- Advertisement -

Әулиеата өңірінде атқарылатын істер ауқымды

52

- Advertisement -

Мемлекет басшысының «Орталық атқарушы органдар басшыларының, әкімдердің, ұлттық жоғары оқу орындары ректорларының халыққа есеп беру кездесулерін өткізу туралы» Жарлығына сәйкес, кеше облыс әкімі Бердібек Сапарбаев тұрғындар алдында есеп берді. Жаңа форматта өткен есепті жиында атқарылған жұмыстардан гөрі алдағы шаруалар көбірек сөз болды. Облыстың бұрынғы әкімі Асқар Мырзахметов бастаған жұмыстардың барлығы да жалғасын табатынын айтқан өңір басшысы түйткілді мәселенің барлығына жеке-жеке тоқталып өтті. Айта кетейік, ол бұрынғы есеп беру жиындарындай ұзақ-сонар баяндаманы оқыған жоқ, LED экрандағы слайдтарға сүйене отырып, жоспарын жалпақ жұртқа қарапайым тілде айтып берді.

– Әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер 2018 жылмен салыстырғанда жоғары болды. Ол осы уақытқа дейін жұмыс істеп келген облыс әкімі Асқар Исабекұлы Мырзахметов бастаған азаматтардың жұмысының нәтижесі. Жалпы экономиканың даму қарқыны өткен жылмен салыстырғанда 105,5 процентті құрады.
Біз үшін ең негізгісі – өнеркәсіптің дамуы. Өткен жылы өнеркәсіпте жұмыс істейтін кәсіпорындар жалпы 486 миллиард теңгенің өнімін өндірді. Екінші көрсеткіш ол – экономикаға инвестиция тарту. Инвестицияның көлемі өткен жылы 294 миллиард теңгені құрады. Ауыл шаруашылығында шығарылған өнімдердің көлемі 320 миллиард теңгеге жетті.
Халықты қатты толғандыратын тағы бір мәселе – ол әрине пәтер мәселесі. Жалпы өткен жылы өңір бойынша 507 мың шаршы метр пәтер пайдалануға берілді.
Бізге жоғарыдан берілген тапсырмалардың бірі – жұмыссыздардың санын көбейтпеу. Өткен жылы ол көрсеткіш экономикалық белсенді азаматтарға шаққанда 4,8 процент болды.
Келесі көрсеткіштердің бірі – бағаның заңсыз, негізсіз өсуіне жол бермеу. Инфляцияның деңгейі 5,3 процент болды, – деген облыс әкімі өндіріс көлемін былтырғымен салыстырғанда кем дегенде 5 процентке жоғарылату қажеттігін атап өтті. Бұл ретте жалпы өндірілетін өнімнің көлемі 0,5 триллион теңгені құрау керектігі айтылды.
Сондай-ақ өңдеу көлемін кем дегенде 15 процентке жеткізу қажеттігі, кемінде 12 кәсіпорынды жаңғырту, яғни, модернизациялау және кем дегенде 4 кәсіпорынға инновацияның жаңалықтарын енгізу қажеттілігі айтылды.
– Қазіргі пайдалы қазбаларымыз ертеңгі күні таусылуы мүмкін. Сондықтан, біз қазірден бастап барлау жұмыстарын жүргізуіміз, геологияға үлкен көңіл бөлуіміз керек. Сіздер жақсы білесіздер, біздің жер қойнауында қандай қазба байлығы бар екенін. Оның үстіне кеше ғана Үкіметте Қазақстан бойынша жалпы геология, барлау саласын дамыту жөнінде тұжырымдама қабылданды. Соған қарайтын болсақ, бізде қазіргі өндіріліп жатқан өнімдерден басқа мұнай да, мыс та, алтын мен уран да жеткілікті. Ендігі біз сонымен айналысуымыз керек. Әсіресе Шу, Сарысу бассейндері. Кеше ғана мәлімдеме жасалып жатыр, Қаратауда мұнайдың бар екендігі жөнінде. Мемлекеттік органдармен біз енді осы жұмыстарды ары қарай жалғастыруымыз керек.
