- Advertisement -

«МАСАНШЫ МӘСЕЛЕСІ»

127

- Advertisement -

Ол бүгін ғана пайда болды ма?

Дүйім елді дүрліктірген «Қордай оқиғасы» бүгінде халық арасында түрлі ой туғызып, әркімнің өз өресінде пайым жасауына түрткі болып отыр. Әсіресе, зайырлы мемлекетіміздің тұтастығына, бірлігіне сызат түсіру қаупін туғызатын «зерттеулер» мен аттандаған алып-қашпа ұрандар желдей есіп тұр. Осы орайда, кез келген білімді, сауатты адам мәселенің мәніне тереңінен үңіліп, туындаған проблеманың дұрыс шешілу жолын қарастырғаны абзал. Өйткені құр айқай мен жалған намыс ешкімді де ұшпаққа шығармасы анық. Әсіресе, бүгінгідей білім мен сана салтанат құрған заманда.

Маржан РАҚАЙ

Қош, сонымен Қордай ауданының Масаншы, Сортөбе ауылдарында орын алған жағдайға оралайық. Бұл бір күнде бола салған, табанасты у-шуға ұласқан «айқай» емес. Бұл – бұрыннан күрмеуі шешілмей, әбден шиеленіскен мәселенің «жарылған» шағы. Ал облыстың бас басылымы «Aq jol» Масаншы мәселесін біраз жылдардан бері айтып, жазып келеді.
Алысқа бармай-ақ, 2014 жылдың 13 мамырында газет тілшісі Гүлжан Рахман «Кеңседен шығар кез келді немесе аудандар мен ауылдарда кемшілікке кеңшілік болмауы тиіс» атты мақаласында былай жазады:
«…Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатыспайтын 27,6 процент бітірушінің дені Қордай ауданынан болып шықты. Онда дүнгендер көптеп шоғырланған. Ал олардың қыз балаларына оқуға түсуге тыйым салатын дәстүрлері бар. Бұл бірінші себебі болса, екіншіден Қордай, Шу, Меркі аудандарының бітірушілері көбінесе іргелес жатқан Қырғыз еліне оқуға кетіп жатады. Өйткені онда оқу ақысы арзандау…».
Сөйтеді де осы мәселеге қатысты сол кездегі облыс әкімі Кәрім Көкірекбаевтың:
«Қордай ауданының 40 процент тұрғыны дүнгендер, осы себепті барлығын сол ауданға жауып қоя салуға болмайды ғой. Бір ғана Қордайдың өзінде соңғы екі-үш жылда 12 мектеп, бірқатар балабақша соғылды. Осылардың барлығын біз не үшін істеп жатырмыз? Егер олар оқымайтын болса, сынаққа қатыспайтын болса, мұның қажеті бар ма, жоқ па? Бұл шараны ұйымдастыруда мектеп директорынан қателік кеткен болса, өткен жылғы тестілеуден соң қанша директорға әкімшілік шара қолдандыңыздар?» деген сөзін келтіреді.
Әкімнің бұл сауалына сол кезде облыстың білім саласын басқарған Сұлушаш Құрманбекова өткен жылғы тестілеуден кейін 147 білім мекемесінің басшысына тәртіптік шара қолданылып, оның ішінде 9-ы қызметтен босатылғанын айтып жауап беріпті.
Содан кейінгі жылдарда да Масаншы мен Сортөбенің мектеп бітірушілерінің ҰБТ-ға қатыспайтыны туралы әрбір оқу жылы аяқталар тұстағы жиындарда сан мәрте айтылып, әкімдік деңгейінде талай рет көтерілді.
Мысалы, 2015 жылдың 28 мамырында газеттің Қордайдағы тілшісі Құрманбек Әлімжанның «Қордайлық түлектер ҰБТ-дан неге бас тартады?» деген мақаласы жарық көреді. Онда аталған мәселе бүге-шігесіне дейін талданып жазылған. Мысалы: «…облыс бойынша ҰБТ-ға қатысушылардың үлесі 67,6 процентті құрап тұрғанда, қордайлықтардың көрсеткіші одан бақандай жиырма проценттен аса құлдырап (46,1%) кеткен. Бұл – облыс аумағындағы ең төменгі нәтиже. Соңғы жылдары бұл ауданда осы замандық үлгіде жабдықталған онға тарта жаңа мектеп салынған, ал мектеп оқушыларының ҰБТ-ға қатысу деңгейі өсудің орнына, құлдырап барады… Біз бұл жерде ҰБТ-ға қатысатын бала саны мейлінше аз мектептерді ғана іріктеп айтамыз. Мәселен, бұл көрсеткіш Масаншы ауылындағы №12, №13, №50, Сортөбедегі №48, №17, №16, Бұлар батыр ауылындағы №19, Ауқаттыдағы №9 мектептерде өте төмен. Енді байқасақ, бұл мектептердің барлығы дүнген ұлты шоғырланған аумақта орналасқан екен. «Дүнген балалары әріп танып, есепті білсе болды, басқа білімді керек қылмайды» деген сөз бұрыннан бар еді. Соның шындығы ма, әлде басқа да себептері бар ма? Осыған көз жеткізу мақсатында ҚР Ұлттық тестілеу орталығының Қордай ауданы бойынша филиалының жетекшісі Ербол Тайбековпен бірге аталған мектептерге баруды ұйғардық» деген ол ары қарай сол мектептерді аралап, тиісті мамандардан алған пікірін жазады.
