- Advertisement -

Ертең – көрісу күні

79

- Advertisement -

Қазақстанның Батыс аймағында аталып өтетін Көрісу күні бүгінде барлық өңірде тоғыз күн тойланатын әз Наурыздың бастамасына айналған. Маңғыстау жақта бұл күн Амал мерекесі деп аталады. Ол 14 наурыздан басталады.
Бұл – қазақ халқының өскелең ұрпақты ізеттілік пен мейірімділікке, ауызбіршілік пен кішіпейілділікке, татулық пен бауырмалдыққа бастайтын ерекше үрдістерінің бірі. Жалпы этнограф ғалымдардың зерттеулерінде Амал мерекесінің тамыры моңғол мен тувалық халықтардан бастау алады деп көрсетілген. Олар бұл тұжырымды моңғолдардың күнтізбесінде бір аптада тоғыз күннің болуымен байланыстырады. Ал күнтізбенің өзі 22 желтоқсаннан басталады. Күнтізбедегі төрт маусым (көктем-жаз-күз-қыс) тоғыз күннен тұратын кезеңдерге бөлінген. Қысқы күн тоқырауы кезеңінен Жаңа жыл басталып, содан бері күн ұзақтығы созылады. Ал 23 желтоқсан – 14 наурыз аралығындағы уақыт осындай тоғыз аптадан тұратын қысқы кезең болып есептелген. 14 наурыз күні көктем келіп, жапырақтар бүршік түрінде болып, көкек ән салып тұрған. Ал көктемнің тоғызыншы күні күн мен түннің теңесу күні тойланған.
Этнограф Серік Ерғали: «Шын мәнінде халқымыз наурыз айының алғашқы (ескіше 1 наурыз қазіргі 14-іне сәйкес) күнінен бастап, Наурыз мерекесін бір ай бойы мейрамдаған. Қазақтың ғұлама ғалымы Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы өзінің жазбасында 8 күндік наурыздама өтетінін жазады. Ол ескіше: «1-8 наурыз, қазіргі күнтізбеде 14-21 наурыз аралығы», деп көрсеткен. Ал кемеңгер ақын Шәкәрімнің ұлы Ахаттың жазбаларында: «14 март – ескіше 1 март. Әкей айтты: бүгін ескіше 1 март қазақша Жаңа жыл – Ұлыстың ұлы күні. Жаңа жылдың бұрынғы аты – Наурыз, бұл парсы тілінде жаңа күн» дегенді білдіреді. Жаңа жыл басының Ұлыс екеніне мынадай дәлел бар «Ұлыс күні қазан толса, ол жылы ақ мол болады. Үлкеннен бата алса, сонда олжалы жол болар деген», делінген.
14 наурыз күні жасы кішілер қала мен ауылдарда ақсақалдар мен ақ жаулықты әжелерге барып, қос қолын беріп, көріседі. Бұл күні жасы үлкендер кішілерді күтіп, келгендерге «Жас қайырлы болсын, өмір жасың ұзақ болсын!»,- деп ерекше мейіріммен батасын береді. Осы күні әр үйде дастархан жайылып, ұлттық тағамдар қойылып, адамдар бір-бірімен құшақ жая амандасып, есендік сұрасады. Көңілде өкпе-реніштері болса, кешіреді.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support