Инвестицияның экономика үшін қандай орны бар екенін жақсы білесіздер. Біз неғұрлым экономикаға инвестицияны көбірек тартатын болсақ, соғұрлым біздің экономикамыздың даму қарқыны артатын болады. Негізінен фосфор, минералды тыңайтқыштар, бағалы заттарға инвестиция тартумен айналысамыз. Біздің болжам бойынша биыл өңірде кем дегенде құны 114 миллиард теңге тұратын 18 жоба іске асу керек. Соның нәтижесінде 1000-нан астам жаңа жұмыс орны ашылуы тиіс. 2025 жылға дейін 66 жоба жүзеге асуы керек. Соның нәтижесінде құны 2 триллион 200 миллиард өнім шығаратын кәсіпорындарда 11 мыңға жуық жаңа жұмыс орындары ашылады.
Әрине, біздің өңір үшін экономикалық аймақтың маңызы бөлек. Біз қазір мойнымызға міндеттеме алып отырмыз, сол экономикалық аймақтың мүмкіндігін пайдаланып, осы жылы сол жерде 7 жобаны жүзеге асырып, 6 кәсіпорынды ашуымыз керек. Соның нәтижесінде 48 миллиард теңгеге жуық қаржының өнімі өндірілуі және жаңадан 2000-ға жуық жұмыс орны ашылуы қажет. Осы жұмыстарда біздің «Қазфосфат» компаниясының, «Еурохимнің» орны бөлек. Сондықтан менің тиісті орынбасарым, басқарма басшылары сол компаниялармен күнделікті жұмыс істеуі керек.
Сіздер жақсы білесіздер, Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың берген тапсырмасы бар, неғұрлым Қазақстанда шағын және орта кәсіпкерлікпен айналысатын азаматтар көп болса, соғұрлым біз біріншіден, азаматтарды жұмыспен қамтамасыз етеміз, екіншіден, жерлестеріміздің жағдайын жақсартамыз. «Атамекен» ҰКП-мен бірге қазақстандық тауарлардың үлесін ең кем дегенде 53 процентке жеткізу қажет. Ол жөнінде біз талдау жасадық, резервіміз, мүмкіндігіміз бар. Тиісті орынбасарлар, басқарма басшылары, аудан әкімдері осы жұмыспен айналысуы керек, – деді Бердібек Мәшбекұлы.
Сондай-ақ халықтың әл-ауқаты негізінен ауыл шаруашылығына байланысты екендігін ескерткен әкім: «Халқымыздың 60 проценті ауылда тұрады. Сондықтан әрине, біз ауыл шаруашылығына үлкен көңіл бөлуіміз керек. Ең негізгісі – сондағы нәтижелі жұмыспен қамтуды қамтамасыз ететіндерді ең кем дегенде 2000-ға жеткізуіміз керек. Оларға мемлекет тарапынан берілетін қаржы кемінде 8 миллиард теңге болуы тиіс. Ең бірінші кездесуде айтқан болатынмын, оны өздеріңіз де жақсы білесіздер, біз үшін ең маңызды іс – жерді тиімді пайдалану. Әсіресе егістік жерлерді. Қазір біз өзімізге міндеттеме алып отырмыз, осы жылы сол егістік жерлерді кемінде 705 мың гектарға жеткіземіз деп. Суармалы жерлерді көбейтуіміз керек. Қазірде ол жөнінде мемлекеттік органдармен жұмыс істеп жатырмыз. 3 су қоймасының жұмысы ары қарай жалғасуы керек. Бетон науаларды қайта қалпына келтіруіміз қажет.
