- Advertisement -

Болатбек ісіне болат тай берік

53

- Advertisement -

Ерназарлық Болатбек Айтуаров үнемі елдің қамын ойлап, ағайындары мен ауылдастарына көмегін көрсетіп жүреді. Техникасымен көршілерінің жазда шөбін, күзде отынын тасып берсе, қар түссе ауыл ішіндегі жолдың қарын күреп, мектепке жол ашып қоятыны тағы бар. Сондықтан да қырықтың қырқасына шыққан азаматты ерназарлықтар ерекше құрметтейді.
Бүгінде жұмыс жоқ дейтін жастарға Болатбектің ісі үлгі боларлықтай. Өзі малшы, механизатор, дәнекерлеуші, темір жонушы. Қолынан келмейтіні жоқ. Бір сөзбен айтсақ, сегіз қырлы, бір сырлы жігіт. Ол тоғыз жастан трактор тізгінін ұстаған әкесі Қилыбай мен ағасы Боданның қасынан қалмай жүріп, техника тілін ерте меңгерген. Орта мектепті бітірген соң өзінің болашағын ауыл шаруашылығымен байланыстырғысы келген ол аудандағы №136 техникалық училищеге түсіп, оны тәмамдаған соң «ЮМЗ-6» тракторының рөліне отырады.
– Мен бұл мамандықты таңдағаныма өкінбеймін. Бала кезде әкеме еліктеп, механизатор болуды алдыма мақсат етіп қойған болатынмын. Қазір өзімнің жеке шаруа қожалығымды ашып, шаруамды жүргізудемін. Жыл сайын техника паркін жаңартып, ауыл жастарын жұмысқа тартудамын, – деді Болатбек.
Қазір ол басқаратын «Аян-Аят» шаруа қожалығында «МТЗ-80» тракторы, «Зил-130» жүк автокөлігі, шөп оратын «Немка» агрегаты, дән сепкіш, шөп тайлағыш, жүк тиегіш, соқа, тырма және басқа да ауыл шаруашылығы құралдары бар. Биыл астық оратын «Лида» комбайнын сатып алуды жоспарлауда.
Шаруашылық қолда бар техникасымен көктем туғаннан қыс келгенше тыным таппайды. Қожалығының егістік жері мен өзгелердің шөбін оруға, тасымалдауға, егістігін жыртып, дән себуге тағы басқа жұмыстарына көмек көрсетумен келеді.
Ол туралы ауыл әкімі Мырзахан Әбдіқұлов та жақсы пікірде.
– Бізге көмек керек болса, бірден Болатбекке шығамыз. Ол техникасымен келіп, көктемгі және күзгі тазалық айлықтарында күл-қоқысты шығарысуға атсалысады. Мүмкіндігі төмен отбасыларына көмір тасымалдауға көмектеседі. Тіпті қыстың күні көшелерімізді де қардан аршуға жәрдемін тигізеді. Қыстауларда отырған қойлы ауылдарға да жол ашып береді. Біз Болатбектің сөздің емес, істің адамы екенін жақсы білеміз, сол үшін де оны өзге шаруа қожалықтарына үлгі етіп отырамыз, – деді ол.
Ал ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Төлепберген Үрістенбеков: «Біздің Бөкең нағыз ер азамат. Істің адамы. Ол ісімен ғана емес, мейірімділігімен де ерекшеленеді. Ол ауылдағы тұрмысы төмен отбасыларға да көмек көрсетіп, азаматтық танытып жүр», – дегенді қосты.
Болатбектің еңбегі ескерусіз де емес. Қоғамдық жұмыстарға белсене араласып жүрген ол үнемі әкімдік тарапынан түрлі дәрежедегі марапаттарды да иеленіп жүр.

Дүйсенбек ОРМАНОВ,
журналист.

Жамбыл ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support