- Advertisement -

Жүрегімнің түбіне терең бойла…

1 633

- Advertisement -

«Абайдың жүрегінің түбіне терең бойлай алдық па?» деген сұрақ әркез көкейде тұрады.
Абайдың туысы ақын Шәкәрімнің «Ибраһим мырзаның тұрағы қазақ іші болғандықтан, қадірі азырақ білінді. Олай болмағанда данышпан, хакім, философ кісі еді. Қор елде туды да, қорлықпен өтті», – деген сөзінің астарында терең ойлы мағына жатқаны ақиқат. Абай неге өз елінде, қалың қазағының арасында «қадірі азырақ» болды, Шәкәрім айтқандай, неге өмірі «қорлықпен өтті» деген сауалдардың туатыны шындық. Хакім, данышпан, философ Абайдың өзі де неге «соқтықпалы, соқпақсыз жерде өстім, мыңмен жалғыз алыстым – кінә қойма», – дейді. Шындығында Абайды заманында кім түсінген? Сол заманның біртуар азаматы ғалым Ахмет Байтұрсынов: «Қазақтың бас ақыны Абай Құнанбаев. Онан асқан бұрын-соңды заманда қазақ баласында біз білетін ақын болған жоқ», – деп оның ақындығын жоғары дәріптеген. Сондай-ақ қазақтың белгілі ақындарының бірі Міржақып Дулатов та хакім Абайды «Қазақтың бірінші ақыны» деп бағалады. Міржақып: «Зәредей шүбә етпейміз, Абайдың өлген күнінен қанша алыстасақ, рухына сонша жақындаймыз. Үнемі бұл күйде тұрмас, халық ағарар, өнер-білімге қанар, сол күндерде Абай құрметі күннен-күнге артылар. Бірінші ақынымыз деп қабірін халқы жиі-жиі зиярат етер, халықпенен Абай арасы күшті махаббатпен жалғасар. Ол күндерді біз көрмеспіз, бірақ біздің рухымыз сезер, қуанар», – депті. Міне, сол расқа айналды. Бүгінде ғұлама, философ Абай туындылары ХХІ ғасырда да өзіндік құндылығымен ерекшеленуде. Оған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» мақаласы дәлел бола алады.
Дегенмен бізді Шәкәрімнің Абай туралы айтып кеткен сөзі ойландырады. Ақынның өлеңдерінің өзі сол замандағы кейбір келеңсіз істерді, шенеп, мысқылдап, шындықты шырылдатып, кемшіліктерін еш бүкпесіз жеткізіп тұрғандай. Мысалы, «Қақтаған ақ күмістей кең маңдайлы» өлеңінде:
Кей жігіт мақтан үшін қылық қылмай,
Бойына майдалықпен сыр сақтаған.
Кей жігіт арсыздықпен ұятсынбай,
Қолы жетпес нәрсеге тыртақтаған.
Орынды іске жүріп, ой таппаған,
Не болмаса жұмыс қып, мал бақпаған.
Қасиетті болмайды ондай жігіт,
Әншейін құр бекерге бұлғақтаған», – деген жыр жолдарында, ақын жігіттердің кейбір іс-әрекеттерін сынаған. Абай «арсыздықпен ұятсынбай», «қолы жетпес нәрсеге тыртақтаған», «орынды іс, жасамаған», «жұмыс жасап», «мал бақпаған» кей жігітте «еш қасиет болмайтынын» шынайы өмірмен байланыстыра суреттеп отыр. Оның әсіресе «мал бақпаған, еңбек етпегеннің қасиеті болмайды» деген жыр жолдары бүгінгі таңда да қасиетін жойған жоқ. Қазір қай ауылда да малшы тапшы. Кәсібін малмен байланыстырып отырған кәсіпкерлер шопандарға ай сайын 100 000 теңге береміз деп шақырса да қиынсынып бармайды. Мал баққысы келмейді. Біздің ата-бабаларымыз төрт түлік малмен күн көрген. Осыншама кең даланы сақтап қалуда төрт түлік малдың «мінсең – көлік, ішсең – сүт, жесең – ет, кисең – киім» екенін ұмытпағанымыз абзал.
Хакімнің өлеңдерінің философиялық мән-мағынасы өте терең, сондықтан Абайдың айтып кеткен қара сөздері мен шығармаларына заманында замандастары терең мән беріп түсінбеуінің сыры неде деген сұрақ туатыны ақиқат. ХХІ ғасырдың өзінде де оның туындыларын терең түсініп оқу өте қиын. Абайдың өлеңінің әрбір сөзінің астарына мән беріп, зерделеп қарамаса болмайды. Шәкәрім ақын айтқандай Абай: «данышпан, хакім, философ», «қазақтың бас» ақыны. Ол:
«Жамандар қыла алмай жүр адал еңбек,
Ұрлық, қулық қылдым деп қағар көлбек.
Арамдықтан жамандық көрмей қалмас,
Мың күн сынбас, бір күн сынар шөлмек», – дейді.
