- Advertisement -

Cайыпқыран Серік ақын

255

- Advertisement -

Жамбыл ауданынан шыққан Серік Қалиев қазақтың айтыс өнеріне елеулі еңбек сіңірді. 1983 жылы халық ақыны, композитор Кенен Әзірбаевқа арналған облыстық айтыста жеңімпаз атанды. Сол айтысқа Аяз Бетбаев, Шорабек Айдаров, Шырын Мамасерікова секілді белгілі айтыскерлер қатысқанын ескерсек, 22 жасар Серік үшін бұл өте үлкен жетістік еді. Келесі жылы Кенен Әзірбаевтың 100 жылдығына арналған республикалық айтыста ол жүлделі үшінші орыннан көрінді.

Есет ДОСАЛЫ

Серіктің айтыс өнері жолында жеңістері жетерлік. Қырғыз елінде Жеңіжоқ ақынның 130 жылдығына орай өткізілген халықаралық айтыста бас жүлдені қанжығасына байлады. 1990 жылы Кеңес Одағының Батыры, даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлының 80 жылдық мерейтойына орай өткізілген республикалық айтыста да айы оңынан туып, бас жүлдегер атанды. Шешуші сында шымкенттік Кәрима Ораловамен сөз сайыстырғаны бар. Секең сонда: «Бір-екі әзіл тастайын, мамаңа айтып қоймасаң», – деп қалжыңның қазығына ат байлап еді. Сонда Кәрима: «Мама» деп тілімізді шұбарлама, төл тіліміз тазармай жатқан кезде», – деп сөзден ұстап алмақшы болған. Қармаққа оңай ілігетін Серік пе? Домбырасын қағып-қағып жіберіп:

«Кәрима, адамдайсың тойдан шыққан,
Сөзіңді байқамадым ойдан шыққан.
«Мама» сөзі орысша болса егер,
«Мама бие», «Мама ағаш» қайдан шыққан?» –

деп қуырдақты өз майына қуырғандай тапқырлық танытқаны күні бүгінгідей есімізде. Міне, осы жылдарда халық ақыны Әселхан Қалыбекова жамбылдық жас айтыскер Серіктің қадамын құптап, өнеріне жоғары баға берген болатын.
Тағы бір облыстық айтыста таластық Үміт Битеновамен жұп болды. Үміттің егіз ұлды өмірге әкелген кезі екен. Сонда Серік:

«Не білесің, Үміт-ау, не білесің?
Жеңемін деп Серікті желігесің.
Егіздетіп баланы туып тастап,
Қайта-қайта тууға ерінесің», –

деп әдемі әзілдегенін айтыссүйер қауым әлі айтып жүр.
Республикалық айтыстардың бірінде көкшетаулық Құдайберлі Мырзабековпен айтысты. Серік ақын ұзынқұлақтан Құдайберліні ауылдастарының «Коля» дейтінін біліп алыпты. Сахнада Серіктің:
«Атыңды ауылыңда Коля дейді,
Бізде оны Құдай берген бала дейді.
«Коля» боп біздің үйге кіріп барсаң,
Жеңешең бетін шымшып «Өлә» дейді», –

деген тапқырлығы да бар.
Осындай сәтті шумақтарына қарап, Серік Мақұлбекұлының айтыстағы жолы тек жеңістерден тұрады екен деп ойлауға болмайды. Сәттілік пен сәтсіздіктің қашанда қатар жүретіні бар емес пе? 1991 жылы Мойынқұм ауданында Халық Қаһарманы Қайрат Рысқұлбековті еске алуға арналған республикалық айтыс өтті. Сол айтыста шымкенттік Маржан Есжановамен айтысқан Серік:

«Жігіттің көп қой қызға құштарлығы,
Сөз қылып айтпайды ғой дұшпан мұны.
Жеңгеңдер тоқал ал деп айтпайды ғой,
Ол да болса әйелдің іштарлығы», –

деп қалжыңдамақшы болды. Ол өзі Қайраттай арысын жоқтаған ауыр айтыс емес пе? Міне, осы тұста Маржан:
«Сөздерің маған бір ой ойлатқызды,
Желігіп жүрсің әлі ойлап қызды.
Қазақтың қамын жейтін сендерсіңдер,
Ойларың тоқал қылу бойдақ қызды», –

деп шап беріп, сөзден ұстады. Секең де сөз қадірін түсінетін азамат. Сол сәтте орнынан атып тұрып, жеңілгенін мойындап, сахнадан шығып кетеді.
Жеңілгенін мойындай білу – үлкен қасиет. Қазіргі айтыстарда, міне, осы адалдық жағы кемшін соғып жататыны бар.
1994 жылы Мойынқұм ауданында Биназар батырдың құрметіне өткен айтыста Серік Қалиев пен Мұхамеджан Тазабеков айтысты. Сонда Серік:

«Еркін салып айтасың айтарыңды-ай,
Тұлпардай тарландығың байқалуда-ай.
Уақытша Алматыға бердік сені,
Ресейге жалға берген Байқоңырдай», –

деп әзілді ішкі миграциялық мәселемен астастырып ой толғайды. Сонда Мұхамеджан:
«Болады Серіктерге еліктеуге,
Жарайтын жан екенсің серік деуге.
Қазақтың барлық жері ортақ болып,
Наны да жаралғандай бөліп жеуге.
Байқоңырдай кеттім мен Алматыға,
Аспанын поэзияның зерттеуге», –

деп жауап беріп, алдыңғы толқын ағасының бағасын биіктете сөйлеген екен.
Серік Мақұлбекұлы 1983 жылы Жамбыл гидромелиоративтік құрылыс институтының ауыл құрылысы факультетін бітіріп, қолына диплом алғанымен, ғұмыр бойы өнердің, өлеңнің, айтыстың төңірегінде келе жатыр. Көркем және деректі фильм түсірумен де айналысқанын біреу білсе, біреу білмейді. «Хабар», «Қазақстан» ұлттық телеарналарында авторлық бағдарламаларымен де танылған. Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі. Оның бір ерекше қасиеті – ерінбейтіні, ізденгіштігі. Тоқсаныншы жылдары айналасында жүрген айтыскерлердің әзіл, шымшыма, тапқыр сөздерінен «Отыз тістен шыққан сөз» атты шағын кітап жинақтап шығарғаны есімізде. Өзі жазған өлеңдерінің де қадірін біліп, сәбиіндей аялап келеді. Ақын Серіктің «Жұлдыз сезім», «Ақмоншақ», «Егіздің сыңары», «Ғашық хат», «Иманым – менің жиғаным», «Болашаққа хат», «Ынтымаққа ынтығу», «Жүздесу», «Көңіл терезесі», «Ұлтыңды сүйсең…» атты жыр жинақтарының авторы екенін де айта кеткеніміз жөн.
Серік Қалиев қазір де айтыс әлемінен алшақ кеткен жоқ. Айтыста Ахметжан Өзбеков, Айнұр Тұрсынбаева секілді айтқан шумақтары атан түйеге жүк болатындай салмақты екі шәкірт дайындап шығарды. Сонымен қатар Серік Мақұлбекұлы бірнеше республикалық, халықаралық айтыстарды ұйымдастырушы ретінде де танылып, айтыссүйер елдің алғыс, құрметіне бөленіп жүр.

Жамбыл ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support