Барлық салада ілгерілеу бар

Аудан әкімі Ерболат Садырқұлов тұрғындар алдында өзінің қорытынды есебін берді. Мэлс Өзбеков атындағы Мәдениет үйінде өткен есепті жиынға облыс әкімі Асқар Мырзахметов арнайы келіп қатысты. Биылғы есеп беру жиыны жылдағыдан өзгеше форматта өтті. Жылдағыдай әкім есебі сағаттап уақыт алған жоқ. Сондай ұзақ сөз сөйлейтіндердің кесірінен мұң-мұқтажын айтуға келген халықтың талап-тілегі айтылмай, ескерусіз қалатын. Елді ығыр ететін мұндай жағдайлардың биыл бірі де болмады. Аудан әкімі 2019 жылы атқарған жұмыстарының негізгілеріне ғана тоқталып, бір жылдық жұмысты он минуттық баяндамаға сыйғызды. Осы уақыт аралығында ағымдағы жылы атқарылуы тиіс жұмыс жоспарымен де бөлісті. Есесіне, тұрғындардың көсіле сөйлеп, көкейіндегісін айтуына мүмкіндік туды.
Аудан әкімі өз есебінде аудан экономикасында оң динамика қалыптасқанын жеткізді. Экономиканың өсімі 114,8 пайызды көрсетіп, өткен жылмен салыстырғанда 1,8 пайызға өскенін атап өтті. Аудан бюджеті кірісінің жоспары 36,4 миллион теңгеге артығымен орындалып, көрсеткіш 100,2 пайызды құраған. Ауыл шаруашылығы саласындағы жалпы өндірілген өнім көлемі 33,4 миллиард теңгені құрап, 2018 жылмен салыстырғанда 6,3 миллиард теңгеге артты.
Қазір барлық ауданда облыс әкімінің бастамасымен қолға алынған пилоттық жоба жүзеге асып, тұрғындар 2,5 пайыздық несиеге қол жеткізді. Әкім есебінде «Облыс тұрғындарының тұрмыстық табысын жақсарту» пилоттық жобасын Құмарық ауылдық округінде іске асыру мақсатында арнайы «Құмарық-Тау» кооперативі құрылғанын айтып, «Пилоттық жоба» шеңберінде жаңа жобаларды іске асыруға қажетті қаражат көлемі 684,6 миллион теңгені құрағанын сөз етті. Сонымен қатар 89,9 миллион теңгеге 17 дана ауыл шаруашылығы техникасы лизинг арқылы алынған екен.
Баяндама барысында аудандағы барлық салаларда атқарылған жүйелі жұмыстар айтылды. Өз кезегінде аудан тұрғындары аудан әкімінің жұмысына оң бағасын беріп, алдағы жұмыстарына табыс тіледі. Атап айтқанда, Көкдөнен ауылдық ақсақалдар алқасының төрағасы Болат Мәткерімов, Көгершін ауылының тұрғыны Серік Өтегенов, Құлан ауылының тұрғыны, зейнеткер Базарбай Қозғанбаев аудан әкімінің іскерлігін, көп жылдар шешімін таппаған күрмеуі қиын мәселелер Ерболат Салқынбекұлы келгелі шешілгенін атап өтіп, елді ынтымақ-бірлікке шақырды. Жиында аудан экономикасын өрістетуге, тұрғындардың тұрмыс сапасын жақсартуға қатысты да бірнеше сұрақтар қойылды. Соның бірін аудандық қоғамдық кеңестің хатшысы Жарылқасын Дидай қойды. Ол: «Аудан орталығында салынуы тиіс 80 пәтерлі, 5 қабатты 2 тұрғын үйдің құрылысы қашан қолға алынады?» деген сауалын жолдады. Бұған аудан әкімі қабылдауына келген тұрғындардың 50 проценті тұрғын үй мәселесін көтеретінін, бүгінде ауданда 819 адам тұрғын үй кезегіне тіркелгенін айтып, бұл мәселені шешуге уәде берді.
– Кезекте тұрған азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету мақсатында аудан орталығынан 2 тұрғын үй салуға дайындалған жобалық-сметалық құжаттың біреуіне сараптама қорытындысы алынды, біреуі сараптамаға ұсынылды. Оң қорытынды алғаннан кейінгі жұмыстар жоспарға сай жүргізіледі, – деген Ерболат Салқынбекұлына көше жарығы мен көше жолдарын жөндеу, тұрғын үй салуға жер телімдерін беру, елді мекенге газ кіргізу секілді де бірнеше сұрақтар жолданып, нақты жауаптары берілді. Сол секілді ауданның Құрметті азаматы Түзел Алагөзова, кәсіпкер Бақытжан Бидайшиев те сөз алып, ауданның саяси ахуалына қатысты өз ойымен бөлісті.
Жиын соңында облыс әкімі Асқар Исабекұлы қорытынды сөз сөйледі.
– Ауданның әлеуеті жоғары екенін үнемі айтып келеміз. Солай болуы да керек. Себебі Тұрар Рысқұлов ауданы таудың сағасында, күре жолдың бойында орналасқан. Экономиканы көтеруге, ауыл шаруашылығын дамытуға табиғаты қолайлы аймақ, – дей келіп жиында көтерілген мәселелерге тоқталды.
Тұрар Рысқұлов ауданы әкімінің қорытынды есебінен кейін облыс басшысы Асқар Мырзахметов «Nur Otan» партиясы аудандық филиалында жергілікті тұрғындарды қабылдады. Қоғамдық қабылдауға келгендер бірнеше мәселені сөз етті. Айтылған мәселелердің қай-қайсысы да өзекті. Десек те, облыс басшысы Қарақат ауылының тұрғыны Үмбет Жанәділов пен Құлан ауылының тұрғыны Дария Түлендібаеваның өтінішіне ерекше мән берді. Алғашқысы – тұрғындардан тері-жүн қабылдайтынын, алайда оны өткізетін, өңдейтін облыста ешқандай кәсіпорын жоқтығын алдыға тартса, мүмкіндігі шектеулі баласының күтімімен отырған Дария Асылбекқызы көп жылдан бері пәтер кезегінде тұрғанын айтып, баспаналы болуды армандайтынын жеткізді. Облыс әкімі тиісті мамандарға осы мәселелерді шешудің тиімді тетіктерін қарастыруды тапсырды.

Мереке Ержанұлы,
журналист.

Т.Рысқұлов ауданы.

Comments are closed.

https://4store.com.ua/