- Advertisement -

Екеуіңе бір-бірін шын қалаған, адалдықпен қызықпай кім қараған?!

669

- Advertisement -

Қазақтың аса көрнекті ақыны, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Күләш Ахметова мен белгілі ақын, журналист, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қайырбек асановтың отау тігіп, шаңырақ көтергендеріне – 50 жыл

Бірі – ақыл, парасат, бірі – дана!

Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ,
жазушы, Қазақстанның еңбек
сіңірген қайраткері.

Баяғының адамдары «бәленше деген ханның тұсында бір ақын бопты» деп бастамаушы ма еді әңгімелерін, біз де әфсанамыздың бісмілләсін солар сияқты баяндасақ, елге болсын деген бір әкімнің тұсында Тараз қаласына Алматыдан ақындар отбасы көшіп келді. Ақындар отбасы болғанда, көш иелері «Алматының тау жағы таңғажайып» деп жырлаған және Жаратушы Иеміз осы қыздарың халқының мақтанышы болсыншы дегендей қазақтың алақанына аялап тұрып сап бере салған Күләш Ахметова мен жары, ол да ақын Қайырбек Асановтың өздері еді. Сөйтіп ақ апам, ақын апам қасынан бір елі ажырамайтын жары Қайрекең екеуі №12 шағын ауданға қоныстанды. «Шағын аудан» дегеннен-ақ үй-жайының бүгінде сәнге айналған «екі деңгейлі» немесе «үш деңгейлі» делінетін зәулім коттедждерден емес, ары кетсе төрт бөлмелі пәтер екенін іштеріңіз сезіп отырған шығар.
Дәл сол кезде, әлде одан сәл бұрынырақ па екен, Атырау өңіріне әкім боп барған бір азамат қазағын әлемге танытпаса да алты алашқа мәшһүр еткен Алматыдағы ақын-жазушыларын, әнші-күйшілерін туған топырақтарына шақырып, бір-бір коттеджден сыйлап, «сіздер енді біздің өңіріміздің әдебиет, мәдениет, руханият саласындағы беделін көтеретін бренді боласыздар» депті дегенді оқып, ал оқымағандарымызды ауыздан-ауызға тамсандыра, таңғалдыра көшіп жүрген әңгімелерден естіп, «ойпырайлап» қалғанбыз. Ал ақ апам мен Қайрекең болса, Тараз қаласының №12 шағын ауданындағы көп қабатты тұрғын үйлердің бірінен пәтер алғандарына шүкір дескен.
Бозбала кезімде Үшарал жаққа нағашылап барғанымда сәулетіне көз сүйсінетін көне мешіттің күмбезінің үстіндегі үлкен ұяны, сол ұяны мекендеген әп-әдемі ақ дегелектерді (ләйлектерді) көріп, қатты қызығушы ем. Жамбылына оралған қос ақын да маған сол ұшқан ұясына оралған қос ләйлектің жұбын есіме түсірді.
Ол кезде:

Таңдай ақшыл жарасып көйлектерің,
Тәнмен сезіп ұзақ жол бейнеттерін
Жапония жері ме, Африка ма,
Қай аралдан қайттыңдар, ләйлектерім!

Ескі күмбез – ежелгі заман көзі,
Прогресс күшіне алаң кезі –
Төбесіне сендерді ұялатып,
Ой салғандай асыққан адамға өзі.

Қиқуына құстардың дала құштар,
Әуе, жерді толтырған өр ағыстар.
Қашандағы бүркіт аз, жапалақ көп,
Жалп-жалп ұшып жүр тағы құстар.

Тәкаппарлық керек-ау таңғаларға,
Кербез құстар кеткенде сән алар ма?
Биік таңдап жатпай-ақ, күлге қонған
Жыным келіп қараушы ем қарғаларға.

Жаңбыр жауса, жуылып әйнектерім,
Жаңа жырға толады жан дәптерім.
Көз жазып қап,
Көп жылдар күтуші едік,
Келдіңдер ме, аяулы ләйлектерім!

Көріп алыс елдердің тұрмыс, халін,
Біздерді аңсап күндіз де, түнде ұшқаның…
Төркіндеген қыздардай сағынышпен,
Еркіндеңдер ерекше, жыл құстарым!
Мейірімге арналып алғыстарың,
Ескерткіші ед қалдырған соңғы ұстаның –
Мұнараның басынан
Мұңға шомып,
Қарайсыңдар, азайған паң құстарым!

