- Advertisement -

«Теріс-ащыбұлақты» балыққа қалай толтырамыз?

458

- Advertisement -

«Өзен жағалағанның өзегі талмайды». Қазтуған жыраудың «Балығы тайдай тулаған, бақасы қойдай шулаған…» деп Зайсан көлін сипаттағаны да бар емес пе? Бірақ Жуалы ауданындағы Теріс өзенінің балығы тай мен тоқтыдай болмаса да, көп еді. Өзеннің жағасында аунап өскен, шоршыған балығын көріп өскен қариялардың айтуынша, бұрын Теріс-Ащыбұлақ су қоймасы балыққа берекелі болған. Онда оның түр-түрі – көксерке, сазан, табан, дөңмаңдай, тұқы секілді балықтар су тартылғанда шұқанақ біткенде шүпірлеп қалып қоятын.Бүгінде Теріс өзенінің жағалауы жалаңаштанып, суында балық азайып барады. Ертеректе жағасы ну тоғай болса, бүгінде ол да оталып, сиреп, айналасы күл-қоқысқа толып кетті. Ал өзен жағасы мен Теріс-Ащыбұлақ су қоймасынан балық аулайтын балықшылар да ондағы «су маржандарының» азайып кеткеніне алаңдаушылық танытуда. Бұл арада «Неге?» деген сұрақтың туындайтыны анық. Балықшылардың айтуынша, біріншіден, олар броконьерлік жолмен көп аулануда екен. Екіншіден, шабақтарды қолдан өсіру жұмысы қолға алынбай тұрса керек. Қолдануға тыйым салынған қытай ауларын өзенге тастайтын қаскүнемдер де жоқ емес. Бүгінде өзен түбінде ондаған километрге созылған торларға балық атаулы шырматылып, қырылуда дейді олар. 

Батыстан шығысқа қарай ағатын, табиғи ерекшелігіне қарай Теріс деп аталған өзен бұлақ суларынан жиылып, бір арнаға толып ағады. Ертеректе оның суы мол, ағыны қатты болыпты. Ал жағасын ну тоғай басып жататын. Көктем шыға суы арнасынан асып, қос жағалауын су алып кетеді. Кеңес заманы тұсында өзен суын кәдеге жаратуды көздеген билік басындағылар бөген салу құрылысына 1939 жылы кіріскен. Су қоймасының іргетасы қалана бастаған тұста Ұлы Отан соғысы басталып, құрылыс жұмыстары жеті-сегіз жылға кері шегеріліпті. Тек 1948 жылы құрылысы қайта қолға алынғанмен, ондағы жұмыстар баяу жүргізілген.
Алдымен өзен жағалауындағы тау жыныстары динамиттермен қопарылып, су жинайтын қазан шұңқыр дайындалған. Бұл нысанның құрылыс жұмыстары 15 жылға созылып, 1963 жылы пайдалануға берілген. Бөгеттің биіктігі – 30, тереңдігі 21 метрді құрайды. Оның жобалық қуаты – 158 миллион текше метр. Дегенмен бөген тұрғызылған сәтте Шақпақтан соғатын дүлей дауылдың әсерінен пайда болатын толқынның биіктігі ескерілмеген еді. Соның салдарынан су бөгенінде бірнеше рет қауіпті жағдай орын алып, мұнда жобалық су қорын жинауға тыйым салынған.
Бөгетте қауіпсіздік іс-шаралары кейінгі жылдары қатаң бақылауда ұсталып келеді. Оның солтүстік бөлігіндегі «алты ауыз» деп аталатын апаттық өткізгіш құрылғысы айдында су мөлшері көбейген сәтте бір мезгілде секундына 600 текше метр суды қосалқы канал арқылы арнаға ағызып тастай алады. Оның ұзындығы – 350, ені – 10, ал, тереңдігі 6 метрді құрайды. Бүгінде онда жобада көрсетілген көлемде су жиналуда. Бөген суымен Жамбыл мен Байзақ аудандарының жүздеген гектар егіс алқаптары суландырылуда.
