- Advertisement -

«Әуендер әлемі» -өнерге құрмет тің үлгісі

330

- Advertisement -

«Бітер істің басына, жақсы келер қасына» деген сөз бар халқымызда. Рас сөз. Соңғы жылдарда біздің өңірдің әр саласында серпіліс пайда болғаны – соның дәлелі. Облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің бастамасымен жүзеге асырыла бастаған жаңа пилоттық жоба да әлеуметтік-экономикалық жағдайдың тұрақтануына ықпал етері сөзсіз. Ал екі жылдың ішінде жаңғырып-жасарған, тарихи мәні арта түскен Тараздың келбеті жамбылдықтардың әлеуметтік көңіл күйін көтеріп тастағаны анық. Өңірдің 80 жылдығына орай облыс орталығындағы кешендер, ғажайып ғимараттар, ғибраты мол алаңдар пайдалануға берілгені белгілі. Соның бірі – Ы.Дүкенұлы атындағы Тараз қалалық мәдениет үйінің маңынан ашылған «Әуендер әлемі» алаңы.
Аталған нысанның жалпы аумағы 700 шаршы метрден асады. Мәдени орын өнер қайраткерлерінің және жергілікті өнер үздіктерінің шығармаларын насихаттап, есімдерін ардақтау мақсатында ашылған. Алаңның ортасында орналасқан стеланың биіктігі — 6,5 метр. Ескерткіш бағананың айналасына 30 тұғыртас орнатылған. Оларға қойылған 60 жұлдыз белгісіне еліміздің мәдениеті мен өнерінің дамуына үлкен үлес қосқан тұлғалар мен өнерпаздардың есімдері жазылған.
Оның дәл осы жерден ашылуы да бекер емес. Ал мәдениет үйіне Ықылас Дүкенұлының есімі берілген. Соған орай аллеядағы стеллада қобызшының даналық сөзі жазылған. Ал оның төменгі жағында Жамбыл Жабаев, Ықылас Дүкенұлы, Балуан Шолақ, Кенен Әзірбаевтың қанатты сөздері жазылыпты. Мәселен, Ықыластың: «Ашаршылықта ас болған, Жаяушылықта ат болған, Хан мен қараның алдында дос болған, тең келер еш теңеу жоқ қара қобызым», – деген толғанысына тебіренсек, Жамбылдың: «Ақбасты Алатаудың Жамбылымын, Өлеңнің ұлы сүре даңғылымын», – деген жолдарын да толқымай оқу мүмкін емес. Балуан Шолақтың: «Мен Шолақ он сегізде өнер тапқан, Үкілеп ақ боз атқа тұмар таққан. Басымда пұшпақ бөрік, шекемде – үкі, Үстіме кидім жібек шымқай ақтан», – дегені, Кененнің: «Кәсібім жастайымнан – ән мен өлең, Әзірбай әкем екен, атым – Кенен. Өнерім бойымдағы жалғыз осы, Сұрасаң сырыңды айт деп халқым менен», – дейтін өлең жолдары осы алаңның атауын айшықтап тұрғандай. Алаңның айналасы нота бейнесіндегі өрнектермен өрнектелген. Оның да өзіндік мағынасы бар екені анық.
Тұғыр таста құрметпен жазылған әйгілі өнер майталмандарының ішінде бақилық болған Сауытбек Ұсаұлы, Өмірбек Байділдаев, Амангелді Сембин, Мэлс Өзбеков, Тынышбай Рахым, Аяз Бетбаев, Алтынбек Оразбековтің есімдері жүргіншінің назарын бірден аударады. Аңыз әндердің авторы Илья Жақанов, Астана мен Алматыда жүрген жерлестеріміз, өнер жұлдыздары Алтынбек Қоразбаев, Сәуле Жанпейісова, Нұрлан Байкөзов, Мұрат Құсайынов, Байдәулет Сазабеков, Гүлмира Ақүрпекова, Бағдат Сәмединова, Мұқасан Шахзадаев, Саят Медеуов, Досымжан Таңатаров, Мейрамбек Бесбаев, Мақсат Базарбаев, Әлқуат Қазақбай, Айбек Жансейітов (Бүркіт), Айгүл Иманбаева, Ардақ Исатаева, Гауһар Қаспақова, Бейбіт Сейдуалиева, Тахмина Әшімбекова, Гүлнұр Өмірбаева, Мөлдір Әуелбекова, Құрмаш Маханов, Ернар Айдардың есімдерін мақтанышпен оқыдық.
Өңір мәдениетін өрге жүздірген Әбиірбек Тінәлі, Аман Малдыбаев, Марат Ілиясов, Әуесхан Салабеков, Сәрсенбек Бәкір, Мұхтар Рахманқұлов, Асылхан Шүңіреков, Ғани Мәтебаев, Оңал Азаматова, Талғат Орынтаевтың да есімдері тұғыртасқа жазылғаны орынды деп есептедік. Бұған өнер иелері де дән риза. Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Әбиірбек Тінәлі: «Өмірімізді өнерге арнадық. Міне, Пайғамбар жасқа жеттік. «Әуендер әлемі» алаңы – өнерге құрмет. Осында тұғыртасқа жазылған аты-жөнімді отбасыммен, жанашырларыммен бірге келіп көріп, риза болдым. Еңбектің еленгені – бұл. Тасқа жазылған сөз болашаққа қалады ғой», -дейді.
– Бұл алаңды орнату оңайға соққан жоқ. Әуелі, ақындар да назарда болған. Адам саны мүлдем көбейіп кетті. Сондықтан, облыс әкімі Асқар Мырзахметов бастаған арнайы топ осы 60 есіммен тоқтауды жөн санады. Алдағы уақытта Жамбыл Жабаев атындағы музейдің алдында айтыс ақындарына арналып осындай алаң ашылатын болады, – деді облыс әкімдігі мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Дүйсенәлі Бықыбаев.

Есет ДОСАЛЫ

Тараз қаласы.

Суреттерді түсірген
Ақәділ Рысмахан.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support