Одан кейінгі мәселе – қант қызылшасы. Әрине, бұл жерде мәселе бар. Біз оны білеміз. Асқар Исабекұлы маған айтқан болатын, қант қызылшасын өндірушілердің өнімін қант зауыттарының алуы керектігі жөнінде. Біз кешеден бері бұл мәселе жөнінде ауыл шаруашылығы министрімен жұмыс істеп жатырмыз. Оның енді бір жолын табармыз. Бірақ ондай қиындықтарға қарамастан, біз қызылша алқабын көбейтуіміз керек. Мемлекет басшысы Алматы мен Жамбыл облыстарының басшыларына тапсырма берген, ең бірінші өзіміздің Қазақстанды өз қантымызбен қамтамасыз етуіміз керек. Қалғанын экспортқа шығаруымыз керек. Одан өзге алма шаруашылығына байланысты да жақсы жұмыстар бар. Оны да ары қарай жалғастыру қажет. Оған қосымша жүгері егуіміз керек, малдың азығы үшін жоңышқа алқабын көбейтуіміз керек. Пайдаланылмай жатқан жерлерге байланысты өңірде біраз жұмыстар жасалған. Енді біз соны ары қарай жалғастырып, биыл ең кем дегенде 70 мың гектар жерді мемлекеттің меншігіне қайтаруымыз керек. Оған қосымша мехотрядтың жұмысы өте жақсы. Оны да біз тиісті министрлікпен бірге ары қарай жалғастырамыз. Әрине, жаңа технологияларды су саласына да енгізу керек. Қазақ «судың да сұрауы бар» дейді ғой. Сондықтан суды бей-берекет ағызып қоя бермей, қарауымыз қажет», – деді.
«Мен өткен жексенбіде Тараздың негізгі базарларында болдым. Сонда пияздан басқа Жамбыл облысында бірде-бір өсірілген өнім жоқ. Картоп, сәбіз, қырыққабат, барлығы сырттан келеді. Кеше ғана зиялы қауым өкілдерімен кездескенде айтып едім, Павлодардан картоп алатын болсақ, онда не болғанымыз?! Сондықтан менің сұрайтыным, шаруа қожалықтары, әкімдер осы төңіректе жұмыс істеу керек. Сондай-ақ ауыл шаруашылығы өнімдерін неғұрлым көп өңдесек, соғұрлым ол бізге пайдалырақ болады, әрі қаржы табамыз», – деген облыс әкімі мал басын көбейтуге қатысты да ойын ортаға салды. Әсіресе барлық малдан алынатын ет те, сүт те көп болуы, ол үшін біріншіден оның тұқымын жақсарту, екіншіден, ол азықтанатын жемшөпті жақсарту қажеттігі атап өтілді.
Субсидия мәселесі де ары қарай жалғасын таппақ. Биыл ауыл шаруашылығына кем дегенде 21 миллиард теңге субсидия берілетін болды.
Ал былтыр басталған пилоттық жоба, яғни тұрғындардың табысын жақсарту да жалғасын таппақ. «Бұл әзірге Қазақстандағы бірегей жоба. Үкіметте қолдау тауып, былтыр 7 миллиард теңге қаржы бөлінді, биыл 47 миллиард қаржы бар. Үкіметпен бізде келісім бар. Енді бәрі бізге байланысты. 10 ауданның 11 елді мекенінде осы жобаны сәтті жүзеге асырып, оң нәтиже беретін болсақ, онда Үкімет алдағы уақытта да бізді қолдайды. Сондықтан, біз бұл жобаның тиімділігін халыққа түсіндіріп айтуымыз керек, оны дұрыс ұйымдастыруымыз қажет. Алда көктем келе жатыр. Сондықтан қазірден жұмысқа кірісуіміз керек. Ертеңгі күні егіс жұмыстары басталады. Шаруа қожалықтарының басшылары, ауылдық деңгейдегі әкімдер қазірден тиісті тұқыммен, тыңайтқышпен, техникамен, жанар-жағармаймен тұрғындарды қамтамасыз ету керек. Біз Үкіметпен келіскен болатынбыз, егер осы жоба Жамбыл облысында өзінің оң нәтижесін беретін болса, онда оны бүкіл Қазақстанға енгізу керек», – деген жоспарымен бөлісті.
Келесі мәселе тұрғын үйге байланысты болды. Алда тұрғын үй көлемін арттыру үшін біріншіден, мемлекеттік «Нұрлы жер», «7-20-25», «Бақытты отбасы» сынды бағдарламаларды пайдалануды ұсынса, екіншіден, өзіміздің кәсіпкерлерімізді де осы іске тарту қажеттігін атап өтті.