Тәуелсіздік алғаннан кейінгі жылдарда Теріс-Ащыбұлақ су қоймасының қауіпсіздігін арттыру жұмыстары жалғасын тапты. Атап айтсақ, 2004-2005 жылдары құрғақ беткейіне 500 миллион теңгеге нығайту жұмыстары жүргізілсе, 2010-2012 жылдары су сақталатын беткейге күрделі жөндеу жүргізіліп, сызаттар, жарықтар және ақаулар бетондалды. Бөгеттің жотасы 3 метрге дейін биіктетілді. Ескі сораптардың орнына жаңалары орнатылды. Гидропост та жаңартылды. Осы мақсатқа 860 миллион теңге жұмсалған.
Бөген пайдалануға берілген сәттен бастап онда балық шаруашылығы қатар дамыды. Өзенге әр жыл сайын күзде миллиондап шабақ жіберіліп отырды. Ал оның жағасында отырған елді мекендердің тұрғындары көптеп балық аулап келген. Бөген суымен егіс алқаптарын суғарған Жамбыл ауданының мұраптары да жүйектердің арасында шоршып жататын балықтарды айырмен шаншып алады екен. Дейтұрғанмен бүгінде шүпірлеп жүзіп жүретін балықтан көз жазып қалдық. Оның сырын балықшы да, қорықшы да біле алмай дал.
Осы арада өзендегі балықты көбейту үшін не істеу керек? Тіршілік көзін балықпен байланыстырған балықшылар қайтпек? Осы сұрақтар бүгінде әрбір балықшының көкейінде жүргені анық. Оны аудандағы іргелі шаруа қожалығы – «Зылиханың» ғимаратында бас қосқан балықшылардың да аузынан естідік. Олардың дені 13 жылдан бері өзенді жекешелендіріп алған кәсіпкер жұмыс істемей отыр деп налиды.
Қожалық жетекшісі, аудандық мәслихаттың депутаты Керімқұл Бегалиев әуесқой балықшылардың мұңын мұңдап, жоғын жоқтап жүрген азамат. Өйткені оның өзі де әуесқой балықшы. Жазда ауылдың тұсындағы өзенге қармақ салса, қыста мұз үстіне шығып, балық аулайтыны бар.
– Қазақта «өзен жағалағанның өзегі талмайды» деген сөз бар. Оның арғы жағынан «Судың да сұрауы бар» деген сөз өздігінен шыға келері анық. Судың сұрауы болса, оның ішіндегі балықтың да сұрауы бар шығар. Өмір осылай бір орында тұрмайды ғой. Қазір еліміздің әлеуметтік-экономикалық ахуалы жақсарды. Ал біз өзіміз тұрып жатқан өзенімізге қамқорлық көрсетпесек, ондағы балықтың бәрін бүгін аулап тастасақ, болашаққа не қалады? Осы сауалды мен үнемі көтеріп келемін. Өйткені өзеннің қожасы өзіміздің әріптесіміз, «Боранды» шаруа қожалығының жетекшісі, аудандық мәслихаттың депутаты Айбек Елекбаев та біз сияқты жаны ашуы керек еді. Бірақ біз одан мұндай азаматтықты көре алмадық. 13 жылдан бері жұмыс істеген жоқ деп те айтудан аулақпыз. Рас, өзенге әр жыл сайын 10 мың шабақ жіберіп отырғанынан хабардармыз. Дегенмен ол аз, – дейді К.Бегалиев.
Оның бұл сөзі балықшылардың жанды жеріне дәл тигендей болды. Өзенге қармақ салып жүрген 84 жастағы балықшы Николай Писмак: «Бұл өзенге қармақ салып келе жатқаныма 70 жылдан асты. Біле білген адамға балықшының еңбегі деген ауыр кәсіп. Кеңес одағы тұсында осында арнайы балық шаруашылығы жұмыс істеген. Мен сол шаруашылықта ұзақ жыл еңбек етіп, Шардарадан, басқа да шабақ өсіретін шаруашылықтардан 100 мыңнан 1 миллионға дейін өзенге шабақ әкеліп жіберетінбіз. Өзен жағасындағы халық та, шаруашылықтар да қарық болып жататын. Теріс-Ащыбұлақ су қоймасынан ауланған балықтар Тараз, Алматы қалаларында өткерілетін. Соның жұрнағы мұндаға дейін сақталып келіп еді. Енді сарқылды. Су бөгенінің қасында балықшылар үйі болатын. Сол арадан жас баланың бойындай сазандарды ұстаушы едік. Соңғы 4-5 жылда ол да жоқ болды. Қазір өзенге қармақ салсаң алақандай табан, көксеркені ұстайсың. Ал қыстың күні өзен бетіне мұз қатқанда берісі – Тараз, арысы Шымкенттен балықшылар келіп, мұзда отырып кемі 10 килограмм балық ұстап әкетуші еді. Қазір 4 сағат отырғанда 2 балық қармағыңды қапса жақсы. Өзендегі балықтың бұлай құрып кетуіне бұған жауапты қожалықтың салғырттығы деп білем. Екінші жағынан қаскүнемдер де ау салып, тоқпен ұрып аулауын тоқтатар емес. Олар өзеннің әр тұсына ау салып ұстағанымен қоймай, оны өзенге лақтырып кетуде. Жалпы, жұрт балықшылар көл-көсір табыс табады деп ойлайды. Мен сияқты 84 жасқа келіп, мұзды ойып көрсін. Оның қиындығына шыдасын. 20-30 градус аязда, боранда жүрсін. Жаздың да өз қиындығы жеткілікті,– деді қария.
