- Advertisement -

Ұстаз болғым келеді, ұстаз болғым…

150

- Advertisement -

Ұстаз! Ынталылық пен табандылықты жақтаушы, жақынға да, жатқа да әділ төреші. Ұстаз болу үшін жүректің батырлығы, сезімнің ақындығы, мінездің күн шуағы, мейірімнің шапағаты қажет. Биыл алтын ұя мектептен түлеп ұшып, арман қанатында қалықтап, тағдыр жолы қайда апарар екен деп толқып жүрміз. Қандай мамандық иесі болатынымды баяғыда-ақ шешіп қойғанмын. Бала кезден арманым – ұстаз болу!
Себебі біздің әулет – ұстаздар әулеті. Әжем 40 жыл ұстаздық етіп, зейнетке шықты. Кеудесінде төсбелгі, медальдары, шкафта марапаттаулары өте көп. Оқушылармен түскен фотосуреттері тарих болып сыр шертеді. Оның ішінде 25 жыл мектеп директоры болып қызмет атқарған. Атам да ұстаз болған. Қадірлі, беделді, шәкірттерінің құрметіне бөленген жан. Анашым да мұғалім, бастауыш сыныптың қиындығы мен қызығы мол, былдырлаған балапандардың ерінбейтін, жалықпайтын ақылшысы. Анам өсіп-өнген әулетте ұстаздық етіп жүргендердің ұзын-саны қырықтан асып кетті. Нағашы ағайым мен жеңгем де мұғалім. Тараз мемлекеттік университетінде екі әпкем Гауһар мен Әсел профессор, ғылым докторлары, Байзақтағы – Жанар, Қордайдағы – Мақпал, Мыңқазандағы – Анар, Жеміс ауылындағы – Ләйлә, Алматыдағы – Талшын, Астанадағы – Жанель әпкелер, Қызыл сайдағы – Ермек аға, оның екі қызы да, бәрі-бәрі мұғалімдер. Кездесе қалса, қызықты мектеп өмірін, сабақ барысын, ғылым мен білімдегі жаңалықтарды әңгімелеп отырады. Тіпті бұл әулеттегі арғы ата-бабаларымыз да бала оқытып, мектеп ашқан, Меккеге барған, көзі ашық, көкірегі ояу ұстаздар болған екен.
Өзім әрқашан басқа мамандықтан гөрі ұстаздықты жоғары қоямын. «Керім-ай» би тобындағы ұстазым Әйгерім Төлемісованы, музыка мектебіндегі ұстаздарым Салтанат Түнғатарованы, Болат Алыбаев ағайымызды үлгі тұтамын. Скрипканың тылсым сырларына үңілдіріп, Бетховеннің, Чайковскийдің, Шопеннің шығармаларын үйреткен, сонау алыстағы Стамбул қаласына, Болгарияға, Китенге халықаралық байқауларға, Нұр-Сұлтан қаласындағы «Гранд-Астана» байқауларына қатысуым, «Балапан» телеарнасына бағдарламаға түсуім де осы ұстаздарымның еңбегінің арқасы. Қолөнерге, аспаздыққа баулыған ұстаздарым да бір төбе.
Сондықтан мен де осылайша шәкірттерімнің алғысын алып, оларға дұрыс бағыт-бағдар беріп, ұстаздық етуді армандаймын.

Елдана ҚАЗБЕКОВА,
№1 ЖББМ 10-сынып оқушысы.

Меркі ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support