- Advertisement -

Тынымсыз еңбек етпесең, төмен процентпен алған несиең де көмектеспейді

37

- Advertisement -

«Жамбыл облысында тұрғындардың тұрмыстық табысын жақсарту» жобасы қолға алынғалы бері аудандағы жобаға енген Жамбыл ауылдық округі тұрғындарының белсенділігі арта түсті. Құжатын реттеп, төмен пайызбен несие алып, несібесін арттырсам деген ағайынға жасалып жатқан қолдау да қомақты. Үй іргесі жанындағы телімінен теңге табу, ауыл маңындағы жерден ырысын теруге бағытталған мүмкіндікті мүлт жіберіп алмау – ауыл тұрғындарының бүгінгі қамы.Былтырдан бері аудандық штаб құрылып, жұмыс алгоритмі әзірленіп, әкімдікте арнайы мамандар жұртшылықтың құжаттарын рәсімдеуге барын салып, бағыт-бағдар көрсетуде. Өткен жылдың күзінде басталған жұмыстың нәтижесі ауыз толтырып айтарлықтай. Тұрғындардың кепілдікке қоятын жылжымайтын мүліктерінің құжаттары ретке келтіріліп, несие алуға өтінімдері әлі күнге қабылдануда. Атап өтсек, бүгінгі таңда 268 азамат өтінім тапсырып үлгерген. Соның 170-і «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» акционерлік қоғамы тарапынан қолдауға ие болған. Бірқатар талаптарды сақтау қажет әрине. Жобаға қатысушылар жеке кәсіпкер болып тіркелу, банктен жеке есепшотын ашу, құжаттарды нотариуста тіркеу сынды жұмыстарды жеделдету қажет. Аудан әкімдігінің және Жамбыл ауылдық округі әкімдігінің қызметкерлері әр азаматтың осындай мәселесін шешуге бағыт беріп, барынша қолдау көрсетуде. Нәтижесінде 170 азаматтың 116-сының «Тараз» ӘКК қойған талаптары ескеріліп, жөнге келтіріліп, қайта аталмыш мекемеге жолданды. Осының арқасында 81 азамат несие алған. 

Жамбыл ауылының тұрғыны Хасан Абышев 3600000 теңге несиеге 12 бас ірі қара және оған қажетті жемшөбін алды. Үйелмелі-сүйелмелі 4 баласы бар отбасы үшін бұл қосымша табыс табудың жаңа жолы болып отыр. Осыған дейін ол тек маусымдық жұмыстарға шығып келген екен, енді жыл-он екі ай айналысар жұмысы бар, ең бастысы, мал басын көбейтуге де мүмкіндік туып отыр. Отағасы бұрын да несие алып, мал бағып көрген. Алайда тапқаны несиені жабудан артылмай, аяққа нық тұруға мүмкіндік болмаған екен. Ал аталмыш жоба аясында бірінші жыл тек үстеме пайызы төленіп, бір жылға төлемнен босатылатын жеңілдігі тағы бар.
Тағы бір жамбылдық тұрғын Қанатбай Ерназаров 4600000 теңге қаражат алған. Көп балалы отбасы үшін бұл тұрмысын тіктетуге үлкен көмек болып отыр.
– Несиені қаңтар айында алдым. Оған 11 бас ірі қара алып, соны бағып-қағудамын. Жақын арада 5 бас сауын сиыр алсам деген жоспарым бар. Жобаға ұйытқы болған облыс әкімі мен бізге көмектесіп жүрген аудан басшылығына алғысым шексіз, – дейді қанатқақты жобаның қатысушысы.
Жобаның келесі бағыты – егіншілік бойынша округтегі 1002 ауланың 980-і қамтылмақ. Бақша дақылдарын егуге екі айналымға нақты жоспар жасалып, қажетті жер телімдері анықталды. Бұл істе тұрғындарға кәсіби кеңес беруге арнайы агроном да бар. Сонымен қатар округте құрылған «Жаңатұрмыс-Бірлік» кооперативі мен «GR-Agro» ЖШС арасында келісімшарт жасалып, серіктестік тұқым, тыңайтқыш және пестицидтермен қамтып отыратын болады.
Бақшаға су жеткізу үшін қос ауылдағы арықтар жүйесі қайтадан жөнге келтіріледі. Көктемнің алғашқы күндерінен бастап ол жұмыстар да басталмақ. Арықтың жалпы ұзындығы 12 километр екенін ескерсек, бұл оңай шаруа емес екенін байқауға болады. Дегенмен оған қазіргі таңда мүмкіндік жеткілікті.
Ауыл тұрғындары жобаның мал шаруашылығы бағытына ерекше қызығушылық танытуда. Бүгінде 261 үй иесі жалпы 6801 бас мал алуға ниет білдірген. Ауылдық округ әкімі Айдар Бірімқұловтың айтуынша, өтінім білдірушінің барлық құжаттары реттеліп, «Тараз» ӘКК-ның рұқсатын алған соң, олардың есепшотына қаражаты көп ұзамай түседі. Ол қаражаттың 20 проценті жемшөпке арналса, қалған ақшасына несие алушы мал сатып алады. Кейіннен, әр бас мал есепке алынып, сырғасы салынып, қораға қойылады. Бүгінгі күні барлығы 551 бас ірі қара сатып алынып, оның 456 басы тіркеуден өткен. Сондай-ақ ауыл тұрғындары 260 құс сатып алыпты.
Округтегі тұрғындардың ауыл сыртында «пайлық» жерлері бар. Жоба бойынша ол жерлерді игеру бойынша да тиімді шарттар ұсынып отыр. Жалпы, 383 үлескердің 34313,73 гектар жері болса, 38 үлескер «Жаңатұрмыс-Бірлік» кооперативінің құрамына 4045,75 гектар жерімен кірген. Осы жерлерді игеруге қажетті қаражат анықталып, несие серіктестігімен қаржыландырылады.
Ал «Жаңатұрмыс-Бірлік» кооперативіне келсек, оның құрамы, қатысушылары және төрағасы сайланып, әділет басқармасында тіркеліп үлгерген. Кооперативтің жұмысына қажетті техника саны, оған арнайы орын, өнімдерді сақтайтын қойма, жері анықталып, биыл қарқынды жұмыс басталады деп күтілуде. Осыған орай бұрынғы облыс әкімі Асқар Мырзахметов аталмыш жоба аясында құрылған кооперативтерге салтанатты түрде ауыл шаруашылық техникаларын табыстаған болатын. «Жаңатұрмыс-Бірлік» кооперативі екі «Беларус», бір «LOVOL» тракторы, бір комбайн және бір тіркемесімен «КамАЗ» жүк көлігі, сонымен қатар өзге де техникалық құрал-жабдық алуға өтінім берген еді. Бүгінде кооператив екі трактор, бір шөптайлағыш пен бір культиватор алды. Жақын арада өзге де техника облыс орталығынан жеткізілмек. Жалпы, «Жаңатұрмыс-Бірлік» кооперативінің айналым қаржысына 50 миллион теңгеден астам қаражат қарастырылды. Демек, оның жұмысына артылған сенім орасан. Тек білек сыбана еңбек ету қажет.
Қанатқақты жобаның тағы бір бағыты шағын жобаларды қаржыландыру, яғни кәсіпкерлікті дамытуға арналған. Ол бойынша да өтінімдер қабылдануда.

Жандос ОМАРОВ,
журналист.

Қордай ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support