Сондай-ақ салынып жатқан құрылыстың құнын төмендету, бағасын арзандату да жиында сөз болды. Ол үшін біз өзіміздің елімізден, өңірімізден шығып жатқан құрылыс материалдарын толығымен пайдалануды ұсынған Бердібек Мәшбекұлы облыста құмды, қиыршық тасты, әктасты айтпағанда, цемент, гипске дейін бар екенін ескертті.
– Біз транзитті өңір болғандықтан, көліктің біз үшін үлкен маңызы бар. Экономикамыздың дамуына, кәсіпкерліктің дамуына ықпалы зор. Жалпы біз биыл ұзындығы кемінде 692 шақырым жолды жөндеуден өткіземіз. Сапасы қанағаттанарлық деген жолдардың көлемін 90 процентке жеткізуіміз керек. Сондай-ақ, жаңадан автобус алуды жалғастырамыз. Бұл жерде бізде лизингпен «Сарыарқа Авто Пром» компаниясымен келісім бар. Сонымен ары қарай жұмыс істейміз. Әрине, біз үшін үлкен мәселе ол жолдың қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Ол үшін Полиция департаментімен жұмысты жалғастыру керек. Әсіресе тасымалдау мәдениеті деген секілді. Әрине, автобустардың жұмысын қадағалау керек. Ол үшін автобустарға GPS қоямыз. Одан кейін жол жүру билетін электронды тәсілге ауыстырамыз. Сол кезде ол жүйе ашық, таза болады, – деген өңір басшысы коммуналдық мәселелерге де тоқталды. «Бұл жөнінде жалпы көрсеткіш жаман емес. Сіздер білесіздер, мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаевтың берген тапсырмасы бар, 2025 жылға дейін қазақстандықтарды толығымен ауызсумен, газбен қамту жөнінде. Бұл жұмыстар жалғасады. Бірақ мен бір нәрсені ескертейін деп едім, бізде халқының саны 200-ден аспайтын кішкентай елді мекендер бар. Қазіргі таңда біз ол ауылдарға су, газ құбырын алып бармаймыз. Себебі, оны жүргізу құны алтынмен тең болады. Олай болмайды. Оны қазіргі заманауи қолданылып жатқан технологиялармен, ең құрығанда скважиналар қою арқылы шешеміз. Әрмен қарай жағдайымыз жақсарып жатса, онда көреміз», – деді әкім.
– Әрине, біз үшін ең үлкен мәселенің бірі, ол – халықтың табысын көтеру. Бұл жөнінде де мемлекет басшыларының берген тапсырмасы бар. Біз енді талдау жүргіздік. Өкінішке қарай, қазіргі таңда халықтың табысы, жалақысы жөнінен Жамбыл облысы өңірлердің ішінде Солтүстік Қазақстаннан кейінгі екінші, ең соңында. Біз қазір осыған жұмыс істеуіміз керек. Мемлекет тарапынан жасалып жатқан жалақыны көтеру жөніндегі жұмыстарды жақсы білесіздер. Биылдан бастап мұғалімдердің, дәрігерлердің, мәдениет, спорт саласы қызметкерлерінің жалақысы орта есеппен 25 проценттен 30 процентке дейін өсті. Енді біз өзіміздің мүмкіндіктерімізді пайдалануымыз керек. Яғни қалай біз жалақыны өз есебімізден көбейте аламыз?! Бұл жерде біз кәсіпорындармен, кәсіпкерлермен жұмыс істеуіміз керек. Естеріңізде болса, осыдан екі жыл бұрын Н.Ә.Назарбаев тапсырма берген болатын, барлық кәсіпорындар жалақыларын жылда орта есеппен ең кем дегенде 10 процентке өсіру керек деп. Оның бір жағынан заңдылығы да бар. Біздегі тәртіп бойынша мысалыға зейнетақы жылдағы инфляцияға байланысты оған қосымша 2 процентке өсіп тұрады. Мысалы, инфляция бізде 5,5 болатын болса, 2 процентпен, демек 7,5 процент. Қазір енді орынбасарларға тапсырма берілген. Ал менің кәсіпорын, кәсіпкерлік басшыларынан сұрайтыным, қазірден бастап осыған көңіл бөлу керек. Сіздердің өздеріңізге алған міндеттемелеріңіз бар, қол қойылған меморандум бар, ұжымдық шарт бар, соның бәрін қарау қажет. Менен жақсы білесіздер, Сіздердің жұмысшыларыңыздың жағдайы жақсы болатын болса, Сіздердің табыстарыңыз да жаман болмайды, – деген облыс әкімі: – Әрине, ең үлкен тағы бір мәселе – жұмыс орындарын ашу. Біздің болжам бойынша биыл біз кем дегенде 16 мың тұрақты жұмыс орнын ашуымыз керек. Оған қосымша «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы бойынша 30 мыңға жуық жаңа жұмыс орнын ашу көзделуде. Жалпы барлық мүмкіндікті пайдаланып, халықтың табысын көбейтуіміз керек, – деп сөзін жалғады.
