- Advertisement -

Алдыңғы қатарлы елдердің қатарына бір қадам жақындай түстік

39

- Advertisement -

Мемлекет басшысының бастамасымен қабыл-данған «Педагог мәртебесі туралы» Заң ұстаздар қауымының қоғамдағы беделін арттырып, орнын айшықтауға бағытталған зор қадам болды.

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары мардымсыз жалақымен қалған білікті ұстаздарымыз күнкөріс қамымен басқа салаға кетсе, мектеп бітірген жастарымыз педагог мамандығына тек өзге мамандыққа тиісті балл жетпеген жағдайда келетін кезді көрдік. Осының барлығы еліміздегі білім сапасының төмендеуі мен педагог кадрлардың жетіспеушілігіне соқтырды. Мұның салдарынан саладағы кездейсоқ адамдардың саны артты. Қабылданған заң кезең-кезеңмен педагогтердің жалақысын көтеруді, үстемеақылар төлеуді енгізіп, материалды ынталандыру арқылы мұғалімнің кәсіпқойлығы мен біліктілігіне қойылатын талаптарды да күшейтуде. Ұстаздардың этика мәселесі де назардан тыс қалып жатқан жоқ. Әр білім мекемесінде әдеп бойынша кеңестер институты құрылмақ. Менің ойымша, бұл бастама өз кезегінде білікті де білімді, ұстаз деген атқа лайықты нағыз мамандар мектебінің қалыптасуына негіз болмақ.
Бұл құқықтық құжат педагог мәртебесін арттыру, әлеуметтік кепілдіктер жүйесіне жол аша отырып, білім саласында еңбек жағдайларын жақсартуға мүмкіндік береді. Бастысы, Заң педагог мәртебесін айқындайды және оның құқықтарын, әлеуметтік кепілдіктері мен шектеулерін, міндеттемелері мен жауапкершілігін белгілейді. Мұғалімге кәсіби функциясына кірмейтін міндеттерді жүктеуге, шамадан тыс есеп беруге, негізсіз тексерулер жүргізуге тыйым салынатыны да ескерілген. Жаңа заңда мұғалімдердің жүктемесін төмендетіп қана қоймай, олардың ар-намысы мен қадір-қасиетін қорғау кепілдігі де қарастырылған.
Сала қызметкерлерінің кәсіби мүддесі мен еңбек құқығын қорғайтын ұйым ретінде бізге өткен жылы 800-ден астам ұсыныстар түсті. Олар жұмыс тобымен өңделіп, жүйеленіп, тиісті мемлекеттік органдарға жеткізілді. Біздің бастамамызбен облыстың педагогикалық қауымдастығының атынан Білім және Ғылым министрлігінің 2019 жылғы ақпан айында таныстырған Заң жобасының бастапқы жобасына енген бірқатар нормалардың алынып тасталуына алаңдаушылық білдіріліп, келіспейтіндігі туралы 567 білім және ғылым мекемесі мен ұйымының 27 789 педагогикалық қауымдастық өкілдері қол қойған Үндеу қабылданып, Парламентінің Мәжілісі мен Үкіметке жолданды. Бірнеше жылдан бері педагог мәртебесі туралы заң қабылдау қажеттігін көтеріп жүрген салалық кәсіподақ құжатты әзірлеу барысында құқықтық негізде педагогтердің әлеуметтік мәртебесін көтеруге бағытталған бірнеше нормаларды заңға енгізуге қол жеткізді.
Заңда орын алған нормалар қатарында жалпы орта білім беру ұйымдарындағы ұстаздардың апталық оқу жүктемесін азайту; барлық деңгейдегі білім беру ұйымдары педагогтерінің жыл сайынғы ақысы төленетін еңбек демалысын 56 күнтізбелік күнге теңестіру; педагогтердің кәсіби жұмысына заңсыз араласуға жол бермеу; заңнамаларда қарастырылмаған тексерулер мен есептерден босату; мектепте жұмыс істейтін магистр дәрежесі бар ұстаздарға және тәлімгерлікке қосымша төлемақы беру; педагогтерге айрықша еңбектері мен үздік жетістіктері үшін сыйақылы мемлекеттік награда беру; педагогтердің балаларына тұрғылықты мекен-жайы бойынша мектепке дейінгі білім беру ұйымдарынан бірінші кезекте орын беру; түрлі деңгейдегі тексерушіліктерге байланысты материалдар мен олардың шешімдерін педагогтің келісімінсіз жариялауға тыйым салу бар.
