- Advertisement -

Ауыл кітапханасының Бақыты

79

- Advertisement -

Саналы ғұмырын жауапты салаға арнаған азаматтар қашанда сый-құрметке лайық. Әр адамның беделді болуы оның адамгершілігіне байланысты. Осындайда: «Адамда жақсы қасиет болмаса оған бақ та, бақыт та қонбайды» деген Жүсіп Баласағұннан қалған әйгілі тәмсіл еске түседі. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын», – демекші, атқарған сапалы жұмысын ел мақтаған кісінің бірі – білікті маман, кітапхана ісінің шебер ұйымдастырушысы Бақыткүл Қанаева.

Бақыткүл Сыдықбекқызы 1960 жылы Амангелді (қазіргі Тәттібай Дүйсебайұлы) ауылында туған. 1980 жылы Жамбыл мәдени-ағарту училищесінің кітапхана ісі бөлімін бітіріп, сол жылы еңбек жолын аудандық орталық кітапханада кітапханашы болып бастайды. Білікті маманның жұмысына жауаптылығы сол кездегі мекеме басшысына ұнаған көрінеді. Оның 1995 жылы аға библиограф, 1996-2001 жылдары аралығында әдістемелік бөлімнің меңгерушісі қызметіне жоғарылауы – осы сөзімізге дәлел.
Ол 2001 жылдың сәуірінен бүгінгі күнге дейін аталған аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры қызметін абыроймен атқарды. Жыл сайын өтетін «Ең үздік ауылдық кітапхана» облыстық байқауы Б.Қанаеваның ұйымдастыруымен Жуалыда өтіп жүрді. Аталған облыстық байқауда ауданымыздағы Қосбөлтек, Талапты, Көктөбе, Көлбастау ауылдық кітапханалары бірнеше дүркін жеңімпаз атанып, мерейімізді асқақтатты. Білімді де білікті басшы Бақыткүл Сыдықбекқызының ұйымдастырушылық қабілетінің жоғарылығы ғой, әр жылдары бірнеше аудандық, облыстық тәжірибелік семинарлар ұйымдастырылатын.
Ол, әсіресе, кітапханалардағы арнаулы орта білімді мамандардың жоғары білім алуына да көп еңбек сіңірді. Басқасын былай қойғанда, соңғы екі жылдың бедерінде ауылдық кітапханаларда ұзын-ырғасы 17 цифрландырылған ақпараттық орталық ашылды. Бұл ауыл тұрғындары үшін, оқырман қауым үлкен жаңалық. Ал «Өрлігі мен ерлігі биік – Бауыржан» кітапханалық жобасы қазіргі уақыт талабына сай тың бастама болып отыр. Соның арқасында Кеңес Одағының Батыры, даңқты қолбасшы, қасиетті Жуалының қаһарман перзенті Бауыржан Момышұлының шығармаларын, кітаптарын электронды цифрлық жүйеге көшіру жұмысы жүйелі жүргізіліп жатыр. Кітапханаларда елімізге белгілі ақын-жазушылармен, жергілікті қаламгерлермен, жас ақындармен кездесу, кештер жиі өткізіледі. Оның бәрінің жоғары деңгейде өтуі білікті басшы Б.Қанаеваның мол тәжірибесінің жемісі дер едік.
Бақыткүл Сыдықбекқызының кітапхана саласындағы ұзақ жылғы еңбегі елеусіз қалған жоқ. Ол әр жылдары «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне – 20 жыл!», 2017 жылы облыстық кәсіподақ ұйымының «Еңбек даңқы» салалық төсбелгісімен, «Кітапхана ісінің ардагері» медалімен, облыс, аудан әкімдерінің, аудандық мәслихаттың Құрмет грамоталарымен марапатталды. Кітапқұмар оқырманның жанашыры бола білген Бақыткүл Қанаеваның азаматтық келбеті міне осындай.

Нұржан МАНАСҰЛЫ,
журналист.

Жуалы ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support