Ардагер балықшының сөзін Аятбек Жолдыбеков те қостай кетті. «Теріс-Ащыбұлақтағы өзектен қармақпен күніне 10-15 килограмға дейін сазан ұстайтынбыз. Қазір ол жоқ. Өзенге тажал қармақтан келіп отырған жоқ. Тажал аудан келіп отыр. Ол аулар судың астында ширек ғасыр шірімей жата береді. Оған балық ілінсе шырмалып, шыға алмай қалады. Сондықтан капрон жіптен тоқылған ауды қолданған жөн. Бірақ оны құрып қойып 3 күннен соң қарасаң да қазір балық түспейді. Сол үшін әуесқой балықшылар өзенге балық ұстау үшін келсе адам басына 1500 теңге төлейді. Ауылдың қасындағы су қоймасын қойып, Шардара су қоймасына барып балық ұстайтын болдық. Ондағы тәртіп мүлдем басқа. Ұстаған балығыңа қарай салығын төлеп, демалып қайтасың. Сонымен бірге онда туризм де жақсы дамуда. Ал бізде түк жоқ дейміз. Бізде де туризмді дамытуға болады. Қазір су қоймасына келсеңіз мұз үстінде отырған жүздеген балықшыны көресіз. Жан-жақтан келіп, қармақ салады. Міне, сізге туризм», – деді ол.
Ал Елубай Нағашбеков: «Өзеннің жағасындағы тазалық сын көтермейді. Қайда барсаңыз да шашылып жатқан күл-қоқысты көресің. Не өзеннің айналасына отырғызылған бір тал дарақты көрмейсің. Көгеріштендіруге мүлдем көңіл бөлінбейді. Су қоймасының жағасында сынған шыны және шашылып жатқан пластик құтылардан аяқ алып жүре алмайсың. Балықшылардан ақша алған соң арнайы орындықтар салып, тал-дарақтар отырғызып қойса болар еді ғой» – деді.
Жалпы, балықшылар бұл кәсіпті құмар ойынға теңейді. Көктемде беліне дейін резіңке етік киіп, суды сағаттап кешіп, үрлемелі қайықпен өзеннің ортасына жүзіп барып, толқынға қарсы тұрады. Оның қызығына кірген адам ауа райының суығына, мұздың жұқалығына қарамастан өзен бетіне шығып, өз өмірін қауіп-қатерге байлайтындары аз емес көрінеді. Сонымен бірге балықшылықпен қатар аңшылықты кәсіп еткендер де үш жылдан бері аң аулауға арнайы рұқсат қағазын ала алмай жүргендерін сөз етті.
Олардың шаруа қожалығына қояр талабы да көп емес. Атап айтсақ, өзенге шабақ жіберуді жолға қойса, су бөгенінен арнаға түсетін өткізгіштің аузына тор немесе электр үркіткіш қойылса, тазалыққа мән берілсе дейді. Сонымен қатар бөгендегі балық шаруашылығын басқаруға қойылған Юрий атты жігіттің бұл жұмыстарды өз деңгейінде атқара қояды дегенге күмәнмен қарайтындықтарын жеткізді. Жалпы, ондағы балықтардың өсіп жетілуін қожалық мықтап қолға алатын болса, балықшылар екі-үш жылға дейін өзенге қармақ салмауға дайын екендіктерін де аңғартқандай болды.