Ұзамаңдар айналып жиі елеске,
Қанатымен құсты құс сүйемес пе?
Мұздай болып құтты ұя бос қалмасын,
Ұя деген құстардың үйі емес пе?

Ұшырамын сендерге ой кептерін,
Биіктерде тұрыңдар билеп керім.
Кең даламның бақыты толық болсын,
Кетпеңдерші, киелі ләйлектерім! –

деген ғажап жырдың иесі Күләш ақын күндердің күнінде туған жеріне кеп түтін түтетеді деп ойлаппын ба?! Әдебиет деген әлемге аттап басқаннан «Таланттар ауылда туып, астанада өледі» деген қиқарлау қағидаға құлдық ұрып қалған көңілді, ақ апамыз, ақын апамыз жан жары Қайырбек екеуі бір күнде быт-шыт қылады емес пе өстіп.
Ақындардың көшіп келгенін кім қалай қабылдағанын қайдам, өз басым қазағына ұсынар жауһар жырларымен миллиондаған жүректерді баурағаны былай тұрсын, етектегі ел ішіндегі соңынан ерген іні-қарындастары мен ұл-қыздарына айтар ғибратты ғақлиясы да мол, аты-жөндері мен атақ-даңқтары алты алашқа белгілі ақындардың облыс орталығының тұрғындарына айналғанына қатты қуандым. Оқыған, тоқығандарын ортаға салып, пайымды пікірлесе білетін білікті адам тапшы кезде, бұл Жаратушы Иеміздің бере салған таңғажайып сыйындай болды деп те тәубе еттім. «Облыста тұратын ақындарыңның көш басында кімің бар?» дегендерге, бір ақ апамыздың өзі-ақ мың ақынға татитынын айтып, бір марқайып қалатын болдық-ау деп масаттандым. Неге өйтпеймін, өзіңіз оқып қараңызшы:

Қазақты жамандама, қазақ бала!
Халық қой, қазақ деген аз-ақ қана!
Мәңгілік
Ай астында,
Жер үстінде
Қазақтың жанашыры қазақ қана! –

деп осыған дейін бір ақын айтты ма?! Иә, «Қазақтың жауы – қазақ!» дегенді оқыдық, оқымағандар болса, естіді. Кей жағдайда оның да шындық, оның да рас айтылған сөз екенін мойындадық. Оған куә боп та, тіпті, өз басымыздан өткеріп, дүниеден баз кешіп кете жаздап та жүрміз. Бірақ…
Бірақ… жау іздеп, дау қууға тоқтау салатын «Қазақты жамандама, қазақ бала!» деп, жанұшыратын уәлі сөз иесі де керек емес пе, қауымға?! Бұл сөзді де, сөздің иесін де кешегі Бұқар жыраудайын бабалар толғап кеткен жауһар жырлардың сарқыты десек те қателеспейміз. Жиырма төрт шумақ өлеңнің кез келген жерінен керегіңді алып, кәдеңе жарата беруіңе болады.
Тарихын зерделесең, зерікпес ең,
Танырсың, тағылымына еліктесең.
Қазақтың атын қорға, қазақ бала,
Ешқашан өз еліңді кемітпе сен!

деген шумақтағы шүйгінге бас қойып, масайрап отырғаныңда:

Мінсізбіз дей алмаймыз, мініміз көп.
Мұңсызбыз дей алмаймыз, мұңымыз көп.
Шығайық
Басымызға бұлт жуытпай
Біріміз біріміздің күніміз боп! –

дейтін жолдарды оқып отырып, шындықты да майдан қыл суырғандай ғып жеткізуге болатын ақындық шеберлік пен ақындық абыздыққа сүйсінесің.
Қазақ ақындары қай заманда да қазағын жырлаумен өткен. Арыдағы Ақтамберді, Бұқар, Шортанбайдан бастап, берідегі Абай мен Жамбыл, мұндағы Мұқағали мен Фариза, Қадыр, Тұманбай, бәрі-бәрі қазағым, халқым деп өтті. Бірақ әрқайсысының үні бөлек, тілі ерек болды.

