Таразда 80 пәтер пайдалануға берілді

Кеше Тараздағы он бесінші шағын аудандағы халықтың әлеуметтік жағынан осал топтарына арналған бес қабатты тұрғын үй пайдалануға берілді.
«Нұрлы жер» бағдарламасы аясында Сүлейменов көшесінің соңындағы алқапта № 15 шағын аудан бой көтерді. Алқапта 280 көппәтерлі және 969 жеке тұрғын үй салынады. Халықты қолжетімді тұрғын үймен қамтамасыз ету туралы Президентіміздің тапсырмасына сәйкес қалада ауқымды жұмыстар атқарылып жатыр. Шаһарда «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша 2019 жылы 16 тұрғын үй немесе 1 280 пәтер халық игілігіне берілді. Биыл 19 үйдің құрылысы жүргізілуде.Көп балалы отбасыларға арналған «Бақытты отбасы» бағдарламасы бойынша былтырғы жылы 323 пәтер берілді. Жергілікті бюджеттен бөлінген 1 миллиард 360 миллион теңгеге қайталама нарықтан 144 пәтер сатып алынды.
«Қарасу» шағын ауданында көп балалы отбасыларға арналған 4 көп қабатты әлеуметтік жатақхана пайдалануға берілді. «Арай» шағын ауданында 4 үйдің құрылысы жүргізілуде. Жатақхананың ішкі құрылысы екі бөлмелі пәтерлерден тұрады. Бір пәтердің жалпы ауданы 35-40 шаршы метрді құрайды. Әр пәтерде зал және жатын бөлмелер, сондай-ақ, өз ас үйі, әжетханасы мен жуынатын бөлмесі бар.

Кеше пайдалануға берілген 80 пәтерлі әлеуметтік тұрғын үйге үй кезегінде көп жылдан бері тұрған азаматтар (балалар үйінің түлектері, жетімдер және 29 жасқа дейінгі қамқорсыз қалғандар, әлеуметтік осал топтарына жататын азаматтар, бюджеттік саласының қызметкерлері, мемлекеттік қызметшілер мен әскери қызметшілер) ие болды. Салтанатты рәсімде қала әкімінің орынбасары Кенжебек Олжабай пәтер иелерін құттықтап, баспана кілттерін тапсырды. Бұл тұрғын үй сатып алу құқығынсыз жалға берілді. Құрылысты жүргізуші мердігер «Тараз строй – 2004» ЖШС.
Бүгінгі таңда Таразда тұрғын үй кезегінде 19 083 адам тұр, оның ішінде балалар үйінің түлектері, жетімдер және 29 жасқа дейінгі қамқорсыз қалғандар – 1 984, әлеуметтік осал топтарына жататын азаматтар – 9 202, көп балалы отбасылар –1 921, бюджеттік саласының қызметкерлері, мемлекеттік қызметшілер мен әскери қызметшілер – 5 976.

Тараз қаласы әкімінің баспасөз қызметі

Comments are closed.

https://4store.com.ua/