- Advertisement -

АГРАРЛЫ ӨҢІРДІҢ АРШЫНДЫ ҚАДАМЫ

50

- Advertisement -

Елбасы агроөнеркәсіп кешенін дамытуға әркезде ерекше көңіл бөліп келді. Жыл сайынғы дәстүрлі Жолдауларында саланы өркендетудің жолдарын атап көрсетіп, Үкіметке нақты тапсырма берді. Мәселен, «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауында: «Агроөнеркәсіп кешенінің әлеуетін толық іске асыру керек. Негізгі міндет – еңбек өнімділігін және қайта өңделген ауыл шаруашылығы өнімінің экспортын 2022 жылға қарай 2,5 есе көбейту. Мемлекеттік қолдаудың барлығы шараларын елімізге заманауи агротехникаларды ауқымды түрде тартуға бағыттау қажет» деп атап көрсетті.
Тұңғыш Президенттің тапсырмасын орындауда «Қазақстан Республикасының агроөнеркәсіптік кешенін дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы» үлкен септігін тигізді. Оның үстіне Мемлекет басшысының «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауында да ауыл шарушылығы саласына баса мән берілді. «Ауыл шаруашылығы – біздің негізгі ресурстарымыз, бірақ оның әлеуеті толық пайдаланылмай отыр» деп ауқымды саланы өркендетудің нақты жолдарын көрсетіп берді. Елбасы мен Президент тапсырмаларын орындау үшін былтыр жыл бойы тынымсыз еңбек еттік. Нәтижесінде республика бойынша ауыл шаруашылығы саласы облысымызда алдыңға қатарға шықты.
2019 жылы ауыл шаруашылығы саласына республика және облыстық бюджеттен 36,6 миллиард теңге бөлінсе, оның ішінде, бюджеттік кредит және трансферттерге – 15,3 миллиард, субсидияларға 21,3 миллиард теңге бөлінген. Ел қазынасынан жоспарланған қаржы 100 процент игерілді.
Биыл жоғарыда аталған көрсеткіш бойынша 105,3 процентке дейін өсім көрсетіп, жалпы өндіріліген ауыл шаруашылығы өнімінің көлемін 347,7 миллиард теңгеге дейін жеткізу жоспарланып отыр. Ауыл шаруашылығына тартылатын инвестиция көлемін 2019 жылмен салыстырғанда 112,9 процентке дейін арттыра отырып, 29,4 миллиард теңгеге дейін жеткізу межеленді.
Сол сияқты тамақ өнімдері өндірісінің негізгі капиталына 7,5 миллиард теңге инвестиция салынып, 119,3 проценке дейін өсім көрсетіп отыр. Бұл көрсеткіш бойынша биыл 110,3 процент көлемінде өсім көрсетіп, жалпы тамақ өндірісіне тартылатын инвестиция көлемін 8,1 миллиард теңгеге дейін жеткізу жоспарлануда.
Біздің облыс аграрлы өңір. Сондықтан да ауыл шаруашылығы саласына ерекше назар аударылып келеді. Мал шаруашылығы дамыған. Қолдағы цифрларға үңілсек, жыл сайын төрт түлік басының артып келе жатқанын аңғарамыз. 2019 жылдың қаңтар-желтоқсан айларында облыстағы мүйізді ірі қара саны 423,1 мың басқа жетіп, алдыңғы жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 6,8 процентке артқанын аңғарамыз. Қой мен ешкі саны – 2 861,8 мың басты құрап, 2,6 процент, жылқы – 135,9 мың басқа жетіп, 6,1 процентке артса, құс саны – 1 701,3 мың басқа жетіп, 5 процентке көбейген.
Негізгі мал шаруашылығы өнімдерінен ет өндірісі – 3, сүт өндірісі де 3 процентке артса, жұмыртқа өндірісі өткен жылғы тиісті кезеңмен салыстырғанда 2,6 процентке артып отыр.