Мысалы:

Қызықпа, лауазымға, алдамшыға
Мансаптың ақыртүбі жалған, сірә!
Жаман ба осы бейбіт заманымыз,
Шаруақор ауылдағы шалдан сұра!

Немесе:

Тұлпардың тұлпарлығын бәйге анықтар,
Туғызған таланттар мен ойлы алыптар,
Тегі – асыл, есігі – ашық, асы – тегін,
Қазақтай жомарт, батыр қай халық бар?!

Сондай-ақ:

Бабадан қалған нақыл, өсиет – күш!
Бола ма бөлінуден қасірет тыс.
Тас түйін бірікпесе Ерлерге серт!
Қазақтың тұтастығы – қасиетті іс! –

деп жырлаған Күләш ақын да сол асылдардың қатарынан.

* * *

Тағы ақындар отбасының көшіне оралайықшы.
Ойлағанымдай болды, ақ апамның көңілі қандай кең болса, пейілі де сондай шалқар екен. Ұялы телефоным әндетіп қоя берген кезде қарасам не Қайырбек көкемнің, не Күләш апамның аты-жөндері шыға келеді. Көбінесе ақ апам телефон шалады. Қазір не дейтінін де алдын ала біліп тұрам. Өйткені ақ апам әңгімесін әрдайым «Көсемжан…» деп бастайды да, газетіме риза боп оқып жатқанын айтып кеп, аяқ жағын «үйден тамақ жеп кет» деп аяқтайды. Өзі телефон шалып, Қайырбек көкем екеуі дастарханына шақырғанына қуанып, «мақұл, әпке» десем де, бір жағынан ұялып тұрам. Қуанатыным, түсінікті шығар, ал ұялатыным… шақыратын ылғи ақ апам да, қонақ боп баратын ылғи біздер — жазушылар, ақындар, журналистер…
Жүрегінің кеңдігінен шығар, ақ апамыз ешқашан «шаршадым» деп қабақ шытпайды, сөзін де «елімізде анау жоқ, мынау аз» деп бастайтындар сияқты емес, Әбіш-абыздайын (Кекілбаев) сабырмен, парасатпен және өзінің елді береке-бірлікке үндейтін жырларындағы жібектей жұмсақ мейірімімен бастайды. Біз ұйып тыңдап отырамыз.
Қайырбек көкем болса, ақ апамның көңіліне қарап, қабағын бағып, бәйек болудан бір жалыққан емес. Махаббаттарына берік, серттеріне адал сүйікті жарлар туралы талай хиссалар мен дастандарды оқып өстік қой, көп оқығанымыз сонша, тіпті, Зейнолла Қабдоловтай заңғарлардан «бес» деген баға да алдық. Бірақ мен Қайырбек пен Күләш, Күләш пен Қайырбек деген ғашықтар жырының қызығына осы уақытқа дейін тоя алмай, таңғалумен келем. Екі жүректің табысқандарына, сол табысу-қауышу арқылы бір ғана жүрек пен бір ғана тілекке айналып лүп-лүп соғып, лек-лек жырларды халқына сыйлағандарына, міне, тура елу жыл болыпты. Ақындардың бір шаңырақ астындағы елу жылдық ғұмыры тұтас бір дәуірмен пара-пар десек, сол дәуірдің қуанышы да, қайғысы да, парықсыз пасықтары мен пайдакүнем пысықтары да ақындардың нәп-нәзік жүректеріне еселеп тұрып салмақ салады. Оны көтеру, оған шыдау, іштегі шер-шеменді сыртқа шығарып, халқының қарапайым да көркем тілінде сырласа білу де оңай емес.

Өнерліні өсек етіп еселеп,
Адал жайлы арыз жазып неше бет.
Санасызды сағат сыйлап сатып ап,
Ықпалдыға көрсетеді қошемет…

көрсететіндерді көру, сезу, білу, олармен, тіпті, бір ұжымда жұмыс істеу сана-сезімі ерекше биік жанға қиын. Міне, ақын осының бәрін сен үшін, ол үшін, бәріміз үшін жүрегінен суырып ап, мұңымызды бөліседі.

Мазалайды санамды бір сансыз мұң,
Бәлкім, мұңсыз өткен күн де мәнсіз күн.
Мықтысың деп таңданады біреулер,
Мықты емеспін. Әйелмін ғой. Әлсізбін.