«Жасыратыны жоқ, дүнгендердің менталитеті өзгеше, ата-аналары балаларын қараусыз алысқа жібере бермейді. Мектептен соң оқуды мүлдем доғартып, өздерінің үй шаруашылығына салатындары өте көп. Ал оқуын жалғастырушыларды іргедегі Тоқпақ пен Бішкектен ұзатпайды. Ондағы институттар мен колледждерде оқу ақысы біздегіден әлдеқайда төмен әрі төмен бағалы аттестатпен де қабылдай береді. Сондықтан ҰБТ-ға оларды иліктіру қиын. Тіпті ҰБТ тапсырған күннің өзінде еліміздің оқу орындарына баруы сирек. Мәселен, былтыр мектеп бітірген 17 баланың біреуі ғана тестілеуден өткенімен, оның өзі Бішкектің жоғары оқу орнына барып түсті» деп жауап беріпті сол кезде Масаншыдағы №13 мектептің директоры Жандос Әкімбаев. «Қалай болғанда да Қордай ауданындағы дүнген ауылдарындағы мектептерде орта білім алып шығушылардың ҰБТ тапсыруға деген ықыластары өте төмен. Биыл ауданда отыз төрт орта мектептің екеуі ҰБТ-ға жүз процент, он төрт мектепте алпыс проценттен жоғары деңгейде қатысатын болса, отыз проценттен төмен көрсеткіште қалған он мектептің жетеуі дүнген мектептері болып отыр» деген қорытынды жасайды тілші.
Бірақ осы мәселені көтеріп, «бітеу жараны» дер кезінде емдеп тастауға құлықты аудан әкімінің орынбасарларын, білім бөлімінің басшылары мен мамандарын көрмедік. Әсіресе, аудандық білім бөлімінің басшылары жағдайды көре тұра «сен тимесең, мен тиме» деген пиғылмен «жағдай осылай болып тұр» деп отыра бергендері таңғалдырады. Демек, аудандағы білім саласына шын мәнінде білгір, мемлекеттік деңгейде пайымдай алатын адам басшылық етпейді деген ой қорытуға тура келеді.
Жалпы, аталған ауылдардағы білім мәселесіне қатысты осы тақылеттес мәселе жетерлік. Біз тек бір салаға басымдық бере бермей, туындаған келесі мәселені сөз етейік.
ҚР Қарулы күштері қатарында қызмет ету ортақ Отанымыз – Қазақстанның патриоты ретінде мемлекетке қызмет етудің бірден-бір көрінісі. Ал Қордайдағы дүнген жастарының әскерге бармайтыны туралы ақпарат бар. Бұл жерде аталған жастарды заңды түрде әскерге шақырмайды деген әңгіме жоқ.
Өткен жылдың соңында облыс әкімдігі жанындағы Жастар істері жөніндегі кеңес отырысында облыстағы әлеуметтік, қоғамдық мәселелерді көп жылдан бері зерттеумен айналысып жүрген «Жастар зерттеу» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Парида Мамедова осы мәселені көтерген болатын. Ол өз сөзінде кейбір этникалық топ өкілдері, соның ішінде дүнген жастарының әскер қатарынан бас тартатынын айтқан болатын.
Қазақ пен дүнгеннің арасындағы сынаның бірі – дүнгендердің оқшауланып отыруы болса керек деп ойлаймыз. Өйткені өздерінше бөлектеніп өмір сүретін этникалық топтың елге ортақ заңдылықтарды қабылдай қоюы қиын. Бұл жерде де солай. Өздерінің «жазылмаған заңдары» бар диаспораға Қазақстанның кейбір заңдары басы артық мәжбүрлеу секілді көрінуі мүмкін. Қазақстандық ортақ құндылық, мемлекеттік бірлік сынды ұстанымдардан гөрі ішкі салт-сананы сақтау мен тіршілік қамын күйттеп кеткені байқалады.
