- Advertisement -

Ұлттық идеяны ұлықтаған ғалым

62

- Advertisement -

Халықты тарихқа құрметпен қарауға және зерделеуге, өткеннен сабақ үйренуге шақырған Елбасының «Ұлы Даланың жеті қыры» атты мақаласы тарих және мәдениет салаларында көптеген игі істерге бастамашы болды. Солардың қатарында «Архив – 2025» және «Ұлы Даланың ұлы есімдері» атты ірі жобалар бар. Бұл қадам Ұлы Даланың тұтастығын сақтап қалуға ықпал еткен тұлғалардың төл тарихымыздағы лайықты бағасын беруге оң ықпал еткені анық. Көптеген уақыт бойы «Ұлы Даланың ұлы есімдерін» танытуға, өткеніміз бен бүгінгімізді сабақтастыруға түрткі болып жүрген ғалымдар мен қаламгерлердің сөзі қалың жұртшылыққа айқын жетіп, ізденіс жұмыстары кең көлемде жүргізіле бастағаны да ұлт руханиятындағы ұлы серпілістің арқасы. Солардың қатарында белгілі ғалым, танымал журналист Намазалы Омашев та бар.
Биыл «Ұлттық идея – Қазақстанның тұрақты даму негізі» атты бағдарлама аясында «Ұлттық идеяның қайнар көзі – Алаш публицистері мұраларын жинастыру, жүйелеу, талдау және жариялау» деген тақырыпта ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізуге бастамашы болған профессор 70 жасқа толып отыр. Соған орай аудандық тарихи-өлкетану музейінде арнайы көрме ұйымдастырылды.
Көрме барысында аудандық тарихи-өлкетану музейінің директоры Айдын Бәзілов ғалымның өмір жолы және ғылыми жетістіктері туралы баяндама жасады. Сондай-ақ №17 мектеп-интернаттың оқушылары ғалымның еңбек жолынан көпшілікті хабардар етті. Атап айтқанда, жиналғандар Намазалы Омашұлының БАҚ өкілдеріне арналған «Алтын самұрық» сыйлығының иегері екенінен, Қазақстан Журналистер одағының сыйлығын үш дүркін иеленгенінен, ЮНЕСКО профессоры, Кэмбридж университетінің «Жыл адамы» атанғанынан хабардар болды.
Ғалымға арналған көрмеге оның АҚШ, Канада, Франция, Ресей елдерінде өткен халықаралық конференцияларда жасаған баяндамалары, оннан астам кітабы, ғалым жайлы өзге де белгілі адамдардың мақалалары қойылған. Іс-шараға жиналғандар көрмені аралап көріп, жерлестерін кеңінен тани түсіп, қажетті ақпараттар алды. Қонақтардың барлығы көрмені ұйымдастырушыларға ризашылықтарын білдірді.

Перизат Жұмабекова,
аудандық тарихи-өлкетану музейінің суретші-көркемдеушісі.

Меркі ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support