Біреулерді мықтылыққа үйреттім,
Өзім бірақ күш таныттым сирек тым,
Бәйшешектің қауызынан жұқамын,
Ең бір жұқа құмырадан күйрекпін.

Аппақ затты қиын емес қаралау,
Қаласаңыз, оңай жанды жаралау.
Суық көзден сөне жаздап тұрады,
Кеудемдегі лүп-лүп еткен әр алау…

деп басталатын он екі шумақ өлеңі де мен деген бір жазушының бір романының жүгін көтеріп тұр.

Ондағы:

Тым әлсізбін.
Қалай енді қорғанам?
Төгілердей жүрегіме толған ән.
Нәзіктігім, тазалығым үшін де
Сүйеу болды бірақ туған ел маған!

Немесе:

Сондықтан да үлбіремей, жасқанбай,
Шығайын да шымырлатып сөз толғай.
Көлдегі аққу, бақшадағы бұлбұлмен
Таласпай-ақ, болайыншы бозторғай.

Сүйетін ем сол бір құйттай құсты мен,
Тағдыр өзі танытпаса сұсты рең,
Байтақ елге жыр себейін биіктен,
Бау-бақтар мен айдындардың үстінен.

Жүрегімде қазына бар бағалы,
Болашақпен жалғастырам оны әрі.
Бозторғайдың биігінен шырқайын,
Тыңдағандар қарар болсын жоғары!

Міне, ақын нәзіктігі мен ақын «әлсіздігінің» өзі адамды қалай қайраттандырып, қалай жігерлендіреді?!

* * *

Ақ апам, ақын апам мың да тоғыз жүз сексенінші жылдары жиырма бес жыл отасқан бір жұптың күміс тойына былай деп жыр жазыпты.

Екеуіңе бір-бірін шын қалаған,
Адалдықпен қызықпай кім қараған?!
Өмір деген – көгілдір мұз, айдында,
Сен екеуің мәнерлеп сырғанаған.

Қатар тұрып күнді де көресіңдер,
Қатар тұрып қиынды жеңесіңдер.
Жақсы болу оңай деп кім айтады,
Бір-біріңе сүйеу боп келесіңдер!

Бірің – ақыл, парасат, бірің – дана,
Бірдей ұстау қиын-ау мұның бәрін.
Ағайынмен жайылып өркендерің,
Өрімталдай өсіп тұр құлындарың!

Дейді де:

Болу үшін тәттірек бұрынғыдан,
Осы тойда салынар шырын бір ән.
Екі жақсы қосылса, шам жанғандай,
Бірің –аққу секілді, бірің – қыран!

Іші толып әдемі күйге күнде,
Толып жатқан той болсын үйлеріңде.
Алтын той да жасаңдар аман-есен,
Бірің – шекер, бірің – бал күйлеріңде, –

деп жарасымын тапқан жұптың шуақты сәттерін ары қарай суреттеп кетеді.
Міне, басқаның қуанышын шын көңілімен бөлісіп, шын тілеген тілегі араға жылдар салып, Құдайдың құдіреті арқылы өзінің отбасына, Қайырбек көкем мен Күләш апама қайтып оралды. Мұндай бақытты ақындардың бір шаңырақ астындағы елу жыл ғұмыры еліміздің есі, ұлтымыздың ұраны болатын болашақ ұл-қыздарымыз үшін таусылмас тағылым, бітпейтін қазына. Өйткені бұл жұптың ғұмырлық ғибратынан:

Бірі – ақыл, парасат, бірі – дана,
Бірі –аққу секілді, бірі – қыран,
Бірі – шекер, бірі – бал…

ұлағатты отбасы иелерін, ұлықтар мойындайтын ел еркелері – ақындарды көреміз.
Ақындардың алтын тойы құтты болсын, ағайын!

Тараз қаласы.

Күләш Ахметова

Жақсымды
досқа арнағам

Жай ғана тербеледі,
Шынардың жапырағы.
Сен жүрген жерге мені,
Бір биік шақырады.

Жоқ қуған жолаушымын,
Іздерім жатыр құмда.
Ақ таудың сонау шыңы
Сен болып шақырдың ба?

Алыстан қол бұлғайды,
Ақ сағым еркелеген.
Көрсем деп сол арайды
Оянам ертеменен.

