Ақындар аяқ доптың да шебері екен

Айтыскер ақындар бұған дейін «Жамбыл – менің жай атым, халық – менің шын атым» атты республикалық ақындар айтысының алдында тарихи Таразға келіп, шағын футбол аламанында бақ сынаған еді. «Ақынға парыз – көп ойлау, артық та емес доп ойнау» атты турнир білікті банк қызметкері, футболшы болған Темірлан Арзымбетовті еске алуға арналған халықаралық футбол додасы ретінде ұйымдастырылды. Осылайша еліміздің әр қиырынан және көршілес Қырғыз Республикасынан келген айтыскерлер бір сәтке домбырасын қойып, доп тепті.
Іс-шара алдымен Шерхан Мұртаза атындағы «Руханият және тарихтану» орталығында «Атыңнан айналайын, Әулиеата» атты айтыскерлердің рухани басқосуымен басталды. Оны айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің облыстық филиалының төрағасы Ахметжан Өзбеков ашып, жүргізіп отырды. Іс-шара барысында «Nur Otan» партиясы облыстық филиалы төрағасының орынбасары Шәбден Тілеумұрат сөз сөйлеп, алыстан келген жыр жүйріктеріне сәттілік тіледі.
Кейін Қырғыз Республикасының Талас облысынан келген жыршы, манасшы Азиз Баймырза бірқатар кісіге тарту жасап, Манас жырынан үзінді оқыды. Айтыскер Айтмұханбет Исақовқа қомуз сыйлады. Нұрлыбек Құрманов орындаған арнау өлең де көпшілік көңілінен шықты. Мұнан соң екі мəрте «Алтын домбыра» аламанының жеңімпазы Мұхтар Ниязов, былтырғы «Алтын домбыра» иегері Рүстем Қайыртайұлы, ақтаулық айтыскер ақын Нұрлан Мұсаев, қарағандылық Дидар Хамиев, алматылық Қазірет Бердіхан өз ойларын ортаға салып, аз уақытта Тараздың мəдени өміріне жаңашыл өзгеріс əкелген, айтысты қолдаған облыс əкімі Асқар Мырзахметовке алғыстарын білдірді.
Бұдан соң «Тараз – Арена» спорт кешенінде жарыстың шымылдығы түрілді. Доданың ашылу салтанатында Темірлан Арзымбетовтің қарындасы Әлия Арзымбетова бастаған өзге де азаматтар сөз сөйлеп, Алатау мен Арқадан келген ақындарға ризашылықтарын жеткізді. Соңыра додаға қатысушы командалар екі топқа бөлініп, аламанды бастап кетті.
Біздің облыстан бұл турнирге екі ұжым қатысқан еді. Солардың бірі – «Әулиеата» командасы бірінші ойында Қырғыз Республикасынан келген «Талас» командасымен кездесіп, айыр қалпақты ағайындарға 1:5 есебімен жол берді. Мұнан кейін жасыл алаңға шыққан тағы бір командамыз «Руханияттың» жігіттері ә дегенде түркістандық «Тұран» командасынан 2:1 есебімен айласын асырғанымен, қалған ойындарда сәттілік жетіспей топтан шыға алмады.
Өз топтарынан суырылып шыққан төрт команда жүлделі орындарды сарапқа салды. Алғашқы жартылай финалда түркістандық «Тұран» командасының жігіттері Қырғыз Республикасынан келген «Талас» командасын 5:3 есебімен жеңіп, финалдық жолдаманы қалтаға салды. Құрамында «Айтыстың ақтаңгері» атанған Дидар Қамиев сынды белгілі айтыскер ақыны бар Қарағандының «Арқа» командасы екі дүркін «Алтын домбыра» айтысының жеңімпазы Мұхтар Ниязов доп тепкен «Ақмешіт» жігіттерінен 3:1 есебімен айласын асырып кетті.
Үшінші орын үшін өткен ойында «Ақмешіт» командасының айтыскерлері «Таластан» 3:2 есебімен басым түсіп, қола жүлдегер атанса, Қарағандының «Арқасы» Түркістанның «Тұранын» тура сондай есеппен жеңіп, алтын жүлдеге қол жеткізді.
Жарыста топ жарған командалармен қатар барлық ұжымдар арнайы сыйлықтармен марапатталды. Сондай-ақ үздік ойыншылар да назардан тыс қалған жоқ. Бұл күні айтыскер ақындар достықтың туы биікте тұрғанын айтып жатты. Таразда дәстүрлі түрде басқосуға себеп табылғанын да тілдеріне тиек еткендер болды.
Қысқасы, тартысқа толы жағдайда өткен турнир ақындардың да, жанкүйерлердің де көңілінен шықты. Ең бастысы да – сол. Одан бөлек айтыскер ақындар республикалық «Жамбыл – менің жай атым, халық – менің шын атым» айтысының алдында көне шаһар жайлы жаңа мәліметтерге қаныққаны анық.

Табиғат Абаилдаев

Суреттерді түсірген
Ақәділ Рысмахан.

Comments are closed.

https://4store.com.ua/