- Advertisement -

Жолдама жолындағы жанталас басталар күн жақын

51

- Advertisement -

Әр спортшының арманы – Олимпиада ойындарының чемпионы атану. Кез келген оғлан сол жолда талмай тер төгеді. Қазақстандық жанкүйерлер төртжылдықтың басты додасында былғары қолғап шеберлеріне аса зор үмітпен қарайтыны жасырын емес. Олар сол үмітті ақтап та жүр.
Токио Олимпиадасына жолдама алу үшін боксшылар бірінші лицензиялық жарысқа ақпан айында қатысады. Бұл аламан көршілес Қытай елінде өтетіні белгілі. Жамбылдық жанкүйерлер де аталмыш додадан жағымды жаңалықтар күтетіні жасырын емес. Өйткені біз 75 килограмм салмақтағы оғланымыз Әбілхан Аманқұлға зор сенім артамыз.
Қытайда жалауы желбірейтін лицензиялық жарыста боксшылардың алғашқы жұбы үшінші ақпанда шаршы алаңға көтерілетін болады. Ал екінші ақпан күні боксшылардың жеребе тарту рәсімі өтеді. Деректерге сенсек, бұл турнирде алпыстан астам жолдама сарапқа салынады екен.
3-14 ақпанға арналған кестеге зер салсақ, күндізгі сессия Нұр-Сұлтан уақытымен сағат 11-де басталса, жанкүйерлер кешкі сессияны сағат 16.00-ден бастап тамашалауға мүмкіндік алатын көрінеді. Ерлер мен әйелдер жолдамаға таласатын жарыс тартысқа толы жағдайда өтетіні талас тудырмайды.
Олимпиада ойындарының жолдамасы сарапқа салынатын жарысқа 1980 жылдан бастап, 2001 жылдың 31 желтоқсанына дейін дүниеге келген былғары қолғап шеберлері қатыса алады. Қатысушы елдердің жетекшілері негізгі және қосалқы боксшыларды тіркеуге құқылы. Айталық белгілі бір салмақтағы қосалқы боксшы арнайы рұхсат алмайды. Ол тек негізгі боксшы спорттық тіркелімнен 31 қаңтарға дейін өтпей, оның орнына қосалқы боксшы қатысатыны расталса ғана жарыста бақ сынайды.
Бұл додада 52, 57 және 63 килограмм салмақтағы ер боксшылар алты жолдамаға таласса, 69, 75 және 81 килограмм салмақтағы сайыпқырандар 5 жолдама үшін барын салып бақпақ. Ал 91, +91 килограмм салмақ дәрежесіндегі боксшылар 4 жолдаманың бірін иеленуге тырысады. Әйелдер арасындағы турнирде 51 килограмм салмақтағы аруларға 6 жолдама бөлінсе, 57, 60, 69 және 75 килограмм салмақтағы қыздарға төрт жолдама үлестірілмек.

Табиғат АБАИЛДАЕВ.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support