- Advertisement -

Тараз мейрамханаларында той тоқтатылды

89

- Advertisement -

Не көп, Таразда мейрамхана көп. Бір білгірлер олардың саны 250-ге жетіп жығылды десе, екіншілері сол екі жүздің төңірегінде болар деп болжайды. Ал қала әкімдігі кәсіпкерлік бөлімінің мәліметіне сүйенсек, облыс орталығында мейрамхана саны – 67, кафе 147 екен. Дегенмен жылдан-жылға олардың қатары артып, бір-бірімен бәсекелестік қызғанымен, бағаларының төмендейтін түрі жоқ. Бұл – екінші мәселе. Ал біз сөз еткелі отырған бірінші мәселе – дүйсенбі күні Президенттің Үндеуінен кейін облыс орталығындағы мейрамханалар қандай әрекеттерге көшті? Осыдан бірнеше ай бұрын тапсырыс беріп, айшылық алыс жерлерден туыстарын қуанышына ортақтасуға шақырып қойған азаматтар не істеді екен? Сонымен, көне қала төрінде күмбезі көкпен таласқан бірқатар мейрамхана әкімгерлеріне хабарласып мән-жайды білген едік. Белгілі болғаны, мұның алдында қала әкімінің орынбасары барлық мейрамхана әкімгерлерін жиып, елімізде орын алып отырған төтенше жағдайға байланысты жиын өткізіп, ас-жиын, тойлардың өтуіне тыйым салынғанын жеткізіпті.
Мейлі, енді біз жоғарыда сөз еткен жетпіске жуық мейрамханаларда 16 наурыз бен 15 сәуір аралығында қызық-қуанышын өткізуге уақытын белгілеп, тапсырыс берген азаматтардың жағдайы қандай болмақ? Мейрамханадан бөлек, алдын ала келісіп қойған асабасы, әнші-бишісі, шақырылып қойған қонағына уақыт өзгергені жөнінде де хабар беру – үлкен шаруа. Тіпті, кейін келісілген уақытына сол қауымды жинай ала ма деген де қауіп бар? Ал белгілісі – мейрамханаларда той тоқтатылып, тек елу адамнан аспайтын жиындарды өткізуге рұқсат беріліпті. Оның өзінде ол жиындар түнгі сағат 22.00-ге дейін аяқталуы тиіс. Әрине, мұндай кезде сақтанғанды Құдай сақтайды! Біз кешкілік біраз мейрамханаларды төңіректеп көріп едік, өтіп жатқан той жоқ. Ал кафелерде даңғырлаған музыка даусы естіліп жатты. Кафелерде он, жиырма, отыз адамға дейінгі басқосуларға шектеу жоқ, бірақ уақыты шектеулі…
Сонымен біз хабарласқан мейрамханалардың «қаймақтарына» айналған «Тараз HALL» және «Сәтті» мейрамханаларының әкімгерлері аты-жөнін айтпауды сұранды. «Сәтті» мейрамханасына бүгінгі күнге дейін аталған мерзімге тапсырыс берген азаматтардың бірқатары өздері хабарласып, той уақытын өзгертсе, енді біразына мейрамхана әкімшілігі хабарласып, той уақытын жаз айларына шегерген. «Тараз HALL» мейрамханасында да осындай жағдай. Бірақ бұл мейрамханаға тапсырыс берген 5-6 той иелері әлі күнге дейін той уақытын өзгерту бойынша хабар бермепті. Алдағы күндері хабарласып қалар деген үмітте мұндағылар.
– Мұның алдында қала әкімдігіне жиып, қауіпсіздік шаралары бойынша және антисанитария жөнінде нұсқаулар берді. Тойлар өткізілмейтіндігі жөнінде де хабар алдық. Бүгін әкімдікте арнайы құрылған топ өкілдері аралап жүр. Бірақ қолдарындағы нұсқаулықтары неге тек орыс тілінде екендігін түсінбедім. Екіншіден, біздің тойханада 16 наурыз бен 15 сәуір аралығында 29 той өтуі керек еді. Той иелерімен той мерзімін өзгертуге келісім жасалды. Шындығында, қазақ тойшыл халық, әр күні той ғой. Бүгін-ертең тойы өтетін тапсырыс берушілерге қиын болды. Алды малын сойып, қонағының да алды келген азаматтар бар дегендей. Әсіресе қарапайым халық бар жиған-тергенін тойға шашамын, ұл-қызымның қуанышын көппен бөлісемін деп тастүйін отырғанда, бұл шығын, әрине. Жасырын емес, несие алып та той жасайтындар бар. Олардың жағдайы не болмақ? Қазір барлық қауіпсіздіктің алдын алу шаралары бойынша әрекет етіп отырмыз. Амандық болса, бұл күндер де өтер. Тілектің үлкені «қазақтан той үзілмесін!», – дейді «Grand Royal» мейрам-ханасының әкімгері Ақмарал Келімбетова. Сондай-ақ адам қарасы үзілмейтін тағы бір мейрамхана – «Бақ сарайы». Әсіресе мұнда күндіз ас-жиын, кешке той көп өтеді. Мейрамхана әкімгері Әсел Асанова белгіленген барлық тойдың уақыты кейінге шегерілгендігін жеткізді.
Айтпақшы, облыс орталығынан кейін мейрамхана саны жөнінен көш бастап тұрған ауданның бірі – Шу ауданы. Аудандағы барлық мейрамханаларда да той уақыттары жаз мезгіліне ауыстырылыпты.
– Сәуір айында қызымды ұзатамын деп, Шу қаласындағы «Астана» мейрамханасына бір сенбіні белгілеп қойып едік. Енді уақытын өзгертейін десем тек тамыз айы бос болып тұр. Ал оған дейін ұзап кететін секілді. Құдалар тойды жаз айына белгілеген. Енді мамырдың мамыражай бір күнінде қызымды үйден ұзатамын. Шақырылған қонақтардың тізімін қайта қарап, елуге жеткіздік. Ұлдарымның ішіндегі жалғыз қызғалдағымның қуанышын осылай атап өтетін болдық, – дейді Төле би ауылының тұрғыны Өткір Тұрғынбек.

Ерман ӘБДИЕВ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support