- Advertisement -

Жамбыл ұрпақтары жырлайды

218

- Advertisement -

Шерхан Мұртаза атындағы «Руханият және тарихтану» орталығында өткен ақындар айтысында жаңа есімдер жарқырай көрінді

Өңірімізде руханиятты, өнер мен мәдениетті дамытуға көп көңіл бөлінетінін атқарылған ауқымды істердің нәтижесі көрсетіп тұр. Тарихи-мәдени нысандардың көбейіп, жаңғырып, жаңаша жұмыс істей бастағаны көңілге қуаныш сыйлайды. Тіпті соңғы кездерде мәдени іс-шаралардың өзі басқаша форматта өте бастаған. Оның ішінде атамұра айтыстың тынысы ашылып, бұл тараптағы жұмыстар жанданып келеді. Жыр алыбына арналған «Жамбыл менің – жай атым, халық менің шын атым!» республикалық айтысы осымен үшінші жыл Таразда өткізілмекші. Осы айтысқа ауылдық, аудандық, қалалық іріктеулер өткізіліп, одан 42 ақын облыстық кезеңге жолдама алғаны белгілі.Тараздағы Халық жазушысы Шерхан Мұртаза атындағы «Руханият және тарихтану» орталығында «Nur Otan» партиясы облыстық филиалының қолдауымен, облыс әкімдігі мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының ұйымдастыруымен өткен айтыстың облыстық іріктеуі екі күнге созылды. Сөйтіп жыр додасына келген 36 кіл жүйріктің арасынан шын жүйріктер анықталды.
Іс-шараны «Nur Otan» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Балабек Нарбаев сөз сөйлеп ашып, Жамбыл мен Кенен, Ұлбике мен Жаңылдықпен жалғасқан айтыстың бүгінгі деңгейі де жоғары екеніне тоқталып, айтыскерлерге сәттілік тіледі. Қара қылды қақ жарған қазылар алқасын айтыс ақындары мен жыршы-термешілер одағы облыстық филиалының төрағасы Ахметжан Өзбеков басқарса, құрамында жазушы, облыстық «Aq jol» газетінің бас редакторы Көсемәлі Сәттібайұлы, облыстық «Арай» жастар газетінің бас редакторы Дәулет Төленді, «Nur Otan» партиясы саяси жұмыстар бөлімінің басшысы Айнұр Келімбетова, айтыскер-тәлімгерлер Ербол Қамбатыр, Айтмұханбет Исақ, Алтынкүл Қасымбекова болғанын айта кеткен жөн. Айтысты жүргізген жас айтыскер Әсет Дүйсебаев та аламанның жоғары деңгейде өтуіне сөз шеберлігімен, әзілімен көрік қосып, шырайландыра түскені анық. Айтыстың бір ерекшелігі, қарсыластар сахнада жеребе тарту арқылы анықталып, шаппа-шапқа шебер, суырыпсалмалығы басым айтыскерлердің жарқырап көрінуіне мүмкіндік туды.
«Алуан-алуан жүйрік бар, әліне қарай шабатын» демекші, алқашқы күні 18 жұп айтысқанымен, көпшілігі жолға түскен жорғадай жосылып кете алмады. Дегенмен шулық Айым Көшербай мен сарысулық Талғат Мықи, М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің студенті Шапағат Әбдір мен тараздық Медеу Мырзатайдың, шулық Нұрлан Жұмабеков пен жуалылық Әуесхан Үркімбаевтың, Шапағат Сәбитқызы мен Мұхтар Қонарбаевтың, таластық Нұржан Манатбек пен Есет ақынның арасындағы айтыстар көпшіліктің көңілінен шыққанын айтқанымыз артық болмас.
Сондай-ақ мойынқұмдық Ғабит Есдәулетов, тараздық Дидар Апбасов, құландық Айтбек Тұрсынбай, Байзақтың жүйріктері Дархан Әбдіманат, Рай Дөңбай қарсыластарынан едәуір басым екендіктерін байқатты.
Екінші күні 8 жұп (16 айтыскер) ақын өзара кім мықтыны анықтады. Бұл ретте де Дархан Әбдіманат пен Шапағат Сәбитқызы, Ғабит Есдәулетов пен Айым Көшербай, Дидар Апбасов пен Бақытжан Әкімбаев, Нұрлан Жұмабеков пен Есет Досалының арасында шеберлікке құралған мазмұны жоғары сәтті айтыс шыққанын байқадық.
Мәселен, Дарханның: «Ағайын, тірімізде сыйласайық, Өлген соң төбемізде тас тұрады», Дидар Апбасовтың: «Мұғалімдердің жалақысы жоғарылап, Абыройы төмендеп бара жатыр», Ғабит Есдәулетовтің: «Абайға ақындық қонған екен, Қырық жасынан асқан шақта» дегені, Есет Досалының:

«Айтылар жыр Жамбылға жырым бөлек,
Жәкеңді шын зерттейтін ғылым керек.
Жамбыл, Жамбыл дей бермей әр өлеңін,
Жас ұрпақ түгел жатқа білу керек.
Таразға кіргізетін төрт қақпаға,
Жамбылдың өлеңдерін ілу керек.
Өңірімізге келетін әрбір қонақ,
Қайда келе жатқанын білу керек», –

дегеніне көпшілік ризашылықпен қол соқты.
Іс-шараның соңында қазылар алқасының мүшесі Көсемәлі Сәттібайұлы сөйлеп, тұрақты қолға алынған жоба жеміс бергенін, алыс аудандардан жаңа есімдер шыққанын, әсіресе, мақамы бөлек, сөзі салмақты мойынқұмдық Ғабит Есдәулетов пен Жамбыл ауданынан қатысқан Шапағат Сәбитқызына ерекше көңілі толғанын айтты. Қазылар алқасының төрағасы Ахметжан Өзбеков айтысқа қатысқан барша айтыскерлерге, бағалаған қазылар алқасына, қолдау танытқан «Nur Otan» париясына, облыс әкімдігі мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасына алғысын білдірді.
Сонымен 28 ақпанда «Баласағұн» орталық концерт залында өтетін «Жамбыл менің – жай атым, халық менің шын атым!» республикалық айтысында өңіріміздің намысын Қанат Мырзахан (ол былтырғы бас жүлдесі үшін іріктеусіз өтті), байзақтық Дархан Әбдіманат пен Рай Дөңбай, мойынқұмдық Ғабит Есдәулетов, Жамбыл ауданынан Шапағат Сәбитқызы, Талас ауданының атынан шыққан Есет Досалы қорғайтын болады. Ендеше, іске сәт!

Ақтоты Жаңабай,
журналист.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support