- Advertisement -

Ұрпағына кітап сыйлаған қариялар

270

- Advertisement -

«Қарты бар үйдің қазынасы бар» деп қазақта тегін айтылмаған. Еліміздің әрбір өңіріндегі ардагерлер, билер кеңестері де жайдан-жай құрылған жоқ. Күні кеше Қордайда орын алған оқиғада да ең алдымен ақсақалдар кеңесі құрылды. Үлкенін сыйлаған, қартын тыңдаған халықтанбыз ғой, себебі.
Редакциямыздың бастамасымен қолға алынған «Басы артық кітаптарыңыз босқа жатпасын» атты акциясына белсене атсалысқан жандардың да көп бөлігі қариялар қатарынан. Оқыған-тоқығаны, көрген-түйгені көп ардагерлеріміз негізгі азықтарын кітаптан алғандарын айтады. Ендігі жастар да білімді ең алдымен интернеттен емес, кітаптан алса деген ізгі ниеттен өздері оқып болған кітаптарын табыстап отыр. Енді бізге рухани азық сыйлаған осындай үш кейіпкерге тоқталсақ.
30-ға тарта кітапты сыйға тартқан 72 жасар Тұралы Мүсірепбековтің мамандығы – дәрігер. Еңбек жолын Жуалы ауданынан бастаған ол 20 жылдай Мәскеудің медициналық академиясында, Тараздағы медициналық колледжде дәріс берген. Медицина қызметкері бола тұра, Тұралы Исаұлы ән шығарып, өлең жазады және сурет те салады. Қария бүгінде Мәскеудегі әлем халықтары өнері «Никор» ассоциациясының мүшесі. Оған бейнелеу өнерінің бакалавры ғылыми дәрежесі берілген. Сурет көрмелері М.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінде, Жазушылар одақтары халықаралық қауымдастығы (МСПС) залында, орталық журналистер үйінде, Мәскеудегі Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлова атындағы №891 орта мектепте және басқа да көрнекті орындарда бірнеше рет өткен. Қылқалам шеберінің картиналары Қазақстан, Ресей, Англия және Германия сияқты алыс-жақын елдердің мұражайларында сақтаулы. «Долана», «Тимеші маған», «Аққулар қайтқанда», «Өкпелеттің», «Қыз сөзі», «Ақтайын ақ сүтіңді» сынды әндері бар. Т.Мүсірепбеков әндері жай ғана әуесқойлықтан туған арзанқол дүниелер еместігін П.И.Чайковский атындағы Мәскеу консерваториясының профессоры, өнертану ғылымының докторы, белгілі музыка маманы Т.Чудованың мына сөздері айқын дәлелдейді:
– Мен Тұралы Мүсірепбековпен 1991 жылдан бері таныспын. Бір күні консерваторияға бұйра шашты, ұзын бойлы, сұлуша жігіт келді. Әндерім бар еді, тыңдап, көріп өз пікіріңізді айтсаңыз деген өтініші бар. Бұл Тұралы еді. Әндерін өзі орындап берді. Мен оның мамандығы музыкант емес, дәрігер екендігін естігенде қатты таңдандым. Тіпті мынадай ғажайып әндерді дәрігер шығарды дегенге сеніңкіремей ойланып қалған жайым бар. Ол маған живописьтік көркем суреттерін көрсеткенде мен шын мәнінде алдымда таңғажайып талант иесі тұрғанына иланып, оған ықыласым ауа түскендей еді.
Тұралы Мүсірепбеков орыс ақындарының өлеңдеріне де ән шығарады. Белгілі орыс ақыны Александр Блоктың көптеген өлеңіне ән жазды. Олар негі-зінен романс жанрына лайық. Бүгінде бұл шығармаларды Мәскеудің Станиславский және Немирович-Данченко атындағы опера және балет театрының әншілері Ахмед Агади мен Михаил Гужов орындайды.
Содан бері Тұралымен шығармашылық байланыстамын. Оның 34 әніне рецензия жаздым, – депті профессор Т. А. Чудова.
Тұралы қарияның «Сағыныш» атты жинағы бүгінде жырсүйер қауымның қолында. «Облыстың бас басылымы – «Аq jol»-дан бастап, өңірдің барлық газетіне жазылып, оқу – талай жылдан бергі тұрақты дағдым», – дейді ақсақал.
Екінші кейіпкеріміз – Алдаберді Мақашев Тараз қалалық ардагерлер кеңесінің, Журналистер одағының мүшесі. Бұл қариямыз да бүгінде 72 жаста. Түркістан облысында дүниеге келген Алдаберді Меңлібайұлы мамандығы бойынша инженер-механик. Еңбек жолын мұғалімдіктен бастаған ол Сарысу аудандық партия комитетінде нұсқаушы, партком хатшысы, ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі болып тәуелсіздік жылдарына дейін тер төккен. 1992 жылдан бастап аталмыш аудан әкімшілігінде аппарат басшысы, онан соң Коммунар ауылдық округінің әкімі болып қызмет етеді.
Еселі еңбегі бағаланып, әр жылдарда аудандық, қалалық, облыстық деңгейде марапатталған Құрмет грамоталары да жетерлік. «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» медалінің иегері, «Әкім Ысқаққа хат» кітабының авторы.
Алдаберді қария бұдан бұрын да Сарысу ауданындағы Саудакент саз мектебіне 70 кітап, Тараздағы Назарбаев зияткерлік мектебіне 25 кітап тарту етіпті. «Үйдегі кітап сөресінде текке қатталып тұрғанша, әр кітаптың өз оқырманын тапқаны дұрыс емес пе? Әдебиетті оқып өскен біздер жаман болған жоқпыз», – дейді ол.
Қазыналы қарт бүгінде жұбайы Әсиямен бірге 7 қыз өсіріп, олардан 25 немере сүйіп отырған бақытты қария.
31 дана кітап тарту еткен Серік Байшуақұлы да мамандығы басқа болса да, жазуды жанына серік етіп келеді. Қарияның кітапхана қорында 300-ге тарта көркем әдебиет жиналыпты. 78 жастағы ақсақалдың қысқа әңгімелері, боямасыз өмір оқиғалары облыстық, республикалық мерзімді басылымдарда жиі жарық көреді. «Тараздағы Тектұрмас әулие» кітабы оқырмандарына тараған.
– Жазу-сызудан кейінгі ермегім – бау-бақша егу. Әңгіме жазып, бақшамен айналыссам – демаламын. Ал кітап оқу – оқушы кезден бері келе жатқан әдетім. Қазір көзімнің көру қабілеті біраз нашарлап, кітапты көп оқи алмай жүрмін. Бірақ жазуды тастаған жоқпын. Кітап оқыған адамның жаман болғанын көрмедім. Сондықтан өскелең ұрпақ та біз секілді онымен дос болса екен деп тілеймін. Өйткені мейірімділік, қайырымдылық, ізеттілік сынды көп қасиеттер адам бойына кітап арқылы дариды деп есептеймін.
Ал бақшамда 200-ге тарта жеміс ағаштары өседі. Онда алма, алмұрт, шиеден бастап, елімізде сирек өсетін жеміс ағаштары да бар, – дейді Серік Байшуақұлы.

Эльвира ЖАРЫЛҚАСЫНОВА

Тараз қаласы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support