Балықшылар көтерген мәселеге орай «Боранды» шаруа қожалығының жетекшісі Айбек Елекбаевты әңгімеге тартқан едік.
– Су қоймасын 49 жылға жалға алғандағы мақсатым – өзенде балық шаруашылығын дамыту болатын. Сондықтан су қоймасына күзде, су бөгенге қайта жинала бастаған тұста жылда 10 мың шабақ жіберіп келдім. Өйткені қолда өсірілген шабақтар «жаңа қоныстарына» тез сіңіп, бейімделіп кетсін деймін. Қойманы алғаш алған жылы бұл жұмысты жүргізеді деген үмітпен ауылдың азаматтарын жұмысқа тартып, олардан балық шаруашылығын дамытуды талап еттім. Бірақ олар бұл шаруаны тиісті деңгейде атқара алмады. Талапты күшейтіп едім, жұмыстан шығып кетті. Қазір Юрий мен күткеннен де көп жұмыс атқаруда. Ол Жамбыл ауданындағы Гродекова ауылындағы «Сандель» шаруа қожалығынан өткен күзде 45 мың шабақты өз қаражатына сатып алып, су бөгеніне жіберді. Оның мұнда орнатқан жаңа тәртібі кейбір балықшыларға ұнамайтын көрінеді, – деді Айбек.
Сондай-ақ ол «Теріс-Ащыбұлақ» су қоймасының егін шаруашылығын дамытуға арналып салынғандығынан бүгінгі таңда онда балық өсіру ісінің өркендетуге кедергі келтіріп отырғанын да жасырмады. Құрғақшылық жылдары су мөлшері белгілі деңгейден түсіп кетіп, су жәндіктерінің басым бөлігі сумен ағып кетіп жататындығын айтты. Оның зардабын кәсіпкер де, балықшылар да тартатыны анық. Дейтұрғанмен соңғы жылдары су қоймасында суды толық жіберіп қоймай, балықтың өсіп жетілуіне жетерлік су қоры қалдырылуда. Жалпы, өзендегі балық қорын байыту үшін облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы бұл мәселені мемлекеттік деңгейде көтеріп, Үкімет назарына ұсынып отырса керек. Алдағы уақытта су қоймаларында егін шаруашылығымен қатар балық өсіруге тиімді жол ашылады деген үмітте.
Бұдан кейін шаруашылық жетекшісі су қоймасындағы балық шаруашылығын дамытуды сеніп тапсырған кәсіпкер Юрий Александровпен де жолығып, сөйлескен едік. «Бұл шаруаны қолыма алғаныма жарты жылдан асты. Жұмысты су бөгенінің айналасын күл-қоқыстан тазартудан бастадым. Ал өзендегі балықтың бұрын қандай болғанын мен білмеймін. Мен Шымкент қаласынан келіп жұмыс істеп жатырмын. Бірақ оның азайып кетуіне мені кінәлайтындар да табылып жатыр. Олардың айтуынша, мен оны электр қуатымен ұрып, жинап әкетеді екенмін. Бұл енді шындыққа жанаспайды.
Мен кәсіпкермін. Мен мұнда қаржы құйып, шабақ жіберіп, оның су қоймасында өсіп-жетілуіне жағдай жасаудамын. Сегіз адамды жұмыспен қамтып отырмын. Алға қойған жоспарым да көп. Келешекте өзенді балыққа толтырсам деймін. Ал қармақ ұстап өзенге келген әрбір балықшының қолында рұқсат қағазы болуы керек. Оны Тараз қаласындағы «Балықшылар үйі» дүкенінен алуларына болады», – деді ол.
Ал Жамбыл ауданындағы «Сандель» шаруа қожалығының жетекшісі Дильмурат Хусаин-Ахуановтың айтуынша, су қоймаларын тәлім бақта өсірілген шабақтармен толтыру арқылы жағдайды түзетуге болады дейді. Жалпы, су қоймаларына жіберілген шабақтың қыстан аман шығуы үшін орташа салмағы 25 грамм болуы керек екен. Өзен суы мұз болып қатқан қыс мезгілінде балықтарға ауа жетпей қырылып қалмас үшін тоғандағы судың көлемін қалыпты деңгейде ұстап тұруды қамтамасыз ету керек. Су жәндіктеріне сапалы азық тасталады. Бұрын мұның бәріне мемлекеттен көмек көрсететін. Енді ол жұмыстарды су тоғандарын жалға алған кәсіпкер өз қаражатына атқаруда.
