- Advertisement -

Агрохимия кешенінің өзекті мәселелері

85

- Advertisement -

ТАРАЗДА ӨТКЕН АЗИЯНЫҢ VІІІ-АГРОХИМИЯЛЫҚ ФОРУМЫНДА КЕҢІНЕН ТАЛҚЫЛАНДЫ

Тараздағы «Аrai plaza» бизнес орталығында Азияның VIII- агрохимиялық форумы өтті. Оған Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің өкілдері, ТМД мемлекеттерінің ауыл шаруашылық құрылымдары, сондай-ақ Ресей, Украина, Беларусь, Өзбекстан, Қырғыз, Тәжікстан, Ауғанстан, Литва және басқа да елдердің, солармен бірге өз еліміздің ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері мен минералды тыңайтқыштар өндіруші зауыттарының өкілдері қатысты.

Елбасының бекітуімен Қазақстандағы химия өнеркәсібі еліміздің индустриалды дамуындағы басты бағыттардың бірі ретінде көрсетіліп, нақтыланған. Бағдарламада агрохимиялық өнімдердің нарығын дамытуға, ішкі рынокта оны тұтыну көлемін ұлғайтып, өнімділікті арттыруға басымдық берілген. Соңғы сегіз жылда еліміздегі химия өнімдерінің көлемі екі есеге өскен. Химия өндірісінің қуаттылығын арттыру бойынша жаңа жобалар іске асырылуда. Сонымен қатар жаңа заманауи өндіріс орындарын ашу бойынша ауқымды жобалар қолға алынуда. Мұның бәрі заманауи агротехнологиямызды әлемге танымал етумен қатар сыртқы нарықтағы беделімізді арттыра түсері сөзсіз.
Іс-шараға ТМД елдерінің агрохимиялық нарығындағы жетекші компаниялардың және ауыл шаруашылығы тауарларын өндіруші ұйымдардың бірінші басшылары, сондай-ақ ТМД мен Орталық Азия аймағының агрономия ғылымдарына еңбегі сіңген қайраткерлер де шақырылған.
Форумның мақсаты – Азиядағы агрохимия секторының ортақ маңызды мәселелерін талқылау, агрохимиялық және агроөнеркәсіп бизнесіне жаңа тәсілдерді енгізу, іскерлік келіссөздер мен ынтымақты қарым-қатынастар орнату. Әрине, мұның бәрі Орталық Азияның агрохимиялық нарығын дамыту жолындағы іс-әрекеттердің құрамдас бір бөлігі ғана болып табылады.
Жиынды «Қазфосфат» ЖШС-ның бас директоры, Қазақстанның Еңбек Ері, облыстық мәслихаттың депутаты Мұқаш Ескендіров ашты.
Ол форумның облысымызда қатарынан бесінші рет өткізіліп отырғанын, Жамбыл өңірі әлемдегі фосфорит қоры мол өңірдің бірі екендігін айтты. Форумды өткізуге «Қазфосфат» ЖШС, «Еврохим» ХХК және «ҚазАзот» АҚ сынды минералды тыңайтқыштар компаниялары және «Маркер Групп» ақпараттық-сараптау компаниясы бастамашылық жасаған.

 Оның айтуынша, басты мақсат – агрохимия саласының көмегімен ауыл шаруашылығы өндірісінде мол өнім мен рентабельділікке қол жеткізу. Агроөнеркәсіп кешенінде агрохимиялық өнімдерге сұранысты арттыру. Сөзінің соңында ол «Агрохимиялық кешеннің жүйесін тек бірлесе отырып қана өзгерте аламыз», деді.

Форумға қатысқан облыс әкімі Бердібек Сапарбаев:

– Фосфорит кен қорының 75 проценті біздің облыс аумағында шоғырланған. «Қазфосфат» ЖШС-ның өнімдері әлемнің 27 мемлекетіне өткеріледі. Бүгінгі күні минералды тыңайтқыштар зауыты жылына 500 мың тонна тыңайтқыш өндіруде. Ал зауыттың алдағы уақытта өнім көлемін екі есеге арттыру мүмкіндігі бар. Агрохимия осы заманғы ауыл шаруашылығын дамытуда үлкен рөл атқарады. Осы форум еліміздің агроөнеркәсіп кешенінің дамуына өзіндік үлесін қосады деп сенемін, – деді форум делегаттарына.

Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Өсімдік өнімдерін өндіру және өңдеу департаментінің директоры Азат Сұлтанов егін шаруашылығын субсидиялау төңірегінде әңгімеледі. Оның айтуынша, жалпы егіншілер субсидиясын 50 миллиард теңгеге ұлғайту көзделген. Ағымдағы жылы тыңайтқыштарды сатып алуға 23,3 миллиард теңге берілу қарастырылған.

«Қазақстан Агроөнеркәсібі кешені іскерлік кеңес» қауымдастығы басқармасының төрағасы Арман Евниев «Агроиндустриалды Қазақстан – 2030» агроөнеркәсіп кешенін дамыту бағдарламасына тоқталды. Сондай-ақ ол агроөнеркәсіп кешені іскерлік қауымдастығының 2020 жылға арналған жоспарлары жайлы айтты. Олар – 11 аймақаралық сала кластерлерін, 14 өңірдің басымдық кластерлері, 3477 ауылдық елді мекендердегі бастамалар мен жобалар картасы және мемлекеттік сектормен әріптестік жағдайында 9 ресурстық бағдарламаны іске асыру.

Тәжікстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлігінің өкілі Аббос Яхъёджаев өз еліндегі жер пайдалану мәселелері мен тәжірибелерін сөз етті. Сонымен қатар ол Ресейден, Өзбекстаннан тыңайтқыштар алып тұратындықтарын айтты. Ал қазақстандық «Қазфосфат» ЖШС-ның өнімін өткен жылдан бері пайдаланатындарын және оның тиімділігін сөз етті. Форумның берер пайдасының ұшан-теңіз екенін де жасырмады.

Қазақстан фермерлері одағының вице-президенті Өмірбек Көшекбаев ауыл шаруашылығын дамыту туралы, «АгроМеркур» компаниясынан Анар Сәрсенова фосфогипстің тиімділігі жайлы сөз қозғады. Сондай-ақ басқа да көптеген форумға қатысушы мамандар өсімдіктерді тыңайтқыштар арқылы қоректендіру, топырақтың ылғалдылығын ұзақ уақыт сақтай отырып, тыңайту тәсілдері мен жаңа технологиялар төңірегінде тәжірибелерін ортаға салды.

Форум барысында шаруа қожалықтың жетекшісі Хамитулла Байназаров қант қызылшасын өсіруге арналған минералды тыңайтқыштарды және тұқымды сатып алуға берілетін субсидия көлемі ұлғайтылсын, сондай-ақ қаржылай көмек күзде емес көктемгі егіс басталарда берілсін деген мәселе көтерді.

Меркі аудандық фермерлер одағының төрағасы, «Совет» және «Сыздықбаев» шаруа қожалығының жетекшілері С.Қалманбетов, Т.Аққозылар да осыған ұқсас ой-пікірлерін ортаға салды.

Осы тұста Мұқаш Зұлқарнайұлының баспасөз мәслихатында айтқан: «Біздегі егіс алқаптарындағы топырақтың құнарлылығы қанағаттанарлық деңгейде емес. Бізде бір гектар алқапқа орта есеппен шамамен 5 килограмм тыңайтқыш енгізілсе, көршілес Қырғызстанда әр гектарға 20 килограмм тыңайтқыш сіңіріледі» деген сөзін келтіре кеткіміз келеді.

Шаруа қожалығы жетекшілерінің ұсыныс-пікірлерін толық дұрыс деп бағалаған облыс басшысы Бердібек Сапарбаев: «Біздің облыста 5-10 гектардан жерлері бар 18 мың шаруа қожалықтары бар. Оларда айналымға қаражат жетіспейді, техникалар мен сапалы ұрық және тыңайтқыштар сатып алуға мүмкіндіктері жоқ. Біз оларды біріктіріп, кооперативтер құру арқылы ірілендіруге жұмыс жасайтын боламыз», – деді.

