- Advertisement -

Қытайдағы коронавирустан Біздің елге қауіп бар ма?

64

- Advertisement -

Әлемде жаңа коронавирус тез тарап келеді. Бұл жер шары тұрғындарын алаңдатады десек артық айтқандық емес. Бүгінде аурудың алты жүзге жуық дерегі тіркелген, оның жетпістен астамы өліммен аяқталған.
Еліміздегі лабороториялар Қытайда эпидемияның таралуына түрткі болған осы короновирустың жаңа түрінің құрамын алды. «Алматы мен Нұр-Сұлтандағы отандық зертханалар енді жаңа коронавирусқа арналған тест-жүйені құрастырып шығара алады. Бұл бізге коронавирус симптомдары бар адамдар болған кезде жедел диагностиканы жүргізуге және жедел анықтауға мүмкіндік береді. Бүгінгі таңда бұл ең маңызды ақпарат», – деді мемлекетіміздің бас санитар дәрігері Жандарбек Бекшин.
Қазақстандық мамандарға тест-жүйені әзірлеуге 1,5 ай уақыт қажет екен. Жаңа инфекция 20 пайызға таяу шығыс респираторлық синдром вирусына ұқсас, 2012 жылдан бері 700-ден аса адам осы ауру түрінен қаза тапқан. «2012 жылы Сауд Арабиясында, Таяу Шығыста ауырғандар саны айтарлықтай көп болғаны естеріңізде ме? Онда ауруға жарқанаттар мен түйелер себепші болды. Ал бұл жерде 1 қаңтардан бастап карантинге жабылған теңіз өнімдерінен күдік бар. Қазір қытайлық эпидемиологтар құс, жылан және қояндар арқылы етке түсіп жатыр деп айтады», – деді еліміздің бас санитар дәрігері.
Қытайда таралған осы індет туралы атақты украиналық педиатр, жазушы Евгений Комаровский «Instagram» желісіндегі парақшасында жазды. Комаровскийдың айтуынша, коронавирус – адамда да, басқа да сүтқоректі жануарларда кеңінен таралатын вирус. «Ухань қаласын көбі кішкентай қалашық деп ойлайды. Негізі Ухань – Қытайдың ең ірі қаласы. Шамамен 11 миллион адам тұрады. Әуежайы жылына 21-22 миллион жолаушыны қабылдайды. Қалада 10 шақты ұлттық университет бар. Індет алдымен Ухань қаласының балық базарынан анықталған. Балық базары деп аталғанымен ол жерде балық өнімдері өте аз. Есесіне басқа өнім өте көп. Ол базарда саудагерлер мысық, ит, жарқанат, кептірілген қасқырларды, қысқасы әртүрлі сүтқоректі жануарларды сатады. Сөйтіп вирус балықтан емес, басқа бір сүтқоректіден анықталған. Айта кететін жайт, құс тұмауы адамға жұғуы мүмкін, ал адамнан-адамға берілмейді. Бұл жағдайда құспен тікелей байланыс орнатқан адам ғана ауруды жұқтырып алуы мүмкін. Сондықтан ең қауіптісі – адамнан-адамға берілген ауру. Яғни бұл жағдайда да вирус адамнан-адамға беріліп отыр», – дейді дәрігер. Дәрігердің айтуынша, бұл – вирустың жаңа түрі болғандықтан ешбір адамда ол ауруға иммунитет жоқ. «Демек, кез келген адам ол вирусты жұқтырып алуы мүмкін. Екіншіден, бұл вирустың адамнан-адамға жұғуы мүмкін екені дәлелденді. Үшіншіден, бүгінде бұл аурудан бірнеше адам қайтыс болғаны анықталған. Одан бөлек, қытайлықтардың жаңа жылы жақындап келеді. Ол дегеніміз – бұл мезгілде қытайлықтар шетелдерге саяхатқа шығады. Сондықтан вирустың әлем бойынша тарап кетуі әбден мүмкін. Сонымен қатар қазір тұмау кезеңі. Бұл вирустың ерекше белгілері болмағандықтан, оны арнайы сынамасыз білу мүмкін емес», – дейді Комаровский. Педиатрдың сөзінше, вирустың бұл түрі былтыр желтоқсанда анықталған. Ал 13 қаңтарда қытайлық зерттеушілер вирустың геномын анықтап, оны зерттегісі келетін адамдарға берген. «Бір жақсысы – бүгінде ол аурудың қандай түрі екені белгілі және қажет диагнозды қоюға арналған дәрілерді белгілеуге, вакцина жасауға мүмкіндік бар. Бұл – өте маңызды жайт. Бұдан адамдарға не болады? Ештеңе. Ешкім ештеңе істей алмайды. Вирустың бұл түрі қарапайым тұмау сияқты емделеді. Бүгінде халықаралық қоғам ауру бастау алған жерді ауыздықтаумен айналысып жатыр. Бастысы – дүрлікпеу керек. Барлығы жақсы болады. Тек үрейленіп, қорқа берудің қажеті жоқ», – деді дәрігер.
Бүгінде еліміздің Қытаймен шекарасындағы бақылау қатаңдатылып, ол жақтан келгендерге қашықтықтан термометриялық бақылау күшейтілген. Алматыға Қытайдың бес қаласынан, ал Нұр-Сұлтанға үш қаласынан рейстер тоқтатылмақ.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support