Кәсіптік оқытуға байланысты талдау нәтижесін ортаға салған өңір басшысы енді оқыту тек қана жұмыс берушілердің сұранысына қарай болатынын жеткізді. Өйткені біріншіден, оқыған кей адамдар жұмысқа орналаспаған, екіншіден, кейбіреулер стипендия алу үшін 3-4 рет оқиды екен.
– Біз мүмкіндігі шектеулі азаматтарға, балаларға көмектесіп, оларды қолдауымыз керек. Әсіресе оңалту орталықтары жұмыспен қамту жөнінен. Бұл мәселе турасында Үкіметте жаңа тәртіп қаралып жатыр. Себебі, көптеген кәсіпорындар өздерінің міндеттемелерін, яғни квотаны орындамайды. Сондықтан осы мәселені де қарастырамыз. Одан кейінгі үлкен мәселе «Бақытты бала» орталығын құру. Сіздер баспасөзден білесіздер, Алматы, Нұр-Сұлтан, Ақтөбе қалаларында осындай орталықтар бар. Бір сөзбен айтқанда, жағдайы төмен, көп балалы, тағы басқа отбасылар негізгі кеңесті, негізгі көмекті осы орталықтан алу керек. Оны жақын арада ашуымыз тиіс, – деді өз сөзінде Бердібек Сапарбаев.
Әкім тілге тиек еткен келесі мәселе – білім саласы жөнінде болды. «Білімнің біз үшін, мемлекет үшін қандай маңызы бар екенін жақсы білесіздер. Балабақша мәселесі өңірде былтыр толығымен шешілген. Бірақ бала санының өсуіне байланысты біз келесі жылы кем дегенде 27 балабақша ашуымыз қажет. Ал ең үлкен мәселе – ол білімнің сапасы. Өздеріңіз байқап, көріп отырсыздар, мемлекет білім саласы қызметкерлері үшін барлық жағдайды жасады. Тәуелсіздік жылдарында тұңғыш рет мұғалімдердің мәртебесін арттыру жөнінде Заң қабылданды. 2025 жылға дейінгі мемлекеттік бағдарлама қабылданды. Соңғы жылдары жылына 20-25 процентке мұғалімдердің жалақысы өсіп жатыр. 4 жылда мұғалімдердің жалақысын 2,5 есеге өсіру туралы тапсырма берілген. Салынып жатқан мектептерді де білесіздер. Бірақ осының барлығы білім сапасын көтеруге өзінің әсерін тигізіп отырған жоқ. Мен әрдайым мұғалімдермен кездесемін,сонда үнемі айтып жүремін, біз енді осыған көңіл бөлуіміз керек. Әсіресе тәрбие мәселесі. Рухани тәрбие, ұлттық құндылықтарымызды сақтау жөнінде. Оның үстіне, мынадай жағдайлардан кейін біз ойлануымыз керек. Одан кейін, мемлекеттік тілдің жүзеге асырылуы жөнінде айтқан болатынмын. Біз заңды мемлекетте тұрамыз, заңды мемлекеттің тұрғындары ұлтына қарамай, ол заңды орындауы керек. Мемлекеттік тіл жөнінде бізде заң бар, соны орындау керек», – деп атап өтті.