Айтпақшы, «Aq jol» ауылдағы көше аттарын қазақыландыру мәселесін де көтерді. 2016 жылдың 9 маусымында Құрманбек Әлімжанның «Кеңестік атаулар таскенедей жабысып тұра бере ме?» атты мақаласы шықты газетке. «Қордайда келмеске кеткен кеңестік көше атауларына әлі күнге кенеше жабысып айырылмай отырған ауыл бар дегенге сенесіз бе? Бұл аудан орталығынан кейінгі үлкен елді мекендердің қатарындағы Масаншы. Тұрғындарының саны жиырма мыңға жуық. Ауылдың жетпіс көшесінің отызға жуығының атаулары кешегі кеңестік кезеңнен бері қаймағы бұзылмаған күйінде» деген ол ауылдық округ әкімі Яргубе Искаковтың бұл мәселеге қатысты мұншама көше атауларын бірден алмастыру қымбатқа түсетін шаруа екендігімен түсіндіретінін жеткізеді. Осы мәселе көтерілгеннен кейін, яғни келесі жылдың мамыр айында аталған көшелердің атауы өзгертілген.
Осы орайда туындайтын тағы бір мәселе – дүнгендердің ҚР Мемлекеттік тілін меңгеруі мен оны күнделікті өмірде қолдану жайы. Соңғы оқиғаға байланысты әлеуметтік желі қолданушылары аталған ұлт өкілдерінің қазақ тілін білмейтіндігі туралы көп айтты. Бірақ дүнгендердің қазақ тілін білмеуіне, қажетсінбеуіне, қазақ мектептерінде білім алмауына не себеп? Бұл орайда қазақтардың өздері де мүмкіндік болса баласын орыс мектептеріне беріп, шетел асырып оқытуы, ана тілін білмесе де ағылшын тілін меңгертіп жатқанын ойлап, ары қарай жалған намысқа берілуге ұяласың. Өйткені біреуден бірдеңені талап ету үшін, ол қасиет алдымен өзіңде де болуы керек емес пе?! Демек, бұл жердегі үлкен мәселе – тек қана дүнгендер ғана емес, жалпы халықты қазақ тіліне бет бұрғызу, қажет болса заңды орындауды талап ету керектігі байқалады. Ол заң баршаға ортақ болуы тиіс. Олай болмаған жағдайда, мемлекеттік тіл тұрғысындағы талап бекершілік.
Бұлардан өзге де мәселе көп. Мысалы, дүнгендер қоныстанған Масаншы, Сортөбе, Бұлар батыр ауылдарында мәдени-көпшілік іс-шаралары өткізіле ме? Өткізілсе, олар әншілер мен өзге де өнер адамдарын қалай қарсы алады? Ел арасында олар діни көзқарастарына байланысты концертке бармайды, мәдени шараларға атсалыспайды делінеді. Ол қаншалықты рас? Жалпы, ауданның осы салаға жауапты мамандары ол ауылдарда қандай іс-шаралар өткізген екен?
Көкейде түрлі сауал туғызатын тағы бір жайт – дүнген жастарының қоғамдық жұмыстарға қатысуы. Бәрімізге белгілі, қандай да бір іс-шара өткізілетін болса оған жастар көптеп тартылады. Мысалы, қазір жастар арасында жаппай ұйымдастырылатын флэш-моб сынды жаңашылдықтар бар. Оған аталған ауыл жастары тартыла ма? Жастар арасындағы түрлі мәселелерді зерттеп, оны шешумен айналысуы тиіс облыстық Жастар саясаты мәселелері басқармасы тарапынан бұл мақсатта қандай жұмыстар атқарылған?! Жалпы, ауылда болған қақтығыста жастардың заңға бағынбай, шу шығарғаны айтылады. Демек, олармен тиісті түсіндіру, ақпараттандыру-ағарту жұмыстары дұрыс жүргізілмеді деуге негіз бар сияқты.
Қордай ауданындағы «Батыр аналардың» ең көбі дүнген келіншектері. Демек, мемлекет тарапынан төленетін жәрдемақы мен тиісті көмектердің басым бөлігін аудан бойынша аталған ауылдың аналары алады. Сол көмектің өтемі ретінде олар балаларын мемлекетті, оның заңдары мен қағидаларын сыйлап-құрметтеуді үйретуі керек емес пе?! Сұрақ көп. Тиісті мекемелерден бұл сауалдардың толыққанды жауабы болады деген ойдамыз.
Халқымызда «Ештен, кеш жақсы» деген сөз бар. Демек, «бітеу жараны» емдеп, жазу үшін әлі де мүмкіндік бар. Оған еліміз бен облысымызда ресурстар жеткілікті. Ендігі жерде соны тиімді пайдалана білейік!

