- Advertisement -

Еріктілер үлесі – еріккеннің ермегі емес

50

- Advertisement -

Еріктілер жылы жәй ғана науқандық шаралармен емес, тұрғындарға пайдалы, кейін де жалғасын табатын игі істермен өрбуі тиіс. Бүгін облыс әкімдігінде өткен жиында өңір басшысы Асқар Мырзахметов осылай деді.

Аталған жиында үш мәселе қаралды. Олар – Еріктілер жылына арналған жоспар, Тараз қаласында әлеуметтік дүңгіршектер орнату және көтерме тарату орталықтарының құрылысы. Күн тәртібіндегі алғашқы мәселе бойынша облыстық жастар мәселелері басқармасы ақпараттық талдау жұмыс бөлімінің басшысы Фархат Абдралиев баяндама жасап, еріктілер жылына арналған жоспарға тоқталды.
Оның айтуынша, «Қамқор» волонтерлік-қайырымдылық жобасы аясында қазіргі таңда облыста 13 қайырымдылық дүкен жұмыс жасаса, халық көп шоғырланатын 5 сауда орындарында арнайы киім-кешек, тұрмыстық заттар қабылдауға арналған жәшіктер орнатылыпты. Жыл басынан бері аталған дүкендер арқылы бір мыңға жуық отбасына 3 тоннаға жуық киім-кешек, тұрмыстық заттар үлестірілген. Жалпы бүгінде дүкенде 3,5 тонна киім-кешек қоры бар. Сондай-ақ еріктілердің көмегімен 300 мыңға жуық отбасының әлеуметтік жағдайы сараланыпты. Осындай мәліметтерді тілге тиек еткен басқарма басшысының орынбасары ағымдағы жылға арналған іс-шаралар жоспары әзірленіп, облыс әкімінің орынбасары бекіткенін жеткізді.
Асқар Исабекұлы аталған іс-шаралар жоспары көңілден шықпайтынын жеткізіп, қайта толықтыруды тапсырды. Өңір басшысы Еріктілер жылын пайдасы жоқ семинар мен қаптаған флешмобтармен өткізбей, кейінгі жылдары да жалғасын табуы тиіс игі жұмыстар атқарылуы керектігін ескертті. Еріктілердің қайырымдылық шараларына барынша атсалысуын, ол үшін алдымен аз қамтылған, көп балалы отбасылардың әлеуметтік картасын түзудің маңыздылығын баса айтты. Сонымен қатар еріктілерді жастар тәрбиесіне, кәсіппен айналысуға, жастар арасындағы құқық бұзушылықтарды азайтуға, қоғамдағы өзекті мәселелер мен төтенше жағдайлардың алдын алу мен зардабын жоюға тарту жайына назар аудартты. Ол үшін аталған басқарма тиісті жұмыстарды ұтымды ұйымдастыра білуі қажет.
Бұдан соң жиынның күн тәртібіндегі келесі мәселелер бойынша әлеуметтік дүңгіршек пен көтерме тарату орталықтары құрылыстарының жайы сараланды. «Тараз» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясының басқарма төрағасы Нүркен Шәрбиев облыс орталығынан 100 әлеуметтік дүңгіршек ашу жұмыстарының дайындық барысын баяндады. Облыс әкімі тиісті жұмыстарды тезірек атқарып, барлық дүңгіршектерді мүмкіндігінше биыл салу керектігін жеткізді. Дүңгіршектерді орнатудағы негізгі мақсат тұрғындардың игілігіне жұмыс жасау екендігін ескертіп, ондағы азық-түлік тауарларын тиімді бағада сатылуын бақылау шараларын күшейтуді тапсырды. Сондай-ақ Асқар Исабекұлы көтерме-тарату орталықтарының бағаны тұрақтандыру үшін маңыздылығын тілге тиек етіп, жауапты тұлғаларға жұмыс жоспарын жүйелі түрде ұйымдастыруды жүктеді.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support