ХАЛЫҚТЫҢ ТАЛАП-ТІЛЕГІМЕН ҰШТАСТЫ

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Қазақстан халқына арнаған тұңғыш Жолдауы, еліміздің тәуелсіздік жылдарында жүріп өткен жылдарының жалғасы есебінде қабылданып, насихатталуда. Облысымызда да Жолдауды түсіндіру, онда айқындалған негізгі міндеттерді жүзеге асыру жұмыстары жүйелі жүруде.
Қоғамдық дамуымызда өзіндік орны бар осы Жолдауда Қ.Кемелұлы: «Мен халыққа берген уәделерімді міндетті түрде орындаймын», – деді. Бұл сөзді біз мемлекет атынан берілген барлық әлеуметтік тапсырыстардың, ұлттық дамуға, экономикалық өркендеуге, қазақстандық басқару жүйесін дамытуға себі тиетін басқа да жұмыстар мен іс-қимылдардың бәрі бұдан былайғы күндерде қатаң президенттік бақылауда болады деген сөз деп ұғуымыз керек. Бұл Жолдауды сөзбұйдаға салу, шығарып салма жауап беру, орындалуы неғайбыл, тек орынсыз бюджеттік шығындарды ғана талап ететін жоспарлау фактілерінің бұдан былай болмауына ерекше назар аударып, оларды болдырмаудың жолдарын бүкілхалықтық бақылауда ұстау керектігін жариялап отырған Мемлекет басшысының ел алдындағы, тарихи даму аясындағы азаматтық анты деп қабылдауымыз қажет.
Президент бұл мақсаттардың негізінде жатқан халық даналығы – «келісіп пішілген тонның келте болмайтындығына» барлығымыздың назарымызды аударып, атқарушы-саяси билік пен бұқаралық ортаның бір-біріне етене жақындай түсуін көздеп отыр.
Сонымен бірге Ел басшысы өз Жолдауында жариялаған үш тағанның – «қуатты президент – ықпалды парламент – есеп беретін үкімет» принциптерінің негізінде жатқан түпкі мақсат – даму жолындағы барлық іс-шаралар мен жоспарлы жұмыстарды азаматтық ортаның талап-тілектерімен үнемі ұштастырып, олардың азаматтық бастамаларын ұдайы қолдап, ескеріп отыру қажеттілігіне, тек атқарушы билік тармақтарының ғана емес, сонымен бірге қоғамдық бірлестіктердің де, азаматтық қоғам мүшелерінің де назарларын аударып отырғандығының белгісі деп ұғуымыз керек!
Егер осы мақсатты тарамдасақ, бұл жергілікті – аудандық, қалалық, ауылдық мәслихат-кеңестердің саяси ықпалын өсіріп, мәслихаттардың рөлін жаңа деңгейге көтеруге, сөйтіп, олардың азаматтық позициясын арттыруға ықпал ететіндігі сөзсіз. Қоғамды толғандырып отырған кез келген кезек күттірмес мәселелерді талқылауға, жаңа бастаманы іске асыру жұмыстарын бастауға шешім жарияланғаннан бастап депутаттар өз міндеті негізінде белсенділік танытып, барлық деңгейдегі атқарушы билік өкілі алдында өздерінің ойлары мен еркін пікірлерін тартынбай ортаға салулары қажет. Халықтық мәселенің оң шешім табуына ықпал етуді әрбір халық қалаулысы өзінің басты мақсаты деп сезінулері керек. Қазіргі мемлекеттік жүйе қарапайым адамдардан бастап, депутаттар мен бастамашыл топтардың өкілдерінен осындай іскерлікті талап етіп отыр.
Жан-жақты жетілген мемлекетте «Халық үніне құлақ асатын» ниет болуы шарт: қоғамдық ортаны толғандырып отырған маңызды мәселелер айқай-шулы көше жиындарында емес, «ақылдасу алаңдарында» байыппен талқыланып, баянды мақсатына жетуі қажет. Яғни, демократиялық ұстанымдар мен экономикалық мүмкіндікті ұштастыра отырып талқыланған, ойластырылған мәселелер ғана қашанда өз мақсатына жетпек. Президент айтып отырған азаматтық қоғам құру жұмыстарының басты мұраты да осыған саяды. Ол үшін адамдардың орынды талап-тілектерін, маңызды бастамаларын, азаматтық мақсат-мүдделерін «ести білетін» мемлекет қалыптастыруымыз қажет. Халықты маңызды шешім қабылдау процестеріне тарта білуіміз керек. Сонда ғана орталықтар мен жер-жердегі шенеуніктердің жөнсіз жабықтығы мен «тас кереңдігі» салдарынан көпшіліктің бүгінгідей бірден Президентке жүгіну әдетін бәсеңдетуге болады. Сонда ғана жеке басқа қатысты кішігірім тұрмыстық-шаруашылық проблемаларды жергілікті жерлерде-ақ шешіп тастауға үйренетін боламыз.
