- Advertisement -

Батырды майданда таны

172

- Advertisement -

Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне құрмет жалғаса бермек

1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 75 жылдығына арналған ҰОС ардагерлері мен мүгедектерін құттықтау жалғасын табуда. Осыған байланысты бұрнағы күні майдангерлердің тағы төртеуін құттықтау рәсімі өтті.

Мүтәліп Ережепбаев – соғыс және еңбек ардагері, журналист, запастағы майор, Талас ауданының Құрметті азаматы. ІІ дәрежелі «Отан соғысы» орденімен және бірқатар медальдармен марапатталған.
Бүгінде үлкен әулеттің ардақты қариясын облыс бойынша қазынашылық департаменті басшысының орынбасары Шолпанбек Бегасылов: «Сіздер, қарт жауынгерлер, біздің көзі тірі тарихымызсыздар!» – дей келе, мұндай құрметтің әлі де жалғаса беретіндігін жеткізіп, сый-сияпатын жасады.
Бірнеше медальдың иесі Михаил Гладченко соғыста 3 рет жарақат алған. Майданнан лейтенант шенінде қайтқан ол 40 жыл бойына темір жол саласында еңбек етті.
Қарияға облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаев ізгі лебізін білдірді. «Майдан даласында көрсеткен ерліктеріңіз – кейінгі ұрпаққа жасаған нағыз үлгі-өнеге», – деген облыстық әділет департаменті басшысының орынбасары Дәурен Дайрабаев ақсақалға дария-ғұмыр тілеп, мекеме атынан тарту-таралғысын жасады.
Тағы бір ардагер Виктор Долганов ІІ дәрежелі «Отан соғысы» ордені мен «Германияны жеңгені үшін», «Маршал Жуков», Жеңістің – 20, 30, 40, 50 жылдығы мерекелік медальдарымен марапатталған.
Бұл кісіге өзі ширек ғасыр жұмыс істеген «Қазфосфат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі Минералды тыңайтқыштар зауытының ұжымы атынан аталған кәсіпорынның кәсіподақ комитетінің төрайымы Юлия Фролова жылы лебізін жеткізіп, сый көрсетті. Облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаев қартты келе жатқан Жеңіс күнімен құттықтап, отбасы берекесін тіледі. Көрсетілген құрмет-қошеметке алғыс білдірген Виктор Долганов: «Біз қан майданда қанша ұлт болсақ та, бәріміз «жерлестерміз» деп шайқастық. Баршамыз бір атаның баласындай ынтымақта өмір сүрдік. Бүгінгі ұрпақ та тату-тәтті ғұмыр кешсін!» – деді.
Бұл күні соңғы барғанымыз 1943 жылы 9-сыныпты бітіре салысымен Ленинград майданына аттанған Ережепбай Жетібаев есімді қарияның үйі болды.
Соғыста көрсеткен ерлігі үшін І дәрежелі «Отан» орденімен және «Жауынгерлік ерлігі үшін», «Маршал Жуков», Жеңістің – 20, 30, 40, 50 жылдығы мерекелік, Қарулы күштерге 50,60,70 жыл, «Ерлігі мен қайсарлығы үшін», «Ерлігі үшін», «Еңбек ардагері» медальдарымен марапатталған жауынгер елге 1944 жылы оралған.
Майдангерді Еркінбек Бейсенбекұлы құттықтаса, ұжым атынан сый-таралғы тапсырған Абай атындағы Жамбыл гуманитарлық колледжінің жастар ісі жөніндегі комитет төрайымы Әсел Оразбек кейінгі буын алдыңғы толқынды мақтан тұтатындығын жеткізді. Ұйымдастырушыларға рахмет айтқан қарт жауынгер жастардың еліміздің үлкен азаматы болып өсуіне тілектестігін білдірді.
Бұдан бөлек, аталған іс-шаралардың барлығында жүрген Тараз қалалық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Күләш Әбдікешова іс-шара облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың бастамасы аясында жүзеге асырылып жатқанын алға тартып, жиылған қауымға осы ардагерлер жайында бірер мағлұматтар келтірді. Ал Тараз қаласының қорғаныс істері жөніндегі басқармасының ардагерлермен жұмыс жөніндегі инспекторы Нина Аляева көнекөз қарияларға мықты денсаулық, ұзақ ғұмыр тіледі. Сондай-ақ еріктілер қажетті тірліктерге қолұшын берсе, жастары жүзге таяса да есік алдына шығып тамашалаған қарт майдангерлерге оркестрдің сүйемелдеуімен сап түзеген «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының әскерилері құрмет көрсетіп, салтанатты түрде жүріп өтті.
Осы ретте айта кеткен жөн, өңірімізде ғасырға жуық ғұмыр кешкен жаужүрек ардагерлер жайлы кітап та құрастырылып жатқан көрінеді. Облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаевтың идеясынан туындап, облыстық мәслихат хатшысы Бағлан Қарашолақовтан қолдау тапқан ғибратты істің нәтижесін біз көп ұзамай, Жеңіс мерекесі қарсаңында көруіміз мүмкін.

Тараз қаласы.

Альмира ОМАРОВА

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support