Өз сырым – бар айтарым –
Шешімі ақылдың да.
Сен болып арай таңым
Сағынтып шақырдың ба?

Жақсымды досқа арнағам,
Емеспін жақын мұңға.
Жолым боп басталмаған
Сен мені шақырдың ба?

Жақсылық күтем мен сенен

Үмітті мезгіл жеңсе де,
Тәкаппар асқақ еңсемен,
Тағдыр деп танып өзіңді,
Жақсылық күтем мен сенен.

Жұбату күтем – жыласам,
Қолымды созам – құласам.
Өзің біл, жаным, аясаң,
Өзің біл, жаным, сынасаң.

Жылатам десең сен…
Мейлің,
Сенбеймін бірақ,
Сенбеймін.
Жамандық жасау ешқашан
Қолыңнан сенің келмейді.

Сондықтан саған сенем мен.
Көзімде мұңға бөленген
Өлеңмен,
Иә!
Өлеңмен
Өзіңе ұшып келем мен.

Түсінем десең, өзің біл,
Түңілтем десең, өзің біл.
Түсіме кірмеген сезім – бұл,
Түсіндіре алмайтын кезім – бұл!
Бітпеген вальс

Жай ғана билеп жүрген едік,
Көктемнің бізбен дөңгеленіп.
Кез еді көшелерге жаңа ашылған,
Гүлімен ерекше сән берген өрік.

«Амурдың толқындары» аяқталып,
Ұялттың көзіңді алмай қарап қалып.
Бірдеме дейтіндей боп тұрып едің,
Тағы да кетті қанат қағып.

Жүректің, боп жарасына ем,
Жаныңда сәмбіталдай жарасып ем.
Қолымнан қысып ұстап, кетіп
Барасың адамдардың арасымен.

Біз үшін ең жауапты мезгіл сол ма?
Өзімді- өзім кейін жазғырсам да,
Қолымды жетелеген қолдарыңның
Өмірлік екендігін сездім сонда.
Қымбат сыйлық

«Не сыйлайын?» –
Дейсің сен ойға қалып,
Қуантқың келетіні айдан-анық.
Тілегімді айтуға асығамын,
Ақкөңіл сұрағыңды пайдаланып.
Керек емес тым ауыр алқа маған,
Қайран қап қарамаймын, қалқам, оған.
Болмаса, болмас асыл белбеу менде,
Асылдың бәрі – менің өр кеудемде.

Керегі жоқ жауһар мен жақұтың да,
Жалғыз жауһар менің бар бақытым ба?
Керек емес алтының, күмісің де! –
Жалғыздықтан қорықсам, түн ішінде,
Бірі – менің жұбатпас жүрегімді,
Бірі – менің тыңдамас тілегімді.
Бірі – менің толтырмас көңілімді.
Бірі – менің ұзартпас өмірімді.

Жалғыз болса, адамның өңі мұңды,
Кім тыңдайды назыңды, әр үніңді.
Есеп-қисап тұратын ар жағында,
Керек емес қымбатың, арзаның да.
Керек емес інжуің, маржаның да,
Өзім алам затты да, киімді де,
Өмір болса, толтырып үйімді де,
Керек болса байлықты жинап алам.
Ұсақ талап қоймайды сүйген адам,
Айнымас махаббатыңды сыйла маған!

Қандай бақыт жанымда сен тұрғаның

Қандай бақыт тағы да таң атқаны,
Тамылжытып құс әнін таратқаны.

Қандай бақыт жанымда сен тұрғаның,
Бөлмемізді махаббат толтырғаны.

Қандай бақыт өріктер гүлдегені,
Қамығуды, ойлауды білмегені.

Қандай бақыт жылда жаз келетіні,
Қандай бақыт өзіңе сенетінім.

Қандай бақыт жапырақ билегені,
Қандай бақыт басқаны сүймегенің!
Сүйген жар

Әлі айнымай келесің.Төзімді-ақсың.
Қой көзіндей момақан көзің жақсы.
Сүймесем де, сүйсем де – сен ғашықсың,
Өмір бойы сол сезім созылмақшы.

Еркелеткен кездерің – тәтті кезім,
Бұртисаң да, баладай пәк мінезің.
Басқа ешкімді қаламай бұл әлемнен,
Мені, әйтеуір, тағдырдай таптың өзің.