Өкінішке қарай, барша ұстаздардың тілегі мен ұсынысы болған 30 жыл еңбек өтілімен зейнетке ерте шығу, еңбек демалысына шыққандағы сауықтыруға арналған жәрдемақыны екі жалақы көлеміне дейін арттыру, ЖОО-да оқыған жылдардың педагогикалық өтілге саналуы сынды мәселелер заңда көрініс таппады. Кәсіподақтар педагог мәртебесін көтеруді бірінші кезекте ұстаздардың жалақысын көтеруден бастау қажеттігін алдыға тартқаны жасырын емес. Себебі жұмысы ауыр әрі жауапты бола тұра жалақысы ең төмен мамандық ол ұстаздық болатын. Мониторингке көз жүгіртсек, жалақы бірнеше рет көтерілгеніне қарамастан мұғалімдердің жалақысы 2019 жылдың 1-жартыжылдығында 100 мың теңгені құрады. Ал республика бойынша орташа айлық жалақы 168 мың 489 теңгеге тең, яғни 64 процентке артық болды. Сондықтан да біз педагогтердің еңбек ақысын есептеу әдісінде негізге алынатын базалық лауазымдық жалақыны (17 697 теңге) ең төменгі жалақыға (42 500 теңге) теңестіруді ұсындық. Ол мүмкін болмаған жағдайда айлықты емес, сол БЛЖ көлемін арттыруды сұрадық. Алайда, аталған көрсеткіштер өзгеріссіз қалды.
Әрине, Заңның қабылдануымен саладағы барлық түйткілдер шешімін табады десек, қателескен болар едік. Негізгі мақсат – «Педагог мәртебесі туралы» заң ұстаз кәсібіне деген қоғамның көзқарасын өзгертсе екен. Білім мен ғылым саласында күрмеуін тауып, түйінін тарқататын, шешімін күтіп, қордалануға айналған мәселелер жеткілікті. Бүгінгі таңда біздің алдымызда әлеуметтік әріптес – білім басқармасымен бірлесе отырып, кәсіптік білім беру саласындағы жан басына шаққандағы қаржыландырумен, мектепке дейінгі білім мен тәрбие беру ұйымдарын қаржыландыру функциясының ауылдық әкімдіктерге өтуімен, интернаттық және қосымша білім беру мекемелерін оңтайландырумен, педагог қызметкерлерді аттестаттаудың жаңа әрі тың жүйесін енгізумен байланысты сан-салалы түйткілдерді талқылау мен заңнамалардағы бірқатар олқылықтарды келісімдер мен ұжымдық шарттар арқылы шешу міндеті тұр. Оның үстіне жақын күндері жарыққа шығуы тиіс ілеспе заңдар мен нормативтік құжаттарға енгізілген өзгерістер мен толықтырулар, орташа жалақы есептеу тәртібі сынды нормалар да көп нәрсенің бетін ашып беруі тиіс.
Біз ұстаздардың құқықтары мен мүдделерін қорғай жүріп, олардың сапалы білім беруіне, өз жұмыстарын адал атқаруына мүдделіміз. Педагогтер ерекше қолдау мен қорғауды сезінгенде ғана өздеріне жүктелген міндетті мінсіз атқаратыны, айтпаса да түсінікті. Бүгінгі қолданысқа енген Заңымыз бұл мәселеге нақты қолдау болып, мұғалім мәртебесінің қоғамдағы беделін шынайы көтереді деген сенім басым.
Азаматтық қоғамның ажырамас бөлігі әрі заңмен берілген құзыреттері бойынша кәсіподақ ұйымдары бар күш-жігерін осы «Педагог мәртебесі туралы» Заң талаптарының орындалуына жұмсайтын болады. Мемлекетіміздің ұстаздар қауымына жасаған бұл қамқорлығы алдыңғы қатарлы озық елдердің қатарына бір қадам жақындауға мүмкіндік туғызары хақ.

Ерұлан МАҒЗЫМБЕКОВ,
облыстық білім және ғылым қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағының төрағасы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support