– Денсаулық сақтау саласының ең үлкен мәселесі – қызмет сапасының төмендігі. Білім саласына қандай жағдай жасалынса, денсаулық сақтау саласына да сондай жағдай жасалып жатыр. Өкінішке қарай денсаулық сақтау саласының қызметкерлерінің мәдениеті өте төмен. Ол жөнінде де біз талай айтып жүрміз. Енді онымен жұмыс істеуіміз керек. Мен ол кісілерге айтамын, «Сіздер Гиппократтың антын қабылдайсыздар, ешқандай бюрократия, «ертең кел, менің ауруым емес» деген болмау керек. Сіздің алдыңызға келді ме, Сіз бірінші дәрігерлік көмекті көрсетуіңіз керек» деп. Сондықтан біз ең үлкен жұмысты осы салада жасаймыз.
Биылғы жылдың бірінші қаңтарынан бастап міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі іске асырылып жатыр. Бірінші сәуір оның соңғы мерзімі. Бұл жөнінде де біз халыққа түсіндіріп айтуымыз керек. Біздің ойымызша, әлі де әсіресе ауылды жерлерде жерлестеріміз түсінбейді. Баяғы «Үкімет аман болса, мені өлтірмейді ғой» дейді. Ондай заман емес, қазір басқа уақыт. Дәрі-дәрмек жөнінен үлкен мәселе болмайды. Оның үстіне, тегін берілетін дәрі-дәрмектің санын көбейттік. Оған қосымша, бұрын 5 жасқа дейінгі балаға тегін дәрілер берілетін болса, қазір оны 18 жасқа дейін көбейттік. Яғни бұл жөнінде биыл, келесі жылы ешқандай мәселе болмауы тиіс. Тек қана СК «Фармация» мен облыстық денсаулық сақтау басқармасы министрлікке дер кезінде тапсырыс беру керек, – деп денсаулық сақтау саласына қатысты мәселелерді көтерді.
Ал жастарды тәрбиелеу мәселесінде спорттың маңызын, бұл тұрғыда облыстың көрсеткіштері жаман еместігін, облысымыз Олимпиада чемпиондарын шығарған, қаншама үздік спортшылар тәрбиелегенін де атап өтті. Сондай-ақ өңір басшысы мәдениет саласы, интернеттің баяулығы, Еріктілер жылы, цифрлық мемлекет құру мәселелерін де қозғады.

Тілші түйіні:

Есептің кейбіреулер үшін есеп айырысуға айналып бара жатқаны да алаңдатады. «Ұзында – өші, қысқада – кегі» бар кейбіреулер әкімнің есебін күтіп жүреді де: «Анау басшы анау облыстан келді, мынау басшы мына жақтан келді. Жергілікті басшылар неге жоқ?» деген секілді елге абырой әпермейтін мәселелерді көтерген болады. Осы әкімдік есебіне керек пе?! Оның орнына көшелердің жарығын, жолдардың «жырығын» неге айтпасқа?!
Кейбіреулер, тіпті, облыс әкіміне елге елеулі азаматтардың «пәленше-түгенше» деп «қара тізімін» ұсынатын болды. Сонау 1937 жылы С.Сейфуллин, І.Жансүгіров, Б.Майлин, Т.Рысқұлов және басқа да көптеген Алаш ардақтылары осындай «қара тізімнің» құрбаны боп кеткен жоқ па?
Облыс әкімі карательный органның басшысы емес. Егер біреу біреудің құқығын таптап жатса, ол облыс әкімінің есебінде емес, біздегі құқық қорғау органдарына (полиция, прокуратура, сот) хабарласып, арызын жазып, жеке бастарының түсініспеушілігін сол жақта неге анықтап алмасқа! Ал ел мен есті биік тұтқан ел үшін облыс әкімінің есебі өңірдегі атқарылып жатқан істер мен қордаланған шаруаларды ел-жұрт болып шешу үшін жасалмай ма?

 

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support