Алғысымды айтатын табам ба өлең?
Сөзі құрсын.
Сөзді де жаман көрем.
Шолпан жұлдыз сияқты таңда туған –
Сенің іңкәр сезімің маған деген.

Кездерің жоқ дұшпанға таба қылған,
Әр ісіңнен ақылды табамын мән.
Бір ауыз сөз айтпай-ақ жан күйімді,
Сен түсініп тұрасың қабағымнан.

Қалай сосын жырларым толас тапсын,
Тілеуіңді тілеймін, адаспапсың,
Маған сонша мейірбан, нәзік болып,
Биік таудай басқаға сен асқақсың!

Інжу-маржан теңізден сүзіп маған,
Бергендейсің, құлпырған жүзік тағам.
Сен жанымда жүргенде айдай болып,
Адам бар ма амалсыз қызықпаған?!

Басқаларға өр басын имеді шың.
Жүрегімді бір шаттық биледі шын.
Қайғыруға хақым жоқ,
Бақытты екем
Сендей жігіт мені адал сүйгені үшін!

Қайырбек АСАНОВ

Жүзімдікте

Алғаш рет өзіңмен,
Жүзімдікте кезіктім.
Бал татыған сөзіңмен,
Көріндің сен нәзік тым.

Курстағы қыздардың,
Қылықтысы өзің бе?
Басқалардан қызғандым,
Қарап қалған кезіңде.

Жүзім қандай тізілген,
Тиіп кетсең үзілген!
Алмаймын мен көзімді,
Жүзімнен емес, жүзіңнен.

Жәудірейді жүзім де,
Жәудірейді көзің де.
Сұлу ма едің өзің де,
Сұлу қылған сезім бе?

Шырын еді жүзім де,
Шырын еді сөзің де.
Сондай ма едің өзің де,
Сол бір ғажап сезім бе?

Іштім өмір бал, уын,
Астым талай асқарды.
Саған ғашық болуым,
Жүзімдікте басталды.
Күндерге қуанамын

Жалт етіп қарағаның,
Жаныма нұрын септі.
Жайқалып дара бағым,
Алқызыл гүлін төкті.

Асқақ ем, бүгін таңда,
Алдыңда аласардым.
Бойдағы буырқанған,
Сезіммен таласар кім?

Бір кезде жыр нөсері,
Біздерді табыстырған.
Қызғанып кейде сені,
Кеудеме намыс тұнған.

Қиын да қызық күндер,
Барады бастан өтіп.
Арбайды қызыл гүлдер,
Арманды асқақ етіп.

Бақыт қой күле білген,
Аралап гүл алабын.
Өзіңмен бірге жүрген,
Күндерге қуанамын.

Жаһандағы жақыным

Жаһандағы жақынымсың жаным, жарым,
Қиянатқа қимаспын барында арым.
Елу жылдай келеміз бірге кешіп,
Жаздың гүлін, қаңтардың қалың қарын.

Дей алмаймын мен саған тасып-толдың,
Ізгілікке қашанда асық болдың.
Сонау жастық шағымда мына өмірге,
Сені сүю арқылы ғашық болдым!

Өрт сезімім әлі де сол қалпында,
Сол ғой менің жалғыз-ақ сырқатым да.
«Егер мені сүймесең: мына өмірдің,
Мәні не?»-деп жазыппын бір хатымда!

Ұлтты сүйдің жыр жазып жалындаған,
Елемей дәуіріңді дауылдаған.
Өмір бойы Тәңірге басымды ием,
Ақ тілек арманымды орындаған.

Ұл-қыз сүйдік шырайы жарқыраған,
Мен үшін тек өзіңсің алтын адам.
Саған мәңгі тілеуқор болып жүрген,
Әрдайым да болсыншы, халқың аман!

Жалғай бер, шабытпенен өлең көшін,
Ардақ тұтар ел-жұрты ел еркесін.
Мен де сені аялап өтсем деймін,
Шөкім бұлттың түсірмей көлеңкесін!
Таныстыру

Жүр едің арнап жырға әсем,
Тағдырдың берген талабын.
Келін боп түстің Сырға сен,
Құтты болсыншы қадамың!

