- Advertisement -

Ғұламаның көзқарасы қай қоғамда да маңызды

178

- Advertisement -

Ғылыми және рухани мұралары ғасырлар бойы ардақталып, ұрпақтан-ұрпаққа жетіп келе жатқан ұлы ойшылдардың бірі әрі бірегейі Әбу Насыр әл-Фарабидың 1150 жылдық мерейтойы биыл мемлекеттік деңгейде аталып өтпек. Өткен жылдың 26 тамызында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев әл-Фарабидың 1150 жылдық мерейтойына дайындалу және өткізу жөніндегі мемлекеттік комиссия құру туралы қаулыға қол қойды. Сондай-ақ еліміздің Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев халқымыздың тарихтан тағылым алып, ұлы бабаларымызды әрдайым ұлықтай білгенін айтып, олардың мұралары «Рухани жаңғырудың» маңызды бағдарына айналуы қажет екенін атап өткен еді. Бұл – қуанарлық іс. Себебі ғұламаларымыздың өмірі мен ғылыми мұрасын жастарға таныстыру арқылы біз болашақ ұрпақтың ғылымға деген қызығушылығын оятып, тұлға ретінде қалыптасуына ықпалын тигіземіз. «Әлемнің екінші ұстазы» атанған, күллі түркі жұртының ұлы ойшылы әл-Фарабидың есімі мен еңбектерін тек ғалым, мұғалім немесе тарихшы ғана емес, жалпы кез келген Қазақстан азаматы білуі керек.
Әл-Фараби – ортағасырлық ғылымдардың қай саласында да үздік білімнің иесі, энциклопедист ғалым ретінде даңқы шыққан ғұлама-ойшыл. Философия мен логика, математика мен физика, музыка мен поэзия, грамматика мен саясат саласында үздік еңбектер қалдырды. Көне гректің бай мұрасын жан-жақты игерген ол, ислам идеяларына да өте терең талдаулар жасады. Ол өз заманының рухани шамшырағы болды. Әл-Фараби сананың тек теориялық-танымдық қана емес, саяси-әлеуметтік мәселелерді шешуде де алатын орнын жоғары бағалады.
Әл-Фарабидың дүниеге көзқарасы – әлеуметтік, саяси, этика, эстетика мәселелерін бірге қамтитын біртұтас жүйе. «Мемлекет қайраткерлерінің афоризмдерінде», «Қайырымды қала тұрғындарының көзқарастары» деген трактаттарында өз заманында сирек кездесетін соны пікірлер айтады, тіршілік пен ой-пікірдің тарихи негіздерін қайта құру тұрғысынан алғанда аса маңызды қағидалар ұсынады. Оның еңбектерінде көрсеткен мемлекет қайраткеріне тән ақиқатты жарату, ізгілік, байсалды мінез, адамгершілік сипаттар қазіргі кезде де маңызы мен мағынасын жоғалтқан жоқ. Ол соғыс жағдайын сорақы нәрсе деп біледі, шамадан тыс аскетизмді айыптайды. Бір айта кететін нәрсе, Ибн Синаны әл-Фарабиден артықша дәріптеу дәстүрін берік ұстанған Г.Лейдің өзі әлеуметтік-саяси салада негізгі қағидаларды ұсынған әл-Фараби деп санайды.
Әл-Фараби өз кезеңінде саясат жөнінде де терең ойлар қалдырған ғұлама. Оның ілімі бойынша қоғамның құрылымы әлемнің құрылымына сәйкес келеді. Әл-Фарабидың саяси идеялары рахымды және рахымсыз қалаларды салыстыру арқылы беріледі. «Рахымды қалада» билеуші мен оның тұрғындарының дүние және бақыт жөнінде шынайы түсінігі бар. «Рахымсыз, күнәға батқан қалада» ондай ұғым жоқ. Бұл қалалар сипаты мұраларға қатысы жағынан да өзгеше. Бақытсыз және опасыз қалада тұрғындар сезім мен қиялға негізделген әрекетке сүйенетін рахатты жоғары бағалайды, ал қайырымды қалада басқару заң күшіне, игі тәжірибеге негізделеді. Әл-Фараби мынадай адамгершілік қасиеттерді де атап көрсетеді: шындықты сүю, игіліктілік, мінез парасаттылығы. Тұтас алғанда, әл-Фараби Платонның философ-билеуші идеясын қолдайды. Ол ғалымдарды қоғамның жүрегі деп санайды.
Мемлекет туралы ілімінде Фараби мемлекеттің ішкі және сыртқы міндеттерін анықтап көрсетеді. Мемлекеттің сыртқы міндетіне «қайырымды қала» тұрғындарын қорғау немесе елді сыртқы жаулардан қорғау, яғни қорғаныс ұйымдастыруды атайды. Мемлекеттің ішкі міндеті бұл тұрғындардың бақытқа жету жолын қарастырады: әділеттілік орнату, халыққа білім беру, тұрмыс туралы ілімге оқыту, оларды адамгершілікке тәрбиелеу, бақытқа жеткізетін әдеттерді тарату. Экономикалық мәселемен шектелетін мемлекет Фарабидың есептеуінше, мәдениетсіз мемлекет. Өзінің «қайырымды» және «қайырымсыз» қалалардың әртүрлі мінездемелері мен классификацияларында Фараби қоғамның жетілдірілген әлеуметтік құрылымын қайта жасады. Ол қала мемлекеттің қоғамдық өмірінің толық мінездемесін береді. Фараби «адамның жануарлар әлемінен бөлініп тұратыны ақыл-ойы және тәнінің жетілдірілгендігімен, бірақ та адам одан әрі жетіле түсу үшін ол тіл және әртүрлі өнерге зәру» – деді.
Фараби өз қоғамында танылған өнердің әрқилы түрлеріне көңіл бөледі. Олар – жер шаруашылығы, малшылық, балық аулау, тігіншілік, бишілік өнері, дәрігерлік, шешендік, заңгерлік.
Әл-Фарабидың саясат туралы айтқан құнды ойлары Араб шығысы мен Орта Азия елдерiнде саяси-құқықтық iлiмнiң одан кейiнгi дамуына өз ықпалын тигiзе алды. Оның саяси идеялары ортағасырлық және жаңа заман ойшылдарының еңбектерiнде көрiнiс тапты.
Ұлы ойшыл бабамыз әл-Фарабидың бай мұрасы қазақ халқының саяси санасын жетілдіріп, сан ғасырлар бойы ғылымның, оның ішінде саяси білімдердің дамуына игі әсерін тигізді. Белсенді сана жетелейтін адамның шығармашылық қызметі, әл-Фарабидың пікірінше, этика мен саясат саласындағы дамудың алғышарты болып табылады.
Әл-Фарабидың мемлекет, ел басқару жөніндегі тұжырымдары, әлеуметтік-этикалық саяси көзқарастары бүгінгі қоғам үшін де айрықша маңызды.

Гүлнар Еменова,
М.Х.Дулати атындағы ТарМУ-дың «Философия және саясаттану» кафедрасының аға оқытушысы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support