Қордай ауданы.

Суреттерді түсірген
Ақәділ Рысмахан.

Қордайда жағдай тұрақты

Қордай ауданында техногендік төтенше жағдай сақталуда. Құқық қорғау органдары күшейтілген режімде жұмыс істеуде. Орын алған оқиға зардаптарын қалыпқа келтіру, қақтығыс салдарын жою шаралары белсенді жүргізілуде. Қазіргі таңда Қаракемер, Масаншы, Бұлар батыр, Сортөбе, Қарасу, Ауқатты ауылдарының барлық кіріс-шығыстарына блогпосттар қойылып, көшелерде қоғамдық тәртіпті сақтау жұмыстары жүргізілуде.
Орын алған төтенше жағдай салдарынан барлығы 182 адам зардап шеккен. 174 адам медицина мекемесіне жүгініп, оның 42-сі жатқызылса, 10-ы мерт болған. 30 тұрғын үй мен 17 коммерциялық нысан және 47 автокөлік өртенген десек, бүгінде алдын ала жасалған есептеулерге сәйкес, келтірілген залал көлемі анықталуда.
Жалпы ағымдағы жылдың 7 ақпан, сағат 00.00-ден 11 ақпан, сағат 19.00-ге дейін Қордай, Қарасу, Ауқатты, Сортөбе шекара бақылап-өткізу бекеттерінен Қырғыз Республикасына 18173 адам шыққан, Қырғыз Республикасы аумағынан Қазақстан Республикасы аумағына 11063 адам кірген.
Масаншы, Сортөбе, Бұлар батыр ауылдарында қақтығыстан зардап шеккен азаматтармен жұмыс жасау мақсатында арнайы топтар құрылып, мобильді халыққа қызмет көрсету қызметі ұйымдастырылды. Екі азаматқа жеке куәлік, 320 балаға шекарадан өтуге анықтама, 45 неке туралы куәлік, 6 азаматқа жылжымайтын мүліктерге құжаттар берілді. Бұл жұмыс күнделікті жалғасын табуда.
Көше бойындағы өртенген автокөліктерді, қоқыстарды тазалау жұмыстары толық аяқталды. Оған 30 техника мен 125 адам жұмылдырылды.
Орын алған төтенше жағдайды бақылау үшін барлығы 2601 құқық қорғау органдарының қызметкерлері және 127 әскери техника жұмылдырылды.
Бүгінгі таңда барлық әлеуметтік нысандар, яғни, мектептер мен балабақшалар, сауда орындары мен дәріханалар қалыпты жағдайда жұмыс жасауда.
Аталған ауылдардағы зардап шеккен тұрғындарға Жамбыл ауданы, Жалпақтөбе ауылынан Қазақстан халқы Ассамблеясы мүшелерінің ұйымдастыруымен 20 тонна көлемінде гуманитарлық көмек жетсе, Алматы қаласының мәслихат қызметшілері «Қызыл ай» қорымен бірлесе ауызсу, ұн, 60 қорап азық-түлік пен өзге де қажетті заттарды жолдады.
Сондай-ақ облыстық «Вынхуа» этномәдени бірлестігінің волонтері Парса Рамазан қаза болған 4 отбасының мүшелеріне 400 мың теңгеден материалдық көмек көрсетіп, азық-түлікпен қамтамасыз етті.
Бүгінгі күнде аталған ауылдарда жағдай тұрақты.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support