Киелі жер ғой қашаннан,
Ежелден биік даңқы бар.
Жасарған және жасанған,
Жыр құмар және ән құмар.

Шөл дала ерні кезерген,
Қызығып мұнда қараған.
Сырдария деген өзеннен,
Құт болып өмір тараған.

Борасын желі қатты сын,
Барлығы тапқан үйлесім.
Көрерсің ащы, тәттісін,
Шеңгелі менен жидесін.

Жомарт қой жері даламның,
Жатыр ғой талай жолы, ізі.
Бұл жерде Қорқыт бабамның,
Күй төккен мұңды қобызы.

Айтып ең өзің өткенде,
Сыр сүлейлерін сүйем деп.
Жыраулық туын тіккен жер,
Балқы Базар мен Жиембет.

Қарсы алып таңды, кештерді,
Қарашы алғы қатарға.
Осында туып, өскен-ді,
Тұрмағанбет атаң да!

Сәт сапар тілеп саған да,
Беташар сөзін қосуда.
Әбділда, Асқар ағаң да,
Жыр қосын тіккен осында.

Мықтылар көп-ақ халқымда,
Олардың орны биік тым.
Мақтанайыншы алдыңда,
Таластан тапқан сүйіктім!

Қиындық туса еліме,
Қайыспай шыдар қайран жер.
Еңбегі сіңген жеріне,
Әкем де менің майдангер!

Қызмет етсең, ерінбе,
Шай ішкіш ауыл шалдары.
Анам да отыр төріңде,
Бағыңды тілеп алдағы.

Көнерсің жеңіл, ауырға,
Барарсың суға, айдынға.
Аз емес осы ауылда,
Қайнағаларың мен қайның да!

Бәрін де көрдің көзіңмен,
Сырым жоқ сенен жасырған.
Махаббатпенен, төзіммен,
Күндерді өткіз басыңнан!

Ынтымағымыз берік бұл,
Бөлінбегендей еншіміз.
Шашуын шашып келіп тұр,
Молдаван, орыс көршіміз.

Қарама енді мұңайып,
Құшағың бүгін тола гүл.
Жақсы ауылға лайық,
Жақсы келін бола біл!
Қажетсің әлі халқыңа

Кеше ғана еді ғой,
Құлай сүйген күндерім.
Ұлы сезім селі ғой,
Ұрпақ сүйіп жүргенім.

Ұл да, қыз да өсірдік,
Ата-баба салтымен.
Кемшін болса кешірдік,
Адалдықтың антымен.

Елу жылдай екеуміз,
Көрдік талай заманды.
Біз қаһарман екенбіз,
Қару еткен қаламды.

Ардағысың, халкыңның.
Сен-сүйікті ақыны.
Шабыттанып шалқыдың,
Елді сүю арқылы.

Көрдік талай қиындық,
Айтылған бұл наз емес.
Бір Аллаға сиындық,
Олжамыз да аз емес.

Ұрпағыңа бердің сен,
Ұлтын сүйген текті өлең.
Кемелдікке келдің сен,
Асудан асып көптеген.

Жайна, жаса, жарқыра,
Күліп өтсін әр күнің.
Қажетсің әлі халқыңа,
Аман бол, ғашық ақыным!

Ризамыз Алла берген өмірге

Біз екеуміз астық талай белдерден,
Қол ұстасып өттік қиын жерлерден.
Әлі күнге сақтап келем жоғалтпай,
Орамалды қыз кезіңде сен берген.

Сол орамал-сүйген жүрек белгісі,
Асыл жарын аялайды ер кісі.
Адамымын адалдық пен тәртіптің,
Бәз біреулер келмесе де сенгісі.

Жеңілдеттім жұмысыңның көбісін,
Ақын ғой, деп еңбек еткен ел үшін,
Күндіз-түні жалау болып жаныңа,
Көрсін, дедім бейнетінің жемісін!

Өмірімнің көбі өтіпті байқасам,
Саған салмақ түсірмедім ешқашан.
Ақын жарым өлең жазсын, дедім мен,
Бөлмемізде сөнбейді әлі кеште шам.

Ризамыз Алла берген өмірге,
Ризамыз Тараз деген өңірге.
Мені ешкімге қимайсың-ау әлі сен,
Суыған жоқ махаббатым менің де!

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support