- Advertisement -

Мамандығын мақтан тұтатын Нағима

92

- Advertisement -

Мамандығын
мақтан тұтатын Нағима

Сондай әскери қызметшілердің бірі – облыстың қорғаныс істері жөніндегі департаментінің психология қызметінің бастығы Нағима Артықбаева. Әскери психолог болып жиырма бір жыл қызмет етіп келе жатқан ол бүгінде майор шенінде. Өз жұмысына адалдығымен, біліктілігімен, сарбаз жанын айтқызбай түсінетіндігімен ортаға да сыйлы.
«Психолог мамандығын таңдауымның себебі, психология ілімін тереңірек оқи келе көптеген түйінді сұрақтарыма жауап алдым. Өмірде күрделі де жауабы жоқ дейтін дүниелерге психологиялық тұрғыдан қарағанда, оның жеңіл екенін, адамдар барлығын өздері қиындатып жүргендерін түсінесің. Ал мұндай ахуалдың ақыры кейбір жандардың өз өмірлерін өздері қиюына дейін әкеліп жатады. Сондықтан не нәрсеге де барынша жеңіл қарап, жіті зерделеп алған жөн», – дейді ол.
Әскери қызметте зейнеткерлікке ерте шығарылатыны белгілі. Нағима да ұзақ жылғы өлшеусіз еңбегінен соң осы құрметті демалысқа дайындық үстінде. Бүгінде зейнеткерлікке шығу алдында. Осынша уақыт аралығында ол қаншама әскери қызметкерге психологиялық тұрғыдан көмек беріп, олардың алғыстарын да алған. Оның сөзіне қарағанда, әскери психолог ең жауапты және міндеті орасан зор қызмет. Себебі жауынгерлермен жұмыс жасауда олардың ойын сараптауына мүмкіндік табумен бірге, армияның негізі болып саналатын жауынгерлік және моральдық рух та беру керек. Міне әскердегі жауынгерлердің моральдық-психологиялық жағдайларын оңалтып, олармен әңгімелесіп, мұң-мұқтажын тыңдап, керек болған жағдайда көмектесіп, кеңес беріп психологиялық ағарту жұмыстарын жұргізу, бір сөзбен айтқанда жауынгерлердің ішкі дүниесіне үңілу, қарау, түсіну, көмек беру әскери психологтердің бұлжымас міндетіне кіреді.
Онымен қоса, осы әскери қызметкерлердің отбасы мүшелерімен де тығыз қарым-қатынаста жұмыс жасап, олардың әлеуметтік, тұрмыстық мәселелерін тыңдап көмектесіп те отырады.
Негізінен жергілікті әскери басқару орындары барлық Қарулы Күштеріндегі әскери бөлімдерді жас жауынгерлермен қамтамасыз етіп отырады. Сондықтан да әскер қатарына психикалық жағдайы дұрыс-бұрыстығын тексеріп, іріктеп жіберу керек.
«Осы орайда, жас сарбаздарды психолог мамандарға тексеруге бар-жоғы үш күн ғана беріледі. Әрине, бұл мерзім 40-50 сарбаздың жай-күйін анықтауға аздық етеді. Дегенмен де психолог мамандар күн демей, түн демей, демалыссыз осы сарбаздарды зерттеп, әңгімелесіп, олардың психикалық күйлерін анықтауға тырысады», – дейді Нағима.
Кейіпкеріміз ең алғаш, 2002 жылы Орал қаласындағы әскери комиссариат арқылы өз еркімен әскер қатарына шақырылып, сондағы 5517 әскери бөлімінде штаб аудармашысы лауазымы қызметінен еңбек жолын бастайды. Одан соң Атырау қаласында орын тепкен «Батыс» өңірлік қолбасшылығының басқармасында жауапты орындаушы, байланыс бөлімінде мемлекеттік тіл оқытушысы, аға офицер лауазымдарын да абыроймен атқарады. Кейін, 2015 жылдан «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығына қарасты 01731 әскери бөлімінде әскери психолог лауазымына шақырылады. Ал облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаментте 2017 жылдан психология қызметінің бастығы қызметін атқарып келеді.
«Иә, әрбір әйел өз алдына психолог дер едім. Әйелдер бүгінгі күні ерлерге тән қызметті де еш қиынсынбай атқарып жүр. Мәселен, Қазақстан Қарулы Күштеріндегі әйелдердің үлес пайызы артып келеді. Былай қарасаңыз, бұл құрылымда қызмет ету оңай емес. Темірдей тәртіп орнаған жерде еңбек ете жүріп, әйелге тән нәзіктіктерін де жоғалтпауы керек. Барлық нәзік жандыларға күндей күлімдеп, айдай жарқырап, айналаңызға нұрларыңызды шашып жүре беріңіздер, мерекелеріңіз құтты болсын!» – дейді Нағима Артықбаева.

Меруерт Смағұлова,
облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаментінің баспасөз-хатшысы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support