- Advertisement -

Cаналы ұрпаққа сапалы білім берудегі кемшілік неде?

40

- Advertisement -

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев алғашқы жұмыс сапарын Қордай ауданынан бастады

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев Қордай ауданына жұмыс сапарымен барып, онда бірқатар әлеуметтік нысандардың жұмысымен және ауыл тұрғындарының тұрмыс-тіршілігімен танысты.

Бердібек Мәшбекұлымен бірге Қордайға облыс прокуроры Нұрғалым Әбдіров, ҰҚК облыс бойынша департаментінің бастығы Марат Ирменов және облыстық полиция департаментінің бастығы Жанат Сүлейменов те барды.Алдымен өңір басшысы 3,5 мың тұрғыны бар Қарасу ауылындағы дәрігерлік амбулаторияға атбасын бұрды. Бір күнде 25 емделушіге арналған мекеме барлық қажетті жабдықтармен жабдықталған. Өткен жылы ауылда 70 сәби дүниеге келген, жергілікті тұрғындарды вакцинациялау және скринингтік тексеру деңгейі 95 пайызға жеткен. Аталған амбулатория ғимараты 1991 жылы салыныпты. Бүгінде тозығы жеткен бұл нысанды облыс әкімі күрделі жөндеуден өткізу туралы ұсынысты қолдады. Ол үшін тиісті құжаттамалар дайын екен.
Медициналық қызметкерлермен кездесу барысында Бердібек Мәшбекұлы дәрігерлерді бюрократиялықтан аулақ болуға, тұрғындарға сапалы және уақтылы дәрігерлік көмек көрсетуге, пациенттермен сыпайы қарым-қатынас орнатуға шақырды.
Аймақ басшысы барған келесі нысан «Балапан» балабақшасы болды. Ондағы мемлекеттік тілдегі үш топта барлығы 75 бала тәрбиеленуде.
Сондай-ақ аталған елді мекендегі №7 орта мектепте 1033 оқушы білім алуда, ондағы сабақтар қазақ және орыс тілдерінде жүргізілуде. Өткен жылы оқу орнын 31 түлек бітірсе, бірінші сыныпқа 134 бала қабылданған. Өңір басшысы осы мектептегі технология сабағына қатысып, жоғары сынып оқушыларын әңгімеге тартты. Мұғалімдермен кездесу барысында ел тарихында алғаш рет «Педагог мәртебесі туралы» Заң қабылданғанын, мұғалімдердің жалақысы жоспарлы түрде артып отырғанын атап өткен облыс әкімі осыған орай ұстаздардың да балаларға сапалы және заманауи білім беруі қажеттігін баса айтты.
Бұдан соң Масаншы ауылына барған облыс әкімі №13 орта мектептің басшылығын қатаң сынға алды. Аталған білім ордасының оқушылары осы уақытқа дейін бірде-бір рет «Алтын белгі» немесе Үздік аттестатқа ие болмаған, ЖОО бойынша мемлекеттік грантқа тек бір ғана түлек қол жеткізген. Өңір басшысы аралаған кезде мектептің сыныптарында оқушылардың тек 27 пайызы ғана болғандығы да ондағы білім беру жұмысы мен тәртіптің ақсап жатқандығын байқатса керек.
– Байқап тұрғанымыздай, мұғалімдер мен ата-аналар арасында тығыз байланыс жоқ, оқу үдерісінің сапасына, өскелең ұрпақты патриотизм, мәдени-адамгершілік құндылықтар мен дәстүрлер рухында тәрбиелеуге тиісті көңіл бөлінбейді, – деп атап өтті Бердібек Мәшбекұлы.

