- Advertisement -

Айтмұханбет

94

- Advertisement -

Есет ДОСАЛЫ

Айтыскер Айтмұханбет Исақтың есімі жақсы таныс. Ол сахнаға Шорабек Айдаров, Серік Қалиевпен қатар шығып, өңірге танылған. 1990 жылдары бір айтыста Шорабек Айдаровпен айтысып:

«Армысың ақын ағам, Ақкөлдегі,
Отырмын өз бағаңды ап бергелі.
Айтысқан қарсыластар сіз жайында,
Біреуі актер деді, шахтер деді.

Ауылда айтылса да небір есім,
Барлығы бір атыңа шақ келмеді.
Облыста сендей ақын некен-саяқ,
Сенбесең, қос қолыңды ап кел бері, –

деп төгіп-төгіп жібергенде азулы Ш.Айдаровтың өзі бір сәтке абдырап қалғаны өтірік емес.
Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарынан бастап Айтмұханбет Исақ шәкірт дайындауға кіріскен еді. Бұл жолда да оның еңбегі жемісті болды. Алғашқы шәкірті – Мұхамеджан Тазабекті айтыс аламанына баптап, оның өзгеден оза шабуы үшін өлшеусіз еңбек сіңірді. Оны шәкірті де бағалап, туған жеріне келген сайын ұстазына сәлем беріп, ілтипатын білдіріп жүреді. Бір жолы Таразда өткен үлкен іс-шарада жиналған дүйім жұрттың алдында «Менің ұстазым – Айтмұханбет Исақ» деп орынан тұрғызып, ерекше құрмет көрсеткені бар.
1991 жылы Меркі ауданында өткен облыстық айтыста Айтмұханбет пен Мұхамеджан шешуші кезеңде айтысып қалады. Сонда Айтмұханбет:

«Өзіңді тастамаймын тысқары шын,
Жоқ болса да ағаңа еш қарызың.
Ақылды жігіт едің Мұхамеджан,
Айтып жібер Мұсылманның бес парызын», –

дейді. Сонда:

«Исламда сансыз асыл қазына бар,
Адамға болар алтын қазық олар.
Аллаға иман келтір, намаз оқы,
Зекет бер, ораза ұста, қажыға бар», –

деп Мұхамеджан да мүдірмей жауап беріпті. Сонда Айтмұханбет:
«Мендағы айтыстағы ақ алмаспын,
Бірақ та саған сілтеп бара алмаспын.
Бір құлатсам ар болар өзіме де,
Түбі түссе көтеріп сала алмаспын.
Тоқсан әйел толғатып ұл тапса да,
Ішінен дәл сендей ұл таба алмаспын», –

деп Мұхаңа батасын беріп, 16 жасар жүйріктің қадамына ақ жол тілепті. Мұхаң содан кейін он бес жыл бойы өзіне қарсылас шақ келтірмегені белгілі.
1996 жылдың күзінде Таластың Ойық ауылында Бөлтірік Әлменұлының 220 жылдығына орай аламан айтыс өтеді. Сонда Айтмұханбет Исақ пен түркістандық Бекарыс Шойбеков кездескен екен.
Айтыста «Отырсам қонағым деп құрақ ұшып, Балағыма жармасты мына күшік» деп бастаған Айтекең соңында: «Айбатың болар түбі арыстандай» деп 15 жасар оқушы Бекарысты көтермелеп сөйлейді. Сонда Бекарыс:

«Айтаға Оңтүстікке бағалы едің,
Мен де сізді құрметтеп аға дедім.
Бірде – арыстан, ал бірде – күшік дейсің,
Не деген екісөзді адам едің», –
деп шап беріп, сөзден ұстап алды. Басқа айтыскер болса осы жерде оңбай сүрінер ме еді, кім білсін. Ал Айтмұханбет болса:

«Үлкен десем, сен әлі кішімісің,
Жақсылықты білмейтін кісімісің.
Бірде – арыстан, ал бірде – күшік десем,
Онда сен арыстанның күшігісің», –

деп ұтымды жауап қайырып, тауып кеткені бар.
Айтмұханбет республикалық айтыстарда талай рет маңдайы жарқырап жүлде алды. 1994 жылы Алматыда өткен республикалық айтыста әйгілі Қонысбай Әбіловті жеңгені дүйім жұрттың есінде. Ол жалғыз Қонысбайды емес, қазақтың бірқатар айтыскерлерінен басым түсті. Оның дүлдүл ақын екенін:

«Қолымда қоңыр үнді қара қайың,
Демеу ғып сөз патшасын саралайын.
Жанына қара өлеңнен қанат біткен,
Мен едім топтан озған қара тайың.
Ауыздағы аталы сөздерімді,
Ауадай бұл аймаққа таратайын.
Сөзіммен қорғасындай мірдің оғын,
Мүлт кетпей нысанаға дәл атайын.
Төрт көзі түгел отқан төрге қарап,
Ассалаумағалейкум ал ағайын», –

деген амандасуынан-ақ аңғаруға болады.
Ол біраз жыл Алик Бекмұсаевқа ұстаз болып, «Қазақстан» ұлттық арнасы өткізген аламан айтыстарға баптап, республика көлемінде танылуына ықпал етті. Нәтижесінде Алик үздік айтыскерлердің қатарынан табылып жүрді.
Айтекеңнің Нұрқанат Қасымов деген де шәкірті бар. Ол оқушы, студент кезінде айтысқа қатысып жүрді. Қазір Нұр-Сұлтан қаласында жауапты қызметте. «Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» деп, дана Абай айтқандай Айтмұханбет ақын әлі де шәкірт дайындаудан бір сәтте бас тартып көрген емес. Бүгінгі таңда Шапағат Сәбитқызы, Бақнұр Нұрман деген шәкірттері түрлі айтыстарға қатысып жүр.
Айтекең әзілге де шебер. Өзі туралы «Жамбыл атындағы облыстың, Жамбыл ауданы, Жамбыл ауылы, Жамбыл көшесінде тұратын ақынмын» деп қалжыңдайтыны бар. Онысы рас. Ол ауылды таңдады. Ауылдағы қарт анасына қарап, перзенттік борышына адал болды. Анасы ұзақ жасап, бертінде өмірден озды. Үш жылдан бері бұрынғы облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің қолдауымен «Жамбыл – менің жай атым, халық менің шын атым» республикалық айтысы Таразда тұрақты өткізіліп жатқаны белгілі. Міне, осы істің басы-қасында Ахметжан Өзбеков, Ербол Қамбатыр, Алтынкүл Қасымбековамен бірге Айтмұханбет Исақ барлық жұмысты үйлестіріп жүр. Сондықтан осы өңірде оның бармаған ауылы жоқтың қасы деп айта аламыз. Талай-талай бұлақтың көзін ашқан майталман маман осы – Айтекең.
Ол өлең жазып, ән де шығарады. Оның сөзіне жазылған әндерді белгілі әнші Ғани Мәтебаев орындап жүр.
Өмірін айтысқа арнаған Айтмұханбет Исақ дайындаған жас шәкірттер шыңдалып, үлкен табыстарға жетеріне сеніміз мол.

Жамбыл ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support