- Advertisement -

Айтыскерлер аламанында – жаңа есімдер

«Жамбыл - менің жай атым...»

171

- Advertisement -

Біз жыр алыбы Жамбылменен мақтанамыз. Мойынқұмдағы Жамбыл тауының бөктерінде өмірге келген ақынның әр мұрасы халықтың ортақ рухани қазынасы. Оны дәріптеу, ардақтау – өскелең ұрпаққа парыз. Осы құндылықтарды ескерген облыс әкімі Асқар Мырзахметов ақынның есімімен аталатын өңірде жыл сайын «Жамбыл – менің жай атым, халық – менің шын атым» республикалық айтысын ұйымдастыруды дәстүрге айналдырды. Жыр додасының ерекшелігі – алдын ала іріктеу кезеңдері өтетіндігінде. Былтыр облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы әр ауданнан талантты жас ақындарды тауып, 89 талапкердің талабын ұштаған еді. Өнерге жанашырлықтың үлгісі осындай болса керек!

Биылғы іріктеулерде қандай өзгеріс бар?

Қаңтар айының алғашқы күндерінде аталған басқарма басшысы Дүйсенәлі Бықыбаев мырза өңірдегі айтыскерлер мен тәлімгерлерді жинап, жиын өткізген болатын. Сол жиында биылғы іріктеу қандай формада өткізілетіні талқыланған. Айтыскерлер де өз ойын жеткізіп, бәрі былтырғыдай аудандарда іріктеу ұйымдастыру қажет деген байламға тоқтаған. Сөйтіп өткен жылғы үш тәлімгерге төртінші болып биыл байзақтық белгілі айтыскер Алтынкүл Қасымбекова қосылып, былтырғы республикалық айтыстың бас жүлдегері Қанат Мырзахан аталған айтыстың облыстық кезеңіне бірден жолдама алды.

Қандай жаңа есім бар?

Өткен жылы тоқсанға жуық ақын шықты деп бөркімізді аспанға аттық. Қуанғанымыз орынды ғой. Әйтсе де олардың сахнада сөз саптауы, ұйқас жұптауы қандай деңгейде? Мәселен, былтыр облыстық кезеңге өткен 31 үміткердің барлығы айтыс талабына толық жауап бере алды ма? Биыл тәлімгерлердің де, ұйымдастырушылардың да, айтыскерлердің де көңілінде жүрген сауал осы. «Аудандық іріктеу неге керек?» – деп азар да безер болып жүрген бірқатар айтыскерлерді де білеміз.
Иә, бұл уақыттың еншісіндегі мәселе. Іріктеу кезеңдерін өткізу де қажет екенін, аудандық айтыста жарып шыққан жас дарындарды көргенде көпшіліктің көңіліндегі күдік арылар, бәлкім. Бұл жолы біз де сөйттік.
Тараздың іргесіндегі жыр алыбының атымен аталған ауданда өткен іріктеу кезеңі Елібек Нұрмағанбетов, Мұхтар Қонарбаев деген жастарды танытты. Жалпы он үміткер қатысқан жыр додасында «ә» дегенде көпшіліктің назарын аударған осы қос дарын облыстық кезеңге жолдама алғанын айта кеткен жөн. Мұхтардың 11-сынып оқушысы екенін ескерсек, одан үлкен үміт күтуге болады. Елібек – студент, сонымен қатар келесі кезеңге өткен Бақнұр Нұрман, Шапағат Сәбитқызы да – студент. Ақпан айындағы облыстық айтысқа Нұрлыбек Құрманов осы төрт ізбасарын ертіп шығатын болады.
Байзақтағы іріктеуге 6 үміткер қатысып, 5-еуі облыстық кезеңге өтті. Жаңа есім – жас айтыскер Нұртай Әліпбай. Елуге келген Алик Бекмұсаевтың құрдасы Аида Будеева да облыстың жолдамасына қол жеткізді. Аиданы жаңа есімге де, бұрынғы топқа да жатқыза алмадық. Сөзінің салмағына – уақыт төреші.
Талас ауданындағы іріктеуге аудан әкімі Бақыт Қазанбасов қатысып, ақындарға ақ жол тіледі. Аудандық іріктеуге аудан әкімінің келгені, айтысты көргені қуантты. 14 үміткер іріктеуге қатысты. Бұл ауданда да осы жолдардың авторы, Нұржан Манатбектен бөлек, Еркін Оразбек, Ермұрат Баймырза облыстық кезеңге өтті. 26 жастағы Ермұраттың өзін көрсетуіне мүмкіндік бар деп білеміз. Ал үшінші орын алған студент Жұлдызай Мұхтар мен оқушы Айсұлу Жүнісбек айтыстың болашағы. Әсіресе Жұлдызайдың дауысы, киімі, мәдениеті сахнаға ерекше көрік беретінін байқап қалдық.
Сарысудан – 3, Меркі ауданынан – 3, Т.Рысқұлов ауданынан – 2, Жуалы ауданынан – 2 үміткер облыстық кезеңге өтті. Бұрын көрініп жүрген айтыскерлердің бәрі де аудандық іріктеуден іркілмей өткен. Жуалы ауданынан қосылған оқушы Санжардан, меркілік жаңа есім Аян Мәдиевтен де үміт күтіп отырмыз. Қалған үш аудан және Тараз қаласында да іріктеу кезеңі өтті.
Қалай дегенде де облыс әкімінің бастамасымен жүзеге асып жатқан өңір айтысын жандандыру жобасы жемісін бере бастады.

Е.Жаңабайұлы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support