үлкен үлесін қосып отыр.

Ибраһим ЗУФАРОВ,
«Ахыска» түрік этномәдени бірлестігі
ақсақалдар кеңесінің төрағасы.

Мейірленіп көк пен жердің барлығы

Ілияс АХМЕТОВ,
ақын.

Әз Наурызым, жылдағыдай келдің бе,
Тік тұрғызып табиғаттың жарлығы.
Сені көріп дүр сілкінді ел мүлде,
Мейірленіп көк пен жердің барлығы.

Наурыз-мейрам мәре-сәре күй шығар,
Жылда жаппай тойлап жатса әз елім.
Тоба делік, тоғыз дәмнің иісі бар,
Құрамында тостақ толы көженің.

Жер-анамыз көк өскінмен тойынды, ә,
Одан әрмен шыңға шықсын мейлі қар.
Бізге жеткен күн-сәуленің бойында,
Жаратқанның ақ жарылқап пейілі бар.

Еміренсе емін-еркін ел күлмек,
Қариясы әр мекеннің көпке ата –
Шын көңілмен ақ сақалы желпілдеп,
Дастарқанға бейіл беріп ақ бата.

Үлкендерше көп нәрсеге мән бермей,
Айналаны төңіректер бала ойнап.
Киіз үйлер дулы тойын сәндердей,
Алтыбақан салса ауада дәл ойнақ.

Нау-наурызым, дер кезінде келдің бе,
Мың бүрлерін бұрқыратып ағаштың.
Даусы саздай жаңа туған төлдің де,
Исі қандай түтіндеген тоқаштың.

Сыртқа лықсып топырақтың торқасы,
Көбейгендей табиғаттың қылығы.
Кеңге салар жер-дүниенің арқасын,
Әз Наурызым той біткеннің ұлығы!!!

Жуалы ауданы.

Comments are closed.

https://4store.com.ua/