Өңір басшысы жауапты тұлғаларға алдағы дүйсенбі күні барлық оқушы сабаққа түгел келуін қамтамасыз ету керектігі туралы нақты тапсырма берді.
Облыс әкімі Масаншы ауылындағы аурухана ұжымымен әңгіме барысында міндетті медициналық сақтандыру жүйесін енгізу шараларына назар аударды. Бұл орайда ағымдағы жылдың 1 сәуіріне дейін барлық азаматтар сақтандырылуы керектігіне көңіл бөлді. Бүгінде медициналық ұйым қызметкерлерінің жалақы мөлшері артып келе жатқанын тілге тиек еткен өңір басшысы емдеу мекемелерінің материалдық-техникалық базасын жақсартуда жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатқандығын жеткізді. Аталған ауруханадағы дәрігерлердің айтуынша, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету, екпе егу шаралары жоспарлы түрде орындалып, «ДамуМед» электрондық бағдарламасы жүйелі жұмыс істеуде екен. Алайда олар тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесін алдыға тартты.
Сондай-ақ облыс басшысы Қаракемер ауылындағы Әбіл Нүсіпбаев атындағы №14 орта мектептің, 100 орындық «Айсұлтан» балабақшасы мен «Молдасейіт» спорт кешенінің жұмысымен танысты. Педагогтермен кездесуде оқушылардың рухани тәрбиесіне, сабақтастықтың сақталуына баса назар аударудың маңыздылығын жеткізді.
– Балалар ұлттық-мәдени дәстүрлерден сырт қалмай, рухани байлықтарды жете түсініп өсуі керек. Аға буын өкілдерімен тұрақты түрде кездесулер ұйымдастырылып, мектептер өз түлектерімен тығыз байланыс орнатып отыруы қашанда маңызды, – деді Бердібек Сапарбаев.
Бердібек Мәшбекұлының аудандағы жұмыс сапары Ауқатты ауылында жалғасты. Онда тірек полиция бекетіндегі құрылымдық күштері басшыларының қатысуымен қызу әңгіме өтті. Айта кетейік, аталған полиция бекеті бірнеше жыл бұрын жақын маңдағы алты ауылдық округте криминогендік жағдайды жақсарту үшін құрылған. Бүгінде бекетте 19 қызметкер жұмыс жасайды. Тәртіп сақшылары ауыл тұрғындарының қатысуымен кездесулер мен арнайы жиындар жиі өткізіліп тұратынын тілге тиек етті. Осы орайда бекет жұмысына қатысты мәселелер де жоқ емес, десек те оларды шешумен облыстық департамент пен аудандық полиция бөлімінің жаңа басшылығы айналысатын болды.
Бұдан соң облыс әкімі Ауқаттыдағы 100 балаға арналған «Тілашар» жекеменшік балабақшасының жұмысымен танысты. Сонымен қатар ауыл мешітіне қарасты кең залда Сортөбе, Ауқатты, Қаракемер, Масаншы, Қарасу және Қарасай ауылдық округтерінің тұрғындарынан құралған қоғамдық келісім кеңесінің отырысына қатысты. Онда жаңа құрылымның жұмыс бағыттары мен нақты іс-қимыл жоспары талқыланды.
Сортөбе ауылындағы 450 оқушы оқитын №48 орта мектеп мұғалімдерімен кездескен Б.Сапарбаев мемлекеттік тілді үйренуге, әсіресе оған орыс мектептерінде көбірек көңіл бөліну керектігін айтты. Балалардың бос уақытын ұтымды ұйымдастыру да назардан тыс қалмауын жеткізді.
Аудандағы жұмыс сапарын қорытындылай келе аймақ басшысы адамгершілік-тәрбие бағытындағы жұмысты күшейте түсу керектігіне айрықша тоқталды.
– Біз өскелең ұрпаққа сапалы білім беруге тиіспіз. Қордай ауданында орын алған оқиғаның басты себептерінің бірі – жастарды тәрбиелеудегі кеткен кемшіліктер десек қателеспейміз. Сондықтан да біз осыған аса назар аударғанымыз жөн. Жас қазақстандықтарды патриотизм мен төзімділік рухында тәрбиелеудің пәрменді жүйесін құруымыз керек, – деп қорытындылады өз сөзін Бердібек Сапарбаев.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Қордай ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support