- Advertisement -

Анамның аманаты

106

- Advertisement -

Исмаил Хаджимуратов,
қарашай-балқар этномәдени орталығы ақсақалдар
кеңесінің мүшесі.

Мен қуғын-сүргінді, зобалаңды көрген жоқпын. Анам қарашай қызы Шидакова Муслимат Хажымұратқызы 1943 жылы 2-3 қараша түні қарашай елінің қалай жер аударылғаны жайлы бала кезімнен құлаққа құйып өсірді. Ол жер аударғанда он тоғыздағы естияр жаста еді, анам өмірінің соңына дейін қазақ халқының жақсылығын айтып өтті. Қазаққа, жалпы түркі жұртына ортақ ұлық мереке кезінде оның сол естелігімен бөліскім келіп отыр.
«Шырт ұйқыда жатқан Учкулан ауылын түнгі 3-4 шамасында гүрілдеген машина дауысы оятты. Үйден жүгіре шыққан адамдарды әр үйге бөлінген екі офицер мен автомат асынған төрт солдат қоршап алған. Ең керекті заттарды ғана алыңдар деген талап қойылды. Бір сағатта машинаға тиеп, сол кездегі Батталпаша стансасына, (қазіргі Черкесск қаласы) жеткізіп, мал тиейтін вагондарға орналастырып, бізді белгісіз жаққа ала жөнелді. Ер азаматтар соғысқа кеткен, қарттар мен жас балалар, сәбилер жолды көтере алмай өліп жатты. Төрт тәулік есікті ашпай жүріп Волга өзенінің көпіріне жеткенде бірақ есікті ашқанда вагондағы бірталай адам лап етіп кірген таза ауадан есінен танып құлап түсті. Қайтыс болғандарды бұрышқа бірінің үстіне бірін жинап қойған еді. Өзіміз жерлейміз деп түсіріп алды. Есіктер жабылған сәтте пойыз жүрмей жатып әскерлер мәйіттерді аяқ-қолынан ұстап Волга өзеніне лақтырды. Шулап жылаған халық жақындарынан айырылып осылай кете барды. Неткен қасірет.
Тағы да 3-4 күн жүрген соң облыстағы Жамбыл ауданы Жетітөбе стансасына әкелді. Сол жерден Қазақстан деген мемлекетті білмейтін, қазақ деген ұлтты білмейтін қарашайларды жергілікті қазақтар өгіз арбамен, есек арбамен, түйе арбамен күтіп алып, үйлеріне бөліп кіргізді. Бізге пана болған қоржын тамы бар Әпсейіт пен Әзімкүл деген кісілер еді. Әпсейіт соғыста, Әзімкүл 3-4 жасар ұлы Омарсейітпен біз – әкем Хажымұрат, анам Хұраймат інілерім Оқап, Мұса, сіңілім Саният алтауымыз сол үйді паналап бір нанды бөліп жеп, бір қазаннан ас ішіп, есімізді жиғанша бірге тұрдық. Омарсейіт әкесін аңсай ма әкемнің қойнына жататын. Міне, қарашайлар елге көшкенде сол кісілер маған төркін болды. Әпсейіт соғыстан аман оралды, ал Омарсейіт өмір бойы жөні бойынша мені жеңге демей әпке деп өтті. Не деген дархандық?!
Қазақ халқы қайырым­дылықты алғыс айтсын деп жасамайды, кең даласындай құшағы бар, пейілдері мейірімге толы, қиындық көргендерге қамқорлық жасау – бұлардың ата-бабасының қанында, тегінде бар, оларға қандай алғыс айтсаң да аздық етеді. Алғыстың ең жақсысы – жақсы азамат болыңдар, адал еңбек етіңдер, жеріңді, халқыңды сүйіңдер, үйлі болып салиқалы ұрпақ өсіріңдер. Міне, қазақ елі үшін рахметің сол болады», – деп айтушы еді.
Шоқай аулында еңбек етіп, еңбегі еленген анам Еңбек Қызыл Ту, 1941-1945 жылғы тыл ардагері, Еңбек ардагері медальдарымен марапатталды. Өз бауырында өсірген 7 ұл-қыздан 34 немере, 12 шөбере көріп 89 жасында бақилық болды. Бізде сол ана аманатына адалдық жасап жетеуміз де жоғары оқу орнын бітіріп, хал-қадірімізше еңбек еттік.
«Өткенге көз салмай, болашақты бағдарлай алмайсың» дейді. 1957 жылғы 9 қаңтарда Қарашай-Балқар автономиясы қалпына келтіріліп, қарашайлардың Отанына оралуына жол ашылды.
Қарашай елі өз Отанына 14 жылдан соң оралды. Біразы осында қалды. Қазақтармен құда болды. Қазақ көршілерін, достарын қимады. Осында қалып, еңбек етті. Бүгінде тәуелсіз Қазақстанды өз Отаным деп санап өсіп-өніп жатыр.
Қазақстан Парламенті Сенатында депутат болған марқұм ағамыз, Тараз қаласының Құрметті азаматы Арғынбай Бекбосынмен бір әңгімелесу сәті туғанда, ол кісінің қарашайлар жайлы былай дегені есте қалыпты: «Менің балалық шағым соғыс кезіне тап болды. Суханбай аулында жер ауып келген қарашай ұл-қыздармен бірге оқып, дос болдым. Олар кейін еліне кетті, кейін бір демалыста Кисловодскі шипажайында демалып жатқанымда Айвазов деген досым келіп, үйіне апарып екі-үш күн жібермей қонақ етті», – деп еді.
Қамқорлық, мейірбандық, қонақжайлықты, қазақ халқынан үйрендік, бойымызға сіңірдік. Біз қарашай елі осыларды ұл-қыздарымызға өсиет етіп айтып отырамыз.
Өмірден өтсе де осыны аманат еткен анам Шидакова Муслимат Хажымұратқызының атынан, Қазақстан халқы Ассамблеясының атынан қазақ халқына бас иіп рахмет айтамын. Түркі халқына ортақ ұлық мерекемен құттықтаймын!
Зобалаң күндер оралмасқа кетсін, халқымыз аман, жұртымыз тыныш болсын.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support