Облыс әкімдігінің орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы басшысының орынбасары Болат Асамбеков бұл жайдан хабардар екенін жеткізді. Оның айтуынша, өңірімізде 105 су айдыны бар. Бүгінде оның 98-і кәсіпкерлерге балық шаруашылығын жүргізу үшін бекітіліп берілген. Бұл су айдындарындағы балықтандыру іс-шаралары кәсіпкерлердің жеке қаржыларымен жүргізілсе, ал республикадан Балқаш көлін балыққа толтыру үшін ғана қаржы қаралып, көлге бір миллион шабақ жіберіліпті. «Біз «Боранды» шаруа қожалығымен көп жылдан бері бірге жұмыс істеп келеміз. Қожалық бұрын өзенге 10 мыңның үстінде ғана шабақ жіберіліп келсе, ол биыл төрт есеге арттырылып отыр. Бұл алдағы жылдары өз жемісін береді деген сенімдемін. Ал қаскүнемдермен күрес тоқтаусыз жүргізілуде. Біздің инспекторлар олардың жолын кесу үшін барлық қауіпсіздік іс-шараларды жүргізіп жатыр. 2013 жылдан бері қытай ауын пайдалануға тыйым салынды. Өткен жылы сауда нүктелері мен балықшылардан бір тонна қытай ауын тәркілеп көзін жойдық. Бұл жұмыстар әлі де жалғасады», – деді ол.

Тілші түйіні:
Әңгіме барысында екі жақты да мұқият тыңдадық. Балықшылардың да, өзен қожайындарының да ойын бүкпесіз жеткіздік. Әркім өзінікін жөн көріп, дұрыс дейді.
Жұмыс жоқ деп айтудан аулақпыз. Әркімнің өз көздеген мақсаты бар. Кәсіпкер табыс тапсам дейді. Ал қармақ салған балықшыға «Теріс-Ащыбұлақ» табыс көзіне айналғаны қашан. Суы терең, балығы аз су қоймасына телміре қарағанмен қармағы қаппаған соң балықшы да налиды. Бұрын шелектеп аулаған балығын аңсайды. Қазіргі жағдайға өзен қожайындарын кінәлайды.
Бірлесе шешуге келгенде, бас бірікпейтінін көрдік. Балықшы мен кәсіпкердің арасында тығыз қарым-қатынас орнамаған. Бір үстел басына жиналып, мәселенің түйінін шешуге екі жақ та ынталы емес.
Әйтпесе өзен көпке ортақ. Ондағы күл-қоқысты да бөтен ешкім әкеп тастап жатпағаны анық. Жалпы, Жуалы өңірінің қай бұрышын алсаң да туризмді дамытуға сұранып-ақ тұр. Жазда бара қалсаң өзен бойында суға түсіп салқындауды қош көретін адам қарасы қалың-ақ. Соңғы жылдары өзен бойынан былайғы жұрт «Солнышка» мен су қоймасының маңынан ашылған тағы бір демалыс орны «Ethno Village» келушілерін баурап алған. Онда Тараз қаласынан барып демалушылар қатары жыл санап артуда. Мұндай демалыс орындарын өзен бойынан әлі де көптеп салуға болады. Демалыс орындарының көптеп салынуы өзен бойының тазалығына да, көгеріштендіруіне де тигізер пайдасы көп.
Сол демалыс орындарының қасынан балық аулау орындарын да ашуға болар еді. Ал қыста бетіне мұз қатқанда су қоймасында солтүстік облыстардағыдай неге балықшылардың байқауын ұйымдастырмасқа? Жылдың басқа мезгілінде де балық ұстаушыларға жағдай жасау тәсілін біздің кәсіпкерлер көрші облыстың Шардара су қоймасынан үйренсе болар еді. Түскен табыс есебінен балықтандыру мәселесі де шешім тауып қалар еді. Бұл мәселеге кәсіпкер мен балық инспекторларының, жалпы аудан басшыларының мән беретін уақыты жеткен сияқты. Қазір Жуалыда салынып жатқан «Қаралма» тау-шаңғы кешенімен қатар «Теріс-Ащыбұлақ» су қоймасында балық аулау туризмін қатар дамытудың сәті оңынан туар ма еді, шіркін!

Марат ҚҰЛИБАЕВ
Жуалы ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support