2019 жылға бекітілген жоспарға сәйкес, облыстан 1500 тонна сиыр еті экспортқа шығарылуы тиіс еді. Тауарөндірушілер 1528 тонна сиыр етін экспортқа шығарып, жоспардың орындалуы 105 процентті құрады. Сонымен бірге 1010 тонна қой еті экспортталды. 2020 жылы жалпы мал санын орташа – 4-5, сиыр еті өндірісі – 3, қой еті өндірісі – 1,5 және сүт өндірісін, 3 процентке арттыру жоспарланып отыр. Бұл – Президент Жолдауындағы ұлттық бизнеске халықаралық нарықтарда қолдау көрсету туралы берген тапсырмасының өңірде жүзеге аса бастағанын көрсетеді.
Сонымен қатар ағымдағы жыл қорытындысымен 1000 тонна қой етін экспортқа шығару болжануда. Қой шаруашылығын дамыту бағдарламасы аясында 25 шаруа қожалығы ұйымдастырылып, 80 адам жұмыспен қамтылады.
Биыл дәнді бұршақтар, майлы дақылдар, қант қызылшасы, көкөніс-бақша дақылдары, картоп, мал азығы, жалпы егін шаруашылығы егістігін 702,9 мың гектарға орналастыру межеленіп, өткен жылмен салыстырғанда 103 процентке немесе 15,8 мың гектарға арттыру жоспарлануда.
Жоғарыда аталған жұмыстарды қол жеткізу мақсатында егіс алқаптарын арзандатылған минералды тыңайтқыштармен қамтамасыз ету мақсатында 2020 жылы жергілікті бюджеттен 1 миллиард теңге бөлініп, жалпы егістік алқаптың 24 процентін қамту көзделіп отыр.
Сол сияқты, ауыл шаруашылығы дақылдарын өңдеуге арналған гербицидтердің құнын арзандатуға жергілікті бюджеттен 60,1 миллион теңге бөлінсе, ауыл шаруашылығы басым дақылдарын субсидиялау бағдарламасы бойынша жергілікті бюджеттен 1 миллиард 500 миллион теңге қарастырылып отыр.
Мемлекет басшысы Жолдауда: «Біз суармалы жер көлемін кезең-кезеңмен 2030 жылға қарай 3 миллион гектарға дейін ұлғайтуымыз керек» деген тапсырмасын орындау мақсатында да ауқымды жұмыс қолға алынуда. «Талас-Аса» су шаруашылығы кәсіпорнының (механикалық жасақ) биылғы жұмыс жоспары бойынша облыстың коммуналдық меншігіндегі барлық суармалы жер көлемі 3977 гектарды құрайтын, ұзындығы 65,5 километр болатын 11 су шаруашылығы жүйелеріне ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланған. Жалпы, механикалық жасақтың күшімен облыстың коммуналдық меншігіндегі 388 километрді құрайтын су шаруашылығы жүйелерін жөндеп, 2018-2021 жылдары 18 мың гектардан астам суармалы алқаптарды қалпына келтіру жұмыстарын жүргізу көзделуде. Сәйкесінше, ағымдағы жылы облыстағы жалпы суармалы егістік алқаптар көлемін 184 мың гектарға дейін жеткізу болжамданып отыр.
Облыста су үнемдеу технологиясы 2018 жылы 18203 гектар жерге қолданылған болса, 2019 жылы су үнемдеу технологиясының енгізілген жер көлемі 20457,3 гектарға жетіп, 11,2 процентке артты. Оның ішінде: жаңбырлатып суарылған жер көлемі 6097 гектарды құраса, тамшылатып суару 14360,3 гектарды құрады. Ол облыстағы барлық 182,4 мың гектар жердің 11,2 процентін құрап отыр. Үстіміздегі жылы – 1885, алдағы жылы – 3055 гектарға су үнемдеу технологиясын енгізу межеленген.
Қорыта айтқанда, өткен жылы жеткен жетістігімізді баянды ету жолында тынымсыз еңбек ете береміз. Оған Үкіметтен де, облыстық әкімдік тарапынан да қолдау да, көмек те аз емес.

Берік НЫҒМАШЕВ,
облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы
басқармасының басшысы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support