- Advertisement -

Хакімді ұлықтау рухани дүние үшін қажет

49

- Advertisement -

«Абайды жаңа Қазақстанның бренді ретінде әлем жұртшылығына кеңінен таныстыру қажет. Бұл – бүгінгі ұрпақтың қастерлі борышы», – деп жазды «Абай және XXI ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев. Міне, нағыз тағылымды сөз. Президент айтқандай, Абайды ұлықтау тойлауға емес, ой-өрісті кеңейтіп, рухани тұрғыдан даму үшін қажет. Ақынның өлеңдері мен қара сөздерінде қазақтың болмыс-бітімі, тұрмысы, мінезі, жалпы тұтас бір ұлттың рухы бар.
Елбасы айтқан: «Заманалар ауысып, дүние дидары өзгерсе де, халқымыздың Абайға көңілі айнымайды, қайта уақыт өткен сайын оның ұлылығының тың қырларын ашып, жаңа сырларына қаныға түседі. Абай өзінің туған халқымен мәңгі-бақи бірге жасайды, ғасырлар бойы қазақ елін, қазағын биіктерге, асқар асуларға шақыра береді», – деген өнегелі сөз ақын мұрасының мәңгілік өсиет ретінде бағаланатынын айқын аңғартады.
Абай бірлік, тұтастық, ынтымақ алдымен қазақтың өзінің ішінде болуы керек, содан кейін барып біз сол арқылы адамзатты сүйетіндей, адамзатты бауырымызға тартатындай биік дәрежедегі интеллектуал халық болып қалыптасатынымызды өз дәуірінде көрсетіп кетті. Барша әлемге даналықтың үлгісін таратқан, кілең тағылымнан тұратын қара сөздерінің әр жолы алтыннан қымбат данышпан Абайдың біздің халқымыздан шыққаны зор мақтаныш. Абай даналығын бағдаршам еткен жас ұрпақтың болашақтан жарқын жолын адаспай табатыны белгілі.
Сондықтан Президенттің мақаласында айтылғандай, біз Абайды тану – адамның өзін-өзі тануы екенін түсінуге тиіспіз. «Адамның өзін-өзі тануы және үнемі дамып отыруы, ғылымға, білімге басымдық беруі – кемелдіктің көрінісі. Интеллектуалды ұлт дегеніміз де – осы. Осыған орай, Абай сөзі ұрпақтың бағыт алатын темірқазығына айналуы қажет», деген Мемлекет басшысының сөзі ұрпақ тәрбиесіндегі негізгі бағдарымызға айналуы керек. Абайдың мұрасы – парасатты патриотизмнің мектебі, ол даусыз!
Міне, осы патриотизм мектебінің ең өнегелі үлгісін тарату үшін біз ауданда бірқатар іс-шаралар жоспарын жасадық. Абайдың 175 жылдығына орай колледждерде, мектептерде, ауылдық округтерде түрлі тағылымды кештер, байқаулар өткізу жоспарланды. Аудан жастары Абайдың бірқатар өлеңдерін жатқа айтуды, даналығынан ой түюді өздеріне міндет санайды. Мәңгілік елдің жастарына – Абай марасы таусылмас азық.
Осындай мақсатты іс-жоспарларымызды жүзеге асырсақ, жастардың бойына елжандылықты сіңірсек, біздің жеткіншектер де ұлтты Абайша сүюді үйренері анық. Ұлтының кемшілігін қатты айтқанымен, қазағын, халқын төрге жетелеуді мақсат тұтқан ақынның турашылдығы, шыншылдығы өскелең ұрпаққа үлгі болары сөзсіз. Абайдың мол мұрасы әрқашан қазақ ұлтының санасын жаңғыртуға қызмет етеді.

Лаура Нұрмаханова,
аудан әкімінің орынбасары.

Сарысу ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support