Сонымен бірге егер халықтан жиі түсетін арыз-шағымдарға, ұсыныс, талап-тілектерге әрбір чиновник байсалды да байыпты, кәсіби де орнықты, мәдениетті де нақтылы жауап беретін болса, қоғамдық ортаның атқарушы билік өкілдеріне деген сенімі артады, ауызға жиі алына беретін «қағазбастылық пен жұмысбастылық» әдетінен де бірте-бірте арылатын боламыз.
Сондықтан да Президент, «Халық үніне құлақ асатын» мемлекет қалыптастырудағы басты тетіктердің бірі ретінде алдымыздағы кезекті мәслихат сайлауында халықтың саяси-әлеуметтік бірлестіктері арасында жүрген конструктивті ойлары бар азаматтарды тарта білу ұстанымын қалыптастыруды ұсынып отыр. Оларға бірлестік, партиялық ерекшеліктеріне қарай шек қойылып, кедергілер жасалмауы керек! Тек заң аясына сәйкес өтініш білдірген әрбір талапкердің сайлау науқанына еркін араласуын жан-жақты қолдап, қоғамдық-әлеуметтік пікір алуандығын қалыптастыруға ұмтылғанымыз абзал.
ҚР Президентінің Жарлығына сәйкес «Ұлттық Қоғамдық Сенім комиссиясының» құрылуы арқылы Қ.Тоқаевтың сөзінде айқындалған міндеттерді және осы Жолдауда айқындалған жоспарларды іске асырудың, қоғам тынысының өзекті тұстарына қоғамдық бақылау жасау арқылы игілікті ықпал етудің тағы да бір жаңа пәрменді тетігі пайда болды. Яғни халықтық пікір-мақсаттың арнасына тағы да бір табан жақындадық деп ұғамыз.
Ендігі мәселе – осы мүмкіндіктерді кеңінен пайдаланып және Президент тапсырған ұстаным: «қоғамдық диалог, ашықтық, мемлекеттік органдардың адамдардың қажеттілігіне жедел назар аударуы – олардың жұмыстарындағы басты көрсеткіш екендігін» ескеріп, қоғамдық бақылауды жандандыра беру – барлығымыздың ортақ парызымыз екендігін түсіне білуімізде. Бірақ іскерлік, азаматтық бақылау жасауды Президенттің өзі ескерткеніндей, «өзара сыйластық жағдайында, іскерлікпен, қолдан қасақана жасанды теке-тірес ұйымдастырмай» жүргізуіміз шарт! Өйткені Жолдауда «Белгілі бір салада шығарылған әділетсіз шешімдердің қайталануы – атаулы бір мемлекеттік жүйеде немесе аймақта қалыптасқан тұрақты проблеманы айқындайды. Бұдан былай мұндай жағдайларды тек осылай бағалап, олар жөнінде тиісті шаралар қолданылады» – деп атап өтілген!
Сонымен бірге Ата Заңымыздың мәтінінде атап айтылғандай, азаматтардың өз пікірлерін ашық білдіруіне, бейбіт шерулер ұйымдастыруына шек қойылмаған, бірақ ондай жиындар үкіметтік органдардың заңға сүйеніп белгілеген аумақтарында ғана өткізілуі мүмкін.
Сондай-ақ Президент «Күн тәртібінен коррупциямен жүйелі күрес жүргізу мәселесі түспей тұр» деп ашық жариялады. Жолдауда сөз болған дамыған мемлекет құруды қамтамасыз етудің айқын жолы – жалпыға ортақ қоғамдық тәртіпті нығайту! Өйткені әлеуметтік ортамыздың барлық саласында ұлттық игілікке жету де, мемлекетке деген берік сенімді үйлестіру де, ұлтаралық татулық пен өзара жарасымды қалыптастыру да – әрбір азаматтың адамдық, қызметтік ілкімділігі мен оның өз ісіне адалдығына тікелей байланысты. Қазір бұқаралық ақпарат құралдарында көптеген жауапты қызметкерлердің, кейбір жекелеген азаматтардың жемқорлық іс-әрекеттері