Форум жұмысының үзілісі кезінде Тұрар Рысқұлов ауданы «Шәушен» шаруа қожалығының жетекшісі Сайранбай Дөненбаев, Меркі аудандық фермерлер одағының төрағасы Совет Қалманбетов секілді диқан шаруалармен тілдесудің сәті түсті. «Жаңа өз ойыңыздағыны ашып толық айта алдыңыз ба?» деген сауалымызға С.Қалманбетов:

– Елбасымыздың өзі кезінде ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің жалақысын екі жарым есеге өсіруді тапсырған. Бұл тапсырма Алматы, Атырау сияқты тағы да басқа облыстарда орындалды. Ал бізде әлі күнге дейін неге орындалмайды сол тапсырма? Осыдан келіп кадр мәселесі үлкен проблемаға айналып отыр. Техника бар, механизатор мен агроном жоқ. Мысалы, 70 мың теңге жалақыға қандай агроном немесе механизатор жұмыс істейді? Ондай өз ісін жетік білетін мамандардың жалақысы жоғары өңірлерге жұмыс іздеп кететіні белгілі. Егінші диқандарға мемлекет тарапынан 80 процентпен субсидия берілетін өте тиімді жоба болған. Сол жобаны қайта қолға алу керек. Жаңа ғана Х.Байназаров айтқандай, Әзербайжан елі диқандарына 80 процентке дейін субсидия береді екен. Біз олардан кембіз бе? Өз өнімдерімізді өткізе алмайтын күйге түстік. Өйткені Ыстықкөлден, – алма, Ташкенттен көкөніс өте арзан бағамен келеді. Сол себепті кейбір жылыжайлар жабылуда, – деп қынжылыс білдірді.

Ал әңгімеге араласқан шаруа С.Дөненбаев: «Қожалық арпа, бидай өсірумен айналысады. Мысалы, 5 мың гектар алқапта 20 шаруа қожалығының жері бар болса, неге сол алқаптың картографиясын (топырақ құрамын анықтау) әрқайсымыз жеке жасатуымыз керек. Бұрынғыдай неге алқапқа түгел жасалмайды? Рас, мамандар жетіспейді. Сонда елімізде ауыл шаруашылығы соның ішінде егін шаруашылығы мамандарын даярлайтын оқу орындары жоқ па? Керісінше, көп сияқты. Ендеше, қайда сол мамандар? Мал шаруашылығымен де айналысамын. Қазір 36 отар қойым төлдеуде. Әр отарға үш немесе төрттен 100 сақпаншы қажет. Ал мен небәрі 30 адамды зорға таптым. Ауыл шаруашылығына ерекше көңіл бөлу қажет-ақ. Форумда айта алмаған мәселелеріміз осы басылым арқылы облыс басшысына жетсе екен», деді.

Агрохимия, агроөнеркәсіп жалпы, ауыл шаруашылығы саласын дамытуға қазіргі аймақ басшысының аянбай атсалысатынына форумға қатысқан фермерлер сенімді.

Форумға қатысқан 500-ден астам делегаттың ішінен салаға қатысты министрліктердің, ғылыми зерттеу институттарының мамандары, агрономдар және басқа елдердің өкілдері озық тәжірибелерін ортаға салды. Агрохимиялық Азия форумы агрономия ғылымдарының және тыңайтқыштарды пайдаланудың осы заманғы жүйесін дамытуға, агроөнеркәсіп пен агрохимиялық бизнеске алдыңғы қатарлы тәсілдерді ендіруді насихаттайтын және оны дамытуды талқылауға мүмкіндік беретін алаңға айналып отыр.

Форумның келесі күні қатысушылар «Қазфосфат» ЖШС-ның минералды тыңайтқыштар өндірісі зауытында болып, тыңайтқыштардың шығарылу технологиясымен танысты.

Тараз қаласы.

Тұрмаханбет Қазақбай

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support