- Advertisement -

Қажетті малды кәсіби мамандарға тексертіп, сатып алды

67

- Advertisement -

Өңіріміздегі ауылдардың жағдайын жақсартып, ауыл халқының тұрмысын түзеу мақсатында қолға алынған «Жамбыл облысы тұрғындарының тұрмыстық табысын жақсарту» жобасы қарқынды жұмыс істеуде. Облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің тікелей бастамасымен жүзеге асқан қанатқақты жобаның аясында нақты істер қолға алынуда. Аталмыш жоба «қайтсем мал табамын» деп еңбегін еміп, таудай табыс табуды көздеп жүрген ауылдардың қарапайым халқына таптырмас мүмкіндік сыйлап отыр. Бұл мүмкіндікті босқа жібермегендердің бірі – Кеңес ауылдық округінің тұрғыны Айсұлу Әбдиева.Бүгінгі күнге дейін тұрақты жұмыспен күнелтіп жүрген ауыл тұрғыны осындай игі істің ізі ашылғанын ести салысымен ауыл әкімдігіне ат ізін салыпты. Жобаның талаптарымен танысып, оның тиімділігіне көз жеткізгеннен соң бірден құжат жинауға кіріскен. «Кәсіп бастауды, мал шаруашылығын қолға алуды көздеп жүргенімізге біраз болды. Қорамызды толтырайын десек, қаржы жағы қолбайлау. Өткен жылы жаңа жобаның шыққанын естіп, қуанып қалдық. Ал пилоттық жобаға біздің ауыл енгенін естігенде тіптен таңырқап қалдық. Алатын малымыздың қаржысын есептеп, бірден құжат жинауға кірістік. Міне, жуырда ғана қолымызға қаржымыз тиіп, көздеген малымызды да алып үлгердік. Бізге берілген 3 миллион теңгенің 1750000 теңгесіне 5 мүйізді ірі қара, 800 мың теңгеге 2 жылқы алдық. Қалған 450 мың теңгені осы малдың жемшөбіне жаратпақпыз. 

Жылқы мен сиырды ауданымыздағы шаруа қожалықтардың бірінен келісімшарт арқылы сатып алдық. Аудандық ветеринария бөлімінің мамандары арқылы малды тексеріп, ауру-сырқауы жоқтығын анықтадық. Бұрын 6 гектар егістік жеріміз бар болатын. Биылғы жылдан бастап сол жерге жүгері мен жоңышқа егуді көздеп отырмыз. Оған қоса, мал азығын дайындауға арналған ұсақтағыш құралды да сатып алдық. Ең әуелі мал басын арттырсақ дейміз. Ал келесі жылдан бастап сүт бағытында жұмыс істеп, отбасылық кәсібімізді кеңейтсек деген ойымыз бар. Жалпы, жобаның ауыл халқы үшін өте тиімді екенін айтқым келеді. Мәселен, үстіміздегі жылдың маусым айында 37 мың теңге көлемінде негізгі төлемнің пайызын төлесек, желтоқсан айында несиенің алғашқы төлемін жасаймыз» – дейді Айсұлу Әбдиева.
Расымен де, төрт түліктің арқасында кейде кездесіп қалатын қиыншылық білінбей келе жатқанын сезінетін ауылдықтар үшін бұл жобаның берері көп болып тұр. Ойындағысын іске асыруға қаржы мәселесі қолбайлау болып жүрген талай тұрғындардың көздегені жүзеге асып, қым-қуыт тірлікке бел шеше кірісіп кетті. Жобаның жүзеге асқанына көп уақыт өте қоймаса да соның арқасында ауылдықтардың тұрмысына береке кіре бастағанын аңғару қиын емес.

Мойынқұм ауданы.

Ерғали Қартайған

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support