Абай бұл өлең жолдары арқылы кейбір адамдардың «қыла алмай жүр адал еңбек», «ұрлық, қулық» жасағанын мақтан көріп жүргенін айта келіп, «арамдықтан түбінде жамандық көретінін ескертіп», «мың күн сынбас, бір күн сынар шөлмек», «ұрлық түбі, қорлық» екенін айтып кеткен.
Бүгінгі жастарымыз Абайдың ғибратқа толы асыл сөздерінен сабақ алғандары абзал. Шындықты іздесе Абайдың шығармаларын оқығандары жөн.
Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласында: «…Барлық салада жаңа міндеттер мен тың талаптар қойылуда. Ғылымдағы жаңалықтар адамды алға жетелейді. Ақыл-оймен озатын кезең келді. Заман көшіне ілесіп, ілгері жылжу үшін біз сананың ашықтығын қамтамасыз етуіміз керек. Бұл қоғам өркениеттің озық тұстарын ұлттық мүддемен үйлестіре білуді талап етеді. Мұндай кезде өзіміздің таптаурын, жадағай әдеттерімізден бас тартуымыз қажет.
Абайдың кейбір қарекеттерге көңілі толмай, «Терең ой, терең ғылым іздемейді, өтірік пен өсекті жүндей сабап» деп, үнемі сыни көзбен қарауының себебі осында», – дейді.
Абайдың «Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы» өлеңінде осы «әдеттің» мәнісін терең зерделейді. Ол өлеңінде: «Ақыл сөзге ынтасыз, жұрт шабандап, Кісімсіген, жеп кетер білімсіз көп», «Мақтан қуған мал құмар нені ұға алсын?», «Шықпаса мыңнан біреу талғап-толғап» дейді. Сондай-ақ Абай:
«Ынсап – ұят, ар – намыс, сабыр талап,
Бұларды керек қылмас ешкім қалап.
Терең ой, терең ғылым іздемейді,
Өтірікпен өсекті жүндей сабап, – деген жыр жолдары арқылы ақын «ынсап – ұяты, «ар – намыс», «сабыр сақтап», «талап қылып» «терең ой, терең ғылым ізде» дейді. «Өтірік пен өсекті жүндей сабай бермей» білім, ғылымға көңіл бөл дейді.
Хакім Абайдың сыни көзқарасы бүгінгі таңда да өзінің өзектілігімен ерекшеленеді. Президент: «Ғылымдағы жаңалықтар адамды алға жетелейді», «Ақыл-оймен ғана озатын кезең келді», – деп бекер айтып отырған жоқ. Баяғы таптаурын, жадағай әдеттен бас тарта отырып, оқушыларды, жастарды мектептерде, колледждерде қағаз жүзінде емес, іс жүзінде ғылыммен сусындататын кез келгенін айтып отыр. Сондықтан аудан орталықтарында «Жас ғалым» ғылыми орталығын ашу – өмір талабынан туындаған қажеттілік дер едім. Жастар ғылыми орталықтарда ғылыми жобалар жазумен айналысып, ғылымға деген құштарлығы артады. Білім-ғылым мәңгілік құбылыс, ол өзгермейді, дамиды, біз соған ілесуіміз керек.
Хакім Абай өзінің «Сегіз аяқ» өлеңінде, «басында ми жоқ», «өзінде ой жоқ», «күлкішіл кердең наданның», «көп айтса көнді, жұрт айтса болды», «әдеті надан адамның» дейді. Кейбір адамдардың мінез-құлқын; «қайнайды қаның», «ашиды жаның», «мінездерін көргенде» дейді. Сондай-ақ хакім Абай: «болмасын кекшіл», «болсайшы көпшіл», «жан аямай кәсіп қыл», «орынсыз ыржаң», «болымсыз қылжың», «бола ма дәулет, нәсіп бұл?» дей келе: «Адал бол – бай тап», «Адам бол – мал тап», «қуансаң, қуан сол кезде», «Біріңді қазақ, бірің дос, Көрмесең істің бәрі бос», – деп қазағының надан болмай адам болуын қалайды.
ХХІ ғасырда жастарымыз Абайдың асыл сөздерін оқып өздеріне ғибрат алғандары абзал. Ақын халқым, қазағым түзелсе, алдыңғы қатарлы білімі мен ғылымы дамыған, бірлігі мен татулығы жарасқан ел болса деп армандаған. Сол мақсатта өзінің өшпес өлеңдері мен қара сөздерін кейінгі ұрпақтары оқып ғибрат алсын деп кеткен.
Қорыта айтқанда, ақын, хакім, философ Абайдың туындылары ХХІ ғасырда Қазақстанның мәдениеті мен рухани дамуына білім мен ғылымның көкжиегінің көркеюіне мол үлесін қосатыны ақиқат.

Құдайберген Мәмбетов,
философия ғылымдарының кандидаты.

Жаңатас қаласы.
Сарысу ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support