- Advertisement -

Сағидың сайқымазақ суреттері

431

- Advertisement -

Жемқорлық – қоғамның дерті. Онымен әркім әрқалай күреседі. Ақындар жырымен, қаламгерлер қоғамды ізгілікке шақыру арқылы. Ал суретшілер бір ғана картина арқылы қоғамды жайлаған қасіретті көрсете алады. Облыс орталығындағы «Көне Тараз» тарихи-этномәдени орталығының көркемсурет галереясында белгілі суретші, Қазақстанның Суретшілер және Дизайнерлер одағының мүшесі Сағи Ахтановтың «Жемқорлық індет – аластау міндет» атты плакат көрмесі өз жұмысын бастады.Көрменің ашылу салтанатында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыс бойынша департамент басшысының бірінші орынбасары Равиль Төлебаев сөз алып, қоғамдағы келеңсіздіктерді, жемқорлыққа апаратын қадамдарды сурет тілімен әшкерелеп жүрген Сағи Халекесұлына бүгінгі ғажайып көрмесі үшін алғысын білдіріп, іс-шараға сәттілік тіледі. Жазушы, облыстық «Аq jol» газетінің бас редакторы Көсемәлі Сәттібайұлы көпшіліктің ерекше көрмеге жиналып отырғанын айтып, осындай көрмелер көбірек өтсе деген тілегін білдірді. Сондай-ақ ол С.Ахтановтың шеберлігіне, жемқорлық сипатын насихаттаудағы тапқыр шешемідеріне тоқталып, суретшінің «»Мөр бар, бас жоқ», «Алма піссе, аузыма түссе», «Несие» сурет-плакаттардың көрерменге қандай ой салатынын талдап айтып берді.
Көрме авторы Сағи Ахтанов жылжымалы көрмесін көрсету үшін Таразға арнайы келгенін айтады. Ол осылайша қоғамдағы ең өзекті мәселе жемқорлық тақырыбымен көпке ой салғысы келген екен. Сондықтан осындай мүмкіндік беріп отырған ұйымдастырушыларға айтар алғысы да шексіз.
Жиында облыс әкімдігі мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысының Алғыс хатын суретшіге аталған басқарма басшысының орынбасары Лесбек Амалов тапсырып, құрмет көрсетті. Бұдан соң көпшілік үлкен залға қойылған плакат-көрмені тамашалады. Бұл жерге жүзден астам туынды қойылған. Бәрі де сөйлеп тұр, айтары айқын. «Бас орнына жұдырық», «Жемқорлық тізбегі», «Кредит – қарыз қармағы» плакаттарына бейжай қарау мүмкін емес. «Қазаннан қақпақ кетсе…» деген картинасы да сөйлеп тұр. «Бюджет» деген туындыда басқарушы мыс-мыс ақшаны түтікпенен сорып, ішіп жатыр. «Ақшаң бар ма?» картинасында аға дәрігер алақан жайып тұр.
Суретші көпшілікке ой салу үшін түрлі тәсілдерді қарастырған. Мәселен, бір картинада Көпен Әмірбектің «Майшамды әлдекімдер демеп бірде, бастық етіп жіберді электрге» деуі де, келесі плакаттағы «Көнбей кетсең ырыққа, Ілігерсің құрыққа» деуі де – ерекшелік. Бірнеше қабат қоршаудың ішінде шіреніп отырған чиновникке қолы жетпеген тұрғындарды «Кіре алмай бекіністен, қайтасың өкінішпен», «Жұта беріп тиынды, Кеңірдегі қиылды» деген тақырыптағы картиналарда да қоғамдағы келеңсіздіктен шеберлікпен берілген.
Аталған сурет көрмесі бірнеше күн тараздықтар назарына ұсынылады. Одан кейін көшпелі көрме Түркістан облысына жол тартады.

Есет ДОСАЛЫ

Тараз қаласы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support