туралы хабарланып, оларға қоғамдық баға беріліп жатады. Біз бүкіл ұлт осындай ақпараттардың барынша азаюы үшін азаматтық іс-қимылдарды жандандыра беруіміз керек, оны да азаматтық парыздың бір тармағы деп ұғынуымыз қажет. Жемқорлықпен күрестің пәрменді болуы түптеп келгенде күнделікті өміріміздің оңалуына, әлеуметтік төлемдердің – зейнетақы, шәкіртақы, атаулы әлеуметтік көмектен бастап, елімізді индустрияландыру, ауыл шаруашылығы мен құрылыс саласын дамыту, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, қоршаған ортаға залалсыз инфрақұрылымдар мен механизмдер жүйесін жетілдіру, денсаулық сақтау, ғылыми жетістіктерге жету, білім беру мен бала тәрбиесінің заманауи үлгілерін енгізу, мәдениет пен спорттағы көрсеткіштерімізді жандандыру мен жетілдірудің бір жолы екендігін үнемі ескеріп отыруымыз керек.
Жолдаудағы басты қағидалардың бірі – «Қарқынды дамыған және инклюзивті экономика». Бұл дегеніміз не? Сан саланы қамтитын осы түсініктің негізі – жалпыға ортақ, көптеп көмектесіп белгілі бір жетістікке жету дегенді білдіреді. Инклюзивті орта – бір мақсатты көздеген, бір істі қолға алған, бір бастаманы ұсынған жалқының емес, жалпының (адамдар тобының) біріккен ортасы, адамдардың әлеуметтік топтары арасындағы бірін-бірі түсінікпен қолдауы. Сөйтіп, аталған ортаның жалпыға бірдей тұрмыстық-экономикалық тәуелсіздікке жетуі. Қоғамдық орта, мемлекеттік құрылым, бизнес арасындағы әлеуметтік теңдікті қалыптастыру арқылы адамдардың тұрмыстық-әлеуметтік ортасындағы игілікті жетілдіруді басты назарда ұстауға бет бұрған кез келген мемлекеттік құрылымның негізгі мақсаты да сол.
Ендеше, әлеуметтік ортаның да, мемлекеттік құрылымның да ойлаған мақсат-мұратқа жетуі, өсіп-өркендеуі және тұрақты дамуы – олардың экономикалық көрсеткіштермен өзара байланысты болуында ғана емес, олардың бір-біріне тікелей тәуелділігінде. Сондықтан да Президент: «Шикізатқа байланған менталитеттен бас тартып, экономиканы әртараптандыру» міндетін алға қойып отыр. Бұл жай ұран, жалпылама тезис емес, бұл – ендігі кезеңнің кешенді жоспары.
Еңбек өнімділігін статистикалық есеппен емес, нақты есеп бойынша 1,7 есеге өсіру, елімізді өңірлік көшбасшы ретінде танытып, Орталық Азиядағы мемлекеттік беделімізді арттыру стратегиясы да нақты сол кешенді жоспар аясына кіреді.
Сонымен бірге «Білім экономикасы, еңбек өнімділігін арттыру, инновацияны дамыту, жасанды интеллекті жаһандық дамудың негізгі факторларына айналдыру» міндетін алға ұсынған Мемлекет басшысы, бұдан былайғы жоспарларымызда: «индустрияландырудың үшінші бесжылдығын жүргізу барысында бұрын жіберілген қателіктер мен олқылықтарды ескеруіміз керек» деп ескертті.
Жолдауда көтерілген мәселелердің күттірмес міндет екендігіне ерекше мән берген Қ.Кемелұлы: «Бұл мәселелер бойынша менің барлық тапсырмаларымды, ескертпелерімді Үкімет толық орындауға міндетті» деп қатаң тапсырды.
Ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу нысандары, тұрғын үй құрылысы мен жол құрылысы, индустриялық-инновациялық жобаларға арналған соны заманғы нысандарды, экспорттық мақсаттағы тауарлар өндіруді дамытуға арналған жобаларды іске асыру жұмыстарындағы біз атап өткен құрылымдардың қатысу деңгейі жоғары екендігін ескерсек, Президенттің бұл ұсынысы дер кезінде айтылған ұсыныс-бастама болды.

Тәкен МОЛДАҚЫНҰЛЫ,
ҚР Мәдениет қайраткері.

Тараз қаласы.

Comments are closed.

https://4store.com.ua/